Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5417 0 пікір 28 Маусым, 2011 сағат 17:58

Сұраған Рахметұлы. Жа лама: аңыз бен ақиқат

Британика (Britanika)әлемдік деңгейдегі энциклопедияның 368-бетінде  «Дамбийжанцан немесе Дамбийжаа нақты есімі-Амар. Оны Моңғолдың батыс шекарасының ұлт-азаттық қозғалыстарының көсемдерінің бірі әрі Моңғолдан бөлініп тәуелсіз тұруды мақсат тұтқан тұлға» ретінде көрсетеді.

1850-1864 ж.ж Қытайда әйгілі Тайпин көтерілісі басталды да 1898-1901 жылы Ихтуан көтерілісімен ұласты. ХІХ ғ. соңында Моңғол халқы азаттық үшін күреске шыға бастады. Бұл - Ішкі Моңғолияда өрбіген қозғалыстардың бастау көзі болды. Яғни  1852 жылғы Сүйюань өлкесі немесе Ордостардың мекені - Үүшиндегі ірі көтеріліс Манж билігіне қарсы сыпатта көрініс еді. 1890 жылы Ховда шекарасында болған көтеріліске Дамбийжанцан қатысты делінеді. Дәл осы кезден бастап Дамбийжанцан сол көтерілістердің бел ортасында жүрді. Оның  ұраны - «Моңғолияға Амарсанаа қайта келді...»

Британика (Britanika)әлемдік деңгейдегі энциклопедияның 368-бетінде  «Дамбийжанцан немесе Дамбийжаа нақты есімі-Амар. Оны Моңғолдың батыс шекарасының ұлт-азаттық қозғалыстарының көсемдерінің бірі әрі Моңғолдан бөлініп тәуелсіз тұруды мақсат тұтқан тұлға» ретінде көрсетеді.

1850-1864 ж.ж Қытайда әйгілі Тайпин көтерілісі басталды да 1898-1901 жылы Ихтуан көтерілісімен ұласты. ХІХ ғ. соңында Моңғол халқы азаттық үшін күреске шыға бастады. Бұл - Ішкі Моңғолияда өрбіген қозғалыстардың бастау көзі болды. Яғни  1852 жылғы Сүйюань өлкесі немесе Ордостардың мекені - Үүшиндегі ірі көтеріліс Манж билігіне қарсы сыпатта көрініс еді. 1890 жылы Ховда шекарасында болған көтеріліске Дамбийжанцан қатысты делінеді. Дәл осы кезден бастап Дамбийжанцан сол көтерілістердің бел ортасында жүрді. Оның  ұраны - «Моңғолияға Амарсанаа қайта келді...»

Моңғолияның ішкі қорғаныс орны және Орыс барлау орындарының арнайы тапсырысы бойынша 1922 жылы (кейбір деректе 1923 жылы өлтірілді делінеді) қолды болған буддизмнің мінәжаткері әйгілі тентек Жа лама, немесе Дамбийжанцан тағдыры осылай күрделі жағдайларға толы болды. Осы бір күрделі тұлға туралы өте көп жазылды. Ғылыми тұжырымдар да жақсы жасалды. Әсіресе замананың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Кесік бас тұлып» хикаясында Жа ламаның тарихи айнадан бірақ көрсетеді. Жа ламаны аңыз ғып көрсетушілік те басым. Жа ламаның соңына ерген, оны қолдағандар жек көрінішті болды. Ал кейбір материалдарда еш негізсіз ойдан құрастырылған мәселелер де көтеріледі. Біреулер «Жа лама танушылықты» ту етіп көтереді, енді біреулер «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей Жа лама оқиғасына қатысты мәселелерді оңды-солды қиюластыруымен әлектенеді. Осы дәуірдегі жазылған көптеген деректер бүгінгі талап деңгейіне жете бермейді. Оқиғалар біржақты дүдамал, долбарларға толы. Біз бұл жолы Жа ламаның оқиғаларына куәгер болғандардың айтып, қағаз бетіне түсірілген түрлі деректеріне сүйене отырып, бірлі-жарым түйткілді жағдайлардың басын ашуды көздедік.

1911-12 жылы Ховда аймағын азат етуге қатысқан «мырзаңыз» осы Лувсан Дамбийжанцан. Батыс шекарада аты «тірі аңызға» айналған оның әрекеті Коминтернге жақпады. Бұның дәлелі, соңынан Борис Шумяцкий оны «...батыс Моңғолияның басқыншысы» деп атауында. Борис Шумяцкий 1921 жылы Коминтерннің тапсырмасымен Моңғолияға келіп қызмет атқарған арнайы өкілі. Тағы бір деректерде әйгілі Жоңғар әміршісі (Зүүн гар) Абылай ханға паналап қазақпен етене жақын болған Ойраттың ханы Амарсанаа нәсілінен екендігі айтылады. Дамбийжанцан Моңғолдың көп жерлерін аралап, Манж үстемдігіне қарсы шығуға үгіт жүргізді. Дамбийжанцан денелей қатысқан мәслихаттарда оны хошуун басшылары айқайлап қолдаумен қатар, Улиастайдағы Манж жанжинын мәслихаттандереу кетуін талап етті. Бұл деректер «Моңғолия тарихы» (1995) еңбегінің 222-бетінде көрсетілген(БНМАУ-ын түүх. УБ, 1955. 542 б. 222 бб). Петербург профессоры А.М.Позднеевтің деректік мәліметі бойынша Амарсанааның немересі Төмөрсанаадан Дамбийжанцан туады дейді. Позднеев Алексей Матвеевич (1851-1920) Ресей Шығыстану институтының тұңғыш директоры (1899-1903) буддатанушы, Моңғолияның көне ескерткіш мұраларын зерттеуші. Ол 1892-1893 ж.ж.  Моңғолияда болған. Сапарнама күнделіктері екі том болып басылған. (А.М.Позднеев Моңғолия моңғолдары Іт., жол белгілеу 1892 ж. (пб., 1896. 45-46 бб)

Ал, осыдан кейін Жа ламаны «Астрахань өлкесінің бір шоғыр дөрвөд ұлысынан-мыс...» деген түрлі жорамалдар жасала берді. Дамбийжанның Моңғолияға келген жылыда әртүрлі. Қағазға түскені бойынша ақиқатқа жақыны кәрі кемеңгер А.М.Позднеевтікі болар деп жорамалдауға негіз бар. Ендеше Жа лама - Дамбийжанцан  Моңғол жеріне алғаш 1892 жылы келді. Манж әскери әміршісі қазіргі Улиастай немесе Завхан жерінде онымен бетпе-бет жүздескендігі айтылады. Қолында соншама қарауыл әскері бар Улиастайдағы әскербасы жанжин Дин-Бан-Зо-Фу-Зян-Зюн Жа ламаның басын жұлып алуға, байырғы қытайлық тәсілмен сүзіп құлатуға оқталғанымен ақ орыстың хан үкіметінің пәрменімен тағайындалған бас консулі Я.П.Шишмаревтің атынан келген әйгілі купес П.И.Крежевтің сұсынан үрейленіп, басылғаны «артын қысқандығы» жөнінде деректер сақталған. 1911 жылы желтоқсанның соңында Улиастайдағы жанжин өз басын сақтап Моңғолдан қашып шықты. Бұның себебі, 1911 жылы күз басында Манж Чин егелігіне қарсы Қытай халқының аса күшті қозғалыстары етек алуына байланысты еді. Өз тұғырынан тайған Манж Чин билеушілері өз иелігіндегі барлық биліктен 1912 жылы қаңтар айында айырылып тынды. Бағы қайтқан елдің жағдайын әбден түсінген Жа лама немесе Дамбийжанцан батыс Моңғолия кеңістігінде ашық тұрған «тақ мәселесін» бірден ойына алғаны қызықты. Мүмкін, бұның артында Патшалық Ресей үкіметінің саясаты жасырынып жатқаны белгілі.

Сонымен Жа ламаны 1892-1912 жылдардан білетін адамдардың бәрі оны 35-40 жас аралығында болғанын дәлелдейді. 1902 жылы екі түйесін жетектеп Моңғол жеріне келген оны «бадарчин», «бейсауат бұралқы» деп те атады. Бірақ, дінбасы Богд Жавзандумбадан атақ-дәреже алғаннан кейін оның абыройы артып «Жа богд» аталып, теңдессіз тергелген кездері де бар. Ал, «Лувсандамбийжанцан Амурсанаев» деп әспеттелген тұсынан аз деректер қалды. Азамат соғысы жылдары Моңғолияға келген И.М.Майский өзінің бір еңбегінде: «Жа лама ақиқатында өрескел ержүрек еді» делінеді. Иван Михайлович Майскийдің (1884-1975) «Германия және соғыс» (1916 ж) еңбегі батыс Моңғолия тарихынан өте көп мәліметтер береді. Баабар Дамбийжанцан туралы аса құнды деректерді келтіреді. Оның дәлелдеуінше Жа лама Дамбийжанцан 1860 жылы өмірге келген Айдархан (Астрахань) қалмағы. Дамбийжанцанның арғы мақсаты батыс Моңғолияны Богда хандығы қарамағына енгізбеу жолында халқа атқамінерлеріне қарсы болу еді. 1993 жылы ҚХР-да жарық көрген «Сыртқы Моңғолдың тәуелсіздігінің құпиялары мен себептері» атты еңбекте «...Дамбийжанцан Орыстың барлаушысы болғандығы жөнінде...» деректер келтіреді. 1989 жылы Үрімжі қаласында жарық көрген «Алтай аймағының жалпы жағдайы», 1994 жылы Күйтінде жарық көрген «Абақ керей» зерттеу еңбектерінде Дамбийжанцанды «Сыртқы Моңғолияның генералы» деген әсіре әлпетпен көркемделді. Ол әуелгі кезекте Ховда шебіне  автономиялық құқық беруді талап етіп, соңынан біріккен иеліктегі біріккен Моңғол мемлекетін құруды ойлады. 1902 жылы екі түйенің қомына қосын теңдеп Моңғол жеріне өткен ол, көп ұзамай көпке таныс тұлға мәресіне жетті. Оған жергілікті урианхай төрелері де қосылды. Ховда шебіндегі Манж ықпалы опырылып құлап түскеннен кейін Жа лама қазақтарды батыс Моңғолиядан қуып Ресей мен Қытай жеріне тықсыра түсті. Дәл осы кезден мұсылман мен будда ара қатынастарында түйткілді мәселелер пайда бола бастады. Жа ламаның дін жолындағы ең қатал айуандығы мұсылмандарды зорлықпен пұтқа табындырудан басталды. Мұсылман діндарлары Смайл (Қалмақ) Төленбайұлы, Шыбарайғыр руының азаматтары Тұрап Кітапбайұлы (1898-1949), Мұратбай Шіңкеұлы, Ботағара Шәку руынан Арсалаң Белдемшеұлы (1865-1922) қатарлылардың басына темір ноқта салып Мүнжигтегі Шар цех пұтханасына қарай айдады. (Мүнжиг Ховда аймағына қарасты Эрдэнэбүрэн жері. Эрдэнэбүрэн шатқалының Қобда өзеніне құйған тұсы. Баян-Өлгей аймағы Баяннуур сұмынынан 18 шақырым. Ал, Шар цэх өзен сағасының шағын аралының аты. Бұл жерде кезінде будда пұтханасы болса қазір Увс аймағының Улиастай бағы орталығы орналасқан. Пұтхана жұрты әлі де қозыкөш жерден айқын көрінеді).Қазақ жастарын әскер қатарына күшпен тартып, жасөспірімдерді Шивэрт күреніне (хүрээ) шавь немесе шәкірт лама дәрісіне жүгіндіріп, төбелеріне шыны төңкеріп айдар қойғызды.  Жа ламаның лаңы туралы нақты деректерді Нәжікеш Таңқайұлы (1885-1953) «Ел айдалған» тарихи дастанынан табуға болады. Жа лама 1870 жылдары яғни Қытайда орын алған дүнгендер көтерілісі кезінде қазіргі Алтай өңірі Сарсүмбе ары қарай Шинхайға дейін қоныстанған ойраттар, қазақтар, дүнгендер мен ұйғырлар арасында да жүрді. Ол, 1912 жылы тамыздан бастап 1914 жылы ақпан айына дейін яғни орыстарға ұсталғанға дейін батыс Моңғолияға ойран салды.

Қазақтың әйгілі атқамінерлерімен теке-тірес кезеңдердің бірінде, яғни 1912 жылы Жа лама Моңғолия қазақтарын өз уысынан шығармауды мақсат тұтты. Ол бұл мәселені ел атқамінерлерін алдына келтіріп, оларды қорқыту арқылы жүзеге асырғысы келді. Көнгендеріне сый-ақы тағайындады. Көнбегендерінің көзіне көк шыбын үймелетті. Солардың бірі Моңғолия қазақтары арасында беделі асқан азамат Сабылдықұлы Бардам (1870-1912) 42 жасында Дамбийжанцан қолынан мерт болды. (Ботағара Шәкудің кенжесі Сабылдықтан Бардам туады. Бардам үш әйел алған адам. Бәйбішесі Зылиқадан (молқы) Уатхан, Ақтышқан, Асқар, Қазы).  (Бардамұлы Ақтышқан төре 1893 жылы туған, 1924 жылы Ұлы Құрылтайға қатысқан. 1937 жылы қызыл үкіметтің құрығына ілінген).

Нәжікеш Таңқайұлы «Ел айдалған» тарихи дастанында «...Талпынып Бардам шыққан одан кейін, Ел билеу қабілетіне болған бейім...» деп бағалаған Сабылдықұлы Бардам осы кісі. Дамбийжанцан әуелгі кезекте Бұлғын сұмыны жерін мекен еткен Базарқұл руының ауылдарына шабуыл жасады. Бейбіт ауылдарда өте көп шығын болды. Жа лама әскеріне қарсы аттанған базарқұл руының азаматы Тоқтағанұлы Райыс оққа ұшты. Қырып-жоюдың үрейлі жағдаяттарын басынан кешкен базарқұл әйгілі атқамінерлері Жұдырықұлы Қаба қатарлы біршама азаматтарынан айырылып аңырап қала берді. Базарқұл руының көп адамы Жа лама айдауы кезінде мерт болды, запы шекті, қорлық көрді. Әуелгі кезекте Тоқтағанұлы Райысты өлтіргенін айттық (Тоқтағанұлы Райыс (1875-1912) балалары Қалел, Дәлел, Олзвой). Ал, Қолдынұлы Қожабердіге қоң еті іріп түскенше дүре соқты. Елеусіз Мұқамәдиұлының «Өрікті көл» повесінің 42-бетінде: «...суға салып жібітілген сабаумен бір жолда 75 рет дүре соғады...» деп баяндайды (Мұқамәдиұлы Елеусіз. «Өрікті көл» повесть-әңгімелер. Өлгий 1974 ж. 170-б.). Сондай-ақ, Бабан Бектұрұлы, Тышабай Қоқанұлы, Жанкелдіқызы Балақұс(Дэлүүнде 90-шы жылдары өмір сүрген Ешен молла Қисаұлының шешесі) қатарлы көп адамдар қорлық көрді. Жас балалардың шығыны да орасан көп еді. Мысалы, Оразайұлы Еділдің баласы Нұрәлі, Жанпейісұлы Заңгердің баласы Мейірқұл, Шымшырдың баласы Шынымхан қатарлы көптеген жасөспірімдер өлтірілді. Ж.Заңгердің балалары өлгеннен кейін туған балаға Төлеген деп ат қойылды (Заңгерұлы Төлеген(1913-1983) әйгілі актер Ләтіптің әкесі). Соңын ала Стамбулұлы Мішір, Бақи қатарлыларды қорлағандығы жөнінде деректер бар. Алдына түскен ауылдарды мыңғырылған малымен тонап Ёлт, Хоньчулуу, Түвшинкөл, Нүцгэндегі ауылдарды ұлардай шулатып қуғынға салған Жа лама Бессала Үерт деген жерді мекендеп отырған Додығай ауылына шүйлікті. Найман ішінде Самайдан тарайтын іргелі ауылдың 60-қа жуық адамдары түгелдей оққа ұшты. Күллі ауыл адамдарынан қозы айдап, көш соңында қалған 3 бала ғана тірі қалды. Олардың аты-жөні Тікеұлы Байдолда, Додығайұлы Қабдолда мен Қасен. Қазіргі Үйіртідегі «Додығай тақтасы» аталатын жерде әлі күнге киіз үйлердің қирандылары жатыр. Бұлғын, Дэлүүн өлкесінен шұбырындыға ұшыраған адамдар мен мал санында қисап жоқ еді. Дамбийжанцан Төңірек, Жалғызағаш,Сийлхэм маңында жайлап отырған ауылдарға кенет шабуыл жасады. Бұл туралы Нәжікеш Таңқайұлы «Ел айдалған» тарихи дастанында «...Қарақас қарды бұзып Алтай асқан, Ләшкерлер қуа барып араласқан...» деп жырлаған. Ал, әйгілі ақын-ғұлама Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов-Алтайский өзінің жырында:

...Арасан мен Бұлық-ты

Қалқа қылды қылықты

Екінті ақшам болғанда

Қарақасты қырыпты... деп жазады.

Сол қырғын кезінде қарақастың ауылдары қазіргі Дэлүүнге қарасты Жалғызағаш, Төңіректі жайлап отырады. Екіашадағы жұртта отырған Қарақас Қосантай әулеті осы нәубетті басынан кешті және Алтай бетіне қарай үрке көшті. Дамбийжанцан әскерлері бейбіт ауылға қас қарая шабуыл жасап еркек кіндіктілерді ұстай бастағанда қарсылық көрсеткен Рақым Қосантайұлын атып өлтіреді. Рақымды жерлеген жер - Екіашаның «жау шапқан жұрты». Сол жерде екі адамның бетін жасырып көмген болған белгі бар. Дамбийжанцан қарақас ауылдарын шапқан кезде бірден қарсылық көрсеткен әйгілі палуан, қамшыгер Мірсейтұлы Қосылбайды атып өлтірді. (Қарақас руының азаматы Мірсейтұлы Қосылбай 1866 жылы Алтай өлкесінде туған. 1914 жылы 48 жасында Дамбийжанцанның қолынан қаза тапқан. Балалары Майтақ, Мағадыл)Нәжікеш Таңқайұлы «Ел айдалған» дастанында «...Бұл жолда шәйт болды қанша халық, Ит жеді қырық бала иен қалып...» деп жазды. Жа лама бұдан кейін урианхайдың гүнтэні (Күнде) Баттың жүрегін тірідей суырды. Жа ламаның тек қазақтарды ғана қырып-жойғандығы көп болды десек біржақты болар еді. Ол Увс аймағының Өмнөговь сұмынының Улиастай деген жерінде тұратын Баяд ұлысының ауқаттысы және гүнтэні (хүндэ) бір адамының басын шапқандығы жөнінде деректер бар. Ал, осы маңдағы әйгілі Баатар атты ауқаттыға дүре соғып, Янжив дегенді кескілеп өлтіргендігі жөніндегі деректі жазушы Шынай Рахметұлы келтіреді. Ал, Жаламаның қасында оққағар болып жүрген урианхайдың Авир балуаны мен тілмашы Доохүүлердің (Дохөвөөн) тағдыры жөнінде жөнді мағлұмат табылмайтын секілді. Мүмкін олар да «...Өшіккендерінің төсін сөгіп, қызыл қолымен жүрегін суыратын, қарсы қарағанның көзін қысып шығарып, қос құлағын кесіп лақтыратын...» (Инесса Ломакина) Жа ламаның құрбаны болуы әбден мүмкін. Дамбийжанцан Гурван цэнхэрден бастап Ховда бетіндегі қазақтарды ішкерілете көшірудің амалын қарастырып жиын өткізді. Осы жиынға қатысқан, Дамбийжанцанға тарту-таралғы апарып өзіне ең көп бедел жинаған күрделі тұлға, шеруші руының атқамінерлерінің бірі - Қылаң Қанжығалыұлы еді. Қылаң 1912 жылы шілдеде Богд ханға үшбу хат жолдағандардың бірі ретінде танылды. Руы жағынан шеруші Жылқышыұлы Сүкірбайдың немере інісі және ең үлкен бақталасы болған. Моңғолия дінбасы Жавзандумбаның жарлығымен арнайы жалақыға ие болып, 200 лаң күміске тең келетін 400 қағаз ақшаны 6 жыл уақытымен тұтынған адам. Қылаңның Жа ламаға барып тарту-таралғы жасағандығы туралы көптеген деректер бар. «Ширээт ламадан»: «...Күрең тас, қызыл таңба алып келіп, Ховдалық аз Керейге лаң салған...» Қылаң осы. Оның шабарманы Шеруші-Арықұл Дөрбет Дәдібайұлы болған. Ол Дамбийжанцанға өзі барып, іріктелген жорға жүйрік, 40 сәйгүлік, алтын-күміс, кілем-кілше тарту етіп сенімін жаулап алған. Нәжікеш Таңқайұлының «Ел айдалған» тарихи-дастанында:

«...Жа лама жиып алды елдің биін,

Тыңдады Қылаң айтқан жайын-күйін.

Жүргізіп ләшкерін шеруменен,

Қылаңның қабыл алды тарту сыйын.

Пәремен Қылаң солай алдын алған,

Жа лама оның сөзін қабыл алған.

Күрең тас, қызыл таңба алып келіп,

Ховдалық аз керейге лаң салған...» деп жазғаны осыны дәлелдейді. Осы кезден бастап Жа лама қазақтардың тілге көнбегендерін ұстап, дүре соғып, түрлі күш қолдану тәсілдерімен қиыншылық көрсете бастағандығы байқалады. Қазақтар тарапынан да Қылаңды қолдағандар баршылық. Оның тілмашы Молқы-Қошақ Жағыпар Нәукебайұлы болғандығы жөнінде деректер расталып отыр. Соның бір айғағы Дамбийжанцанның хабаршысы 29 жасар қарақас Үрімжіұлы Базар деген азамат болған. Бірақ, оған жөнді сене қоймаған Жа лама Базарды біраз уақыт қорқытып ұстауға дейін барды. Бұнысын ел көзіне сойқан құқай ретінде көрсету үшін Базардың алақанына қорғасын ерітіп құйды. (Руы қарақас Базар Үрімжіұлы 1884 жылы Алтай өңірінде туған. 1962 жылы 78 жасында дүние салған. Қабірі Дэлүүн сұмынының жері Үсігенде (Нүцгэн уул). Базардың шешесі Жәнтекей руының әйгілі адамының қызы еді. Есімі Шиқан. Елуінші жылдары 102 жасында дүние салған қадірлі кейуана. Үрімжіұлы Базар екі әйел алған азамат. Бәйбішесі Тәуірбадан (молқы) Сәбихан, Әбілхан (Қарабай), Қардыхан, Көксеген. Кіші әйелі Рысты Сүлейменқызы (шыбарайғыр).

Дамбийжанцан немесе Жа лама айдауы кезінде ерекше көзге түскен қазақ әйелі - Құлашкер. Ел арасында ерекше көрікті, балуан денелі болғандықтан «Құлашкер келін» атанған. Құлашкердің азан шақырып қойылған есімі - Бәтима. Руы Сарбас-Шотқара. 1940 жылы 65 жас шамасында дүниеден өткен. Бейіті Дэлүүндегі Жалғызағаштағы Тоқыл қажының қорғанында. Қорған ішінде Тоқыл қажы - (Құлашкердің қайын атасы), Қалампыр (Құлашкердің қайын енесі) бірге жатыр. Құлашкердің немересі Мінап Қазанбайұлының айтуына қарағанда Құлашкердің қайтыс болған жері - Төңірек, бейіті Жалғызағаштағы көп бейітте. Құлашкердің келін болып түскен елі - Керей ішінде қарақас әулеті. Қарақастан Назар. Назардан Байқұл, Сары, Жәдік. Сарыдан Мәулітхан. Мәулітханнан Тоғанас, Тоғанастан Қосантай. Қосантайдан Тоққұл қажы. Тоққұлдан Рақым, Рақымет, Ақынбек. Ал, Құлашкер осы Рақымның бәйбішесі. Рақымнан Қазанбай. Тоқылұлы Рақым 1864 ж Шіңгілдің Сийлхэм деген жерінде дүниеге келген. Оның інісі Рақымет 1866 жылы туған, 1936 жылы қайтыс болған. Бейіті Жалғызағашта. Рақыметтен Иманғали. Ал, Тоққұлдың кенжесі Ақынбек 1868 жылы дүниеге келген.Екі мәрте үйленген. Бәйбішесі - Ә.Жамал. Кіші әйелі - Қази. Баласы - Құсайын. Құсайыннан-Бәкей, Қабан туады. 1913 жылы Дамбийжанцан, Жа ламаның қолынан тірідей сойылған. Тұлыбы Прага мұражайында. Мұхтар Мағауиннің дәлелдегеніндей: «...Бар болмысын бүтін сақтаған, қорқынышты, жиіркенішті кесікбас...»(М.Мағауин. Қыпшақ аруы. Алматы, Атамұра 2007 ж. 252 бб).

Рақымның оққа ұшқан жері - Дэлүүн сұмынына қарасты Төңіректің Екіашасы «жау шапқан жұртта».Сүйегі сол жерде жасырылған. Қысқасы, Жа ламаның қолынан өлген екі қазақ азаматы - Рақым, оның інісі Ақынбек. Ақынбекті сойған кезде руы Шыбарайғыр-Байбура Тұңғышбай дегенді Жа лама әскерлері күшпен әкеліп, соңынан «Ақынбекті Тұңғышбай сойды» деп лақап таратты. Бұл жерде Ақынбек Тоқылұлымен бірге 6 адам өлтірілді. Нәжікеш Таңқайұлының «Ел айдалған» тарихи дастанында «...Ақынбек зәңгі болған...» деп көрсетеді. Ендеше оны сойған жердің аты - Сарыкөл. Себебі жырда «...Жа лама Сарыкөлге үй тіккізіп, тағы да ел ұлығын қамап жатыр...» деп дәлелдейді де: «...Масайт пен Қосайт деген шықты, Боздақты бауыздайтын жерге жастап...» деген жолдарды оқығанда Жа лама қазақтарды мазаққа айналдырып, тозаққа салатын ереже ұстаным жасап, сол арқылы түрлі айуандыққа барып отырғандығына көзіңіз жетеді.Масайт пен Қосайт деген есімді осы оқиға өткеннен кейін қазақтар өз балаларына қойған жағдайлар да болды. Шын мәнісінде Масайт - Ма сайд, ал Қосайт - Хо сайд деген атаудың қазақшасы болуы керек. Мысалы, Магсар Хурц-ны моңғолдар «Ма сайд» деп құрметтейтін. Себебі, 1912 жылы Дамбийжанцан дүрбелеңі салдарынан қазақтардың бір бөлігі Қошағашқа барып Орыс жеріне бас сауғалағанда, оларды кері қайтаруға Богда хандығы Магсаржавты тағайындағаны жөніндегі деректі тарихшы Сарай Асқанбайұлы «Революциядан бұрынғы Моңғолия қазақтары» атты еңбегінің (1992) 31-33 беттерінде жазған. (А.Сарай. Революциядан бұрынғы Моңғолия қазақтары. Өлгей. 1992 ж. 103 б.).  Ал, Хо сайд дегеніміз осы тақылеттес атаудан туындаса керек. Немесе «Ховдын сайд» атауы болуы мүмкін. Қалай дегенмен де «Ма сайд» пен «Хо сайд»-тың бұйрықтары мен нұсқауларын орындайтын шабармандар осылай аталған шығар. Осы «Ма сайд» пен «Хо сайд»-шылдар айдаудағы қазақтарға «эрүү шүүлт» немесе жазалауды жүзеге асырғандығы айқын. Олар көзіне оғаш көрінген қазақтарды жай ғана атып тастай салуы асқан «мейірімділіктің» нышаны деп те көрілсе керек. Жа ламаға қарсы сөз айтқан тұлғалардың бірі - Қошақтың үкірдайы Оразбек қажы Манақұлы (1858-1938) еді. (Оразбек Манақұлы Қошақ-Молқының биі 1858 жылы Алтай өлкесінде туған, 1908 жылы Меккеге қажыға барған. 1938 жылы 80 жасында эсэргүүге ұсталып атылған тұлға). Гурван цэнхэрде болған жиында Оразбек қажыменен сөзге келіп қалған Жа лама Оразбек қажыға: «Аузың дауға, көзің жауға біткен адам екенсің...» деп кекеткені бар. Осыдан кейін Оразбек қажының соңынан Жа лама әскерлері түсе бастады.Бір деректерде Оразбек қажы МанақұлынЧихтэй маңында ұстап өлтіруге ниеттенген оның ойы орындалмады. Көрегендігі бар, сол кезде 54 жастағы Оразбек қажы өзіне төнген қауіпті біліп, айдаудан қашып шығады. Өкініштісі, Оразбектің орынына Бұтабайұлы Оразалы деген бейбақты Жа лама құрбандыққа шалады. Тағы да осы жырда: «...Жайладық жаз маусымда Олоннуурға, Ләшкердің(Лашхашхари - орта ғасырда Алтын Орда дәуірінде қолданылған, мағынасы «қол», «әскер». С.Р.) өкімімен бардық зорға, Сойғызып Ақынбекті бітеу тұлып, Құтылмас әбден түстік темір торға...» деп жалғаса береді. Ақынбектің мүрдесін арулап, мұсылмандық ғұрыппен бетін жасырған сауапты адамдар Шыбарайғыр руының азаматтары Бозтайұлы Жұлықбай, Жылқыайдарұлы Сейсенбайлар болды. Сол қатарлы адамдардың айтуы бойынша Ақынбек, Үмітайлардың мүрдесі қазіргі Өлгейден солтүстікке қарай орналасқан Сары көл маңындағы қойнауда. Қазір сол маңда Сәкей деген азаматтың мал қыстауы орналасқан. Мәйіт жасырылған жер осы аралықта. Ал, бір деректерде Ақынбектердің терісін сойған жер Баян-Өлгей аймағының Тұлбаға қарайғы күре жолының бойындағы Хар толгой деген кішкентай кепеш төбешіктің бауыры делінеді. Осы жерде Қарақастың келіні Құлашкер немесе Бәтима Шаңдақбайқызы Жа ламаның үш әскерін бауыздады деген деректер табылып отыр. Жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы «Өрікті көл» (1974) повестісінің 36-бетінде Ақынбекті әйгілі қамшыгер болған деп көрсетсе, осы еңбектің 38-бетінде: «...Байлаулы жатқан Ақынбекті шалқасынан салды да, бірнешеуі басып отырып, басқалары іреп соя бастады...» дейді. Сол кездегі тағы бір зарлы өлеңде: «Мінгенім дәйім менің күрең ала-ай, білгіштер айтты ақылын алға сала, Билері мұндай сөзді қабылдамай, Қырылды қарақастар елден ала. Бүгежек Мүрсәлима, Аман залың, Қорқытты құр айқаймен жанның бәрін, Қолымен ұстап беріп Жа ламаға, Өлтірді өз елінің жақсыларын...» деп жырланады. Жа ламаның қазақтарды айдап өткен бағыты Гурван цэнхэр, қазіргі Бұлғын өлкесі түгелдей, Дэлүүн, Бессала өлкесі, Тұлба, Алтай Қызыл қия өлкесі (Қызыл қияда мекендеп отырған Секелдер яғни Жанықұл-Тақпыжан, және Бөрібай ауылы түгелдей қамтылды), Буянт, Өмнөгол, Сарыкөл, Алтанцөгц, Олоннуур, Баяннуурдың «Уушигийн улаан», Ховда аймағының Эрдэнэбүрэн сұмынына қарасты Мүнжиг қыпшалы, Увс аймағының Өмнөговь сұмынының жері, Шар цэх Шивэрт, Бөхмөрөн, Нарийн даваа, Улаан даваа, Торхлог, Үрэг нуур, Туваның Хандгайт, Баян овоода Нұрпейіс, Жанпейістің ауылы қалғандығы жөнінде Нұрпейісұлы Еркетайдың ауызекі естеліктері бар. Осы бағыттағы ауылдардың барлығы Жа ламаның айдауына кетті. Жа ламаның айдауына ілікпей қалған Естекбайұлы Уанбай балалары Сүлейменұлы Мұратхандардың ауылы қазіргі Тұлба сұмынының жері Қызыл Хатууда қалып қойды. «Өрікті көл» оқиғасы туралы көптеген деректер жазылды. Мұнда Елеусіз Мұқамәдиұлының «Өрікті көл» повестісі (1974) идеологиялық шеңберде жазыла салғанымен, оқиғаға байланысты бөліктері аса құнды деп есептелінеді. Біздің айтайын дегеніміз «Өрікті көл» көтерілісінде ерекше көзге түскен адамдар Шоңжай Дөңтайұлы (ботағара), Көрімбай Қабанбайұлы (шеруші), Бабан Бектұрұлы (базарқұл), Қыдырәлі Өткелбайұлы (қарақас), Тышабай Қоқанұлы (тасбике), Апсалдық Бегжанұлы (шыбарайғыр), Қоқай Өмірбайұлы (базарқұл), Ескендір Келекейұлы (ботағара). Осылардың барлығына басшылық жасаған Арсалаң Белдемшеұлы және Шыбарайғыр Күлкетай зәңгі Әндрейұлы (1857-1922) болды деп айтсақ жеткілікті. Қазақтарды айдау кезінде туған балаларға осы оқиғаның салдарынан әртүрлі есімдер берілді. Мысалы, Бейсембіұлы Айдаубай (1912-1996, әйгілі балуан, тұңғыш аймақтық арслан), Терлікбайұлы Айдаубай айдау кезінде туды. Далай ханның хошуунына барғанда туған балаға Далайхан деп ат қойылды. Ботағара Исаұлы Зоригтхан, Саңырау Ырғайбайұлы Зоригтхандар Зоригт хан хошуунына барғанда туды. Өрікті көлде қазақтар көтерілісінде туған балаға Жаудықыр деген есім берілді. Омарұлы Жаудықыр марқұм руы - Ботағара еді. Сол соғыста туған балаға руы Шеруші әкесі Мәми Соғысқан деп ат қойды. Қошағашқа барып Шүй даласына туған баласына руы Ботағара Ақай Шүйбай деп ат қойды. Осы тақылеттес тарихи есімдер өте көп. Айдалған елдің алды Ойғыр басымен қайта айналып арттағы елге қосылғанда, руы Ботағара Соқпақ баласына Қосылбай деп ат қойды. Ел қосылған қуанышты оқиғаға сай Ботағара Көксебай баласының атын Шашухан қойды. Мұнда бір айта кетерлік жай Сарай Асқанбайұлының «Революциядан бұрынғы Моңғолия қазақтары» атты еңбекте: «1911-12 жылдарғы Жа ламаның көрсеткен айуандығы кезінде қазақтар бірнеше бөлініп кетуге мәжбүр болды. «Өрікті көл» оқиғасынан кейін Қошағашқа барған түтін саны 250-300-дей болған. (А.Сарай. Революциядан бұрынғы Моңғолия қазақтары. Өлгей 1992 ж. 29 бб.).

Орыс саудагері А.В.Бурдуков 1912 жылы Жа ламамен танысқандығы жөнінде жазып қалдырған. Сол кездегі «Сибирская жизнь» газетінде «А.Чуец» деген құпия есіммен жариялаған мақаласында А.В.Бурдуков: «Бұл адам көпті көрген, Үнді, Тибет, Ресейді шарлаған адам...» деп мақтауын асырғаны бар. Оның дәлелдеуіне қарағанда Жа лама төтенше таза және кірпияздықты талап ететін пенде, ал кейбір кезде төтенше тұрпайы әрекетке дейін баратын дейді. (А.В.Бурдуков «Хуучин ба шинэ Монголд» УБ, 1987. 97х.)

Әйгілі ғалым, Моңғолия тарихының бір қанша бөлігі немесе Жа лама деректерінің «қайнар көздерінің» бірі - Алексей Васиьевич Бурдуков 1883 жылы туған, ұлты орыс. 1934 жылы Санкт-Петербургте ұсталып КСРО қылмыс заңының әмбеге аян 58-ші бабының 1-көрсеткіші бойынша әскери төтенше соттан ату жазасына кесілген. Алайда, ату жазасы 10 жылға жеңілдетілуімен 1943 жылы суық Сібірге айдалып сондағы қамақта қантышқақ індетімен көз жұмған. Моңғолияның батыс бөлігінде саудагерлікпен айналысып жетістікке жеткен, көзі ашық азамат болған. Ол, Моңғолияның ұлт тарихын зерттеу жолында 30 жылдай ғұмырын сарып етті. Оның барлық оқуы - христиан шіркеуіндегі үйренген діни дәрісі ғана. Ал, Моңғолдағы тұрағы Хангелсіндегі бәкене қыстақ. Әйелі, төрт қызы болды деген дерек бар.

Дамбийжанцанның келбеті жөнінде А.М.Бурдуков та былай дейді: «Суық жүзді, келбетті, маңдайы кереқарыс, өткір көзді, сәл қиыстау мұрынды, толық денелі 40-45 жас арасындағы жігіт ағасы-мыс...». Осылайша екі түйеге көр-жер жүк артқан, білтелі мылтық асынған екі ламаның бірі - Дамбийжанцан еді. Орысша жақсы сөйлейтін оның киімі де орыстарға ұқсас болған. Сонымен қатар Ю.Н.Рерихтің «Орта Азия белгілеуі» атты Самарада жарық көрген еңбегінің 211-212 беттерінде «Жа лама өте білімдар еді» деген деректер кездеседі. Жа лама 1912 жылы А.В.Бурдуковпен бір әңгімесінде: «Мен Баатар күнде хошууны Түшээт хаан аймағы Улиастай-Колчаны маңындағы жол бойында орналасқан Ашыққорған тасы деген жерде туылдым...» дегені бар. Демек, оның жанұясы жөнінде батыс Моңғолияда 1923-1924 жж болған В.А.Казакевтің «...Жа ламаның бас сүйегін КСРО Ғылым академиясының Антропология және Этноголоия институтына яғни Кунскамераға жеткізген өренжі...» деген мәліметі ғана.(Владимир Алексеевич Казакев 1896 жылы туылған. 1937 жылы желтоқсан айында Санкт Петербургте атылған. КСРО қылмыс заңы бойынша әскери сот оған әмбеге аян 58-баптың бірінші көрсеткішімен жаза жүктеткен). Оның дәлелдеуінше Жа ламаның күңдікке алған әйелдері қытай, қазақ, орыс қыздары болса керек. Жа ламаның әйелдері туралы өте жағымсыз деректер сақталған. Ол қазақ қыздарын зорлап әйелдікке көндіру іс-әрекетін де жүргізді. Көнсе қолынан, көнбесе жолынан алды. Әйтеуір көптеген қазақ арулары ластанды. Елеусіз Мұқамәдиұлының «Өрікті көл» повесінде: «...Жа ламада қазақ, урианхайдан алған 15 әйелі бар...»(74-бет) екендігі айтылады. Ал біздегі бар деректер бойынша солардың бірінің аянышты тағдырын айтпай кетуге болмайтындай. Мұнда шеруші руының бір әулеті Арыққұл Смайл (Қалмақ) Төленбайұлы (1874-1938) азаматтың әйелі Сайқанқызы Кәсімді (жәдік) тартып алмақшы болады. Бірақ, Кәсім бұған көнбейді. Қазақтың арлы қызы қорлыққа шыдамай өзіне-өзі қол салды деген деректер анықталуда. Сайқанқызы Кәсімнің бейіті оқиға өткен Өрікті көлде қалды. 1914-1915 жылдары Моңғолияға саяхаттаған неміс зерттеушісі Г.Констеннің еңбегінде Дамбижанцан адамның жүрегін суырып қанын судай ағызып туға шашқаны жөнінде айтылады. Ал, адамдардың терісін сойғандағы мақсаты - адамның терісінен әйел адамға сөмке, әмиян тігіп беру үшін болса керек. Қазіргі ШУАР-дың Алтай өлкесі немесе Сарсүмбе (Шар сүм) сыртқы Моңғолияның Ховда қаласындағы Манж Чин әмбісіне қарасты еді. Цэвэн Жамсрано деректері бойынша Ховда бетіне қоныстану үшін қазақтарға шек қойылмайтын. Әуелден Манж чин үкіметінің біртұтас құрылымы Ховда шебінде орын тебуі қазақтардың көшіп қонуына оңтайлы мүмкіндіктер жасады. «Ховдын хязгаар» немесе «Ховда шебі» туралы төмендегідей деректер бере кетуге тура келеді. Манж әмбісі Ховдаға 1761 жылдан бастап ұлы Дайчин мемлекетінің атынан өкіл ретінде тағайындалып тұрды. Ховда шебіне Дөрвөд Далай хан аймағына қарасты оң, сол екі хошуун, Тагна урианхайларының екі хошууны, Алтай урианхайларының жеті ірі хошууны, сондай-ақ торғауыттардың екі, мыңғыт, өлет, қошауыт, жақшындардың аралас хошуундары аталмыш Ховда шебіне қарасты болды.

Ховд кентін азат ету ісіне Дамбийжанцан денелей қатысты. Сол кездегі Ховд әмбісі Улиастай әмбісі һәм әскербасына (жанжин) бағынышты болғанымен көптеген әскерлердің қорғауында ұзындығы 400 қос құлаш, қалыңдығы бір-екі метрге жуық қорғанда өмір сүрді(Ховда қаласына 1762 жылы Буянт өзенінің бойына салына бастады. Қала төрттаған балшық қорғанмен қоршалған. Қорғанның биіктігі 4,5 метр, ені 1,5 метр. Жалпы көлемі 1,2 шақырым. Қорған қақпасының өз өз аттары болды. Мысалы сол жақтағы қақпасы «Бэлгийг угтсан» немесе «Олжа қақпасы», оң жақтағы есігі «Баярыг бадруулсан» немесе «Шаттық шуағы»,  ал хас беттегі орталық дуал «Буян чуулсан» немесе «Бақ қонағы» деп аталды).(«Ховд аймгийн хураангуй толь» УБ 2002, 241 х. 25-29 х.х). Ал, Ховд әмбісінің құзырына дөрбеттердің екі аймағы Алтай, урианхай, торғауыт, мыңғыт, жақшын құралған 7 кіші хошуун қарасты болғандығын жоғарыда ілге тиек еттік. Ховданы азат ету шайқасы 45 күнге жалғасты. Осы шайқаста ерекше көзге түскен Дамбийжанцан қытай әскерін баудай түсірді. Сол еңбегін жоғары бағалаған Богд Жавзандумба хан жарлығымен «...Сарсүмбе маңында қытай әскерін қырғынға ұшыратқаны үшін, Ховд қаласына шабуыл жасап азат еткендігі үшін «Догшин ноён хутагт» дәрежесі берілсін...» деп пәрмен келтірілді. Инесса Ломакина жариялаған Жа ламаның бір хатында «Номун хан», «Ширээт лам» атағы берілгендігі айтылады. (И.Ломакина «Жа ламын толгой» УБ. 2005. 281 б. 236-237 бб). Расында Жа лама 1911-1912 жылдары  батыс Моңғолия оқиғаларына қатысқандығы жөнінде И.Ломакина осындай мәліметтерді келтіреді. Демек, оның кейбір ерліктерін шетел сарапшылары аса әсірелеп жоғары бағалауы нақты тарихқа жанаспады. Өзін тек Амарсанаа нәсілінен деп жариялап көптің көңілін аударып алдамалауы оның ішкі есебінен болса керек. Алайда, аңыздағы «Номун хан» Жа ламаның образы арқылы жұртшылықтың үрейлі жүрегінде өмір сүрді.

Батыс Моңғолияның тарихына қатысты Ресей саудагері А.В.Бурдуковтың «Жаңа және көне Моңғол жерінде» етты еңбегіне мынадай деректерді келтіреді. «...Дамбийжанцан тек түйе керуенін жөнелту жөніндегі орыстардың утопиялық талабына қарсы тұрды. Ол орыстардың өкіміне қарсы тұрғандығы үшін  ұсталғандығын Моңғолда ешкім білмеді. Дамбийжанцанды Өргөө үкіметінің қатысынсыз Петербург пәрмені бойынша 1914 жылы ақпан айының 8-і күні ұстады...». Бұл деректі тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы да растайды. (Моңғолиядағы қазақтар. Алматы 2001, 98 б).

Шет жаққа айдалған қазақтарды қайтарып беру жөнінде орыстармен келіміге келген Хатанбаатар Магсаржавты Мүнжигке (Шар цэх пұтханасына) келгеннен кейін Ховданың орыс әскери әкімшілігі Қошағаштан қазақтарды қайта көшіруге казак-орыс әскери қосынын Ховдадан Мүнжигке келтірді. Дамбийжанцан бұл кезде меймандарды қарсы алу мақсатымен шатыр тіктіріп, ас дастархан мәзір әзірледі. Алайда күтпеген жағдайда Жа ламаның үйін және әскери казарманы қоршап алған сарбаздар Жа лама әскерлерінің қару жарағын тәркілей бастады. Тұтқынға алынған Дамбийжанцанды Ховдаға әкелді де кешіктірместен қарулы қарауылдар қорғауында әуелі Бийск, соңынан Томск қаласының түрмесіне жеткізді. Хатанбаатар Магсаржавты бірге тұтқындағанымен оны көп кешіктірмей босатып жіберді...

Осы оқиғадан соң А.В.Бурдуков Ховда шебінен Қияқтыға, Қияқтыдан Үркітке Томск, Бийск арқылы Қошағаш Ханьгилцагке қайтып оралды. Ол, бұл арада Томск түрмесіндегі Жа ламаға кездесе алмағандығын жазады. Мінеки патшалық Ресей үшін Жа ламаның тағдыры империялық мүддесі үшін сақталып, қорғалып отырды.

«Моңғолдар Дамбийжанцан жөнінде сан қилы аңыздар мен лақаптарды тарататын еді. Кейбірі Жа лама халқадан кетпеген, Улиастайдан Ховдаға жеткізілді десе, кейбірі Жа ламаның киесіне қайран қалады. Олардың айтуынша «Жа лама темір пешке салынып үстіне от өртелген. Пеш маңайын аса ірі көрікпен күйдірсе де оны өлтіре алмаса керек, дейді. Енді біреулері «Жа ламаны үш күн бойы темір пешке енгізіп шығарған кезде де ештеңе болмағандай маңдай тері шыпылдап кітабын оқып отыра берген» деседі. (139 б)

«...Орыстар Жа ламаны өлтіре алмағандықтан онымен жылы шыраймен қатынаса бастаған, оны Герман соғысына қарсы пайдаланса керек...», «Жа лама мақұлдаса орыстар немістерді дереу жеңуі күмансыз...», «Ховдада қытайды қалай жылдам жеңгенін естідіңіз бе...», «Жа лама Томск түрмесінде емес, ол өзі орнына жасанды біреуді қалтырып, мұнда жүріп жүрген жоқ па. Жақында осы ауылдың маңынан өтіпті-міс...».Тіптен кейбірі аса сақтықпен сыбырлап сөйлейді. «Жа лама дуалаудың ең күрделі тәсілін үйренген сәуегей, ол бәрін жасай алады, одан не күтуге де болады..». Немістер мен орыс соғысы Дамбийжанцанды босатпайынша толастауы мүмкін емес...».

1914 жылы ақпан айында Жа ламаны Томскге жөнелтті дегеннен кейін қайтадан  Моңғолға келгендігі жөнінде Инесса Ломакина қызықты дерек келтіреді. Бұл кез 1914 жылы мамырдың 4-і шамасы болуы керек. Бұл туралы тарихшы Баабар да өзінің «ХХ ғ. Моңғол көші-қоны» (1996) кітабында кеңінен баяндайды. Мысалы, Баабардың мәліметі бойынша 1914 жылы ақпан айында орыстар Жа ламаны Ховдадан ұстап Томск түрмесіне қаматып, соңынан Үркіттің маңындағы Александровскге бас сауғалатып тұрып соңынан Якутияға жер аударған (283 б.). Тағы да бір деректер бойынша яғни Моңғол танушы ғалым Б.Я.Владимирцов (1900-1913 жж Моңғолияда болған). «Моңғол халқының тарихы және этнографиясына қатысты зерттеулері» 2002 жылы Москвада қайта басылған.  1917 жылы қыркүйекте Жа ламамен кездескендігі айтылады да оның таза орыстардың жақтасы екендігін дәлелдейді. Ресейде орын алған 1917-18 жылғы Қазан төңкерісінің ықпалымен Жа лама түрмеден босап 1918 жылы Моңғолияға қайта оралған. Алғашында Сэлэнгэде соңынан үйреншікті ойраттар ортасы Ховдаға келген Жа лама 1920 жылға дейін осында өмір сүрді. Бір кездері Манж Қытайға өлердей қарсы болған Жа ламаны ойраттар жылы қарсы алған. 1920 жылдар соңында Жа лама ақ пен қызылдың шинелісті шайқастарынан бір сәт аулақтап Қытай Моңғолдың шекарасы маңындағы Маажим шань тауына келіп жасырынды. Ол, мұнда тамаша орынжай салғызып оған қажет қаражатты маңайдағы елді-мекенді тонау, үркіту, қорқыту, сендіру арқылы тауып тұрған секілді. Бұл кезде оның қасында «500 түтін, 300 атты әскері болды» дегенді Инесса Ломакина деректерінен сілтеме ала отырып тарихшы Баабар дәйектейді. (Баабар «ХХ ғ. Моңғол көші-қон олжа-шығын» 1996 УБ. Ломакина Инесса Голова Джа ламы (Агенство Экоарт, Улан-Үдэ, Санкт Петербург 1993) ст-136-146)

Оның мақсаты халық арасында аңыз жинаушы ғалым Б.Я.Владимирцовтың айтуындай «Ақ тұлпарын мініп Амарсанаа қайта оралды» деген арман бойынша Жоңғарлардың бұрынғы хандық құрылымы секілді дербес Дөрвөд-ойрат мемлекетін құру болған. Себебі, Чин империясы тұсында урианхайларды хошуундарға бөліп басқартатын еді.  Хошуунбасы «жасақ» деп әндігерленді. Жасақ мұрагерлікке алмасты. Сол құрылым Жа лама үшін таптырмайтын олжаға айналды. Алтай урианхайларының сол жақ қанаты төрт хошуун, Алты ел хошууны (хошуунбасы - Жандаа гүн), Шаған Соен хошууны (бұған Бургууд, Адгаан, Сарглаар, Дэлээх, Оюн, Газаах, Тосгэрш) басына Пэрэн гүн, Қара Соянның бір хошууны (Шанагаш, Хар саал, Хар төш, Хойт) басы Сэндэн гүн. Алтай урианхайларының оң қанаты үшке бөлініп, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл маңын мекендеді. Сондай-ақ, Мэйрэн хошуунын Жамъян мэйрэн басқарды.   Саруул гүн хошуунын Самбуугийн Чүлтэм бэйсі, Дүнхүйрэн  хошуунын Галсантайван басқарды. Аталмыш жеті хошуунның үстінен урианхайдың әйгілі биі Жандаа гүн, ол өлгеннен кейін оның баласы Тайван бэйсі таққа отырған  («Алтай жеті хошуун урианхайлары». Шыңжан-Алтай газеті  баспаханасы. 2006 ж., 400 бет. 228-230 бб.) Әккі Жа лама осылардың барлығымен байланыс жасап, соңынан дөрвөд Далай хан хошуунын біріктіру арқылы Ойрад мемлекетін қайта құруды  көздеді. Жа ламаның бұл әрекеті Богд Жавзандумба бастаған Моңғол билеушілерін қатты алаңдатты.  Осы кезден бастап Жа ламаны алдап құрықтау саясаты қолданылды. Табиғатынан тақ құмар Богд Жавзандумбадан үзіп-жұлып берілген марапаттарды місе тұтпай жүрген Жа ламаны қолға түсірудің ең ұрымтал тәсілі - оны дәмелендіру болып табылды. Яғни оған лайық ең жоғарғы лауазым шырға ретінде «ұсынылды».

Жа ламаның бұдан кейінгі тағдыры 1921 жылы Коминтерннің тапсырмасымен Моңғолияға келіп арнайы міндет атқарған Б.З.Шумяцкийдің назарында болды. Жа лама 1922 жылы шілденің 16-сы күні Д.Сүхбаатар жанжиннің бұйрығымен  тағайындалған Нанзад, Дугар бейсілердің қолынан қаза болғандығы айтылады. Найзаның ұшына ілінген Жа ламаның басын алдымен Улиастайға соңынан Өргөөдегі халық үкіметінің алдына іліп қоюы Будда діндарларына рухани жағынан соққы болды. Бір қызықтысы Жа ламаның басын Өргөөдегі үкімет үйіне әкелген сәтте төңкеріс көсеміДамдингийн Сүхбаатар сезікті жағдайда бұл пәниден бақиға аттанған еді. Ал, Х.Б.Кануковтың азаматтық соғыс, қақтығыс әрекетіне шолу ғұмырнамасы жазылды. (Кануков Харти Бадиовичтің (1883-1933) қызыл қалмақ).Аталмыш ғұмырнама Элистада 1932 жылы жарық көрді. Дамбийжанцан ай санағы бойынша 1922 жыл немесе ит жылы - нақтысы 1923 жылы қаңтарда өлтірілді деп таңбаланды. Бұл туралы И.Ломакинаның «Жа ламаның басы» (2005) кітабының 196-бетінде жазулы тұр. Сондай-ақ, Ресей барлаушысы Василий Сергеевич Кузнецовтің (1878-1929) Улаан Үдэде басылған «Жа ламаның басы» (1993) атты еңбегінде де толығымен баяндалады. Сонымен Жа ламаның (1862-1922) денесі жоқ басы 1925 жылы В.А.Казакевичтің (1923-24 ж.ж Моңғолияға келіп жұмыс атқарған өренжі) қанжығасына байланып Санкт-Петербургтегі Петр патшаның Кунскамерасына жеткізілді.

Мұхтар Мағауиннің дәлелдегеніндей: «...Бар болмысын бүтін сақтаған, қорқынышты, жиіркенішті кесік бас...»(М.Мағауин. Қыпшақ аруы. Алматы, Атамұра 2007 ж. 252 бб).

Сұраған Рахметұлы,

ақын, жазушы, тарих ғылымдарының

кандидаты

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354