Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
Сұхбат 7240 7 пікір 6 Маусым, 2019 сағат 15:54

Марат Тоқашбаев: "Қазақ журналистикасының ішкі цензурасы басым"

«Президент және халық» газетінің бас редакторы, профессор Марат Тоқашбаевпен сұхбат. 

– Осыдан бір мүшел жыл бұрын, яғни 2005 жылы ағынан жарылып әңгіме-дүкен құрған екенбіз. Ол сұхбат «Айқын» газетінде жарық көрген. Кейін «Ағынан жарылсақ...» деген жинаққа енді. Сол кезде Сіз «Қазақстан – ZAMAN» газетінің бас редакторы болған екенсіз. Қазір «Президент және халық» басылымын басқарып отырсыз. Бұл газеттің ашылуына не түрткі болды?

     – Иә, одан бері де ағылып айлар, жылжып жылдар өтіпті. Бір мүшел уақыт та адам үшін аз емес. Саналы ғұмырды шартты түрде екі мүшелден бастасақ, үш мүшел адам өзін табуымен, азамат ретінде қалыптасумен кетеді. Бала-шағасына жағдай жасауға ұмтылады. Төртінші және бесінші мүшел – қоғам үшін пайдалы еңбек ететін, жас буынға өнеге көрсететін кезі. Сіз сұхбат алған менің бесінші мүшелдегі кезім екен. Дәлірек айтқанда, 56 жаста болыппын. Тура сол  2005 жылы халықаралық «Қазақстан – ZAMAN» газетінен ауысып, «Президент және халық» газетінің жобасын қолға алдық. Қазақ-түрік достығының жалауындай болған «Қазақстан – ZAMAN» газетін үш жылдан астам уақыт басқардым. Ең бір дағдарысты кезеңде басылымның аяғына қайтадан нық тұруына қызмет еттік. Жаңа ұжым қалыптастырдық. Журналист кадрлар тапшы кез ғой. Әдебиетке жақындығы бар, бұрын мектепте мұғалім болып істеген Төреғали Тәшен, Жанбақыт Борантаев, Абай Мауқара сияқты талантты жігіттерді тарттық. Ұлан Еркінбек, Ринат Кертаев, т.б жастарға білгенімізді үйреттік. Бекер обалы не керек, басылымға түрік жағынан басшылық еткен Ерсін Деміржі, Ахмет Аляз сияқты бауырларымызбен тіл табысып, олар да кез келген бастамамызға қолдау білдіріп отырды.

2005 жылы жаз ортасында жылдың соңына таман Президент сайлауы өтетіні белгілі болды. Осындай саяси науқан тұсында Ел мен Елбасы арасына дәнекер болатын басылым қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды. Қазақстанда 100-ден астам ұлттың өкілі тұрады дегенмен республика халқының үштен екі бөлігін құрайтын мемлекет құраушы қазақ халқының рөлін ешкім теріске шығара алмайды. Яғни, басылым тек мемлекеттік тілде ғана болуға тиіс. Ұсыныс ұнады да дереу қолға алдық. Президент Әкімшілігі тарапынан да қолдау жасалды. Энергетикалық мекемелердің көмегімен «Астана Медиа Пресс» ЖШС құрылып,  көп ұзамай,  республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газеті тіркелді. 2005 жылы 27 тамызда алғашқы саны шықты.

Басылымға жолдаған құттықтауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев газет өзінің атына лайық билік пен халықтың арасында берік дәнекер болатын, Президенттің сөзін, ой-мақсатын халыққа, ал Халықтың тілегін, мұрат-мүддесін Президентке жазбай жеткізіп тұратын қуатты баспасөз құралына айналатындығына сенім білдірді. «Мен сіздердің газеттеріңіз әрдайым айтса – ақиқатты айтады. Жазса – тек шындықты жазады, қоғамдық құбылыстарға ұдайы әділ бағасын береді әрі мұны өз қызметінің қатаң қағидатына айналдырады деген үміттемін», – деп жазды құттықтауында Елбасы.

Атап өтетін жайт, газет партиялық ұстанымдардан ада, шынайы халықтық басылым болуға ұмтылды. Газет жеке тұлғаларды асыра мақтау, мадақтау сияқты теріс құбылыстарға әуес болған жоқ. Шын мәнінде, мемлекетшілдік, ұлтшылдық (нацистік емес), әлеуметтік әділеттілік тақырыптары көтерілді. Ел мен Елбасы арасына дәнекер болуға ұмтылды. «Президент және халық» газеті солай өмірге келген.

– Журналистік  жолыңызды  «Жетісу»  газетінен  бастап, «Білім және еңбек», «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Қазақстан – ZAMAN» басылымдары мен «Қазақстан» телеарнасында басшылық қызметтер атқардыңыз. Қарап отырсақ, бұл – үлкен өмір мектебі. Ал енді, өз мамандығының жілігін шағып, майын ішкен маман ретінде қазақ журналистикасының бүгіні мен ертеңі туралы не айтар едіңіз?

– Әр журналистің өмір жолында оның шығармашылығына шешуші әсер еткен басылым не телеарна болады. Менің де өмірімде 1982 жылдан бастап қызмет істеген республикалық ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналы айырықша орын алады. Өйткені басылымға тап осы кезде Ақселеу Сейдімбек бас редакторлыққа келген. Сол кезде редакцияға  Советқазы Ақатаев,  Мақаш Тәтімов, Марат Сенбин, Мұрат Әуезов сияқты халқымыздың көрнекті зиялы қауым өкілдері жиі келіп, пікірлесіп жататын. Солармен араласу, материалдарын журнал өндірісіне әзірлеу барысында олардың бойындағы ұлтшыл көзқарас біртіндеп маған да ауысты. Кез келген мәселеге ұлттық көзқарас бүгінге дейін мен үшін бәрінен маңызды. Қазақ журналистикасының бүгіні мен ертеңі туралы сұраққа да тура осы тұрғыдан жауап бере аламын.

Өкінішке қарай, Қазақстан журналистикасы бүгінде үш топқа жіктеліп тұр. Ол – қазақ тілді журналистика, орыс тілді журналистика, аралас тілді журналистика. Қазақ тілді журналистика Қазақстанда ұлттық мемлекет құру мен  нығайту бағытын ұстанса, орыс тілді журналистика Қазақстанда азаматтық қоғам артықшылықтарын пайдаланатын азаматтық мемлекет құру арманын айналсоқтайды. Қазақстандағы орыс тілді азаматтық мемлекет олар үшін «коммунизм» сияқты. Ал елімізде украин, поляк, неміс, корей, ұйғыр, түрік, дұнған сияқты аралас тілдерде шығатын газеттер негізінен Қазақстан халқы ассамблеясының  қазақстандық бұртұтас ұлт  құру бағытын  ұстанады. Бұл ресми түрде солай болып көрінгенімен, іс жүзінде бұл басылымдар әр диаспораның өмірін көрсетуге ұмтылады.

Сонымен, біз бір мемлекет ішінде біртұтас көрінгенімен, шынтуайтында бітіспес үш түрлі идеологиялық бағыт бар екендігін көріп отырмыз. Бұл қолайсыздықтан қалай шығуға болады? Бұл үшін қолдан жасалған саяси ұстанымдарды «шешіп» тастап, шынайы табиғи бағытқа көшу қажет.  Бірқатар ресми құжаттарда қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту жөнінде айтылып келеді. Бұл – өте жақсы идея. Алайда бірегейлік пен бірлік тек мемлекеттік тіл негізінде қалыптасса ғана. Ал патша отаршылдығымен бірге келген орыс тілінің негізіндегі бірегейлік маған ұнамайды және оны қазақ халқы да қаламайды. Сөз арасында айта кетейін, Қазақстан Конституциясында, «ҚР тілдер туралы» заңында орыс тілінің мәртебесі айқындалмаған, тек аталған заңның 5-бабында ғана «орыс тілінің қолданылуы» жөнінде айтылады. Жалпақ шешейлік негізіндегі үш бөлек идеология елімізді географиялық тұрғыдан бөлшектемей тұрғанда, біз мемлекеттік тілдің және мемлекет құраушы қазақ халқының айналасына топтасатындай шынайы әрі табиғи идеологияға көшуіміз қажет.

Ғылымда этникалық бірегейлік ұғымын ешкім теріске шығарған емес. Қазақстандағы орыс диаспорасы көрші Ресей тұрғанда өзінің этникалық, тілдік бірегейлігін сақтап қалады. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқы тұтастай тағы орыс болып кетпейді. Біреулер қаласа да, қаламаса да ол да өзінің этникалық, тілдік бірегейлігін ғасырдан ғасырларға жалғастырады. Ұлттық саясат қазақстандық бірегейлік пен бірлікті орыс диаспорасының тілі айналасында емес, көрші Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріндегідей өзіміздегі мемлекет құраушы ұлт пен оның тілі төңірегінде қалыптасуы керек. Ойдан шығарылған жасанды идеологиялық бағыт орға жығады.

Осы тұрғыдан алғанда елімізде қазақ журналистикасы үстем болғаны орынды. Ол үшін ұлттық мемлекетшілдік идеясы, қазақ халқының Қазақстанда тұрып жатқан түрлі диаспоралардың тағдыры үшін жауапты екендігі, диаспоралық топтардың қазақ халқына құрметін арттыру, қазақ тілін тек мемлекеттік қана емес, сонымен бірге іс жүзінде ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру алдыңғы орынға шығуы тиіс.

Қазақ журналистикасы бүгінде жалтақ. Ішкі цензурасы басым. Деңгейі  «пресс-релиздік». Бұл, ең алдымен телеарналарға қатысты. Жұртты мезі еткен арзан ойын-сауық бағдарламалары шаш етектен. Қазақ журналистикасы қоғамдық оқиғалардың соңында  салпақтамауға тиіс. Бүгінгі таңда көркем әдебиет қоғамды ізгілік нұрымен шуақтандырып, гуманистік бағытта тәрбиелесе, ал публицистика қоғамды алға  сүйрейді. Кемшін  тұстарын көрсетіп, тек қоғамды ғана емес, тұтастай мемлекеттің бағыт-бағдарына тура жолды нұсқайды. Қазақ журналистикасының мойнында қазақ халқының тағдыры тұр. Сондықтан қазақ журналистеріне білім, біліктілік, ұлтшылдық, патриотизм қажет.     

– Қазіргі қазақ телеарналары туралы пікіріңізді білуге бола ма? Жалпы, Сіз қай арнаны жаныңызға жақын тұтасыз?

– Маған, әлбетте өзім бес жылдай қызмет істеген Qazaqstan телеарнасы жақын. Ғасыр мен ғасырдың, мыңжылдық пен мыңжылдықтың тоғысқан тұсында осы телеарнаны басқару менің еншіме бұйырыпты. Әрі бұл «Хабар» жеке арна боп ажырап, тәуір техника мен кадрлардың бір бөлігін алып кеткен, қаржылық орасан қиындықтар туындаған кез еді. Сондай қиын шақта ұлттық арнаны ілдалап аман алып қалуға жәрдемдескен Тыныс Өтебаев, Бақытжамал Ерманова, Гүлмария Барманбекова, Гүлжан Қасымжанова, Серік Ахметов, Сәуле Жиреншина, Ұлбосын Айтөлен, Ғалия Әженова, Абзал Әбенов,  Өмірсерік Жұман, Абдолла Алтый-Сүлеймен, Мейрам Базарұлы, Бейбіт Сатыбалды, Асы Байбатша, Серік Жанболат, Гүлмира Қаракозова, Айгүл Жөңкебаева, Хадиша Сейітқұлова, Ғалым Есенсариев, Оралбек Сарбасов, Ажар  Мархабаева  сияқты тележурналист әріптестерімді құрметпен еске аламын.

Бұл телеарна – Қазақстандағы күллі телевизияның  атасы. Оның үстіне, тап осы күндері Qazaqstan телеарнасы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан  телерадиокорпорациясы қызметкерлерін айтулы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

– Электрондық  ақпарат құралдарының жыл санап емес, күн санап дамып, өсіп-өркендеп келе жатқаны мәлім. Бұған бек қуаныштымыз. Бірақ мұның кері әсері  газет-журналдарға  тиеді  деген  пікірге қалай қарайсыз? Жалпы, қазақ басылымдарының болашағы бар ма?

– Мұндай қауіп жоқ. Кезінде радио ойлап табылған кезде, одан соң тұрмысымызға  теледидар енгенде «болды, енді газет-журнал мен кітаптың заманы бітті» деушілер болған. Айфон, андроид қаптаған қазіргі кезде де сондай «болжам» айтушылар бар.  Алайда өмір мүлде керісінше көрсеткіштерді алға тартуда.

Алла Тағала нәсіп етіп, әлемнің қырықтан астам елдерінде журналистік сапар шегіппін, атап айтқанда АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония сияқты  державалық елдерде болған кезімде бұған көзім жете түсті. Мәселен, электрондық гаджеттер көптеп шығарылатын Жапон елінің «Иомиури симбун» газеті  бүгінде 13,5 млн данамен,  «Асахи симбун»  газеті 10 млн данамен, Американың The Wall Street Journal газеті 4 млн данамен,  өзіміз редакциясында болған «Нью-Йорк таймс» газеті 880 мың данамен, «Вашингтон пост» газеті 600 мың данамен, Ұлыбританияның «Guardian» газеті  210 мың данамен таралып отыр. Гаджеттен гөрі, қолға ұстап оқитын қағаз басылымдарға деген қажеттілік алдағы уақытта да сақталатын болады. Гаджет ақпараттың таралу жылдамдығына қызмет етсе, мерзімдік қағаз басылымдар  болған оқиғаға қатысты сараптамалық,  талдамалық, тұжырымдамалық дүниелер ұсынады. Оқиғаның өзін, оқиғалар тізбегінен құбылысты  аңдауға жәрдемдеседі. Яғни, екеуінің де өмір сүруге қақысы бар. Ал қазақ тілді басылымдар қазақ халқы барда қажетсіз болып қалмайды.  Оған қауіптенудің қажеті жоқ.

– Кезінде «Мөлдір бұлақ» журналын басқарғаныңызды, кейін «Той әлемі», «Той-шашу», «Этнопедагогика», «Қазақстан патриоты» сияқты журналдар   ашқаныңыздан хабардармыз. Ол басылымдардың кейінгі тағдырынан хабардар етсеңіз?

– Мектеп оқушыларына арналған «Мөлдір бұлақ» журналы 2002 жылы «Қазақстан – ZAMAN» газетінің жанынан ашылған. Оның алғашқы санынан бастап бір жылдай редакторлық еткенім рас. Алайда газет пен журнал екеуіне қатар бас редактор деп жаздыртуды ыңғайсыз көрдім. Бір жылдан кейін басылымға журналист Раушан Каршалова бас редактор болып бекітілді. «Мөлдір бұлақ» қазірге дейін сол «Қазақстан – ZAMAN» газетінің жанынан шығып келеді.

Алла Тағала нәсіп етіп, Раушан екеуміз отбасын құрдық та,  2005 жылы «Президент және Халық» газеті ашылғаннан кейін әлгінде Сіз айтқан «Той әлемі», «Той-шашу», «Этнопедагогика», «Қазақстан патриоты» басылымдарын қолға алдық. Мақсат – ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, отаншылдық қасиеттерді орнықтыру  болатын. Содан, «Той-шашу» екі жыл, «Этнопедагогика» төрт жыл, «Той әлемі» алты жыл шығып тұрды. Алайда оншақты адамы бар шағын ұжымға бұл өте қиынға түсті. Оның үстіне, кез келген басылым қызметі оқырмандардың белгілі бір тобына арналатындығын ескермеппіз. Өзіндік аудиториясы қалыптаспаса, журнал өмір сүріп кете алмайды.

Шығармашылық күшімізді шашыратпау үшін ақыры бұл басылымдарды тоқтатып, негізі күш газет пен «Қазақстан патриоты» журналына шоғырландырылды. Раушан қазір осы басылымға жетекшілік етеді. Отаншылдық тақырыпты ту еткен журнал, міне, 10 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Мектеп оқушылары арасында танымал басылымдардың бірі.

Әдет-ғұрып, салт-дәстүр мәселелерімен айналысу өте көп проблемаларға кезіктірді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, әдет-ғұрыптарды білместікпен  шатастыру, дарақылық  пен даңғазалық, дәстүр транформациясын елемеу,  жергілікті дәстүрлерді ұлттық дәстүрге айналдыруға тырысушылық сияқты қайшылықтар  алдан қашқан қояндай көбейе берді. Басылым оқырмандардың сол мәселелерге қатысты сауалдарына түпкілікті, түбегейлі жауап  беруі қажет еді. Сондықтан еліміздегі белгілі этнографтардың басын біріктіретін Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясы құрылды. Академия бүгінде ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді жинақтаумен, оларды жүйелеумен айналысады. Осы жылдарда «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары», «Ерлі-зайыптылық ережесі», Раушан екеуміздің «Бақыттың кілті» сияқты кітаптарымыз жарық көрді. Соңғы кітап оқырмандардың үлкен ықыласына ие болып, төрт рет басылды. Қазір бесінші басылымына әзірлік жасалып жатыр.

– Қазақ зиялы қауымының өкілі ретінде үш тұғырлы тіл туралы не айтар едіңіз?

– Иә, соңғы үш-төрт жылдан бері «Үш тұғырлы тіл саясаты» төңірегінде талас-тартыс жүріп жатыр. Бағдарлама аясында орта және арнаулы білім беру мекемелері қазір үш тілде оқытудың алғашқы жұмыстарын бастап та кетті.  Ол аз болғандай, Білім және ғылым министрлігі 2019 жылдан бастап білім беру ұйымдарының жоғары сыныптарында (10-11 сынып) жаратылыстану бағытындағы химия, физика, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылатынын мәлім етті.

Өз басым мұны құптамаймын. Әрине, кемінде үш тіл білген жақсы. Ұлы ойшыл Мишель Монтень: «Ең үлкен қателік – балаларымызға өзінің жан-дүниесіндегі құбылыстардан  гөрі,  жұлдыздар туралы ғылымды оқытатынымыз» деген екен.  Өзінің ана тілін жетік меңгеріп үлгермеген  баланы үш тілде оқытуға итермелеу – ұрпақты надандыққа итермелеу деп есептеймін.  «2025 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгереді» деген тұжырым – бос қиял. Қазақ тілінің проблемасы 1988 жылдан бері көтеріліп келеді. Отыз жылдан бері шешілмеген мәселе алдағы бес-алты  жылда шешіледі деу – ақылға сыймайды.

Қазақстандық көрнекті педагог, академик Асқарбек Құсайынов «Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары» («Rond&A» баспасы, Алматы, 2016 ж) деген зерттеуінде әлемнің жоғары дамыған 20 елінің бағдарламасын алып, 1-6 сыныптарда неше тіл оқытылатынын анықтаған. Осы елдердің ішінде 1-сыныпта  екі тіл Гонконгте, Сингапурда, Жаңа Зеландия мен Ирландияда ғана оқытылады екен. 2-сыныпта бұған Люксембург қосылады. 3-сыныпта Финляндия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Бельгия, Қытай елдерінде, 4-сыныпта тағы Жапония мен Нидерланды елдерінде, жалпы осы 20 елдің ішінде 13-інде екі тіл оқытылатыны анықталған. 5 және 6-сыныптарда екі тіл оқытылатын жаңағы елдерден басқа елдер болмаған.

Қарап отырсақ, 1-сыныпта осы 20 елдің ішінде тек 4 елде, 2-сыныпта – 5 елде екі тіл оқытылады екен. Ал бұл елдердің бірде бірінде 1-6 сыныптарда үш тіл оқытылмайтыны белгілі болған. Орта білім саласындағы кемістіктер анықталмай, шетелдік тәжірибелер ескерілмей,  білім беру саласы ғылыми ізденістерге сүйенбей, оқулықтану жүйеге түспей тұрып үстірт, волюнтаристік шешіммен үштұғырлы  тіл саясатын жүзеге асырамын деу – мүлде асығыс қадам.

Ғалым келтірген деректерде үш тілді қатар оқытудың нәтижесін анықтау үшін Алматы қаласы мен Алматы облысының 1-сыныптан бастап үш тіл қатар оқытылатын 8 қазақ мектебінде әлеуметтік зерттеу жүргізілгені айтылады. Зерттеуге қатысқан бастауыш сыныптарда сабақ беретін 103 мұғалімнің 84 пайызы үш тілде оқытқан жағдайда балалардың қабылдау деңгейі мүлде төмендейтінін ашық жазған.

Үш тұғырлы тіл саясатына менің қарсы болуымның себебі, міне, осында.  Шет тілін жақсы меңгеру үшін оны ана тілі негізінде интенсивті үйрену маңызды. Тәжірибелі мұғалімдер ағылшын тілін 6-сыныптан бастап аптасына 3-4 сағат сағат көлемінде оқытудың нәтижелі болатындығын алға тартады. Ал жоғары 10-11 сыныптарда жаратылыстану бағытындағы химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту мүлде күлкілі жағдай.

Мектеп түлектерінің бәрі бірдей жоғары білім алмайтыны, шетелге кетпейтіні аян. Мәселен, мектептен соң, слесарь, сантехник,  фермер, құрылысшы, жер өлшеуші, домбырашы, әйнекші, балташы, балықшы, бақташы, орманшы, омарташы, тігінші, шофер, күзетші,  т.б. толып жатқан қарапайым мамандықтарды қалайтын жастарға  әлгіндей пәндерді ағылшын тілінде оқудың не қажеті бар? Тілге мүлде бейімі жоқ адамдар болады. Ондай балаларды неге ескермейміз? Яғни, жаппай  орта білім беретін мекемелердің  жоғары сыныптарында төрт  пәнді ағылшын тілін оқыту  ақылға сыймайтын нәрсе. Аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту балалардың тіл үйрену қабілетіне, ынтасына қарай жүзеге асырылуы керек. Мен айтар едім, үш тұғырлы тіл саясатына көшпестен бұрын, Үкімет пен Парламент, мемлекеттік органдар отырыстарын толықтай мемлекеттік тілге көшіріп алсын!

– Латын қарпіне көшу туралы ой-пікіріңізбен  де бөліссеңіз?

– Басы ашық нәрсе сол – қазақ жазу-сызуын латын графикасына көшіру – өмір талабы. 1940 жылы Мәскеу билігі қазақ халқымен ақылдаспастан елімізді латын графикасынан  кіріл әліппесіне көшіріп жіберді. Бұл – отаршылдық жүйе үшін әдеттегі жағдай болатын. Қазақстан тәуелсіздігіне ие болған жылдарда отарсыздандыру үдерісі жүргізілуі керек пе? Керек! Сондықтан бұл – оңды қадам.

Мемлекет басшысының арнайы қаулысымен қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлығына таяуда енгізілген  жаңа нұсқа бұрынғы апострофтық нұсқадан құтылуымызға мүмкіндік берді. Біздің «Президент және Халық» газеті жариялаған республикалық «Ғалымдар одағы» тарапынан әзірленген концептуалды апострофсыз нұсқаның Елбасы тарапынан мақұлдануы – біз үшін үлкен қуаныш. Алайда академик Оразалы Сәбден айтпақшы, бекітілген нұсқада еріндік «Ү, Ұ, У» дыбыстарының таңбалануында жүйелілік бұзылған. «І» мен «И» бас әріптерін бір ғана таңбамен белгілеу қате. «Бір дыбыс – бір таңба» қағидасы да бұзылған. Әдеттегі sh (ш), ch (ч) таңбаларын диграфтық тәсілмен беру де шатастыруға ұрындырады. Сондай-ақ жаңа нұсқада W әрпі жоқ. Қазақша мұндай әріп жоқ десек те әдетте жиі пайдаланатын Washington, windows, world сияқты брендтік сөздерді қалай жазамыз?

– Зиялы қауым көрші елдермен интеграция туралы не ойлайды?

– Өте жақсы сұрақ екен. «Көршіңмен тату бол» деді имандылық қағидаларында. Сондықтан еліміздің көрші мемлекеттермен тату, достық қарым-қатынас орнатқаны өте орынды.  Өзбекстанмен, Қырғызстанмен экономикалық байланыстарымыз енді ғана жанданып келеді. Оның ішкі потенциалы үлкен деп ойлаймын. Ұлы көршіміз –  Қытай елімен байланыстарымыз ұлттық мүддемізге нұқсан келтірметіндей шекте болуға  тиіс. Көптеп қарыз алып, оны қайтара алмай, жерінің бір бөлігінен айырылып қалған Тәжікстанның кебін кимеуіміз керек. «Судың да сұрауы бар». Қарызды қайтаруға тура келеді. Сондықтан қарыз алғаннан гөрі, жобаларды   бірлесіп жүзеге асырған пайдалы.

Шекаралық бекеттерде коррупция салдарынан Қазақстан үлкен экономикалық залал шегіп отыр. Сертификатталмаған, не бір зиянды тауарлар мен азық-түлік түрлері айналма жолдар арқылы ел нарығына өтіп кетуде. Қытайдың жасанды әрі зиянды тамақтары дастарқанымызда толып тұр. Мұны қалайда тоқтату керек!

Сондай-ақ Қытайдың 51 зауытын Қазақстанға көшіру туралы келісім қайта қаралуға тиіс. Өйткені Қытайда әлі күнге экологиялық стандарт қабылданбаған. Қазақстанға көшірілетін Қытай зауыттары – өздері құтыла алмай отырған,  өндірістік тұрғыдан артта қалғандары. Өте лас, атмосфераны да, қоршаған ортаны да мүлде жарамсыз етіп тастайды. Қытай зауыттары келіп алса, Қазақстанның экологиялық талаптарына пысқырмайды да. Онымен қоса, әр зауытқа ілесе «үйретеміз» деген желеумен жүздеген, мыңдаған қытай келеді. Бейбіт экспансия дегеніміз – сол. Мәселен, Ресейдің Қытайға 49 жылға жалға берген 2 млн гектар жері бірнеше жылдың ішінде түкке жарамсыз  болып қалды.

Солтүстіктегі көршіміз – Ресеймен достық қарым-қатынас Қазақстан үшін ұнамды. Алайда кезінде қатты жарнамаланған Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасынан гөрі, зияны басым болып барады. Қазақстанда 2014 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 12 мың доллардан асып тұрса, 2016 жылы ол 7 мың долларға төмендеп қалды. Сыртқы сауда айналымы 20 пайыздан астамға құлдырады. 150 миллиондық нарыққа шығамыз деп үміттеніп едік, Ресей Қазақстаннан жеткізілген жеміс-жидекті, көкөністі, сүт өнімдерін түрлі сылтаумен ішкері өткізбей тастауды әдетке айналдырды.

Ресейдің соңғы үш ғасырда қалыптасқан ұлыдержавалық астамшылығы  Кеңес Одағының тарауымен жойылып кетпепті.  Ұлыорыстық шовинизм дегені тағы бар. Үстемшілдік пиғылы тең дәрежелі қарым-қатынас жасауға мүмкіндік бермейді. Соның қарапайым мысалы кедендік алымдардың институционалдық бөлінісінің теңсіздігінен байқалады: кедендік алымдардың 88 пайызы – Ресей Федерациясына, 7,5 пайызы – Қазақстанға, 3,5 пайызы – Белоруссияға тиесілі. Интеграциялық одақтағы дауыстардың бөлінісі де мүлде әділетсіз. Ресей әй-шайға қарамай, бірден 75 пайыз дауысқа ие. Қалғаны – Қазақстан мен Белоруссияныкі. Дауыстардың осындай үлестік жағдайында кез келген мәселеде консенсусқа жету мүмкін емес.   Интеграциялық талаптарға сәйкес Қазақстан өз нарығын Ресей өндірісшілеріне айқара ашқанымен, Ресей тарапы қазақстандық өндірісшілердің қадамын қырқып отыр. Әсіресе, алкогольдік, кондитерлік өнімдерге дискриминация өте зор.

Қазақстан интеграциялық одақты құруға қатысты шартта жіберіп алған кемістіктерін тек соңғы жылдарда ғана байқап, өз мүддесін  табандырақ қорғай бастады. Бұл – тәуелсіз елдің өз мүддесін өзінен басқа ешкім қорғамайтындығын түсінгені.  Ресеймен арақатынаста біз құлдық психологиядан арылып, қалайда тең дәрежелі серіктес дәрежесіне жетуіміз маңызды.

– Тәуелсіз елдің ұлттық иделогиясы қандай болуы керек?

  – Тәуелсіз елдегі ұлттық идеология көрші елдерге жалтақтамай, дербес болуы керек. Өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіздік алғанына 26 жыл өтсе де Ресейге жалтақтауын қояр емес. Соның бір мысалы  Ресейдің ақпараттық экспансиясы. Ресейдің жүздеген телераналары мен газет-журналдары біздің ақпарат кеңістігімізді жаулап алған. Есесіне, тиіп тұрған көршілеріміз Өзбекстан мен Қырғызстанның хабарларына зәруміз. Шынын айтқанда, тілі де, тағдыры да ұқсас түркі елдерінің мәдени дүниелерін сағынамыз.

Тәуелсіз елдің ұлттық идеологиясы менің ойымша онда тұрып жатқан барлық диаспора өкілдерінің азаматтық құқықтарына кепілдік бере отырып, ұлттық мемлекет құруға бағытталуы керек. Яғни, «Ұлттық мемлекет – ұлы ұстаным».  Қазақстан халқы 18 миллионнан асты. Оның 70 пайызын қазақ халқы құрайды. Қазақ халқы үш ғасырдан астам уақыт жоңғар шапқыншылығына, ақ патша отаршылдығына қарсы елі мен жерін қорғап күресті. Оның азаттық жолындағы айқастарына басқа ұлттың бірде бір өкілі қол ұшын беріп көмектескен жоқ. Сондықтан ешкімге жалтақтамай, өзінің ұлттық мемлекетін құру мен қалыптастыруға қазақ халқының әрі құқықтық, әрі моральдық  қақысы бар. Ұлттық идеология осы бағытта жүргізілуі тиіс.

– Мәңгілік елдің болашағын қалай болжайсыз?

– «Мәңгілік ел» тіркесі менде екіұдай сезім туғызады. Тарихта Рим «мәңгілік қала» аталып жатады. Ал мәңгілік ел болса, халқы баяғыда миллиардтан асып кеткен  Қытай мен Үндістанды атауға болар еді. Бірақ олар да күндердің күнінде ыдырап кетуі ықтимал ғой. Жалпы, біздің дінімізде мәңгілік – тек жаратушы бір Алла ғана. Біз қалайда «Мәңгілік ел» боламыз деп тұжырым жасай алмаймыз. Ол – Жаратушы иеміздің құзіретіндегі дүние.  Біздікі тек тілек түрінде. Мемлекетіміздің ғұмыры баянды болу үшін демографиялық дүмпу, әділетті қоғам, өркендеген экономика қажет. Алла Тағала билікке де, халқымызға да соны түсінетін пайым-парасат берсін!

 «Қазақ қарулы күштерінің құрылғанына үш ғасыр, ал қазақтың әскери өнерінің тарихы одан да тым әріде жатыр» деген пікіріңізді әлеуметтік  желілерден  көзім  шалып еді. Осы ойыңызды біздің оқырмандарға тереңірек айтып берсеңіз?

– Өткен жылы 7 мамыр тұсында Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы аталып өтіліп жатты. Тарихы үш мың жылдық кезеңді қамтитын қазақ халқының қарулы күштерін небары ширек ғасырлық  уақытпен өлшеу қиянат тәрізді көрінді. Сол арада еске 1710 жылы Үш жүздің  біріккен қолын құру туралы шешім қабылданған Қарақұм Құрылтайы еске түсе кеткені. Сол жиында Табын Қараұлы Бөкенбай батырдың: «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның, бейшара бақылаушысы болып отырман. Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Қыпшақ даласының сарбаздарының жалтарған кезі болды ма?! Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алман! Жауға мінер тұлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!», – дегені бар ғой.

Сөйтіп, тұңғыш рет Үш Жүздің біріккен қолы жасақталған.   Дұшпанға тойтарыс беріп, 1712 жылы 50 мың әскермен жоңғар жеріне басып кірген Бөкенбай батырды Қазақ халқының тұңғыш маршалы десе болады. Қазақтардың біріккен қолының қалмақтарға алғаш рет ойсырата соққы берген сол кезді  Қазақ қарулы күштері құрылған дата ретінде  алуға болады. 1710 жылдан есептесек, қазақ қарулы күштеріне үш ғасырдан асады екен. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында қазақ әскери өнерінің стратегиялық, тактикалық небір ғажайыптары сөз етіледі. Бұл әскери өнердің кейбір ерекшеліктерін қазіргі  заманғы ұрыс өнерінде де пайдалануға болады.

– Дін жолына қашан және қалай келдіңіз?

 – Дін жолына келуім өте бір қызық. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет ететінмін. Үгіт-насихат бөлімінің тапсырмасымен мойныма атеистік насихат жүктелді. Сөйтіп жүргенде, кездейсоқ Талғар бағытындағы автобуста христиан баптист жұппен танысып қалдым. Орысша сөйлегендерімен арғы жағы неміс болар, екеуі де баптист шіркеуінің жамағаты көрінеді. Таныса келе, әлгілермен достасып, жақын араласып кеттім.

Мақсатым – оларға адасқандарын түсіндіріп, атеистке айналдыру. Олар болса, қазақ журналисін өз қатарына тартуды ойласа керек. Өздері теледидар көрмейді, радио тыңдамайды. Тек әлдебір баптистік журналдар оқиды. Өте мәдениетті, білімді. Олармен пікір таластыру үшін бірдеме білуің ләзім. Мәскеуден шығатын «Наука и религия», «Наука и жизнь» сияқты журналдарды іздеп жүріп оқитын болдым. Екі жылдай  мәдени түрде айтыса-тартыса келе мен оларды атеист жасай алмадым, олар да қанша тырысқандарымен мені қатарларына қоса алмады.

Есесіне, өз бетіммен жүргізген ізденістерім арқылы, әйтеуір бір Ұлы Жаратушы күш бар екендігіне көзім жетті. Әке-шешеміз мұғалім болғанымен, үнемі «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп отыратын жандар еді. 1990 жылы қыркүйек айында Германияда тұратын әкелі-балалы Ыдырыс, Шұғайып Ерол деген қандастарымыздың шақыруымен Кельн қаласына келгенде сондағы «Аурупа милли гөрүш ташқилатлари» ұйымының басшысы Юсуф беймен кездестім. Қазақстандағы дін ахуалы туралы пікірлестік. Еуропада мұсылман дінінің қанат жаюы мені таң қалдырды. Сол ұйымның мешітінде Ыдырыс ағаның үйретуімен  алғаш рет басым сәждеге тиді. Сөйтіп, біртіндеп намазды үйрендік.

– Содан бері қолыңыздан келгенше дін саласының насихатшысы болып келесіз. Жұма намазынан да қалмайсыз. Ертеректе қажылық парызыңызды да өтеп қайтыпсыз. Арафатта бүкіләлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде алғаш рет репортаж жүргізген деп естиміз. Сондағы  әсерлеріңіз әлі ұмытыла қоймаған шығар.

 – «Алла Тағала сүйікті құлын ғана мұсылман етеді» дейді ғой. Жаратушы иеміздің қазақ халқын мұсылман етіп жаратқанына шексіз шүкіршілік. Иман нұрының әсері болар, өзім қызмет істеген, басшылық жасаған басылымдарда, «Қазақстан» телеарнасында имандылық тәрбиесіне мүмкіндігінше баса назар аударуға тырысатынмын. Басылымдардағы «Имандылық» айдары, Қазақ теледидарындағы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасы сол ниеттің жемісі болса керек. 1999 жылы Сауд Арабиясы Ақпарат министрлігінің шақыруымен қажылық миссиясын насихаттау мақсатында Меккеге жол түсті. Арафат жазығындағы биік радио-телевизиялық орталықта «биссмилә» деп бастап, алғаш рет әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде репортаж жүргізгенім рас. Өмірімде ең бір ұмытылмас сәт еді ол.

Іле-шала қажылық парызымызды өтедік. Артынан Сауд Арабиясының королі Абдул Азиздің қабылдуында болдым. Сол жерде Қазақстанның Сауд еліндегі елшісі Бағдат Әміреевпен танысып, оның шақыруымен ел кіндігі – Эр-Рияд қаласында  бір айдай болғаным бар. Осы сапардың нәтижесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен, Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшілігімен бірлесе отырып, алты жарым сағаттық  әйгілі «Қадыр түні» марафондық хабары дүниеге келді.

Рухани тазалық қашан да керемет қой. Бізде, «Президент және Халық» газетінің редакциясында қызмет істейтін жастардың бәрі шылым шегуден, арақ-шараптан аулақ. Міндеттемесек те жігіттер түгелдей жұма намаздан қалмайды.

– Адамды қандай қасиеттеріне қарап бағалайсыз?

– Мен үшін ең қымбат қасиет – адалдық. Көзіңше бір рет болса да өтірік айтқан адам, басқа жолы да өтірік айтуға бейім тұрады деген сөз. Жалпы, адамның рухани тазаруы тұрмыстық деңгейде өтірік айтуды доғарудан басталады. Әдетте, «мені жоқ дей сал», «заторда тұрып қалдым» дейтін өтіріктердің өзі адам жанын кірлетеді. Өмірде орындалмайтын  қаншама уәде беріп жүре береміз. Ол адамның адамдық қалпын аласартады. Сондықтан орындалатынын орындап, орындалмайтынын себебін айтып, кешірім сұрап шұбатылған «құйрықтардың» бәрін үзіп тастап жүрген жанның рақаты. Сондай-ақ өз басым отаншыл, мемлекетшіл, шынайы патриоттық қасиеттерді жоғары тұтамын.

 – Адам ата мен Хауа анадан бастап, барша аға ұрпақ өзінен кейінгі жастарға көңілі толмаған екен. Ал ұлы да ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп оларға үлкен жүк артып кетті. Сіз не дейсіз?

– Иә, жастарға көңілі толмаушылық ерте замандардан бар. Қайтейік, бүгінгі жастар – кешегі өзіміз. Бұл жастарды сыпырып тастап, орнына қоятын басқа жастарымыз жоқ. Қазақты құтқаратын – тәрбие, имандылық тәрбиесі. Мені жастардан гөрі, бастары қосылса қисалаңдап отырып рюмке көтеретін, жүз грамм десе, жүзі жайнайтын егделер мен қарттар қинайды. Ал жұма намазда мешіттерде жастардың көптеп жиналуы қуантады. Солардан үміт етемін. Мағжан айтпақшы, мен де жастарға сенемін!

 – Әңгімеңізге рақмет.

   
Сұхбаттасқан Ермахан Шайхыұлы

Abai.kz

 

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2094