Жұма, 29 Наурыз 2024
Өмірдің өзі 4879 5 пікір 7 Маусым, 2019 сағат 11:09

«Ұзын құлақ, ұшқыр көз әулие»

(діни-пəлсапалық эссе)

Бір ғұлама «тобыр деген адам пішінді, сөйлейтін ерекше хайуан» деген ащы пікір айтыпты. Мүмкін, ол тобырдың ісіне қарап осындай қорытынды шығарды ма, кім білсін... Расында, жер бетіндегі ең ірі оқиғаның бəрі тобырдың күшімен іске асқанын еске түсіруге болады.

«Жарты əлемді жаулап алған» деп, əлі жырлап келе жатқан Шыңысхан «ондық», «жүздік», «мыңдық», «жүз мыңдық» деген ерекше əскери топтарды бірімен-бірін қатаң бақылатып, алапат сел секілді тек алға ғана арындай ағатын тобыр арқылы көздеген жерін түгел жаулап алды. Одан кейін, Ленин «Бүкіл пролетарлар бірігіңдер!» дейтін, ұранмен еліре есіретін тобырларға маңдайына қызық жұлдыз қадаған, шошақ тымақ кигізіп, қолына бердеңке ұстатқан мыңдаған Чапайлар басқарған қызыл отрядттар арқылы патша-ханзада, бай-бағлан, қожа-молдаларды түгел қырғындап басшысыз қалған елді басып алып, «Коммунизм» деген империяны орнатты. Одан кейінгі ұсақ көсемдер, «сайлау» атын жамылған сан түрлі тəсілмен ең жоғарғы билікті шаршамай-шалдықпай тартып алу үшін тобырларды пайдаланатын одан да «көреген» əдісті іске асырады... Яғни, тобырларды пайдалануда əлемдік атақтылардан бастап, ең ұсақ алаяқтарға дейінгілердің жасаған қаншама хикаяларын айтуға болады...

Тіпті, вокзалдарда таң алакеуімде «шарик-малик» жасап қалтамызды қағып кететіндердің өзі біздің тобырлығымызды білетін қулар... Оны қойып, көпшілік киелі санайтын діннің өзін тобырларды алдау үшінгі шоу-ойынға айналдыратындар да аз емес...

Мынау хикая соның бір мысалы: Əлдебір «дін қызметкері» пəленбай əулиенің атына арнап «медресе» салып, сонда шəкірттеріне «дін» үйретіп, жан-жаққа аттандырғалы көп жылдар болып қалған еді. Көбі ел ішіне сіңіп хабарсыз кететін. Санаулы бірнешеуі ғана өзі секілді «медресе» ашып, «ізгі ісін» жалғастыратын. Осындайларға қалың жұрт дəн риза еді. Ата-бабасын құрметтеп, дінін ардақтап отырғандарға алғыстарын жаудырып, алақандарына түскен аз-көп ақша, пұлдарын олардан аямайтын-ды.

Сондай бір алғыр шəкірт «медресе» бітіріп өте алыстағы ауылына автобуспен шығып, ақырында атты-жаяулы жол жүріп, есек-қашырға мінгесіп межелі жеріне жете алмай иен далаға түнеп қалған еді. Таң рауандағанда оянса, аруақтың асыл сүйегін жастанып жатқанын көрді. Қолын жайып бата жасайды. Күңірентіп Құран бағыштайды. Сүйектің үстіне үйшік тұрғызды. «Бəленбай Түлен Түлеген ата əулие екен!» деп, танып əлгі иен сахарада осылайша, шырақшы болып қалды.

Сөйтсе, шежірені шемішкедей шағатын біреулер тектей келе ол жаңа табылған аруақты Ата осы маңайдағы ел-жұрттың түгенінші текті атасының түленінші «Ұзын құлақ, ұшқыр көз» деген лақап аты бар əулие кісі болып шықты, дейді.

Сол, сол екен киелі атасынан «бата алып, басына бақ қондырып, бақытқа кенелу» үшін ала-шобыр аталас ағайындар ал, шұбырсын! Жарты жылға жетпей, «Ұзын құлақ, ұшқыр көз» əулиеге жарқыраған кесене тұрды. Бір жыл дегенде бата сұрап келгендерге арналған «Ай» атты Motel-Қонақ үй де салынып бітті.

Сөйтіп, иен далаға қалашық қаланып, сүйегі қураған аруақ əулиеге айналды. Далаға ұйықтап қалған қаңғыбас шырақшы Пірге айналды. Өзі ақшаның астында қалды...

Күндердің күнінде Ұстазы шəкіртіне хабарласты:

«Иə, аруақты қолайлы жерден таптың ба?»

«Ұстаз, ешқандай қолайлы жер емес еді, өзінен өзі қолайлы жер болып кетті!»

«Қайтіп!?»

«Қызық болды... Далаға ұйықтап қалсам, бір есектің тақайының сүйегін жастанып жатып қалыппын... Содан, сəті түсіп, əлгі есектің тақайының сүйегін «Ұзын құлақ, ұшқыр көз əулие» деп, жол бойынан олай-былай өткендерге айтып жіберіп едім, сол маңайдың елі ол біздің пəлен ғасырдағы түлен əулие атамыз екен, деп жапырлады да кетті!»

Ұстазы:

«О, пəлі! Сəйкестік деген осы! Жасаған дұғамыз қабыл болыпты! Менің қазіргі отырған медресемдегі «аруақ» андағы сенің есегіңнің енесі ғой!..» деп, таңырқапты...

Сонда, «тобыр» деген байлыққа кенелудің де, билікке жетудің де баспалдағы іспетті екен.

Ал, сол тобырды пайдаланатындардың өзі кім деген сұраққа Хақ діндегі адам санасын саралаған өлшемдерден жауап табуға болады:

«Сəбилік сана» бүкіл адамзаттың балиғатқа толмаған балалары пəк, күнəсіз. Егер, олар бұл дүниеде бала шағында өлсе, мəңгі ақырет дүниесінде асыл маржандардай əдемі, сүйкімді қалпы Жəннат балалары болып өмірі жалғасады. Тұрмыстық сана, бүкіл адамның басынан өткізетін ең төменгі сана, ішіп-жеу, ойнап-күлу, көбею үшін қарекет етушілер. Олар өзінің адамдық мақсатын бір күндік тірлік, бұл дүниелік күнелту деп біледі.

Кəсіптік сана, адамдарға Жаратушының берген қабілеті бойынша, көптеген адамдардың əртүрлі кəсіби мамандыққа жетуі. Бұлар да өмір сүрудің мəнісін жақсы тұрмыс құру, жайлы жағдайға жету дегеннен ары аса алмайды. Рухани құндылықтарды соның қызметшісі деп, пайымдайды. Ғылыми сана яғни логикалық сана бұл Жаратушыдан ерекше қабілет берілген адамдардың жететін деңгейі. Олар Жаратушының бұл дүниедегі қойған заңдарын ашады, мəселен математика, химия, физика, астрономия, медицина, философия, қоғамтану, тарих, кəсіби жазушылық... секілді көптеген пəн ғылымдарын игереді. Бұндай санаға жеткендер де адамзат қоғамында ғылыми əрі əлеуметтік төңкерістер жасап, қарапайым тұрмыстан жоғарғы технологияға жеткізуді, рухани тұрғыда жоғарғы адамгершілікпен, гуманистік моральмен өмір сүруді басты мақсат етіп қояды. Ал, адамзат қоғамындағы ең жоғарғы сана имандылық сана. Бұл сана иелері Ұлы Жаратушыдан жолданған ақиқатты қабылдап, соған мойынсұнатын адамдар. Жəне, олар өзінің бұл дүниеге келуінің кездейсоқтық емес екенін, бұл өмір мəңгі ақырет дүниесіне дайындық үшін берілгенін жете ұққандар. Имани санаға жеткендер бұл дүниедегі материалдық жетістіктен рухани жетістікті жоғары қояды. Өтпелі өмір үшін емес, мəңгі ғұмыр үшін саналы өмірін арнайды. (Қазақтың рухани көсемдерінің дана сөздерінен мұны анық көре аламыз) Бұдан да жоғарғы адамзат баласы жете алатын сана деңгейі əулиелік сана. Мұндай адамдар Ұлы Жаратушымен ғана байланыста, оған бүкіл болмысымен берілген достықта болады. Қазақ халқының Құдайдан кейін əулие адамдарды пір тұтуы осыдан. Олар өзіндегі адами ерекшеліктерді толық таныған, оның пайдасын іске асырған біртуар адамдар. Ондай адамдар өзін тудырған халықтың рухани көсемі, ұлтының көшбасшысы ретінде өшпес қызметтер атқарады. Ал, адамзаттың ең жоғарғы сана иесіне пайғамбарлық сана жатады. Алайда, мұндай мінсіз сананы адамға Жаратушының өзі нəсіп етеді, оған біліммен, еңбекпен ешкім де жете алмайды.

Мəселен, бүкіл адамзаттың ақырғы пайғамбары Мұхаммедке с.а.у. пайғамбарлық келген кезде ол кісі қырық жаста еді алайда, жаза алмайтын, оқи да алмайтын сауат ашпаған адам болатын. Иса алейһис сəлам тіпті, сəби кезінде даналық сөз айтып, пəндік білімі болмаса да ғылым  ғажайыптарын көрсете алатын еді. Пайғамбарлық сана иелері жеке халықтар мен бүкіл адамзатқа Жаратушыдан арнайы жіберген арнайы рухани ұстаз болғандықтан олардың қалдырған тағылымы мен адами үлгілері, салып кеткен сара жолы екі дүниенің бақытына қатар жеткізетін кемелдік мектебі саналады.

Ал, бұған дейінгі саналардың деңгейінің бəрі де адамның өз талабымен, қажырлы рухани еңбегімен жете алатын биігі. Қарапайым адамнан кемел адамға дейінгі жете алатын рухани аралық, рухани деңгей. Осы жеке адамға қатысты сана деңгейлерін қоғаммен байланыстырғанда Имандылық санаға жетпегендерді түгел «тобырлық санадағыларға» жатқызады.

Мысалы, Нұқ пайғамбардың соншама көп қауымы бола тұра, оның шақыруымен Иманға жеткендері небары сексендей адам болды, дейді. Жəне, Иса пайғамбар өзінің пайғамбарының дəлелі ретінде қанша ғажайыптар көрсетсе де (өлгенді тірілту, аспаннан дайын тамақ түсіру, дауасыз деген ауруды жазу...) артынан ергендерінің саны он екі адамнан аспаған.

Ибраһим алейһиссаламды елінің патшасы Нəмруд биік төбеден отқа лақтыртады. Сонда, Жаратушының ерекше жəрдемімен от-алаудың ортасында аман қалған пайғамбарды соншама қауым көзімен көріп тұрса да, оған емес, патшасына бағынады.

Алайда, осынша тобырдың ортасынан тұрмыстық санадағы, кəсіптік санадағы кейбір адамдар Имандылыққа жетуі мүмкін. Мұндай адамдардың иманға жетуінде өзіндегі ізгі ниет, таза көңілдің əсері көп яғни осы үшін Жаратушының ерекше разылығына ие болып хақ жол нəсіп болған адамдар деуге де болады.

Ал, ғылыми санаға жеткен адамдардан Иманға қол жеткізген ұлы адамдар туралы деректер бұрын да, қазір де көптеп кездеседі. Ғылым арқылы Жаратушыны танып мойындаумен келген мұндай имандылықты нақты иман деп те атайды. Солай бола тұра, ғылыми санасы қанша биікке жетсе де ол арқылы Жаратушысын мүлде танымаған, ғылымның ғажайып сырын ашқандығын өзінің жеке даналығының нəтижесі деп көретін ғалымдар жер бетінде жетіп артылады. Яғни, бұл өз ақылын өзі құдай санап тəкаппарланудың көрінісі. Сөйте тұра, өзіндегі осындай ғажап ақыл-ойдың тетігі болған миды, көруді, естуді, сөйлеуді беруші кім деп ойлануға қадам баспағандықтан осындай өзімшілдік мінез оның иманға жетуіне бөгет болды. Олай болса, имандылық санаға жетпеген сана иелерін де ішінен екі топқа бөлуге болады: Бірі білімсіз тобыр, екіншісі білімді тобыр. Немесе, жоғары дəрежелі ақсүйектер мен төменгі дəрежелі

қара халық сыртқы жағдайында үлкен айырмашылық болса да, рухани жағынан екеуі де тобыр деген сөз. Мəселен, Перғауын мен оның қаумы, Нəмрудтың өзі мен қауымы, Сталин мен қызыл əскер, пролетарлары, т.б.

Құран қиссаларында бұлардың бəрін, адамдық жаратылу мақсатына талпынбағаны үшін яғни иманға жетпегені үшін «хайуаннан да төмен» дейді. Адам пішінді тобырға санайды. Тобыр дегені, адамшылығынан хайуандығы басым дегені. Ондайлар ішіп-жеуді мақсат етеді, күлуді, ойнауды, тойлауды жаны сүйеді, терең ойлауға келгенде құлқы жоқ, бірақ бос сөйлеуге, мəнсіз қарекетке өте құмар, бұл жағынан өзара жарысқа түседі. Тобырдың дүниетанымы дүние-байлықты, жоғарғы мəнсапты, даңғаза марапатты, сыйлық-сияпатты, мəнсіз дыр-думанды жақсы көреді. Адамшылық моральға келгенде, жеке басының жалған намысы үшін адам өлтіруді бұйым құрлы көрмейтін, байлық жолында қырғын соғыстарға баратын, мансап жолында өзінен басқаның бəрін пида етуден тайынбайтын... яғни адамшылықтан жұрдай, жанашырлықтан ада адам пішінді құбыжықтар деуге саяды. Бұған дүниені жаулаушы қанды жорықтарды бастаған адамзат тарихындағы жауыз қолбасылар жəне қазіргі заманғы империялық басшылар мысал болады.

Абай Мауқара

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2278
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596