Тоқаев: Халық өз таңдауын жасады
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды штабында болып, Exit poll қорытындысын жариялау рәсіміне қатысты. Әрі Exit Poll нәтижелеріне сай алғашқы мәлімдемесін жасады.
Exit poll-дың қорытындысына сәйкес президент сайлауында Nur Otan партиясының атынан түскен кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев 70,13% дауыс жинап, өзге үміткерлерден оқ бойы озық нәтиже көрсетті.
Мемлекет басшысы өзіне сенім білдірген барша қазақстандықтарға алғысын білдіре отырып, еліміздің ендігі міндеті қолдағы барын қадірлеп, өрлеу мен жасампаздық жолында болашаққа батыл қадам басу екенін айтты.
"Сайлауалды кампанияның өркениетті тұрғыда өткеніне қуаныштымын. Негізінде, бұл сайлауалды жобалардың өзара бәсекелестігі болды. Бұл Қазақстандағы саяси мәдениет деңгейінің айтарлықтай өскенін көрсетеді. Халық бізге сенім артып, өз таңдауын жасады. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр", – деді Тоқаев.
Тоқаев үгіт-насихат кезеңіне қатысқан республикалық қоғамдық штаб мүшелеріне, белсенді азаматтарға және партия жақтастарына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты, әрі электоралды науқанның ауқымы мен технологиялық мүмкіндігін атап өтті.
"Бүкіл әлемдегі секілді біздің елде де түрлі жағдайлар өзгеріс үстінде. Әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан Қазақстанға жаһандық оқиғалардың да ықпалы болары сөзсіз. Сонымен қатар біз де халықаралық турбулентті үрдістерге ықпал ету объектісі бола алдық. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіміз керек", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз соңында Қазақстанның бүгінгі жетістіктері Елбасы есімімен тығыз байланысты екенін еске салды.
"Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған қуатты, көп ұлтты мемлекет құрды. Біздің ендігі міндетіміз – қолдағы барымызды қадірлеп, жетістіктерімізді сақтап, өрлеу мен жасампаздық жолында болашаққа батыл қадам басу", – деді Тоқаев.
Abai.kz