Айдос Сарым Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуына қатысты пікір білдірді
Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылатын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысты пікір білдірді.
Еске салайық, бүгін 12 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өткен инаугурациядан кейін сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жоспарын айтқан еді. Сондай-ақ, Президент аталған Кеңесті құру туралы Жарлыққа қол қойған.
«Жалпы, бұл кеңеске жүктелетін міндеттердің іске асуы бірқатар қадамдарға байланысты. Ең алдымен, Кеңес ережесін дұрыс бекітіп, содан кейін, оның құрамының ауқымды болуы, яғни қоғамның әрбір саласында жүрген әр күштердің атынан шыққан азаматтардың басын қоса білу маңызды. Сол кеңеске қоғамға сөзі өтетін азаматтардың көптеп еніп, олар бір-біріне құрметпен қарай отырып, тиісті шешімдерді шығаруға қауқарлы болуы керек. Жұмыстың табысты болуы көбіне осыған байланысты», - деді саясаттанушы.
Оның айтуынша, кеңес құрамына енген мүшелер қоғамдағы ең өзекті мәселелерге назар аударып, дер кезінде талқылай білуі шарт.
«Екіншіден, кеңес өзекті әрі негізгі мәселелерді ортаға салып, сол бойынша тисті құжаттардың нұсқасын, жобасын шығара алатын ұйым болуы қажет деп есептей аламын. Сайлау, БАҚ, митингтер туралы, сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер жөніндегі заңнаманың қайта қаралуын көптен бері айтып жүргендер бар. Егер осылардың негізгі тұжырымдамасын, негізгі идеясын бекітіп, соны заңгерлерге табыстап, дұрыс нұсқаларын жасап, оны Парламентке енгізсе, онда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өзіне жүктелген міндетті орындай алады деген пікірдемін», - деді Айдос Сарым.
Саясаттанушының пайымынша, сайлау науқанының аяқталуына байланысты негізгі эмоциялар тарағаннан кейін, қоғаммен сөйлесу, қоғамдық-саяси күштермен ақылдасу, кеңесу жұмыстары жүргізілуі керек. Сосын Президент бастама жасап отырған кеңеске көптеген білікті азаматтардың келуін қамтамасыз еткен жөн.
«Қоғамда танылған, беделді азаматтардың бірлесе жұмыс істеуіне алғышарттар жасау, сенімді орта қалыптастыру маңызды», - деді А. Сарым.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ұлықтау рәсімінда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды көздеп отырғанын мәлім етті.
«Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөн деп шештім. Оның құрамына барлық бірлестік өкілдері мен жастар енеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді. Билік халыққа берген барлық уәдесін орындауы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы ұлықтау рәсімінде.
Түпнұсқа: ҚазАқпарат
Abai.kz