Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 4605 10 пікір 13 Маусым, 2019 сағат 13:33

Мемлекеттің ең бірінші байлығы - ар алдында жауапкершілік арқалаған адам...

Өткенде қызық болды. «Отбасы хрестоматиясының» кітаптарын таныстырып, жастармен біраз сұхбат құрсаңыз деп Алматының үлкен оқу орнына бір мұғалім күздің күні шақырды. Бардым. Кітаптар жайлы біраз айтылды. Бір кезде ұстаздары:
- Сәке, енді бір өтініш, - деді нығыз пішінде.
- Иә!
- Мына жастар «өмірдің мәні ақша мен билік. Ол болмаса сен бұл қоғамда ешкім емессің» дегенді маған дәлелдеумен келеді. Негізгі құндылықтың рухани құндылық екенін айта-айта шаршадым. Бұлар мені конченный қиялист, өздерін нағыз реалист санайды. Осы жайында біраз үгіт-насихат қылсаңыз қалай болар екен? - деді. Қапелімде не айтарымды білмей сасып қалдым. Себебі «негізгі байлық-рухани байлық!» деп басталатын уағыздан олар тұрмақ, өзім шаршағам. Әрине, солайы солай. Бірақ ол шындықты жеткізудің жолы ескірген еді. Моральдан мезі болған жастар ондай тегін ақылды күле тыңдап, жүре жауап береді. 20 жасар студенттер: «Ал, ағатай, не айтасың» дегендей маған қадала қалды. Сыр бермеген салмақты түр көрсетіп:
- Ар-ұяттың өмір сүруге тиімсіз екенін, ақша мен биліктің ең негізгі шешуші фактор екенін өмірден өрнек бере отырып дәлеледеп бере аласыңдар ма?- дедім. Бәрі гууу ете қалды. Өзіне өте сенімді, ортасында белсенді, көзі ашық үш-төртеуі «оны не дәлелдейтіні бар?» деп мырс ете қалды. Ер мінезді батыл қыздары болса, уақыт оздырмастан: «ағай, бері қараңыз. Шындыққа тура қарап, әр затты өз атымен атап үйренейікші, құдай үшін» деп бастады да ақша мен биліктің қандай құдіретті күш екенін жайында тегеурінді аргументтер айта бастады.

Қыза-қыза 30 шақты студент жан-жақтан жарыса дәлелдеуге көшті. Бірінің айғағы бірінікінен асып түседі. Тіпті білімді бірісі Маслоудың пирамидасын айтып біраз жерге барды. Яғни ақша мен мәртебе мәселесін шешіп алмай рухани проблемаға бет бұрамын деген абсурд деді. Мұндай салмақты уәждеріне қарсы аргумент айту мүмкін еместей көрінді. Жарты сағаттай көсіліп сөйлеген соң: «енді өзің не дейсің» дегендей бәрі мені фокусқа алды. Бұ жолы Шәнжархан қорқып сасқан жоқ. Өмірде болған мына оқиғаны баяндап бастады. Баяндау ұзаған сайын олардың бүкіл дәлелі шәйға түскен қанттай боп еріді де, ақырында көзден ғайып болды. Әлқисса, бұл оқиға былай басталды.

1994 жыл. Ұмытпасам ақпан айы. КазГУ-де екінші курста оқимын. Бір күн шала тойсам, үш күн қиралаңдап аш жүретін студент кезім. Стипендия мүлде құрыған есебі. Шәкіртақысына ары кетсе екі-ақ күн тамақ ішетін зар заманның нағыз өзі еді. Біз тұрмақ профессорлар айлап жалақысын ала алмай тентіреп кеткен еді. Бір күні куратор ағай аудиторияға кірді де:
- Ертең президент Н. Назарбаевпен универитетте кездесу болады. Әр топтан бір студент қатысуға рұқсат. Староста барсын деп мен бір билетті дайындап қойдым. Меңелбеков, жиынға сен барып қатыссаң болады,- деді. Міне қызық! Менің де барғым келді. Ағай, мен де барсам бола ма? – дедім.
- Жоқ, Керімбаев! Саған болмайды. Ондай алқалы жиынға Данияр сияқты жақсы оқитын оқушылар барады, - деп бетіме былш еткізді. Ішімнен «пішту!» дедім де үнсіз отыра бердім. Үзілісте старостаға бардым да:
- Дәке, сен президентпен кездесуге барасың ба? – дедім. Ол:
- Жоқ, маған қызық емес. Басқа маңызды ісім көп. Қаласаң орныма сен бара сал, - деді . Қуанып кеттім де:
- Билетіңді бер, - дедім.
- Деканатта жатыр. Менің атымнан ал да кете бер кездесуге, - деді күліп.

Деканаттан билетті алып, ертесіне Геофактың залына қарай тарттым. Ығы-жығы халық. Көбі ұстаздар. Ол кезде қазіргідей сірескен режим, шұбатылған күзет, алыстан аңдыған снайпер жоқ. Билік нығаймаған кез. Күзетшілер билетпен тексерді де ішке өткізіп жіберді. Пысықтық қылып алдыңғы жаққа жайғастым. Төрде үш-төрт чиновник отыр. Кім екені мүлде есімде жоқ. Бір кезде президентті шақырды. Шашы қап-қара, бойы тіп-тік, сұлу да сымбатты, ширақ жүрісті жігерлі Назарбаев нық-нық басып ортаға келіп отырды. Атмосферада ауыр салмақ сезіліп тұр. Зал жым-жырт. Кездесуде мақтау сөз, ұран сөз, көпірме сөзге ешкім кезек бермеді. Жиын салған бойда қызып сала берді. Өмір бойы орысқа ақысы кетіп, тістерін қайрап жүрген ұлтшыл ұстаздар президентті сұрақтың астына алды. «Шеврон», «Аджиптер» қандай шартпен мұнай қазуға келісті? Біздің үлесіміз қанша? Ол ақшаны қалай бақылаймыз? Жекешелендіруді қалай жүргізбексің? Қазақ тілін қалай көтермексің? Қазақ тарихын қайта жазуды қашан қолға аламыз? Қазақтың отарланған санасын, жаншылған рухын оятатын қандай жоспарың бар? Осындай ірі-ірі сұрақтармен ел басшысын бұрышқа қамағанда кәдімгідей әруқтанып кетесің. Бәріне жауап беріп жатыр.

Соңына қарай Назарбаев ұзағынан сөйледі. Ол бүй деді. Әй, сендер асықпаңдар. Егемендік алғанымызға екі жыл әлі болған жоқ. Көріп отырсыңдар экономика күйреді. Ең бірінші осы саланы реттеуім керек. «Шевронға тиімді шартпен мұнай өндіруге неге келістің?» дейсіңдер. Дамыған елдер қазір сумен, Күн сәулесімен жүретін машиналар жасап жатыр. Енді 20 жылдан соң мұнайыңды бір ел сатып алмайды. Не істейсің оны? Саудасы келіп, ақша боп тұрғанда сатып-сатып, қорды күшейтіп алмаймыз ба? Қазақ тілі, қазақ мәдениеті, қазақ тарихы, қазақ рухы дейсіңдер, экономикасы күйреп, қазынасында бір тиыны қалмаған мемлекет сондай міндетті жүзеге асыра ала ма? Біздің қазіргі ең басты барымыз да, нарымыз да жер асты байлығымыз. Қазба рудаларымыз. Осы байлықты игеріп алуымыз керек. Жұртқа жалақы төлей алмай отырмыз ғой. Әуелі қарныңды тойдыр, шапаныңды жаңала. Сосын барып тілің мен тарихыңды түзе. Қазір инвестор іздеп, әлемді шарлап, шапқылап жүрмін. Қайтсем елге ақша тартам деп жарғақ құлағым жастыққа тимейді. Ал мына жақта біреулер «тіліміз, дініміз, тарихымыз, мәдениетіміз не болады?» деп аяғыма оратылып, етегімнен тартады. Осының астарында рушылдық жатыр. Соларды сылтау қылып, ата-бабасын ұлықтағысы келеді. Естеріңде болсын, елдің мызғымас ынтымағы бірінші орында тұрады. Осы бастан қатаң ескертем, рушылдықты қоздыратын субъектілерді көрсем, аямаймын. Ондайларды қылтиған сәтінде арам шөп сияқты кетпенмен желкесін қиып тастау керек. Сондықтан, айналайын халқым! Сәл сабыр қылыңдар. Ең бастысы тәуелсіздікті алдық. Өз билігіміз қолымызға тиді. Енді осы егеменді елді бәріміз жабылып көркейтейік. Бай да, бақуатты Қазақстанға айналдырайық. Сосын тіліңді дамытасың ба, тарихыңды қайта жазасың ба, дініңді ұстайсың ба, оны өзің шешесің.

Президент осылай деп жиынды жапты. Ел ду қол шапалақтап, ерекше бір шабытпен тарқасты. Бәрінің көкірегінде ұлттық мақтаныш кернеп тұрды. Мен де сұмдық қанаттанып шықтым. Жатақханада, группада бәрі: «бардың ба, қалай болды, не айтты?» деп сұрап жатты. Несін айтасың, сұмдық сұңғыла кісі екен! Действительно ел үшін туған ер екен. Инвесторлар іздеп, күндіз түні шапқылап жүр екен. Жақсылап байып алайық, сосын бәрін чики-чики қыламын деп уәде берді деп бірнеше апта аузым жабылмай айтып жүрдім. Осы жиыннан соң ерекше үмітпен өмір сүрдім. Барынша жақсы оқуға тырыстым. 1998 жылы расымен де жап-жақсы стипендия ала бастадық. Бір жылдан соң ауылға барсам әке-шешем пенсия алып жатыр. Бәрі мәз. Он жылдан бері ақша ұстап көрмеген жұпыны жұрт шаттанып жүр. Е, дедім ішімнен, Назарбаев уәдесінде тұрған екен ғой. Молодец! Ер екен дедім. Оның ярый қолдаушысына айналдым.

Бірақ, 2001 жылы ТВ мен Радиоға жұмысқа тұрғанда тұңғыш рет секем алдым. ТВ жаңалықтарды жоғарыдан қалай бақылап, кімді қалай сөйлетіп, елді қалай алдайтынын көзбен көрдім. Ай санап, апта санап, ой еркіндігі мен сөз бостандығы тұншыға берді. Тікелей эфирге шығатын барлық бағдарлама жабылды. Ұлттық өнерді, музыканы насихаттайтын тұлғалар қадірсіз қазаққа айналды. Эфирде сайқымазақтар емін-еркін ойнақ сала бастады. 4-5 жылдан соң ұлтшыл бағыттағы саяси лидерлерді ит сияқты атып тастаған сұмдық оқиғаның куәсі болдық. Атқызғандар ұсталса да сотталмады. Шаңырақта әрең отырған кедей елдің үйлерін «құжаты жоқ» деген желеумен сүріп, тегістеп, қарсыласқан халқымен кәдімгідей соғысып, көсемдерін 18 жылға соттап, зынданға тастады. Бір қызығы жұрттың қолында сол кезде сұрауы жоқ мың-миллиондаған доллар пайда болды. Үй мен жердің бағасы шарықтап, әлемде жоқ баға пайда болды. Ол неғылған ақша? Қайдан кеп жатыр? Сұрауы бар ма, жоқ па ол ақшаның - адам ұғып болмайды. Ақша көбейіп еді қоғамда «бәрін сатып аламыз» деген жаңа мінез пайда болды. Парақорлық жайламаған бір де бір сала қалмады. Әсіресе денсаулық пен ілім-білім және оқу жүйесі ғарыштық жылдамдықпен күйреді. Балаңды орта мектепке берудің пайдасынан зияны басым жағдайға келді. Ауруханада емделгеннен сынықшы мен тәупке бару анағұрлым қауіпсіз саналды.

Көп ұзамай «мықты бизнесімді Рахат тартып алды» дейтін кәсіпкерлер қарасы көбейді. «2010 жылы қазақ тілі толық мемлекеттік тіл боп бекиді. Орыс тілі орыс ұлтының ана тілі мәртебесінде қалады» деп уәде берген. Керісінше мемлекет байып, қазынада қисапсыз қор пайда болғанда қазақ тілін қылғындыру қарқынды жүрді. Қайта жазылуы тиіс қазақ тарихы советтік нұсқасына зар боп қалды. Қазақстан тарихын мемлекеттік емтиханнан алып тастады. СССР кезінде болса өткен заманды өтірік болсын оқытатын. Енді ол да жоқ. Соңғы 30 жылдағы Қазақстан тарихын ғана оқисың. Сол сендерге жетеді деді.

Ал, дінді реттеу, отарланған сананы қайта деколонизация жасау, рухты ояту жайына қалды. Жәй ғана жайына қала салмады. Ол саламен терең шұғылдану қауіпті саналады. Қазақтың ұлттық рухын, мүлгіген санасын оятамын деген тұлғалар қудаланып, сотталып, тентіреп кетті. 36 миллион долларға түсірген киносының сиқы анау. Жастарды инструмент сияқты қолданып, кукла қылып ойнату үйреншікті іске айналды. Ректорлардың әміріне бағынбай, «тірі дәліз» боп тұрудан бас тарту - кешірілмес күнәға теңелді. Қазақ мәдениетін тамырынан тірілтетін дін саласы керісінше САДУМ-нан қалған үлгімен бүкіл қазақи құндылыққа ревизия жасауға көшті. Қара халық СССР кезінде тұтынған салты мен дәстүріне зар боп қалды. Қит етсең «ШИРК!» деп шиқ ете қалатын таяз типтер халықты айықпас ауруға ұрындырды. Ел-жұрт салт-санасын, әдет-ғұрпын ұстанса, бейне бір күнә жасап қойған қарабеттей мазасы қашатын обсессивті невроза шалдықты.

Елдің ішінде жоғары оқу оқып, диплом алудың ешқандай мәні қалмады. Ал, ақылы оқу қалтаңды қағып, теріңді сыпырып алады. Сондай ақша алып отырып: «ақылы оқитын студенттерге жатақхана берілмейді» деп бекіткен. Сессияны тағы да ақшамен жабады. Сонда не үшін оқуға ақы төлейтіні сол күйі түсініксіз.

Банктен несие алу – өз алдына бір тема. Титықтап отырған қара халықты анандай пайызбен қарызға кіргізу деген, білмеймін енді, фашизмнен асып түсетін бірдеңе шығар. Мұндай процентпен қарыз беріп, адамды құлдыққа жегу – соңғы рет 7 ғасырда Меккеде ғана болған шығар. Арсыз чиновниктер сатылатын не бар - бәрін сатты. Ашылмай жатып банкрот болатын зауытта есеп жоқ. Мемлекеттің қисапсыз ақшасына жасалып, ғарышқа кеткен ҚазСаттың қайда құрығанын бір Құдай біледі. Ең болмаса оның бір сағат та рақатын көре алмай арманда кеттік. Қысқасы, баяғы мұнай армансыз сатылды. Мемлекет шылқып байыды. Жаңа қала салынды. Бірақ 30 жылда рухани, мәдени, адами сала саудагер сарттың бөзіндей боп іріп кетті. Адамның азғаны сонша, күштік құрылым заңды еңбекақысын талап еткен жұмысшыны Калашниковпен жусатып салатын күнге дейін жетті. Арқан кергенде не болғанын ешкім білмейді. Челах байғұс мүлде сұраусыз кетті.

Мемлекеттік мағынасыз тойлар мен халықаралық шараларға шашылған ақшаның есебін бір Алла білмесе, адам оның есебіне жете алмас. Бұлай кете берсе мемлекеттің ту-талақайы шығып, бүкіл қазба байлығы талан-тараж боп, халқы босып, өздері ыдырап, қалғандары бөтенге құл боп, біржала құрдымға кететіні ауылдың оқымаған баласына да түсінікті болды. Рухани іріп-шіріп шегінерге жер қалмағанда 2017 жылы президент «Рухани жаңғыру» деген идеяны жұртына жолдады ғой ақыры. Не деген кешігу еді! Жобаның идеясы жақсы әрине, бірақ оны іске асыратын АР-ҰЯТЫ бар адам қайда саған? Баяғы сұрақ қоятын профессорлардың бәрі түгелге дерлік о дүниелік боп кеткен. 30 жылда барлық саланы «ақша мен билік болса болды» дейтін арсыздар армиясы жайлап болған жоқ па? Бөлінген ақшаны ана арсыздар жауапкершілікпен жұмсайды деп сенесің бе? «Қой, ұят болады» дейтін арлы адамның бәрін орындарынан ысырып, қудалап, соттап, қоғамнан аластап шаруасын бітірген жоқ па. Жаппай тонау мен ұрлауды тоқтатын механизмді кім, қашан, қалай жасайды енді?

Міне осы хроникалар тізбектеліп айтылғанда жаңа ғана «ар-ұят деген не ол мына заманда? Ол өзі керек нәрсе ме? Масолу айтты ғой ондай рухани мәселені пирамидының ұшына барғанда қолға аласың деп. Ақша мен билік болмаса мына заманда ешкім емессің» деп шалқайып отырған студенттердің көздері алақандай боп кетті. Себебі осы отырған студенттердің жартысынан көбі оқу ақысына жылына жарты миллион төлейді. Бір де біреуіне жатақхана берілмеген. Бірнешеуі бірігіп, пәтер жалдап, босып жүр. Ал бұлардың оқу ақысын ата-анасы банктен 30 пайыздық өсіммен несие алып әрең төлейді. Сендер бағана «бұл ел адам тұратын ел емес. Қайда барсаң да коррупция» деп мемлекеттік жүйеден көрген қорлықтарыңды айтып жыладыңдар.

Сендерді солай қорлап, жастық жігеріңді жаншып, бишара күйге түсіргендер өздерің айтып отырған ақшасы мен билігі бар арсыз адамдар емес пе? Егер президент 1994 жылғы жиында: «Тәуелсіз Қазақстанның ең басты байлығы АР-ҰЯТЫНА сүйеніп, қоғам алдында Жауапкершілік арқалаған адам. Мен елбасы ретінде ең бірінші кезекте осы ресурсты сақтап қалуға тырысамыз. Ар-ұятының алдында жауапкершілік арқалаған адам, барлық байлықты шашау шығарма алдыңа әкеп қояды» деп, сондай стратегияны таңдағанда, осындай бишара хәлге ел келер ме еді? – дедім. Соңғы сұрақ бастарына сойыл тигендей әсер етті. Есеңгіреп үнсіз отырып қалды. Сәлден соң: «Иә, аға! Рас айтасыз. Мемлекеттің ең бірінші байлығы АР алдында Жауапкершілік арқалаған адам екен. Ондай адамсыз кез келген мемлекет өз алдына ел болып тұра алмайды» деп мойындады.

Кезінде В. Франкл да студенттерге: «Адам ар-ұятының жетегінде ғана жүруге міндетті. Сонда ғана есі дұрыс адами қоғам құра аласың. Ар-ұят барлық адамда бар. Мәселе соны тыңдауда. Біз ұрпаққа ар-ұяттың әмірін қапысыз тыңдауды қалай да үйретуіміз керек» деп лекция оқыған ғой. Сол кезде Австрияның жастары: «Мистер, Франкл, сонда қалай, ар-ұят Адольф Гитлерде де бар ма?» деп сұрайды. Иә, дейді ол. Ар-ұят Адольф Гитлерде де бар. Бірақ ол ар-ұятына құлақ аспады. Оны қолдан тұншықтырып, дауысын басып тастады. Ар-ұятын қолдан тұншықтырған кез келген басшы түбінде осындай адамға айналады деді.

Санжар Керімбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618