Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дін 8216 8 пікір 14 Маусым, 2019 сағат 12:42

Орталық Азия неге радикалданды?

Идеологиялық вакуум, халықтың қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайға душар болуы, заңдағы солқылдақтар және   т. б. себептер радикалды ағымдардың жаппай таралуына тиімді жағдай болады. 1992 жылдың өзінде-ақ, Орталық  Азия елдерінде халықаралық экстремистік «Хизбут Таһрир» ұйымының бөлімшелері ашылып үлгерді. 1992-1994 жылдары  ең алғаш болып Ферғана, Әндіжан, Ташкент қаласында, ал 1998-2000 жж. Тәжікстан мен Қырғызстанда ашылды[1]. «Хизбут Таһрирдің» алғашқы іс-әрекеттері Қазақстанда 1998 жылдан бастап тіркелді. Бұл ұйымның Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда экстремистік, заңсыз деп танылғанына қарамастан, мамандардың айтуынша, олардың идеяластары аймақта азаймай отыр. Орталық Азиядағы тағы бір ең ықпалды, әрі қауіпті діни ұйымдардың бірі «Өзбекстан Ислам Қозғалысына» келетін болсақ, бұл ұйым 1990 жылдардың басында Наманган қаласында құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовты биліктен тайдырып, Өзбекстанда ислам мемлекетін құру. Осы мақсатпен ұйым Ислам Кәрімовке қарсы Ташкентте бірнеше жарылыстар ұйымдастырды. Бүгінде ӨИҚ-ның терррористік ұйымдар қатарына қосылып, қудалануына байланысты оның мүшелері Өзбекстаннан Ауғанстан мен Пәкістаннің жиі әскери қақтығыстар болып отыратын, билік толық бақылау орнатпаған аймақтарына қарай ауысқан. Ұйым «әл-Каеда», «Талибан» ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, шетелден көп көмек алып тұрады. Ал жалпы қазіргі уақытта Орталық Азия елдерінде радикалды бағытта жұмыс істеп жүрген діни ұйымдар мен қозғалыстардың саны бұдан да көп.

Орталық Азиядағы радикалдану процесіне үнемі Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі саяси күштердің ықпал етіп отырғандығын және ол алғашқы кезеңдерде негізінен миссионерлік жолмен тарағанын көруге болады. Кеңестік кезеңде радикалды уахабизм ағымын насихаттау ісі астыртын немесе латентті түрде жүрсе, Кеңес Одағы тарағаннан кейін Орталық Азия елдеріндегі «таза исламға» шақыру деген атпен жалпыхалықтық сипат ала бастады. Бұл кезең радикалды идеологияны  ұстанушылар үшін билікпен ашық теке-тіреске түсіп, өз мақсаттарына жету жолында әр түрлі амалдар қолданумен (террор, адам ұрлау, диверсиялық акт т.б.) ерекшеленді. Мұның бәрі Орталық Азия аймағын дүние жүзіндегі ең тұрақсыз және әр түрлі себептерге байланысты (геосаяси фактор, қазба байлық, көлік дәлізі) ірі державалардың тартысқа толы аймақтарының біріне айналдырып отыр. Аймаққа мүдделі ірі державалардың стратегиялық мүддесі қазіргі таңда да және болашақта да артпаса кемімейді. Себебі экономикалық қауіпсіздік мүдделі мемлекеттер мен саяси күштердің басты нысанасы болып табылады. Сондықтан Орталық Азиядағы саяси әрі экономикалық мүдделер қақтығысын тарқатып өтсек.

Стратегиялық мүдделер қақтығысында.

Қазіргі кезеңде Орталық Азияда АҚШ, Қытай, Ресей және ЕО, Иран, Түркия сияқты халықаралық аренадағы жетекші елдердің саяси мүдделері артуы нәтижесінде пост биполярлы кезеңде бұл аймақ саяси үдерістердің үлкен сахнасына айналды. Бұл негізінен аймақтағы және Каспий өңіріндегі мол энергоресурстар қорына байланысты болып отыр. Сондықтан бұл аймақ әлемдік геосаяси күштердің қызығушылығын тудыруда. Орталық Азия мемлекеттері үшін Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейінгі өтпелі кезеңде шет мемлекеттердің посткеңестік аумақта артқан мүдделері тоғысында сыртқы инвестицияларды кең көлемде ұлттық экономикаларына тарта отырып, мығым нарықтық экономиканың іргетасын қалау кезек күттірмес мәселе болып табылды. Осы аталған мәселелердің шеңберінде әлемдік державалардың геосаяси бәсекелестік аймағына айналуы халықаралық қатынастарда маңызды жағдай болып отыр. Аталған аймақтың тұрақтылығы геосаяси бәсекелестік пен державалардың сыртқы саяси стратегияларындағы өзара келісімдеріне тікелей қатысты.

Қазіргі кезеңде Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы саясатында басымды міндет ретінде аймақта дәстүрлі емес қатерлердің таралуына жол бермеу болып отыр. Орталық Азия экономикалық, географиялық, тарихи, діни, мәдени ерекшеліктері жағынан ұқсас мемлекеттердің басын құраған ауқымды біртұтас аймақ болып табылатындықтан, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздік бұл мемлекеттер үшін ортақ мәселе болып табылады.

Аймаққа қызығушы мемлекеттердің бірі – Қытай. Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіндегі мұнай мен газ экспортында Орталық  Азия мемлекеттері маңызды орынға ие.

Орталық Азия дәстүрлі мұнай өндіруде Таяу және Орта Шығыс аймақтарынан тыс жердегі мұнай мен газ өнімдерін барынша көп өндіретін және сол арқылы энергия көздерін тасмымалдауды әртараптандыруға мүмкіндік беретін аймақ ретінде танылды. Сонымен қатар Орталық Азия Еуропа мен Азия аймағын жалғастырушы ретінде геостратегиялық жағынан тиімді болып отыр[2].

Энерготасымалдаушылар  үшін Орталық Азия аймағындағы бәсекелесі артып отыр. Ал Қытай өзінің энергетикалық мүдделері мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аймақ ресурстарына  толықтай қол жеткізуге ұмтылып келеді. Сондықтан Орталық Азиядағы кез-келген тұрақсыздық Қытайдың аймақтағы қызығушылықтарына аласапыран мен қиыншылықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан Қытай үкіметі бұл аймақта тыныштықтың орнағанына мүдделі мемлекеттердің бірі болып есептеледі.

Сыртқы факторлардың аймақтағы ықпалы, әлемдік құзырет үшін геосаяси күрес, аймаққа деструктивті әсерін беретіні сөзсіз. Сондықтан аймақтағы жеке ұлттық мүдделер контексінде сыртқы акторларға қатысты көп уақытылы стратегияларын қалыптастыру, тұрақсыздық коэффициентін төмендету саясатын жүргізу қажет.

Ірі ойыншылар арасындағы бәсекелестікпен қатар каспийлік геосаясатта, сонымен бірге, мүдделер әрқашан сәйкес келе бермейтін транзиттік мемлекеттер арасында да каспийлік көмірсутекті тасымалдау мақсатындағы күрес орын алған. Осы транзиттік аймақта Түркия да көпір мемлекет болып табылады. Анкараның басты мақсаттарының бірі осы жағынан батысты өзіне тәуелді ету. Бұдан Түркияның аталған аймаққа ықпалының жоқ еместігін байқауға болады. Түркия қазіргі таңда әлем мұсылмандарын жақтаушы рөлде бола отырып, бір жағынан ислам елдерін өз жағына тарту болса, екінші жағынан түрік тектес мемлекеттерді, үшінші жағынан Орталық Азияға рухани әрі экономикалық басшылықты көздеуде (Түркия президентінің исламдық позициясы исламдық діншілдердің Түркияны исламның тірегі көруге итермелеп, ал Анкара ислам атын жамылған террорлық топтармен жұмыс жасап, оларды идеялық тартымдылықпен тарта бастауы мүмкін. Бұл Түркияның ислам атын жамылған радикализмді тоқтату игі ісі болса, екінші жағынан мұсылман мемлекеттерін өз мүдделестері ету бағыты болып табылады).

Орта Азия аймағында бір жағынан  каспийден өндірілетін энергия көздері мен аймақтағы мұнай мен газ, екінші жағынан Ауғанстан аумағындағы террористік әрекеттер, Таяу шығыстағы экстремистерге саналық тартымдылығы бар жергілікті радикалды ағым мүшелері, осылардың бәрі мәселені қиындатады.

Ал, АҚШ-тың геосаясатының басты бағдары Орталық Азияда «үлкен геосаяси» Ресей, Қытай, Иран секілді мемлекеттерді қатыстырмау болып табылады. Сондай-ақ, Қытай мен Иранға Орталық Азия аймағынан өзінің экономикалық және саяси әсерін күшейту. АҚШ-тың Каспий аймағында энергоресурстарды бақылауына алу ниеттері жоқ емес. Өзінің экономикасына тиетін ауыр салдарынан сақтану үшін АҚШ энергоресурстарды аймақтан тасымалдайтын Парсы шығанағынан балама жолды қалыптастыру қажет. Демек, АҚШ әлемдік құзыретті сақтап қалу үшін стратегиялық мақсатта Парсы шығанағынан өзінің тікелей бақылауына алу қажеттілігі зор. Ол акцияны демократия туын жамылумен жүргізуі мүмкін. Оны жүзеге асыру барысында кететін шығындарды Каспий ресурстарын бақылау есебінен жүргізуі мүмкін. Бұл нұсқаның кейбір элементтері өзгергенімен негізі қалды.

Аймақтағы негізгі ықпал етуші Ресей Федерациясының саяси әрі экономикалық мүддесі жоғары. Аталмыш елдің Қазақстандағы уран өндіру барысын иемдену, мұнай мен газға қатысты ұстанымдары, Орталық Азияны базар алаңына айналдыру мүддесі тұр. Басқа елдердің ықпалынан экономикалық әрі саяси қыспақта қалу қорқынышы Ресейдің Қазақстанда Байқоңыр ғарыш айлағын сылтау еткен әскери базаларды орналастыруына ықпал етті. Ресейдің әскери қыспақта қалу әсерінен Украина мен Грузияға жасаған әскери интервенциясы Орталық Азияда да жалғаспауы үшін аталмыш елдің жаңаша мәселелермен аймақ елдерінің басын қатыруға мүдделі болып отыр. Оның бірі дін атын жамылған радикализмнің ушығуы. Орталық Азияда бұл мәселенің ушығуы салдарынан аймақ елдерінің Ресейден көмек сұранысы арта бермек. Өйткені аймақ елдері әскери әрі ғарыштық технологиялардан Ресейдің көмегіне зәру.

Сараптап отығанымыздай, аймақтың мемлекеттері арасындағы қарым-қатынас сыртқы фактормен және қиын «геосаяси ойын» нәтижесі есебінен өрбиді. Осыған орай, аймақтың халықаралық деңгейде субьектілігін көтеруге қатысты мәслелерді шешу үшін келесідей қадамдар жасау қажет деп санаймыз:

- Модернация жасау, экономика және саясатта жүйелік реформалардың жүзеге асырылуы қажет;

- Ашық демократиялық, саяси жүйелерді қалыптастырып, жұмыс істеуін қадағалау;

- Аймақтық, әлемдік құрылымдарға интеграция жасау;

- Терроризм, экстремизм, есірткі бизнесі, заңсыз миграция секілді қауіпті беталыстарға қатысты қарсы шараларды белсенді түрде ұйымдастыру;

- Орталық Азия аймағында барлық өзге елдердің (ресейлік және американдық) әскери базаларын жабу;

- АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа Одағы елдерімен құрылымдық қарым-қатынас жүргізу стратегиясын қалыптастырып, жүзеге асыру.

Қорыта келгенде мүдделер қақтығысында ірі державалардың өз мүдделерін қорғау үшін жоғарыда аталған мәселелер мен радикализмді қоздырып, Орталық Азия мемлекеттерінің саяси басшылығына ықпал ету әдістерін қолдануы мүмкін.

[1] Дмитрий Карманов. Радикальные исламские организации Центральной Азии // Центральная Азия и Кавказ. 2004, №6. 63 c.

[2] Лаумуани М.Т.. Централная Азия в зарубежной политологии и мировой геополитика.  Т.П: Внешная политика и стратегия современном этапе и Центральная Азия. – Алматы: КИСИ при Президента РК, 2006, 27-28 бб.

Жарас Ахан,
Тарихшы-дінтанушы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627