Сейсенбі, 22 Қазан 2019
660 1 пікір 18 Маусым, 2019 сағат 11:51

Асқар Мамин жаңадан құрылған екі министрліктің басшысын таныстырды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Экология, геология және табиғи ресурстар жаңа министрлігінің ұжымымен кездесуде ҚР Президентінің Жарлығымен ведомство министрі болып тағайындалған Мағзұм Мырзағалиевті таныстырды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстардың ұтымды пайдаланылуын қадағалау, геология және минералды-шикізаттық базаны қайта өндіру өкілеттіктері, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтардың айналымы, сумен жабдықтау және су тарту, орман шаруашылығы мәселелері берілді.

А. Мамин М. Мырзағалиевтің білікті маман, тәжірибелі басшы екенін атап өтті. Ол мұнай-газ саласында жұмыс істеген, «Қазмұнайгаз» ҰК төрағасының орынбасары, мұнай және газ вице-министрі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңға дейін энергетика вице-министрі лауазымын атқарды.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Асқар Мамин жаңа ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ұжымына Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған басшы Бақыт Сұлтановты таныстырды.

Асқар Мамин таныстыру барысында Б. Сұлтановтың басшылық қызметтердегі көп жылдық жұмыс тәжірибесін атап өтті. Ол экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы министрліктерін басқарған. Түрлі жылдары Премьер-Министрдің орынбасары, Президенттің көмекшісі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметін атқарған.

ҚР Сауда және интеграция министрлігіне ішкі және сыртқы сауда саясаты, экспортты үйлестіру және ілгерілету, техникалық реттеу және стандарттау саласындағы функциялар берілген.

Abai.kz

1 пікір