Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 4982 0 пікір 9 Шілде, 2019 сағат 13:48

Назарбаевтың еңбегіне әлі обьективті баға берілген жоқ

Өткен аптада Nut Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арыс қаласының тұрғындарымен кездесіп, артынша Шымкент қаласында өткен бейбіт митингке қатысты. Митинг барысында ол партияның ел үшін атқарып жатқан жұмыстарын жоққа шығаратын арандатушылар бар екенін айтып, халықты оларға ермеуге шақырды.

Бауыржан Байбектің арандатушылар деп отырғаны - Қазақстан демократиялық  таңдауы қозғалысының жетекшісі - Мұхтар Әбілязов пен оның жақтастары екені рас-ақ. Ол басқаратын ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныды. Және, елімізде аталған ұйымның қызметіне тыйым салынды.

Сол жиында Байбек мырзаның тағы бір сөзі еріксіз назарымызды аударды. Халық алдында сөйлеп тұрған партия өкілі Қазақстанға Тәуелсіздікті қансыз-соғыссыз Елбасы алып берді деген ауандағы ойын айтады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Бауыржан мырзаның айтқанын қаз-қалпында келтірейік:

"Елбасының саясатының арқасында біз халықты сақтап қалдық. Ол өте қиын болды.Тәуелсіздікті алып берді. Қансыз, соғыссыз. 28 жыл біз бейбітшіл өмірде жақсы келе жатырмыз...", деді.

Иә, экс-президент Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жолында атқарған еңбектері аз емес. Оны уақыт таразылай жатар.

Қазақстан Тәуелсіздігі дегенде ең алғаш ойға оралатыны 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Рас, ол жастар алаңға “Тәуелсіздік” деп шықпады. Олар сол кездегі Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың орнына Г.Колбиннің тағайындалуына қарсылық білдірді. Алайда, Алматыда болған сол жастар көтерілісі одақтағы басқа да республикалардың оянуына түрткі болды дегенді айтатындар бар. Нәтижесінде, КСРО құрамындағы Балтық жағалауы республикалары одақ құрамынан өз еркімен шығып, егемендіктерін жариялады. Сөйтіп,1991 жылдың 17-наурызына дейін КСРО құрамындағы 15 республиканың 9-ы жетпіс жыл үстемдік құрған Кеңестер одағынан өз еркімен бас тартты.

Ал Қазақстан 1991 жылдың 16-желтоқсанында одақ құрамынан шықты. Ал әлемнің демократиялық елдері үлкен қызығушылық танытатын Желтоқсан көтерілісі туралы неге әлі мардымды ақпарат жоқ екені белгісіз. Және, сол көтерілістегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі қандай болғаны кейінгі ұрпаққа әлі айтылған жоқ.

Қалай десекте, тәуелсіз Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған экс-президент Н.Назарбаевтың тарихи тұлғасына әлі обьективті баға берілген жоқ. Тек қана мақтау немесе жеке басын бірыңғай қаралау ғана. Алайда, тарихты бұрмалау және оған біржақты баға беру болашақ ұрпақ алдында кешірілмейтін қылмыс деп білеміз.

Айтпақшы, Бауыржан  Байбек мырза әлгі бейбіт митингте: “Партияға сеніңдер! Біздің елімізде халықты біріктіретін басқа күш жоқ” дейді.

Байбек мырзаның партия дегені  – Nur Otan. Рас, Nur Otan партиясының басқа партияларға қарағанда өкілдері көп. Оны партия дегеннен гөрі мемлекеттік аппарат деген жөн болар...Бірақ, бұл аппарат жалпы халықты біріктіре ала ма?

Түйін. Жуырда Қазақстанда Nur Otan партиясы ұйымдастырған екінші бейбіт митинг өтті. Ондағы айтылған негізгі сөз - ҚДТ ұйымының іс-әрекеттерін айыптау болды. Ал, ҚДТ қозғалысының шерулері билікті бірыңғай қаралау ғана. Алайда, осы жиындардың мақсаты шынымен халықтың жайын ойлау ма, әлде, әр топ өзіне ұпай жинау үшін халықты өз мақсаттарына пайдаланып отыр ма? Біздегі жалқы сұрақ осы!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409