ҚАЗАҚ ЖЕРIНIҢ ҚАРАҚҰЛАҚТАРЫ
Алаш идеясының, Алаш қозғалысының айтулы тұлғаларының бiрi, педагог, публицист, қоғам қайраткерi Телжан Шонанұлының «Қазақ жер мәселесiнiң тарихы» атты (27 тараудан тұратын) ғылыми-зерттеу еңбегi 1923 жылы жазылып, 1926 жылы Ташкентте басылып шыққан. Бұл көлемдi шығарма тақырыпты терең зерттеуiмен, ғылыми дәйектiлiгiмен, аса көркем тiлiмен ерекше көзге түседi.
«Ел-шежiре» қоғамдық қорының жанынан таяуда ғана жарық көрген «Телжан Шонанұлы. Шығармалары» атты жинақтан аталған еңбектiң ХIХ тарауын «Қоныс» оқырмандарына ұсынуды жөн көрдiк.
Алаш идеясының, Алаш қозғалысының айтулы тұлғаларының бiрi, педагог, публицист, қоғам қайраткерi Телжан Шонанұлының «Қазақ жер мәселесiнiң тарихы» атты (27 тараудан тұратын) ғылыми-зерттеу еңбегi 1923 жылы жазылып, 1926 жылы Ташкентте басылып шыққан. Бұл көлемдi шығарма тақырыпты терең зерттеуiмен, ғылыми дәйектiлiгiмен, аса көркем тiлiмен ерекше көзге түседi.
«Ел-шежiре» қоғамдық қорының жанынан таяуда ғана жарық көрген «Телжан Шонанұлы. Шығармалары» атты жинақтан аталған еңбектiң ХIХ тарауын «Қоныс» оқырмандарына ұсынуды жөн көрдiк.
Жоғарғы бөлiмдерде iшкi Ресейдегi мұжықтың жерiн оған «азаттық» бергенде, ақсүйектер қалай күшке сүйенiп, ұтып алып сорлатқанын көрдiк. «Азаттық» алдында да, соңынан да жер үшiн қалың қара шекпендiлер көтерiлiс жасап, патша үкiметi мұжық селоларын қанмен жуып, басып отырғанын көрдiк. Сонда да халық жерге ұмтылуын қоймай, Сiбiр мен қазақ даласы отарланғанымен iшкi Ресейде жер мәселесi шешiлмей, әсiресе қара топырақты жердi кем алған губернияларда 1898 жылдан бастап көтерiлiс тым күшейедi. Ең алдымен үлкен жанжал шығарған - Полтава губерниясының мұжықтары. Алпауыттардың ағашын кесiп, жерiн басып алып, адамын өлтiрiп, дүниесiн талай бастайды. Бұған Харьков мұжықтары да қосылып, Полтавада 54, Харьковте 27 алпауыттың мекен-жайы таланады. Үкiметтiң қатал шара қолданғанына қарамай, наразы мұжықтар әр губерниядан бұларға қосыла бередi.
Жапон соғысынан Ресей жеңiлдi, шаруаны күйзелттi, ел төтенше апатқа ұшырады. Үкiметке қарсы қаладағы төңкерiсшiл жұмыскер де көтерiлдi. Бұл жұмыскерлер көтерiлiсi мұжықтың көтерiлiсшiл шоғының үстiне құйған май болып шықты. Бұған сол жылдардағы егiн шықпауының сылтауы қосылды. Бұрыннан сабыры тозған еңбекшiл халық дауылдағы теңiздей толқындады. 1905 жылдың атақты төңкерiс қимылы басталды. Халықтың көтерiлiсi бөгеттi бұзып шыққан тасқын суша, бүтiн Ресейге жайылып, алпауыттарды, байларды төңкерiс топанына батырып жiберуге айналды. Алпауыттар жерiн банкке сата бастаған едi, банк сатып алған жерiн мұжыққа сата бастады. Дума шақырылды. Жiберген өкiлiмiз бiзге байлардың жерiн алып бередi деп мұжық күттi. Думадан күткен үмiт орындалмады. Полиция, жандарм, надан солдат күшiне сүйсiнiп, Ресейдiң үстiн қанды селге жауып, үкiмет төңкерiстi басты. Жер мәселесiнiң соны дәуiрi - Столыпин заңы шықты.
Кiшi Ресейде жер саясаты өзгертiлдi. Үкiмет тынышсыз мұжықты сыртқа - Сiбiр мен қазақ даласына бұрынғыдан бетер тоғытып айдай бастады. Қазақ даласына 1906-1909 жылдар арасындағыдай бұрын да, соңынан да мұжықтың көп келiп көрген уақыты жоқ. Түркiстан сияқты бұрын отар болмай тұрған аудандарды да отар қыла бастады.
Көкшетау уезiнде 1906 жылға қарсы «артық» деген жердiң бәрi алынып бiтедi. 1906 жылдың 1 шiлдесiне қарай Ақмола, Торғай облыстарында «отарлық жердiң қоры таусылып бiткен. Ендi үкiмет не қылмақ?». Үкiметтiң ендi қазақтан тағы артық жер тауып алғысы келедi, бұрынғы Щербина нормасын қайта пiшкiсi келедi. Қазақтардың шаруасын, тұрмысын, жерiн қайта зерттеп шықты. Тұздың атағымен норманы шұнтитып, қазаққа қалған жерден тағы «ауысқан жер» шығарып, кесiп алғысы келедi. Қазақ шаруасы қара есекке терiс мiнсе де, амалдан артық жер шығаруға қам қылады.
Осы мақсатқа үйлестiрiп, дөптеп, есеп алуға 1907-11 жылдар арасында Ақмола, Семейге Кузнецов экспедициясы, Орал, Торғай облыстарына переселен мекемесiнiң санақ партиясы барымтаға, қазақ жерiне аттанды. А. А. Кауфман сықылды переселен пiрi бұларға бата берiп, жол көрсетiп отырады. Қазақ жерiнiң қарақұлақтары, iшкi Ресейдегi ақсүйек жерiн аман алып қалу ниетiмен, оңнан, солдан ұрандасып қосылады.
«Дауыл хабаршысы» деген - дауыл алдында, теңiз үстiнде қанатын сабалап шығып, дауыл тынса жоқ болып кететiн құс бар. А.А. Кауфман Ресейде жер жайын бiлгiш атағын меншiктеген, переселеннiң пiрi, ол әсiресе қазақ жерiн отарлау кезiнде сол құс сықылды едi. Қазақ жерiнен артық жер керек болса, қазақтың бiр жерiн отар қылғысы келсе, барлап қайтуға үкiмет сол Кауфмандай атарман-шабарманын атқа мiнгiзетiн едi.
Сiбiр темiр жолының комитетi құрылып, Қостанай, Ақтөбе уездерiнде жол езуiндегi жерлерге есептеп отар қыламыз дегенде 1897 жылы Кауфман жiберiлiп едi. Кауфман отарлауға артық жердiң ұшы-қиыры жоқ, отарлауға жерiнiң құйқасы да әдемi-ақ деген соң, осы екi уезге үкiмет Щербина экспедициясын, экспедициямен қоса жер тонаушы «уақытша партияларын» жiберген едi. Сонда Кауфман бұл екi уезге шығып, иә өлшеп, иә табиғат жағдайын сынап көрместен көздi жұмып жiберiп, айтып едi. «Алтын көрсе перiште жолдан таяды», қазақ жерiне жерiк болғанда Кауфмандар ұятты жылы жабады.
Қазақ даласында «артық» жер таланып болған соң, бұрынғы Щербинаның артық деген жерiнiң 1/3 ғана отарға алынсын деу Кауфман сияқты переселен пiрлерiне аз көрiнiп, 1901 жылдың 5 наурызында бұйрық шығартады. Ендi бұл жарлық бойынша жердiң J ғана казакқа қалынып, S-i бар отарға кесiп алынатын болды.
Бiрақ оқушылар ойламасын, Щербинадан соң Кауфман қазақ жерiн дұрысырақ зерттеп, маңыздырақ, сенiмдiрек мағлұмат тауып, қазаққа пай салып отыр екен деп. Жоқ, мағлұматты, норманы, санақты бақсыларша болжап тапқан соң, Кауфмандар переселениеге пiр болмақшы. Мiне, осы 5 наурыз бұйрығы қазақтың жаңадан 8-9 млн. десятина жерiнен айрылуына әкелiп соқты. Талай қазақтың иемденiп отырған жерi «артық» деп табылып, олар мекендерiнен қуылды. Қазаққа қалдырылған 25% жер де телiмге түсiп, таусылып келе жатқан соң, Щербина нормасы переселение пайғамбарларына көп көрiнiп келе жатқан мезгiлде, қазақтың басқа жерлерiнен де отарлық жер iздеп жүрген кезде, 1903 жылы Орал облысына А.А. Кауфман тағы келдi. Орал төңiрегiнде «дауыл хабаршысы» құс көрiндi. Бұл кезге дейiн Орал облысына мұжықтарды орналастыруға есiк жабық болатын. Кауфманның мұнда келуiндегi мақсаты - Оралда қанша жер артық, жерiнiң ауданы қандай екенiн бiлу. Төренiң iсi асығыс (бiр жерге жұмысқа келген төрелер асықпай жүре ме), оған сол жылы Түркiстанға да барып «артық жер» тауып қайту керек. Төре темiрқазық жақтағы бiр-екi орынға барып, асығып тұрса да, шылымын тартып болғанша, 720 мың десятина бос жатқан жер тауып, переселен орнату - Кауфман сықылды переселен пiрлерiне қандай игiлiк! Атақ, шен! Өзiне де - жер, бәрi даяр. Бiрақ төренiң ойына алдыңғы 5 наурызда өзiнiң қазаққа артық жердiң 25% қалсын дегенi түседi. Қазаққа калдыратын жердi шығарып тастағанда, «артық жер» тiптi табылмаған есебiнде болады. Ұят-ай, Кауфман бетi қызармай, «артық жер» аз таптым деп, бару қандай қиын. Аз жер төренiң бiр келiп-қайтқандағы шығынына да тұрмайды. Түйедей төре түймедей жер табуы, бiр жағынан, алдындағы уақ чиновниктерден ұят, екiншi жағынан, қазақтың ен жерiне келiп, еш нәрсе ұтпай қайтқаны атағына қандай кемiс. Кауфман қысылғанда тағы бiр ақыл тауып кетпесе, барып тұрсын. Айтқанымыздай-ақ, салы суға кеткендей болып тұрғанда, құдай төренiң есесiне майлы қоныш қазаққа артық делiнген жердiң 1/10 қалдырылса да, қуанышы қойнына сыймай ырзалығынан бiздей қамқоршылардың сыртынан бес намазының соңынан дұға оқып отырар деген ойда қалды. Кауфман аузымен переселен төрелерi айтады: «Уездер, әсiресе облыстар түгел, тегiс зерттелмесiн, тек переселен қалдыруға лайықты жерлермен, сол жерлерге қатысы бар қазақтармен iстес болу керек» деп. Кауфмандардан басқа екi аяқты, бiр басты адам баласы мұны жаза алар ма? Мұндай ақыл тауып үкiметке бере алар ма? Бұл сөздiң мағынасы өте терең. Облыс, уезд жерiнiң жақсы, жаманы тегiс тексерiлсе, «Степное положениенiң» жер жалпы қазаққа бiрдей, жалпы қазақтан ауысқан жер қазынаға алынады деген сөзi бойынша, байқалмай жерi нашар және тар, иәки тiптi жоқ қазақтарды орналастырып қалмайық деп мықты сақтық қылған әдiс. Қандай әдiспен болса да, қазақтан өтiрiк-расын араластырып, «артық жер» табу керек. Қазақ шаруасы күйзелсе, Кауфмандарға - қазақ жерiнiң қарақұлақтарына бит шаққандай болмайды. Кауфмандар уақытша партиялар шайкаларына, қазақ жерiн зерттеуге Щербинадан соң шыққан санаушыларға, агрономдарға «жерi молырақ және тәуiрiрек аудандарды ғана зерттеуге бұйрық қылған».
Переселение пайдасы жағынан қарағанда, әрине, қазақ жерiн тегiс, тұтас қарап шыққаны тиiмсiз. Неге десеңiз, мәселен Темiр, Ырғыз уездерiн қарастырғанмен, онда отар қыларлық жер жоқ, қайта ол уездiң қазақтарына басқа уезден жер кесiп беру керек болады. Бұл - бiр. Отарлық жер табылмайтын болған соң, босқа шығынданған жұмыс қылған болады. Екi. Ескi үкiмет мақсаты тек қалайда болса, қайдан да болса «артық» деген сылтаумен жер алу, әсте де қазақты қоныстандыру емес. «Темiр уезiн алсақ, құрғақшылық, жер бетiнде су кемiстiк және топырағының олқылығы себептi егiн салуға тiптi келмейдi. Скалов қорытуынша: «Темiр уезiнiң ауданы тым кең болғанымен, бетi 12 млн. десятина болғанымен отар қылуға Темiрқазық жағында 300 мың, көбейте салғаңда 500 мың десятина жер ғана келедi».
Мұны зерттеп не қылсын! Жаман жерлi қазақ көп, жерсiздiгiнен жер жалдап алып, күн көрiп отырған қазақтар қаншама. Ел шаруасының кеңесiнде, 1905 жылы Ертiс бойында, Алтай округiнде 92 мың мүлде жерсiз қазақ ақшаға жер жалдап алып, амалдап жүргенiн Кауфман өз аузымен айтқан. Жерсiз қазақ жалғыз Алтай округiнде ғана еместiгiн бiз бiлемiз. Бiрақ бұл Кауфманның ең азайтып айтқандағысы. Жалға жер алған қазақтарды түгел болмаса да, бiр-екi жерден көрсете кетелiк.
1900 жылы Щербина экспедициясы Өскемен уезiн зерттедi. Сонда ашылды: жалдама жерде егiн салатын үйлер уезде - 84%, жалдама жерде пiшен шауып күн көретiндер - 11%. Сол жылы Семей уезiнде 6139 үй жер жалдап алып отырады екен. Павлодар уезiнде қара шекпеннен жер жалдап отырған 114 үйден баска, Сiбiр атты казактарынан 6736 үй қазақ (43690 жаны бар) жердi арендаға алып отырған. Бұлардың осы күнгi күйi қандай? Жақындағы, келешектегi күйi қандай болар? Мiне, тез шешiлуге керек екi зор мәселе. Ертiс жағасындағы қазақтың қазiргi күнiн екi-үш сөзбен айтуға болады. «Жер иесi атты казактың құлы, атты казакқа бағынулы. Соның үшiн, өмiр бойы қалай күн көремiн деп қорқу, ертең күнiм не болады деп алақтау.
Ертеңгi күнi де қуанышты емес. Басқа уездерде де осындай арендамен күн көрiп отырған қазақтар көп.
Жерсiз жүрген қазақтарды көрiп, бiлiп отырып, жорта молдау, тәуiрлеу деген жердi ғана зерттеп, артық шығарып алып, қалған қазақтар өлсе тұрмасын, бұрынғы қалдыратын 75%-тiң орнына қазаққа 25% қалдырса да жетер деп, ешбiр мағлұматқа сүйенбей, норманы бақсыларша бастан шығарып отырған Кауфмандар - қазақ жерiнiң нағыз қарақұлақтары болмақшы.
1906 жылдары Щербина санағындағы артық жер түгел алынып болғанын жоғарыда көрдiк. Қазаққа қалдырғаннан артық жер (жол, су бәрiн қосқанда) 18388716 десятина деп, Щербина 12 уезден отарлық жер көрсетiп едi. 1907 жылғы съезде переселен төресi, агроном Скалов баяндамасында айтты: «Осы күнi Арқадағы отар орнататын жер кесушi уақытша партиялар Щербина нормасымен қазаққа қалған жерден басқаны алып болды». Төңкерiстен соң Щербина нормасын қайта пiшiп, қайта артық жер табуға жоғарыдағы тәртiптер шықты. Сол тәртiпке үйлестiрiлiп, нұсқау берiлiп, 1907-11 жылдар арасында шығысқа Кузнецов, батысқа переселен мекемесiнiң санағы шықты. Қазақ егер жерi мол болса, дұрыс шаруа iстемей құриды екен: жердi аз берсе байып, құдай бередi екен деп, былапыт, жалған санақтарын көрсеттi.
Переселен төрелерiнiң сырттан, үйде отырып пiшкен көшпелiге 12 қарасы (12 қараны Хворостанский сөзiнен жоғарыда көрдiк) Кузнецов пен переселен санақ партиясының жинаған мағлұматтарына дәл келген болды. Апырай, переселен төрелерi есепке жаңылыспайтын уәлi ғой! Санағанда да 1 үйге 12 қарадан артық мал керек еместiгiн қалай болжап бiлген! Бұлардың болжауына бұлжытпастан Кузнецовтар санақты қалай дөп шығарған!
«Саңырауқұлақ болсаң, дорбаға түс» деген орыс мақалы бар. Ақтөбе, Өскемен сияқты бұрын 18 қараға (Щербина нормасымен) кескен жерге ие болып отырған қазақтар 18-дi Кузнецов 12-ге түсiрген соң, қолындағы жерiнiң 1/5-iн Кузнецовқа бермесiншi көрелiк! Басқа 24 қараға жер алып, далиып отырған қазақтар жерiнiң қақ жартысын ендi қалай бермес екен?! 1906 жылы «артық» жерi таусылған Көкшетауды Кузнецов 1907 жылы санап, бұрынғы норманы қайта пiшiп 1774409 десятина дөңгелектен-дi. Бiр миллион 774 мың 500 десятина артық жер тауып алды. Бұған 100 мыңнан аса мұжықты орналастырды. Осы соңғы санақтар тек малдың санын кемiтпедi, басқа жақтардан да қазақты алдап ұтты. Бұрын Щербина жайлаулық төмен жердi қыстаулықтан 3 есе артық кессе, соңғы санақ 3 есенi жойды. Мөлшердi 15-20% кем пiштi. Щербина бұрын көшпелiге аз-мұздан жайлау қалдырса, соңғы санақтың көшпелiмен iсi болған жоқ. Отырған жерiнен пайда iздеп, иә басқа жерден жер жалдап, күн көрiп, амалсыз қаңғып жүрген қазақтарға тiптi жер қалдырмады. Көкшетаудың сыртындағы 448 үй тiптi сыбағасыз, атаусыз қалды. 1893 жылдың 3 маусым ережесiнiң 15-бабы бойынша, Сiбiрге аударылған мұжықтардың еркегiне 15 десятинадан жер берiлсiн дегенiне сүйенiп, жер мүлкiнiң департаментi жарлық шығарды (1900 жыл, 5 мамыр, № 605): Ақмола мен Семейде сыбаға жер 15 десятинадан кем берiлсiн деп. Соңынан бұл мөлшер Орал, Торғайда ұсталды. Бұл Ресейден мұжықты көбiрек шығаруға iстелген әдiс. Iс жүзiнде әрбiр еркекке 8-15 десятина жер берiлдi.
Орал, Торғай санағын да Кузнецовтiкiне дөп келтiрдi. Қостанай, Оралдың тәуiр топырақты арқа жақтағы болыстарына 12 десятинадан артық қазақ басына жер берiлiп, сонда азбайды, тозбайды, шаруасы iлгерi аттайды деп переселен мекемесi норма шығарды. Кеңарал, Мендiқара, болысында 12, Қиыл, Ойыл болысында 12,5-20, Қайыңды болысында - 12,5-22, Қарағанды болысында - 12,5-20 десятина. Бұлар егiн салып, мал асырап отырған жерлер. Есеп түрi мынау: бiр үйде 12 қара болса жарайды. 6 қарасы бар үйi 6 десятина егiн салады. 6 қарасына 30 десятина берiледi. Не бары 12, 36 қараның қалған 6-на 21 десятина жер керек. Не бары сонда егiнi және 12 қарасына 1 үйге 57 десятина келедi. Қазақты жақсы көргендiктен 60 десятина беруге болады. Жаман жерде, кiл сор мен құмақта отырған оңтүстiктегi болыстардың жан басына 20 десятина жеткiлiктi деп норма шығарды. Бұлар да егiн салатын болыстар. Сонымен, жан басына 20 десятинадан құм мен сордан сыбаға алып, егiншi болатын қазақты құттықтау керек! Осы нормамен жердi тағы бытырлатып кесiп ала бастады. Осы норманың арқасында қарақұлақтар: «артық жерде отырсың, бұрын жаңылып Щербина нормасымен артық жер берiппiз» деп қазақты қыстау салып отырған оңтүстiгiнен түре қуды. Жалғыз «Сарой» болысында қазақта қалған жердiң жартысына таманы кесiлiп, 21400 жан мұжыққа сыбаға берiлiп, мұның үстiне 10 мың десятина қазынаға ағашқа деп алынып, бiр болыстан 840 үй қыстауынан қуылып, көшiрiлдi. (1907 жылғы санақта Саройда не бары 1144 шаңырақ). Сонда әр 100 үйдiң отыздайы орнынан қуылған болады. 1900 жылға дейiн, переселен мекемесiнiң есебiнше, Орал, Торғайдан 3030 үй қонысынан, қыстауынан қуылды. Переселеннiң бұл санағы қоныстан қуылғандарды түгел көрсете алмайды. Өйткенi, бұл санақта тек қазына шала-шарпы жәрдем бергендер ғана көрсетiлген.
Сол қуылып жатқан қазақтар, Цабельдiң айтуынша, мұжыққа жерiн беруге өздерi ырза болыпты. 123 әй, сiрә, қазекеңдей iшi кең халық жоқ қой! Қанша дегенмен iшiнен еш нәрсесiн қызғанбайтын Абат батыр шыққан ел ғой. Бiрақ «Ағайын - ащы, мал - тұщы» деген мақал бар. Қазақ жөнiмен қыстауын тастамас едi. Еуропадан үлгi алған переселен төрелерi ырза боларлық жақсы iстер iстеген. Олар атамекен жерiнен қуылған қазақтарға жерi мол көшпелi уездерге, болмаса баска облыстарға ауып кетуге рұқсат еткен.
Мiне, осы нормамен жердi қирата бастағанда төрелердiң әлгi ырзашылығымен сыйлықка жерiн тастап кеттi деп отырған қазақтары жер кесушiлерге қарсы көтерiлiп, қарсылық қылған. Кей жерде төрелер өлiмнен шаққа құтылып шығатын болған. 1906 жылы Орал, Торғай переселен мекемесiнiң Пославский деген топографы осындай ажалдан шаққа құтылған. Соның үшiн қазақ жерiнiң қарақұлақтары ел iшiне, басымызды қорғайтын әскер бермесең, жер кесуге бармаймыз дегендi соңғы кездерде айтатын болды. Межевая партия чиновниктерi жер кесе шыққанда: «Бiздiң басымызды қорғаңдар, егер жазатайым болып кетсек үй-iшiмiзге қарасыңдар» деген ұсыныс кiргiздi.
1916 жылғы қара малай алардағы қалың көтерiлiс осы ызаны сыртқа шыққандығы екендiгi оқушыға ендi байкалған шығар. Бұған да мiсе тұтпай, қазақта тағы артық жер бар болар, болмаса Сырға қарай ысырылар деген оймен, тағы артық жер iздетiп, санақшыларды Кузнецов арттан тағы атқа мiнгiздi. Семей жакқа Переплецков шығарылды. Өскемен уезiнде қитабан қазакқа үй басына 12 қара ойнай, күле жетедi, 12 қараға ғана сыбаға жер қалдыру керек деген Кузнецов өтiрiк айтыпты, қазақты мұзға отырғызып жерiн ұрлап кетiптi. Өскеменде 16 қарасыз қазақ күн көре алмайды екен деп Переплецков сипаттады. Баяғыдан берi Кузнецов, Цабель, Хворостанскийлер қазақ жерiн ұрлап жүрген болып шықты. Баяғыдан берi қазақтың артық емес жерi артық көрсетiлiп, өтiрiк алынган болды. Мұны Переплецков 1911 жылы дәлелдедi. «Iс өткен соң, қылышыңды таска шап», өтiрiк болса да, алынған жер ендi қазақка қайтарылар ма?! Баяғыда Ташкент барған бiр жебiрей келе сала асығып, қайтайын деп буынып-түйiнiп жатыр дейдi. Жанындағы бiреуi: «Мұншама асығып, Ташкеннен қашып барасың ба?» деп сұрапты. Сонда жебiрей: «Ташкенде түйе тағаласын деген бұйрық шығыпты, сонан қорқып, қашып барамын» дептi. Әлгi кiсi: «Байғұс-ау, сен түйе ме едiң?» деп таңырқаса, жебiрей былай деп жауап берiптi: «Әуелi ұстап алып тағалайды, сонан соң, сен түйе еместiгiңдi сипаттап көр». Сондай-ақ қазақ қонысынан айрылып, 1911 жылға дейiн екi қолын танауына тығып қалған соң, соңынан қазақ жерiн өтiрiк санақпен талап кетiптi деп сыпаттағаннан не пайда шықпақ?! Қазаққа шыққан нормалар мен қарақұлақтар жайын осымен доғара тұрамыз. Қазақта, ең жанды мәселе осы норма жайы.
Дайындаған
Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ
"Түркістан" газеті