Қостанайлықтар Назарбаевқа базар маңынан көше берді
Біздегі жергілікті биліктің басты бір кемшілігі - жоғары жақтан бір нұсқау түссе, әй-шайға қарамастан, ақылға салып ойланбастан, көзге түсіп қалу үшін ұрандатып ала жөнелу. Мұндай асығыстық пен қызыл танау болудың ақыры неге әкеліп соғатындығына ой жіберіп жатпайды. Негізінен, мұндай шала шешім қандай да жақсы бастаманы құрдымға кетіреді.
Кезінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың есімін есте қалдыру мақсатымен еліміздің ірі қалаларында оның атына көше беру жөніндегі ел Парламентінің шешімін өзгелерден бұрын орындап қоямын деп жанталасқан Қостанай қаласының билігі мүлем абыройсыздыққа ұшырады. Шаһардағы өзге көшелер жетпегендей, кезінде айқай-шумен есімін әзер иеленген қазақтың бас ақыны Абайға «ауыз салды». Жанталаса қимылдап сол күні түске дейін-ақ мәслихат шешім шығарып, көшеге ілінетін маңдайшаларды да дайындап үлгірді. Абырой болғанда, бұған республикалық ономастика комиссиясы тоқтау салып, «сорлап» қалуымызға жол бермеді. Әйтпегенде қаламыздан хәкім Абайдың аты біржолата өшірілер еді. Билік болса: «Ойбай, енді бұл мәселені жұртшылықпен ақылдасып шешеміз» деп құтылды.
Міне арада төрт ай өткен соң сол жергілікті билік өзінің жүйкесін жұқартқан мәселені Қостанайдың жұртшылығымен «ақылдаса» отырып шешті. Қалалық әкімдікте сол жұртшылық дегеннің қатысуымен қалалық мәслихаттың отырысын өткізіп, «қызу талқылаудан» соң, Назарбаевтың есімін Гагарин даңғылына беруге бір кісідей келісті. Сөйтіп «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» болып, бұл мәселеге де нүкте қойылды-ау ақыры.
Ал біздің мұны әділетті де дұрыс шешім деп айтуға аузымыз бармайды. Біріншіден, Парламент қаулысында Назарбаевқа берілетін көше қаланың орталығындағы басты көшелердің бірі болу керек деп қадап айтылған. Мәслихат бұл талапқа пысқырып та қарамады. Жұртшылықпен ақылдасқан болды да орталықтан жырақ, сонау көк базардың артқы жағында, бір көшеден кейін орналасқан даңғылды дұрыс деп тапты. Ал, екіншіден, ең бастысы, осы қаламыздың дәл орталығында орналасқан Гоголь, Пушкин немесе Чехов секілді үлкен де сәнді көшелер тұрғанда Гагарин неге «айыпты» болып қалды? Біз кезінде «егер Назарбаевқа көше беру қажет болса, онда қаланың дәл орталығында орналасқан Гоголь көшесі лайықты» деп нақты дәлелімізді келтіріп, өзіміздің осы порталға да, өзге басылымдарға жазған болатынбыз. Тіпті жергілікті орыс тілді «Наш Костанай» газетіне де сұхбат бердік. Еш жерден қолдау таба алмадық. Қостанайдың бірде-бір тұрғыны бұған үн қоспады. Тіпті сол талқылауда «Назарбаевтың еңбегі ерекше деп санасақ, орталықтағы бір көшені, мәселен, Гоголь, Пушкин немесе, Чеховты неге қимаймыз?» деген пікір де естілмеді. Бәрі де сол Гагариннен артық көше таба алмапты. Ал әншейінде менің жергілікті билікті сынаған мақалама жаппай дүрсе қоя беретін менің «жанашырларым» да былқ етпеді.
Сонымен біз бұдан не ұттық? Ештеңе де. Қайта, оңбай ұтылдық. Себебі, осы бір қолайлы сәтті ұтымды пайдалана отырып, Гоголь секілді елімізге еш қатысы жоқ ескірген есімдерден құтылып қалар едік. Осындағы өзге жұрттың өкілдері де ақымақ емес. Егер сол мәслихат: «Назарбаев қала орталығындағы Гоголь секілді көшеге атын беруге лайықты» деп табандап тұрып алса, олар ашықтан-ашық қарсылық білдіре қоймайтындығы анық. Міне, осындай табансыздығымыз бен жігерсіздіміздің салдарынан тәуелсіз еліміздің жаңаруы мен жаңғыруына қарсы күштердің алдауына түсіп, айтқанына көніп, жер болған жаймыз бар. Олар болса, керемет қулық жасап, бізге базар сыртындағы Гагаринді итере салды. Онысымен қоймай, ол ғарышкердің атын мүлдем өшірілген жоқ. Оның есімі енді осындағы Гвардейский деген көшеге берілетін болды. «Екі жеп биге шықты» деген осы шығар. Ал орыстың атақты ақын-жазушыларының есімін иеленген орталықтағы әсем көшелер «енді бізге не істей аласыңдар?» дегендей былқ етер түрі байқалмайды. Мұны аз десеңіз, қала әкімдігінің қарсы алдында орыстың Пушкині қасқайып тұрып, марқайып тұрып өлең оқиды. Ал біз болсақ ұлы Абайымызға ескерткіш орнатпақ түгілі, есімін де тартып ала жаздадық.
Енді бар үміт республикалық ономастикалық комиссияда. Бұл шешімді бекітетін республикалық ономастика комисиясының бір мүшесі: «Оу, сіздерде Назарбаевқа лайықты орталық бір көше жоқ па?» деп, осынау мағынасыз дүниені түзетер, бәлкім.
Айтпақшы, Назарбаевтың атын беретін Гагарин көшесінің бойында алыстан көз таратын керемет бір ғимарат бар. Ол орыстардың Константин-Елена атты атақты шіркеуі. Діни мереке күндері христиан дініндегі жұрттың бәрі осында ағылады. Мен бұдан ешқандай қорытынды шығарып отырған жоқпын. Тек бір ойдың ұшқыны ғана.
Жайберген Болатов
Қостанай
Abai.kz