Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 13003 18 пікір 1 Тамыз, 2019 сағат 22:11

Билік тағайындаған кадрды facebook қызметтен қуа бере ме?

Қазақстан Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың,

ҚР Ішкі істер министрі

Ерлан Тұрғымбаевтың назарына!

Апта ауыс-түйіспен басталды. Бірлі-жарым кісі кресло ауыстырып, лауазым-қызмет алды. Енді біреулері қызметтен қуылды. Қуылғанда да, сөгіс алып, сыйсыз кетті. Сенімнен айырылды. Ол –Шымкенттің ендігі экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Прогнозиктер «пәлен келеді де, түглен келеді» деп пал ашып, пытыра шашып отырғанда Әбдірахымов әкімдігінің екі шылбыр, бір тізгінін ұстау экс-сенатордың Ерлан (Айтаханов) дейтін ұлына жүктелді. Жаңа әкім Айтахановты қалалық активпен таныстыруға ПӘ жетекшісі Қырымбек Көшербаев арнайы барған. Активтің алқа-қотаны жиылған жерде Қырымбек Елеуұлы экс-әкімнің ерсі қылықтары туралы сөз етті. «Билік сенімінен айырылды» деді. Сөзден сөз шығарып, іліктен сынық іздеді демеңіздер, бұл Көшербаевтың өз сөзі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, қазір ең бастысы - халық пен билік арасындағы диалог. Ғабидолла Әбдрахымов еліміздің басшылығы тарапынан қолдауға ие болып, сенімге ие болғанын жақсы білесіздер. Ол еліміздегі ең жоғары және жауапты лауазымдарына тағайындалды. Өкінішке қарай, ол мұны жеткілікті түрде түсінбеді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына қайшы келеді, жалпы алғанда, биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Бүгінде Әбдірахымовқа көрсетілген саяси сенім түгесілді», деді Ол.

Ғабидолла Әбдірахымов

Қырымбек көке Көшербаевтың «Мемлекет басшысының тапсырмасына қайшы» дегенде меңзеп отырғаны, Әбдірахымовтың әлеуметтік желідегі әлгібір бейне жазбасы еді. Ғабекең Лондон барып, қолында діни мазмұндағы кітабы бар, қымбат қонақ үйдің қасында тұрған бойы елдегі ағайынға һәм «ағаларына» сәлем жолдаған еді. Онысы әлеуметтік желіде әжептәуір талқы болды. Әзілдің әртістері әтірін сепкендей әдемі тәсілін тауып, астарлап айтты. Әлемжелінің әккі білермендері Әбдірахымовтың әлгі әрекетін сындады, рас. Осыдан кейін-ақ, Ғабекең әкім қызметінен алынды.

Әйткенмен, Президент Әкімшілігін басқаратын Қырымбек көке Көшербаевтың жаңағы сөздері ел-халықтың қолдауын тапты деп және айта алмаймыз. Себебі, «ел-жұрты есім-сойын білмейтін, білмек түгілі ашық мінберлерден төбе көрсетпейтін, тобық жұтқан адамдай тымырайған бойы «сен тимесең, мен тиме» деп жатқан кей әкімдерден Әбдірахымовтың көші ілгері еді» деген жұрт «Ғабидолланы қайтарыңдар» деген акция бастап кетті.

«Ең бастысы халық пен билік арасындағы диалог болса, Ғабидолла сол диалогты жасауға тырысып жүрген әкімдердің бірі еді. Ең бастысы ол қателік жасаудан қорықпайтын. Ел-халықтың арасында жүрген әкім еді. Әкім болған соң, халық оның өзін де, сөзін де талқылайды. Әжуалайды, сөгеді. Ал кейбірін іштей жақсы көреді. Бірақ, Ғабидолланы ұнытпайтын шымкенттік кемде-кем. Ғабидолланың кезінде Шымкенттің шынымен жастар қаласы деген эпостасы ашылды. Қаланың имиджі көтерілді. Қала заманға сай көпшіліктен көш ілгері дамып жатқан қалаға айналды» деп жазды белгілі блогер Садық Шерімбет.

Әділін айту парыз. Кешелі-бергі Әбдірахымов туралы сол жақтағы ел-жұрттың пікірлерін шолып отырып, Оған деген елдің ерекше ықыласын (оның ел ішіндегі симпатиясын) көруге болады. Сонымен, Әбдірахымов кімнің сенімінен айырылды? Халықтың ба, әлде Астана жақтағы ақ жағалылардың ба? Бізше болса екіншісі ақиқатқа көбірек саяды. Себебі, біз ел-халыққа тым жақын жүрген азаматтардың Астананың аяусыз қаһарына ұшырап қалып жататынын алғаш рет көріп отырған жоқпыз, рас.

Осы орайда сіздердің есіңізге Атырау облыстық полиция департаментінің басшысы болған Аян Дүйсембаевтың қызметінен қалай босағанын сала кетейік.

Биыл Отан қорғаушылар күні қарсаңында, 6 мамыр күні Аян Дүйсембаев «генерал-майор» шенін тақты. Ол бұл атақты басқа-басқа емес, Президент Тоқаевтың өз қолынан алған еді. Осыдан кейін ел-жұрты елге еңбегі сіңген азаматқа құрмет көрсетіп, ат мінгізген. Шындығында, ол кісі әлгі атты сұрап мінген жоқ. Ел-халық құрметтеп мінгізген еді. Мемқызметкер атқа мініп, суретке түскен. Кейін белгілі болғандай, ол әлгі ел-жұрты сыйлаған атты сол жерде-ақ, өзге бір ауылдасына сыйға тартқан. Алайда, полицейдің атқа мінген сәтін суретке түсіріп үлгерген әккілер әлеуметтік желіге таратып, ақыры қызметінен қуылды. Осылай ел-жұртқа сыйлы болған генерал атқа бір мініп суретке түскені үшін-ақ бәленбай жылғы еңбегі ескерусіз қалды.

Турасын айтқанда, Әбдірахымов секілді Дүйсембаев та ел-халықа біртабан жақын жүрген, халықпен барынша диалог орнатуға бейімді һәм бейілді азаматтардың сапынан еді. Онсыз да ел ішінде сүйеудей сүйкімі жоқ, ә, дегенге әлімжеттік жасап, ұрда-жықтық қылуға жақсы тәрбиеленген Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің бірлі-жарым беделі болса, ол осы Дүйсембаевтар еді ғой...

Махамбет Абистов

Өткенде әлеуметтік желіде балағат сөздері тарап кеткені үшін Ішкі істер министрінің орынбасары Махамбет Абистов та қызметінен қуылды. Ол арнайы мәлімдеме жасап, балағат сөздерді көп адам жоқ жерде айтқанын, солай бола тұра полицейлердің абройы үшін қызметінен кеткенін айтты. Біздің ойымызша атқа мінген генералдың да, Абисатовтың да дәл бұлай қызметтен қуылуы да сол халықшыл позициясынан болса керек... Әйтпесе, атқа міну айып па еді?  Ағайыны алқалап, халқы құрметтеген ұлға ат мінгізу қазақтың байырғыдан бергі бұзылмас салты емес пе еді? Атқа мініп, ағайынның алғысын алу –Тұрғымбаев полициясына тапшы болып тұрған құрмет осы емес пе еді?

Біз салыстырып айтайық, 2016 жылдың маусымында айдың күні аманында Ақтөбедегі ағайын қан көрді, қаза көрді. Тәкпіршілер теракт жасады. Екі бірдей қару-жарақ дүкеніне, артынан Әскери бөлімшеге шабуыл жасады. Бейбіт 4 тұрғын мен 3 сарбаз жан тәсілім етті. Сол жолғы сойқаннан ұзын-ырғасы 25 адам қаза тапты, 22 адам жарақат алды. Бүкіл ел бойынша қаралы күн жарияланды. Қауіптің сары деңгейі орнатылды.

Немесе 2016 жылдың шілдесінде Алматыда теракт болды. Қаскөйлер полиция бөлімшесіне, Ішкі істер бөліміне шабуыл жасады. 6 адам өліп, 8 адам жарақат алды.

Әріге бармай-ақ, күні кешегі Арыстағы апатты айтайық. Әскери бөлімшенің қару-жарық қоймасында жарылыс болды. Бізді айтпағанда, әлемдік ақпарат дабыл қаққан сол бір шетін оқиғадан 3 адам қаза тапты. 100-ден астамы түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Солардың тең жарымы ауруханаларға жатқызылды. Арыстағы 80 пайыз тұрғын үй қирады. Облыс бойынша төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысының өзі барып, ел-халықпен кездесті. Республика халқы жылу жинады. Апат мащстабы ауыр болды.

Салыстырып айтайтар болсақ, дәл осы жерде парадокс туындайды. Ондаған адамдың өмірін жалмаған, жүздеген адамға материалдық һәм моральдық шығын әкелген осы оқиғаларға жауапты тұлғалар жауапқа тартылды ма? Жоқ. Кешегі Арыс апатына бірден-бір жауапты деген министр Ермекпаевтың өзі «бұл табиғи апат» деді, тәналмай.

Адами фактордан болған апаттарға жауапты азаматтар жауапқа тартылмағанда, халық пен биліктің сенімінен айырылмағанда, ағайынның алғысын алып, атына мінген Дүйсембаевтар мен әлеуметтік желіде «сәлем» жолдаған Әбдірахымовтардың сенімнен айырылуы парадокс емес пе?

Әп-әдемі жұмыс істеп жүрген әкім мен Атырау өңірінен шыққан алғашқы «генералға» халқы құрмет көрсеткені үшін, қызметінен қуылуы қаншалықты әділетті екенін жоғарыдағы мысалдарға қарап өзіңіз сараптай жатарсыз...

Түйін

Қош! Әлеуметтік желіде тараған бір сәттік сурет, яки бейне-таспа үшін қызметтен қуылу қаншалықты әділетті? Әбдірахымов пен Дүйсембаевтың мысалына қарап отырып, біздің мемлекет тізгінін ұстаған азаматтар халыққа жағамын деп асығыс қадам жасап отырған жоқ па? Он төрт облыс, үш мегаполист әкімдерінің ішіндегі Әбдірахмановтың шоқтығы әжептәуір биік еді. Оны қызметтен қудық. Әбдірахмановты қойшы, атқа мінгені үшін-ақ айыпты болған Дүйсембаевтай маман ІІМ-не керек-ақ еді. Әлеуметтік желідегі еріккен біреулердің сөзіне бола ол азаматқа да обал жасадық. Ал, осындайда халық көкейінде «Ақтөбе мен Алматыдағы терактілер мен Арыстағы оқиғалардан кейін неге ешкім жауапқа тартылып, қызметтен босамайды?» деген заңды сауал туады.

Ол сұраққа Сіз жауап беріп көріңізші...

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

 

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2025