Сенбі, 23 Қараша 2024
2964 2 пікір 20 Тамыз, 2019 сағат 10:07

Нұр-Сұлтан аналары балаларын мектепке дайындауға ақша жетіспейтінін айтып шағымданды

19 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында қырықтан астам әйел Ақорда алдына келіп, көп балалы отбасыларға балаларды мектепке дайындық үшін берілетін көмектің аздығына шағымданды.

Наразыларға шыққан Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің сөзінше, әкімдік тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға мектеп формасы үшін 30 мың теңге (шамамен 78 доллар) бөлген. Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтанда арзан мектеп формасын сататын жеті дүкен барын, 30 мың теңгеге бір баланы киіндіруге болатынын жеткізді. Ақорда маңына жиналған әйелдер әкім өкілінің сөзін жоққа шығарып, 30 мың теңге баланы мектепке дайындауға жетпейтінін айтады.

Әкім орынбасарының сөзінше, балаларды мектепке дайындау үшін әкімдіктен көмек алатын отбасылардың көбі атаулы әлеуметтік көмекпен де қамтамасыз етілген.

Наразылар әкімдік өкілімен сөйлесіп жатқанда оларды арнайы жасақ қоршап тұрды. Ақорда маңында он шақты автобустар және бір жедел жәрдем көлігі де болды.

Кейін Бақтияр Мәкен әкімдікке кетіп қалды. Наразы аналар Ақорда маңынан сегізден өте тарады. Алдағы күндері талаппен билікке қайта келетіндерін айтты.

Биыл 4 ақпанда Нұр-Сұлтанның Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. 6 ақпанда ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.

21 ақпанда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

27 ақпан "Нұр Отан" партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді. Тұрмысы төмен отбасыларға да көмек көрсетілетінін айтқан. Осыдан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуірден бастап тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлей бастағандарын хабарлаған. Бірақ әйелдер АӘК алу шартының қиындығына шағынады.

Аналар биліктен жәрдемақыдан бөлек баспана мәселесін шешуді де талап етеді. 3 маусымда Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақорда мен Үкімет үйі маңына барып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап еткен. Бірақ олара үкімет қызметкерлері мен қала әкімдігінің өкілдері шыққан.

Кейін билік әр әйелдің талабының заңды-заңсыздығын тексеретінін айтқан.

19 тамызда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 21 мың отбасыны АӘК алу үшін табысын төмендетіп көрсетті деп айыптады.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417