Қазақстандағы қоғам қайраткерлерінің ішіндегі ең кедейі – мен
Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы
- Мэлс аға, сіз біраз жылдан бері экология мәселесімен айналысып келе жатырсыз. Қазақстан экологиясының қыр-сырын сізден артық білетін адам жоқ десек, артық айтқандық емес. Тіпті «Мен алдағы сайлауда жеңіске жетпесем де, бар мүмкіндігімді пайдаланып, экология мәселесін көтеремін» деп бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген екенсіз. Экология мәселесіне бүкіл өміріңізді арнағанда, не пайда таптыңыз?
- Мен экология мәселесімен пайда көру үшін айналысып жүрген жоқпын. Қазақстандағы қоғам қайраткерлерінің ішіндегі ең кедейі - мен. Президент сайлауына қатысқанда да декларация өткізесің. Сонда сенің бүкіл жеке мүлкің мен жиған-тергенің тізімге алынады. Басқа кандидаттар қымбат шетелдік көліктерін тіркеп жатқанда, мен бір-ақ отандық көлікті тіркедім. Тіпті осы күнге дейін күндіз жұмысымды істеп, кешкісін көлігіммен жолаушы тасып, нәпақа табамын. Ал экологияны зерттеп, сол үшін 20 жыл өмірімді бергенім бала күнгі арманым болар. Оның үстіне, елімізді, жерімізді, табиғатымызды өзіміз қорғамасақ, басқа кім қорғайды?
- Бүгінде сіз басқарып отырған «Табиғат» экологиялық одағы қай жылы құрылды? Қоғам құрылғалы бері қандай іс-шара атқарып жатыр?
Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы
- Мэлс аға, сіз біраз жылдан бері экология мәселесімен айналысып келе жатырсыз. Қазақстан экологиясының қыр-сырын сізден артық білетін адам жоқ десек, артық айтқандық емес. Тіпті «Мен алдағы сайлауда жеңіске жетпесем де, бар мүмкіндігімді пайдаланып, экология мәселесін көтеремін» деп бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген екенсіз. Экология мәселесіне бүкіл өміріңізді арнағанда, не пайда таптыңыз?
- Мен экология мәселесімен пайда көру үшін айналысып жүрген жоқпын. Қазақстандағы қоғам қайраткерлерінің ішіндегі ең кедейі - мен. Президент сайлауына қатысқанда да декларация өткізесің. Сонда сенің бүкіл жеке мүлкің мен жиған-тергенің тізімге алынады. Басқа кандидаттар қымбат шетелдік көліктерін тіркеп жатқанда, мен бір-ақ отандық көлікті тіркедім. Тіпті осы күнге дейін күндіз жұмысымды істеп, кешкісін көлігіммен жолаушы тасып, нәпақа табамын. Ал экологияны зерттеп, сол үшін 20 жыл өмірімді бергенім бала күнгі арманым болар. Оның үстіне, елімізді, жерімізді, табиғатымызды өзіміз қорғамасақ, басқа кім қорғайды?
- Бүгінде сіз басқарып отырған «Табиғат» экологиялық одағы қай жылы құрылды? Қоғам құрылғалы бері қандай іс-шара атқарып жатыр?
- Біз басқа қоғамдық ұйымдар сияқты тек жалаң ой айтып қана жүрген жоқпыз. Мәселені көтерген кезде оны шешу жолдарын да бірге ұсынамыз. Қалай жасау керек? Не істеу керек? 20 жылдың ішінде «Табиғат» одағы біршама мәселе көтерді. Ұсыныс жасағанымызбен, Үкіметтен қолдау таба алмадық. Дәл осы экология мәселесімен айналысатын «Қорғаныс» табиғатты қорғау институты бар. Оның атқарған жұмысына қарағанда, біздің шешкен шаруамыз ұшан-теңіз. Сол себептен де біздің жұмысымызға өзге қоғамдық ұйымдар қызғанышпен қарайды.
- «Табиғат» экологиялық одағы әрдайым маңызды ұсыныстар тастап, оны шешу жолдарын да көрсетеді деп отырсыз. Сол ұсыныстарыңыз, көтерген мәселелеріңіз өздеріңізге кері әсерін тигізген жоқ па?
- Біздің қатысуымызбен 2000 жылы Балқаш форумы өтті. Онда Балқаш мәселесін көтердік. Оған сол кездегі үкімет басшысы Даниал Ахметов те қатысқан. Қазір сол аймақта үлкен кәсіпорын бар. Біз Сорбұлақ мәселесінен бастағанбыз. Сол Сорбұлақ мәселесін көтергенім үшін мені екі рет қызметімнен шеттетті, партиядан шығарды. Алайда сөзімнің жаны бары дәлелденгеннен кейін бостандыққа шықтым. Бірақ мен партияға қайта оралмай, «Табиғат» экологиялық одағын басқарып кеттім.
- Балқаш атом стансысының жұмысын тоқтату мақсатында біраз жұмыс жасағандарыңыз жайлы хабардармыз. Нәтижесі не болды?
- Балқаш атом стансысынан шығатын қалдықтың адам денсаулығына тигізер зиянын дәлелдеп, өнеркәсіп жұмысын біржолата тоқтаттық. Алайда «Қазатомөнеркәсіп» президенті бізге қарсылық білдірді. Себебі қомақты қаржыдан қағылды ғой. Сорбұлақ мәселесін де көтердік. Ол мәселені бетке шығарып көтермегенде, 50 мыңға жуық адам қара жамылар еді. Қазір де жағдай көңіл көншітер емес. Бүгінде бұл мәселені менен басқа ешкім көтеріп жүрген жоқ. Бірақ Сорбұлақ мәселесін де шешеміз.
- Елімізде Шарын, Көлсай деген көрікті жерлер баршылық. Олардың да экологиясы жетісіп тұрмаған секілді.
- Табиғи байлығымызды қорғап қалу үшін бақылап отыратын бекеттер аштық. Оның іске қосылғанына бес жыл болды. Қазір сол бекеттің төңірегінде тұратын азаматтар тек алғыстарын білдіруде. Алайда сол бекеттерді орналастырамыз дегенде, жергілікті тұрғындар қарсы шыққан. Бізді тіпті жібермеген. Бүгінде төңіректері тап-таза болды. Ол күл-қоқыстар өндіріс орындары үшін шикізат қой. Шарында біздің ұсынысымызбен ұлттық саябақ құрылды. Үкіметке хат жазып, баспасөз мәслихатын өткізіп, айқаймен парк құрдық. Біз болмасақ, парк құрылмайтын еді. Ұлттық саябақ құрудағы басты мақсат - жабайы туристерден табиғи байлығымызды сақтап қалу болып табылады. Бүгінде Балқаш суы тартылып, Арал теңізінің кейпін кешіп отыр. Қазір дүниежүзінің ауа райы жылып барады. Жарты градусқа күн жылыды. Соның өзінде қанша апат орын алып жатыр. Дауыл, цунами дейді. Еуропа судың астында қалып жатса, Қазақстанда құрғақшылық орын алуда. Ал ол мәселені ойлап отырған жан жоқ. Мәселені осы қалпында қалдырсақ, жылылық үш градусқа көтеріледі деген қауіп бар. Онда үлкен апат болады деген сөз. Одан кейін онымен күресу қиынға түседі. Егер жылылық үш градусқа жетсе, мыңдаған адам қырылады. Ал оның алдын алатын бірден-бір нәрсе - жасыл желек. Көкті өсіріп, бағып-қақпасаң қайдан болады? Қазір Алатауда жатқан мұздың үштен бір бөлігі еріп кетті. Тау беткейіндегі мұз еріп кетсе, ауызсусыз қаламыз. Оның алдын алу үшін ағаш отырғызып, шөп өсіру керек. Ағаш, шөп атмосфераны жаулаған көміртегіні бойына сорып алады. Қазақстан ғана емес, бүкіл ғаламшар осыны ойлау керек. Қазір барлығы дағдарыс деп бәрін ұмытып кетті. Ал апат оған қарамайды. Бұқаралық ақпарат құралдарынан күніге апат болғанын хабарлап жатады. Өндіріс орындары мен көліктерден шығып жатқан көміртегі ауада ұшып жүр. Қазақстанда жарты-ақ пайыз жер көгалдандырылып тұр. Ал жарты пайыз деген өте аз. Қалғанының барлығы шөл дала.
- Каспий теңізінен мұнай өндіріп, пайдаға белшесінен батып жатқан шетелдік компаниялар саны еселенбесе, төмендер емес. Инвестор тартқан дұрыс шығар, әрине. Дегенмен сол өндіріс ошақтарының адам денсаулығына, табиғатқа тигізіп жатқан зиянын да бір сәт ойлаған жөн болар-ау.
- Қарашығанақта жер астынан мұнай-газ шығатын үлкен жер қоймасы бар. Ол Кеңес Одағы кезінде жұмыс істеп тұратын. Қазір соның 80 пайыз пайдасын өзбектер иемденіп отыр. Қашаған деген жерден мұнай шығады. Бірақ ертең біз Каспийден айырыламыз. Осыған қатысты Президентке де, Премьерге де хат жаздым. Қазір соны зерттейтін арнайы комиссия құрылып жатыр. Шетелдіктердің мақсаты - пайда тауып кету. Ертеңгі күні зияны тигенде, Каспийдің төңірегін жағалап жатқан елдер жаланы өз елімізге жабады. Семей мәселесін де қанша көтердік. Мен барлық облыстарға барып, жергілікті тұрғындарды төніп тұрған қауіп туралы хабардар еттім. Алайда оны ойлап отырған халық жоқ. Үлкендерді ойламағанда, жастарға тіпті ренжудің қажеті шамалы. Олар экологиямыз қайда барады, болашағымыздан не күтеміз деп өздеріне сауал қоймайды.
- Сіз экология мәселесінен басқа ұлттық дәстүрлерді де жандандырып жүр дейді?
- Менің атам тазы ұстаған. Бала кезімізде бірге аңға шығатынбыз. Қазір өзім тазы мен төбет иттер ұстаймын. Мен сол иттерді асырау үшін «Ақсай-наннан» жер алдым. Қазір 20-ға жуық итіміз бар. Бұл иттің түрлерін қазақтар 4000 жыл бұрын ұстаған. Тазы дегеніңіз - жеті қазынаның ішіндегі киелісі. Қазақ халқы киіз үйге тазыдан басқа төрт аяқты мақұлықты кіргізбеген. Тазы ғана киіз үйге кірген. Ол да жоғалудың үстінде тұр. Төбет болса қасқырға алдырмайды. Қазір мал ұстайтындар қорамызға қасқыр түсті деп, күнде жылайды. Қазақы төбет иттері барлар бірен-саран ғана.
- Еліміздің экологиясын жақсарту үшін не істеу керек?
- Бүгінде жағдайымыздың қаншалықты қиын екенін есепке алсақ, мәселе жуық арада шешіледі деп айту қиын. Біріншіден, заң жағы реттелу керек. Табиғат айналасында жүрген қоғамдар бірігіп, ұсыныстарды енгізуіміз керек. Ең бастысы, ақша, ынта, тәрбие болса, біраз мәселе шешіледі. Біз жыл сайын Балқашта регата өткіземіз. Биыл да тоғызыншы регатаға шығуды жоспарлап отырмыз. Регатаны өткізудегі басты мақсатымыз - шетелдік туристерді тарту. Жыл сайын наурыз айында акция өткіземіз. «Медеудің» маңынан «Жас жұбайлар» паркін аштық. Біздің ұсыныстар әртүрлі себептермен қолдау таппай жатыр. Мәдени мұра мәселесін көтерудеміз. «Бес шатыр» деген сақтардың мекендеген жері бар. Сол жерде Томирис ханшайымының уақтысында салынған қорғандар бар. Біздің археологтар Кеңес Одағы кезінде сол қорғандарды быт-шытын шығарып, қиратып тастаған. Біз тіркеуде тұрған балаларды жиып апарып, сол қорғандарды қалпына келтірдік. Биыл да ол дәстүр жалғасын табады. Жылда тіркеуде тұрған балаларды апарып, Қапшағайдың жағалауын тазалатып тұрамын. Каспийді алайық. Бекіре балықтар қырылып жатыр. Алдын алмасақ, төңірегіндегі жергілікті тұрғындар қырылады. Соны тоқтату керек. Арал мәселесі әлі шешілген жоқ. Балқашты алайық. Қытаймен келісімшартқа отырмасақ, Балқаш ертең екінші Арал болады. Балқаштың тұзы ұшып келіп, тауға қонып жатыр. Семейдің де мәселесі әлі шешілген жоқ. Төңіректің бәрін қалдықтар басып кетті. Соның бәрін қазір шешпесек, жақсы заманға жетпейміз.
- «Жасылдар» партиясын құрып, партияның бір өкілін Парламентке отырғызу керек деп баспасөз мәслихатында мәлімдепсіз. Осы қадамға бару арқылы экологияның мәселесі шешіледі деп ойлайсыз ба?
- Бізге қазір экологияның мүддесін қорғайтын заңдар керек. Бізде заң жоқ емес, бар. Бірақ экологияның қамын ойлаған заң әлсіз. Сол себептен де Парламентте біздің мүддемізді қорғайтын бір өкіл болу керек. Ал депутатты заң жүзінде ұсынатын партия ғана. Сол үшін біз «Жасылдар» партиясын құрып жатырмыз. Табиғат қорғау партиясы деп айтуға болады.
- Осыған дейін президент сайлауына екі рет қатыстыңыз. Президенттік сайлауды бақылап отырған сарапшы мамандар мен саясаттанушылар Мэлс Елеусізовтің Президенттiк сайлауға қатысуын, тiркелуiн «көз бояушылық» деп сипаттапты.
- Сарапшы мамандар есеп беру үшін ойына келгенін айта береді. Менің, негізі, президент болу ойымда жоқ болатын. Сайлауға қатысудағы мақсатым табиғат мәселесін көтеру болды. Сен президенттік сайлауда экология туралы мәселе көтерсең, жерде қалмайды. Сенің әрбір айтылған сөзің бұқаралық ақпарат арқылы халыққа жетеді. Президенттік сайлауға қатысқанмен, президент боламын деп айтқан жоқпын. Президент болуға шамам да келмейді. Бар көздеген мақсатым табиғат мәселесін көтеру болатын.
- Қазақта «Ер кезегі үшке дейін» дейді. Кезекті президенттік сайлауға қатысам деген ойыңыз бар ма?
- Қатысуға болады, несі бар? Мен тоғыз рет Парламент Мәжілісі депутаты, екі рет президенттікке үміткер болғанмын. Бізде «Жеңілген күреске тоймайды» деген мақал бар. Мен жеңілдім деп өзімді айтып отырған жоқпын. Мен әлі ешкімнен жеңілмеймін де. Сайлауға қатысу деген ер жігіттің ісі шығар. Мен одан қорықпаймын.
Датым...
«Бір тал кессең, жүз тал ек» демекші, көктем мезгілінде тал егуді әдетке айналдыру керек. Ол мәселе де жылда көтеріледі. Алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалуда. Жоғарыда отырған Үкімет басшылары бұл мәселемен етене айналысып, кейінгі буынға үлгі көрсетуі тиіс. Табиғатты қорғау бір адамның қолында тұрған мәселе емес. Бүгіннен бастап келер ұрпаққа не қалдыратынымызды бірлесе ойлауымыз керек!
Қызметтестер сыры
Жәнібек Байбосынов, «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары:
- Мэлс Хамзаұлымен қызметтес болып келе жатқаныма үш жылға жуық уақыт болды. Сол уақыт аралығында бір рет болса да қалжыңдап күліп отырғанын байқамаппын. Әрдайым жұмыстан, жиналыстан, жасап жатқан жобаларынан қолы тимейді. Ол егер де жұмыс жүрмей жатса, «Терпи казах - атаманом будешь» деп өзін жұбатып қоятыны бар. Сондай-ақ қиын-қыстау кездері өз автокөлігімен, жолаушы тасып нәпақа тапқан кездері де болған. Ол кісі ертеңгісін жұмысқа келген кезде, бүгін қандай жобаны қолға алады екенбіз деген ойда тұрамыз. Ол кісі атаққа, даңққа, болмаса қымбат көлікке қызықпайды. Оның өмірдегі көздеген басты мақсаты - еліміздің экологиясын сақтап қалу.
Елдос Өмірзақұлы
"Алаш айнасы" газеті 18 маусым 2009 жыл