Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3086 0 пікір 23 Шілде, 2011 сағат 03:50

Ол «мой мир»-ді сайт деп ойлайды

«Газет-журналды ашып қалсаң да, теледидарды қосып қалсаң да, радионы басып қалсаң да», алдыңнан «жұлдыздар» андағайлап шыға келеді. Бір-бірінен сойып қаптап қойғандай аумайтын әншілер. Түр-келбеті, киім үлгісі, даусы, сөйлеу мәнері, репертуары... Ең аяғы шаш үлгілеріне дейін ұқсас. Сонымен, бүгінгі қазақ әншісі қандай деген сұраққа үзік-үзік «жауап».

«Газет-журналды ашып қалсаң да, теледидарды қосып қалсаң да, радионы басып қалсаң да», алдыңнан «жұлдыздар» андағайлап шыға келеді. Бір-бірінен сойып қаптап қойғандай аумайтын әншілер. Түр-келбеті, киім үлгісі, даусы, сөйлеу мәнері, репертуары... Ең аяғы шаш үлгілеріне дейін ұқсас. Сонымен, бүгінгі қазақ әншісі қандай деген сұраққа үзік-үзік «жауап».

1. Оған әншілік дарын ата-бабасынан, не болмаса нағашы жұртынан, әйтеуір атамзаманда өмір сүрген бір туысынан дарыған. Қазір әнші атасының жолын жалғастырып жүр.
2. Оның сөздік қоры жердегі қарапайым пенделердікінен екі-үш есе кедей. Журналистер олардың сұхбатын әншінің өзі танымастай етіп өңдеп, мақал-мәтел қосуға міндетті. Әйтпесе, нашар журналист болғаны.
3. Ол журналистерді жек көреді, бірақ жиі сұхбат бергенді ұнатады. Жек көретіні, журналистер айтқан сөзін бұрмалайды, айтпағанын айтты қылады. Соттасар еді, заң білмейді немесе жеңіліп қалудан қорқады.
4. Ол кітапты соңғы рет 11-сыныпта жүргенде оқыған.
5. Ол «мой мир»-ді сайт деп ойлайды. Яғни, оның ғаламторда «жеке сайты» бар.
6. Оның репертуарына екі жылда бір ән және бір бейнебаян қосылады. Осы бір ән немесе бейнебаян туралы ол екі жыл жалықпай сұхбат беруге қабілетті.
7. Ол клипті Өзбекстанда ғана түсіреді.
8. Ол қазақ әншілері сахнада билемеуі керек деп санайды.
9. Ол өзіне-өзі продюсер. Продюсерлік жұмыстың асқар шыңы бүгін кешке өтетін тойдың бағасына келісу деп санайды.
10. Оның айтуынша, тойда ән салу ата-бабаларымыздан келе жатқан салт. Бұл дәстүрді бұзуға болмайды. Ақан сері, Біржан сал, Майра Уәлиқызы, Үкілі Ыбырайлар күн сайын тойға барған. Керек десеңіз, бір тойда екі ән айта салып, екіншісіне жүгіріп, бір күнде алты-жеті тойға барып үлгеретін болған.
11. Ол - «халықшыл». «Халқым», «елім», «қазағым» деген асқақ сөздерді жиі қайталауға құмар. Ол халық үшін ән айтып, халық үшін би билеп жүр. Халықтың үстінен күн көріп жүрген жоқ, халықтың қуанышын бөлісіп жүр. Қысқасы, Елбасынан кейінгі халықты ойлайтын тұлға - өзі! Бір қызығы, халқы оны танымауы әбден мүмкін.
12. Ол «Әулие Валентин», «Жаңа жыл» сынды мерекелер қазаққа жат деп есептейді. Бірақ сол мереке күндері «корпоративкаға» бара береді.
13. Оны көшеде танымай қалған адам - теледидар көрмейтін, музыка тыңдамайтын, газет-журнал оқымайтын сауатсыз жан. Ондай «сауатсыздарға» «Мен бәленше деген әншімін!» деп ескерту жасау керек.
14. Ол өзінің жағдайын аға буын әншілермен салыстырып, жылап-сықтайды. Оның сөзімен айтқанда, бұрынғы әншілерге мемлекет көмектескен. Мәшине берген, концертін тегін өткізген, теледидардан тегін жарнамалаған, гастрольдік сапарға шығарған.
15. Ол ән айтумен шектелмейді. Әрі композитор, әрі ақын, тележүргізуші, театр мен кино актері... Заңгер, экономист, бизнесмендері де бар. Қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы». Оның көзқарасында, тележурналистика редактор жазып берген сөзді қайталап оқып шығумен ғана шектеледі. «Газетщик» болу одан да оңай.
16. Ол шет тілін білмесе де, орысша, ағылшынша қосып сөйлеуге тырысады.
17. Ол қазақ әншілерін, оның ішінде өзін тыңдамайтын тыңдармандарды ұнатпайды. Бірақ өзі көлікте отырып шетел әншілерін тыңдай береді.
18. Ол артық салмақтан арылуды бос әурешілік деп есептейді. Арықтаса, тыңдармандары аш деп ойлауы мүмкін. Спортзалға бармайды, шейпингпен айналыспайды.
19. Оның болашақ жоспары: «Құдай қаласа, жақында бірнеше жаңа ән жаздырамын. Алла қолдаса, келесі жылы жаңа бейнеклип түсіремін. Тәңір жарылқаса, екі жылдан кейін Республика сарайында жеке концерт беремін».
20. Оның үш сағатқа созылған жеке концертінде 1 сағат өзі, қалған екі сағат басқалар ән шырқайды.

«Нұр Астана» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627