Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3491 0 пікір 25 Шілде, 2011 сағат 07:55

Елеужан Серімов. Қазіргі қазақ өлеңінің иірімдеріне үңілсек...

„Әуелде Сөз болған" деседі қасиетті кітапта. Әсілі, әу баста жаратқанның аузына осы сөзді қазақ салған ба дерсің. Өйткені, сөйлесе, тілінде шыбынсыз жаз тудыратын, айтса, сары майдан қыл суыратын, тақыл таңдай, атан асар ор ауыз шешен халқымыздың маңдайына туа біткен басты қасиеті, қазына байлығы - сөз өнері екені даусыз. Ділмар қазақ сөз өнерінде ерекше бір құдіретті қасиет барын әу баста-ақ аса бір сұңғылалық­пен аңдай алғаннан болар, бүкіл бітім-бол­мы­сын, мақсат-мұратын, ас­қақ арманын өлең-жырмен су­­арған. Көңі­лі­нің биік төрінен мықтап орын тепкен тіл өнеріне жарық дүни­еде жа­рал­ған­нан бері барынша ын­та-ықылас-ілтипатымен қалт­қы­сыз адал қыз­мет етіп, сөз­дің ажарлысы мен реңдісін, үздігі мен үлгілісін, ке­лістісі мен ке­рімдісін, айшық­тысы мен нақыштысын, төресі мен сересін айнымай та­нып, қызыл тіл құ­­­ді­ре­тін еріксіз мойындап, оны «өнер алдыға» балаған ғой. Иі­нін тапсаң иіле бе­ре­тін буынсыз тіл­ден туған сөз әшекейі шы­нымен де көр­кем қазақтың. Бір сөз­ге сүйсінсе астындағы атын тү­сіп беруге дайын бабаларымыз тізілген сөз тіз­­­бектерін тегін құраған емес, жүрек те­бі­рен­­­тіп, табиғи толғаныстан қа­жет­тіліктен ғана сөз ту­ын­дат­қан. Бір анығы, қай кезде де қазаны қоңыр қазақ үшін мүкiс құлақтың саңлауын табар, зағип көзге нұр құйғызар тек қана сөз құдiретi деген түсінік үстем болғаны аян. Мұндай шынайы тәуелсіз шындықты айтқанда, халықтың қашан да тума тілдің бар көркемдік қуатын діттеген жеріне жеткізе айтатын, „жансызға жан, тоң мойын топасқа да түйсік бітіретін киелі сөз өнер иесі - ақыны болғаннан. Ақын сөзі - ұлт игілігі, онда жарқыраған күн көзіндей жаһандық мән бар" (С. Негимов) дейді түсінгендер. Риясыз шындық сол...

Кей кезде көңіл күй ләміне қарай ақындық сөз құдіретінен жылу іздейтін шағың болады екен. Жақсылыққа шөлдеген әз-көңілің бір мезет кемпірқосақтай жарқыл атқан әдемі өлеңнің нұрына, шуағына шомылғысы кеп тұрады. Әсіресе, төрелігі жоқ тектілер мен бүлк етпейтін беттілер белең алған, жүрек жылуы мен пейіл кеңдігі кеміген, "періштенің айтар сөзін шайтан жатқа айтатын, адал ұлдың қадірлі сөзін алаяқ зуылдататын қоңырсық иісті "пластмасса" сөз басқан" (М.Ақдәулетов) мына заманда өзегіңді өрттен өшіріп, жүрек тербететін зәру сөзді қажетсінерің анық-ақ. Сонда жаныңа тірек-медетті өлеңнен таппағанда қайдан табарсың!? Осындайда жаныңда, жадыңда көмескіленген санаңды ұлғайтатын ізгі ойларыңа, от сезіміңе қайыра апаратын жол тауып беретін - ақын сөзі ғана. Ондайда санаңды селт еткізіп, пешене сырын алладан кем білмеуге ұмтылған ақынға жүгінерің қақ. Өйткені ақын - алланың ең сүйікті құлының бірі емес, бірегейі дейтінге сайсақ, шынайы ақынның қаламынан туған, қиял сұлулығы сезім сұлулығымен астаса үйлесім тапқан, ойды тербеп, санаңды қозғап, бойды билеп, ырқыңды алар көркемдігі асқан өлең-жырмен жүздескеніңде, шын мәнінде ләззат аларыңа еш күмәнің қалмайды. Тұңғиық тереңіне, сұлулық әлеміне ақынмен бірге ой кешесің, әлбетте жасығымен емес, асылымен. Тоқымашының шебер қолынан шыққан жібек орамалдай поэзиямыздың дәмелі биігін көрсетер жұлдызы жоғары өлеңдер қазіргі қазақ назымында, аллаға шүкір, баршылық екеніне шүбә келтірмейміз.

Аламан дәуiрдiң алмағайып қиындықтарына қарамай, бiр сәт сиқырлы сөздің парқын біліп, жасырын жатқан жарқылын көре алатын  қатардағы қарапайым қара төбел оқырман ретінде, ашық күнде не талас дейтіндей емес, соңғы кезде жарияланып жатқан жыр-жинақтардан, баспасөз беттеріндегі топтамалардан қазіргі өлең өнерiнің кей сипаттары қақында байқағанымызды, „өзінде бармен көзге ұрып тұрған", ашық түндегі айдай ап-айқын құбылыстарды шыжымдап суырып, артық-кемі туралы қал-қадерімізше пікір білдіруді өзімізге парыз санаймыз; қазіргі қазақ поэзиясының көкжиегінде байқалып үлгерген кей құбылыстарды тілге тиек еткіміз бар.

Негізінде өлең өнерінде замана ыңғайына қарай туындап жататын құбылыстар қай елдің болмасын поэзиясына тән екендігі рас. Әр елдің өлеңі өз ерекшеліктеріне сай өрбиді. Бұл заңдылықтан қазақ поэзиясы да сырт қалмақ емес. Әу баста-ақ тәңір иеміз дүниені күн мен түн секілді қарама-қайшылықтардан тұратын қуат көзі етіп жаратқан ғой. Міне, осы қарама-қайшылықтар өнерде де бар екендігін қазіргі өлең өлкесінде белең алған бағыттар арқылы айтқымыз келеді. Біз оны барынша шартты түрде ерлік жырлары, сезім жырлары деп бөле-жара алып қарастырдық. Бұл кәсіби сыншының талдауы емес, өлең сүйер қалың қауымның бір өкілінің пікірі деп ұққан жөн.

Ерлік жырлары...

Қазіргі қазақ өлеңіне ауыз әдебиетінің сарынын, бейнелі тілдік образдар әкеп кіргізген, ілкідегі ақын-жырауларға тән сипат-белгіні әйгілейтін, „тебінгінің астынан ала балта суырылысып, тепсінісіп келгенде" деп, ерлік пен өрліктің, азаматтықтың салтанат құруын діттейтін, қынаптың қуысында жатқан ақ жүзді ақ алмастың жарқ етіп суырылған сәтіне бара-бар, болбыраған бос белбеулікті көтермейтін, қайрат пен жігер жанитын жыр ағымы 90-жылдар басында-ақ кең арна тапқан-ды. Бұны әсілі табиғи қазақылықтың түп-бастауында тұрған жыраулыққа ұқсағысы келген шынайы ақ бейілдің ұмтылысы дерсің. Ол өлеңдер табиғатында лақ етпе ағыла-төгіле-құйылуға бейім, артық ауыз салғырт сөзден барынша ада, бұзау тіс қамшының ысылы естілер қуатты- күшті келеді. Онда ұлпа төс, қаймақ ерін әдемі қыз атымен жоқ. Семсер сүйіп, серт берген өр де ерен ердің тұлғасы көз алдыңда көлбеңдейді. Рух асқақтығы жарқын. Мұндай ырғағы еркін, толқымалы өлеңдерде біркелкі дауысты дыбыстардың қайталануынан жасалған - ассананс не дауыссыз дыбыстар кезектесіп келетін - аллитерациядан тұратын бейнелеуіш көркемдік тәсілдер молынан кездеседі. Ақиық Махамбетпен ділдестікке ұмтылған Темірхан мен Есенғалидың, Тыныштықбек пен Маралтайдың өлеңдері осының куәсіндей. Бұл бағыттағы ақындарда халық позиясының табиғи нұсқасындағы құйыла төгілетін ерлік жырдай шұғылалы, келісті өлеңдер көптеп ұшырасады. Есенғалидың астроном, ғұлама Ұлықбек туралы: „Тосын да, тосын, тосынның, тобын жарып өте алмай, тоқырау судай тосылдың, әзіз сұңқар басыңмен, тобан аяқ топ қарғаға қосылдың" („Қара бауыр қасқалдақ". Алматы.-1995. 293-б), - деп келетін жолдары жоғарыдағы сөзімізге нақты лайықты айғақ; осы күнгі айтыс ақыны айта салатын сартап болған үлгіде емес, тума халқымыздың эстетикалық ұғым-түсінігіне сай талғам биігінен өріліп шыққан бояуы қанық толқынды жолдар. „Қозыменен ділдес едім мен кеше, азу тісті ақситып ем күндесе" дейді өршіл Маралтай. Соңғы кезде бұл бағыттың бәсі артық түскендігі сонша, жырдың жіңішке сүрлеуіне енді-енді түсе бастаған жас буын ақындарда кәдімгі „модаға" айналуда. Олар да бірыңғай дауысты не дауыссыз дыбысқа құрылған тіркестерге, тың теңеулерге, ауыз әдебиетіне тән образдап сөйлеуге тырысады. Жақсы ғой, әйтсе де бұлайша бірыңғай біржақты бағыт ұстау өлең өлкесіндегі соны ізденістерді тежеп, өрісті тарылтатындай...

Сезім жырлары...

Қазіргі қазақ өлеңінің ендігі бір денін марқакөл қорығының маралындай сүп-сүйкімді, жабырқау көңілге шуақ нұрын шашатын сезімдік жырлар құрайды. Поэзия көкжиегіндегі алуан құ­бы­лыс­тар­ды қалт жібермей қа­да­ға­лап оқып отыратын, өлеңнің ішкі жарқылын тани бі­ле­тін оқ­ыр­ман­ға­ қа­зіргі өлең турасындағы айтылып жатқан сан пі­кір­лер­ таңсық та емес. Соң­ғы кез­де­ тәңірдің өзінен кемшілік іздейтін бәкене ойлы мін тапқыш сын­шы­лар­ "арқа­сында­" өлеңнің табиғи туындау қырына жете үңіл­мей­, нәзік сырын жете тү­сінбей, оны бел­гілі бір мақсатқа құрылар қару күші ре­тін­де көретін көзқарас қы­лаң беріп қалып жүр. Со­нау­ жылдары "Жас алашта" жа­рия­лан­ған Тұрсынбай Жандәу­ле­тов­тің "Қазақ поэзиясындағы өр­лік­ пен ерлік рухы қай­да кеткен?" атты мақаласы со­ның нақты куәсі. Өлең, ол айт­қандай, тек "ой­бай­, мұңайдым, қорландым, зор­лан­дым­, әбден шегіне жеттім, ой, оң­бағандар менің жа­нымды түсінбеді, өйтіп кетті, бүй­тіп­ кетті"-ден тұрмайды. Әл­жуаз емес өлең! Құт­ты бір кешегі өткен күннің кү­ре­сін­де қал­ған, қатыгез, қатал идеяны пір тұтқан со­циа­листік реализм тұрғысындағы түсініктен туындаған, Мағжан мен Қасымды, Ах­ма­това мен­ Пастернакты қудалаған заманның нақ бір айқын көрінісі ме­ деп қаласың­. Әйтпесе бей­күнә жүректің тұңғиығындағы, жан-дүниеңнің ең түкпір-тере­ң­ін­де­гі ішкі сезім иі­рімдерінен өріліп шығатын нәзік өлеңді үмітсіз жылауық өлеңдер деп айыптауы не Тұрсекеңнің?­ Адам өлеңді, өлең адамды тапқаннан бергі келе жатқан биік мұраттарға сәу­ле­сін түсірген мәңгілік тақырып емес пе сезім!? Сөз жоқ, жақсылықтан зұ­лым­дығы мен сұмдығы басым, кепке келген түйе боздауын еске салатын, шер­мен­де­ болған ана мен сергелдең болған баланың зары анық естілетін мына бүгінгідей замандағы халықтың рухын көтерер боркеміксіз, жау­гершілік кезеңдердегі ерлікті ту еткен айбатты да айбарлы өлеңдер керек екені рас та шығар. Әйтсе де жі­бек­ өтпес жікке сы­на қағып айыруы не? Еңсе тіктер ерлік, өрлік жырлар сөзсіз қажет те шығар, жоққа шығармаспыз. Бір­ақ гәп нені қа­лай айта білуде ғой. Әр өлеңнің өзіндік орны, оқушысы болады. Бұл­ жерде ха­лық­тың рухын көтеретін, биік мақсатқа жетелейтін жоғары пафосты жырды, күншілдермен күресер, жікшілдермен тіресер, тілділермен сіресер өлеңді ман­сұқтап отырғамыз жоқ. Құдай сақтасын. Қарапайым қатардағы оқырман ре­тін­де күнделікті көріп жүрер қоңыр күй кешкен адамдардың ішкі сезімін қас ше­бер­лікпен ап-айқын бейнелеп берер өлең де бағалы, құнды екені -  айт­пағымыз. Өйт­кені аппақ нұр­лы, мұнардай таза, сәуле түс­кен шыныдай шұ­ғы­ла­лы сезімдер тір­шілікте бір-ақ­ рет жасар әр кеуденің қо­нағы. Бұл жерде арың мен ұятыңды таза ұс­тауға шақыратын, пәктік пен адалдыққа үндейтін, мұңың мен на­лаңды, қу­а­ны­шың­ мен қайғыңды, өксігің мен өкінішіңді тайға таңба салғандай дәл суреттеп, қы­лаусыз өрнектеп беретін сөздің құдіретті қуатын айтып отырмыз. Бұл - қалаберді ілкі дәуірлерден бері адамзат қастерлеп, қа­си­ет тұ­тып­ келе жатқан моральдық-этикалық мәселелердің негізі. Қай­та ад­ам­ның­ ішкі әлемін әп-әдемі бейнелейтін өлеңдер әлдеқайта қуатты, тез қа­был­дан­ғыш­ келеді.

Ойдың түйінін айтсақ, тума назымымыздағы (поэзиямыздағы), шырайлы сөзге сусындауға ұмтылған, ынтық болған, шөлiркеген, кебiрсiген көңілдiң ауанын тап басар қазақтың қайран өлеңі соны түрлермен байып, ағым-бағыттары бірін-бірі жоққа шығармай, бірін-бірі толықтырып отырса екен деген тілегіміз бар. Өлең соны ізденістермен көркем болмақ қой.

Қарағанды қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5660