Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 9334 6 пікір 5 Қыркүйек, 2019 сағат 11:25

Ұлттық жазудың ұлы зергері

5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлы туған күні
Қазақстан Халқы тілдері күніне орай

Cан ғасырлық тарихы бар, өркениетті әлемге кеңінен тараған араб, латын, кирилл, т.б. әліпбилері әрқашанда ондаған тілдің жазба түрде қызмет етуіне негіз болып, жалпы адамзат мәдениетінің дамуына, қоғамның ілгерілеуіне ерекше ықпал етті. Олардың біреуі "жақсы", "керемет", екіншісі "түкке тұрғысыз", "нашар" деп үзілді-кесілді "үкім" шығаруға болмайды. Мұндай үкім әліпби туралы айтыс-таласта бұрын да көп айтылған, қазіргі кезде де аз айтылып жүрген жоқ. Әрине, белгілі бір тілдің дыбыстық құрылымына негізделген әліпби жүйесін екінші бір тілге механикалық тұрғыдан көшіре салу оң нәтиже бермейді: ондай графикалық жүйені игеру үшін мыңдаған адам, мейлі араб, мейлі латын, мейлі кирил әліпбилері болсын, артық уақыт, артық күш-жігер жұмсайды. Сондықтан мәселе белгілі бір әліпбиді нақты бір тілдің дыбыстық жүйесіне оңтайлы етіп беруде болып отыр.

ХV-ХVІІ ғ.ғ. қазақ мемлекеттігімен байланысты қазақ тілінде жазылған әртүрлі жазба мәтін, құжат нұсқалар болды. Демек жазба тіл болғаны хақ. Қазақ хан-сұлтандарының бұйрық-жарлықтары, көрші елдермен жазысқан дипломатиялық қатынас қағаздары, өзара жазысқан хаттары т.б. ескі қазақ жазба тілінің үлгі-нұсқалары болып саналады. Академиктер Ә.Марғұлан, Р.Сыздық т.б. ғалымдар Қадырғали би Жалайыридың, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресін» ескі бастау көздеріне жатқызады. Проф. Бабаш Әбілқасымов қазақ жазба тілінің «Түркістан уәлаяты» (1870-1882), «Дала уәлаяты» газеттерін қазақ жазба тілінің ескі үлгілері деп таниды, қазіргі жарияланып жатқан Мәшһүр Жүсіп мұраларында ескі қазақ жазба тілінің үлгілері молынан кездеседі.

Рас, ескі қазақ жазба тілінің жазу жүйесі күрделі. Өйткені оның құрылымы әртекті (гетерогенді) болды: 1) қазақ тілінің элементтері, 2) ескі қыпшақ тілінің элементтері, 3) қарлұқ, оғыз-қыпшақ, сондай-ақ араб-парсы тілдерінен алынған ауыс-түйістер мол болды. Осыған қарап кейбір зерттеушілер бұл тілді шағатай немесе ескі татар тілі деп қате тұжырым жасайды. Қазақ топырағында жасалғандықтан, қазақ қоғамына, қазақ мемлекетіне қызмет еткендіктен, қазақтың халық тілі элементтері, әуелде аздау болғанымен, кейініректе молынан қолданылатындықтан, бұл тіл е с к і қ а з а қ ж а з б а т і л і деп арнайы терминмен аталып жүр.

Әрине, ескі қазақ жазба тілі бастан-аяқ қазақтың халық тілі болмағанмен, сауатты, хат танитын адамдардың құралы болды.

Әсіресе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ағартушылар, белгілі түркітанушы ғалымдар жазу-сызуды реформалау қажеттілігіне айрықша назар аударып, демократиялық бағытқа қарай бетбұрыс жасауды көздеді. Жазу-сызуды демократияландырудың негізгі мәні жазуды барынша халық тіліне жақындату еді. Жазу жүйесіндегі таңбалар ауызша тілдің дыбыстық жүйесіндегі бірліктерді бейнелеуге тиіс болды. Ал бұрынғы араб әліпбиіне негізделген түркі жазуының графикалық жүйесінде ауызша қолданыста жоқ архаикалық элементтер мен орфографиялық шарттылықтар, екіұшты оқуға болатын графемалар жиі кездесіп отырды. Міне, мұндай "олқылықтар" араб әліпбиінің түркі тілдерінің дыбыс жүйесіне жарамсыз деген пікірлердің жиірек айтылуына себеп болды. Бұл жерде араб әліпбиін "жарамсыз" деуден бұрын, алдымен араб әліпбиіне негізделген түркі жазуы қайсы тілдің дыбыстық жүйесінің графикалық репрезентанты (көрінісі) деген мәселенің басы ашылмаған болатын. Шындығында, ол кездегі түркі жазба тілі белгілі бір халықтық тілдің ("тірі" тілдің) лексикалық, грамматикалық, дыбыстық жүйесінің дәлме-дәл графикалық манифестациясы емес, халықтық тілден едәуір айырмасы бар кітаби тілдің тұрпат межесін (план выражения) белгілейтін графикалық жүйе болатын. Сондықтан ол кездегі тілдік жағдаятты гомогенді диглоссия деп тануға болады. ХІХ-ХХ ғғ. гомогенді диглоссия жағдаяты ағарту ісін қалың бұқараға қарай бұру ісіне қиындық келтіре бастады. Жазу-сызуды азғана топтың емес, жалпы жұртшылықтың игілігіне айналдыру мақсаты тұрды. Жалпы жұртшылықтың сөйлейтін тілінен, оқыған сауатты адамдар қолданатын кітаби тіл жүйесінің едәуір айырмасы болды. Осымен байланысты барлық ағартушылар алдында екі түрлі бағыт тұрды. Бірі бұрынғы кітаби тілдің жазу жүйесін өзгертпей-ақ халықтық тілдің элементтеріне кеңінен жол ашу; екіншісі - жазу-сызуды ауызша тілдің жүйесіне лайықтап жасау, яғни жазу-сызу жүйесін түбегейлі реформалау еді.

Жазу-сызумен байланысты бұл екі бағыт қазақ қоғамының мәдени өмірінде жарыса жүрді. "Дала уалаяты", "Айқап", "Қазақстан" т.б. мерзімді басылымдар мен кейбір баспа өнімдері тіліне халықтық тіл элементтері дендеп ене бастағанмен, ескі жазба тілге тән кейбір нормалар сақталып отырды. Оның бірнеше себептері болды. Солардың негізгілері, бір жағынан, дінге, екінші жағынан, жазудағы ортақ дәстүрлі норманы сақтау дегенге саяды: "[...] үш жyз миллион мұсылман халықтың арасында біз, қазақ та, бармыз. Біз де сол жүз миллион мұсылмандарша араб хәрпін қабылдап отырмыз. Біздің тіліміздегі бар дыбыстардың араб хәрпінде жоқтары бар, араб хәрпінде бар дыбыстардың біздің тілімізде жоқтары бар. Соның үшін араб хәрпін тілімізге дөп келерлік етіп бейімдемек, жазуды еркін бет-бетімен жаза бермей, белгілі бір соқпаққа салмақ бізге де міндет. Бұрын бұл мәселе ескерілмесе де, енді ескерілетіғұн көрінеді. Соқпақ саламыз дегенде ескерілетін жерлер:

Біз, қазақ халқы, мұсылман дініндеміз, мұсылман болғанымыз үшін біздер мұсылман дінін үйренуге, шариғат хүкімдерін білуге, ислам дінінше амал қылуға борыштымыз. Ислам дінінше амал қылу үшін біз "Құран" оқуға, үйренуге міндеттіміз. Соның үшін біз өзімізге арнап емле түзгенде, сол ислам дінін үйренуден алыстарлық емле қолданбаумыз керек. Балаларымыз діни рухта тәрбие алсын. Жұрттың бәрінің бірдей балаларын зор медреселерге жіберіп, ислам ғылымын түгел оқытуға парасатты бола қоймайды; бір қатарлары балаларын тезірек хүкімет мектебіне береді; бір қатарлары намаздығын танып, жазу-сызу білетұғын болған соң үй шаруашылығына айналдырады; соның үшін де балаларымыздың жасынан-ақ дін ғылымына түсініп, құран оқуға үйренуі, араб хәріптеріне жаттығулары тиіс. Қазақша "Әліппе" жазушылар осы жағын өте ескеру керек. Осы күнгі қалыпта хүкімет мектептерінде оқып жүрген қазақ шәкірттерінің көбі-ақ бұл айтылған қалыпқа келіп жетпейді. Араларында Құран аятынан екі жол қосып оқи алмайтындары да толып жатыр, бұл - бір.

Екінші, хәріп жаңа "Әліппе" жұртты қосуға да, айыруға да себепкер болғандықтан, біздің тұтынған хәрпіміз басқа түркі балаларының хәріптерінен ұзақтап бөлініп кетпеске тиіс; аталарымыз "саяқ жүрсең таяқ жерсің" депті ғой. [...] біз не де болса бізден көрі мәдениет дyниясына бұрын аяқ басқан, бізден көрі ояуырақ діндес-қандасымыз ноғай жұртынан алыс жүрмелік. Соларменен ұрандасып, бірімізге біріміз шылбыр берісіп, бірге қимылдалық" (М.Сералин. Айқап. №4. 1914.).*

Ал екінші бағыт ескі кітаби тілдің грамматикалық жүйесінен (араб әліпбиінен) мүлде бас тартып, орыс жазуына көшу болатын. Бұл жөнінде кейбір қазақ оқығандарының арасында айтылып жүрген пікірлердің сыңайы мынадай: "Инспектором инородческих школ Оренбургского ученого округа г.Катаринским, при участии учителей-киргиз, составлен и частью издан целый ряд книжек для чтения и элементарных учебников для изучения киргизами русской грамоты и русского языка...

Важной особенностью всех этих книжек является то, что киргизский текст напечатан в них русскими буквами. Этим достигается та выгода, что для учащегося киргиза до невероятности облегчается возможность научиться читать на родном языке, если киргизские слова изображены русскими буквами. Это потому, что русская азбука гораздо лучше и точнее передает звуки киргизского языка, чем арабская, при том одна и та же арабская буква имеет несколько начертаний, что представляет главное неудобство арабского алфавита. При том же, при новом способе начертания киргизского текста, по одной и той же книжке могут с одинаковым успехом учиться как киргиз русскому языку, так и русский киргизскому. Счастливая мысль - заменить для киргиз арабский алфавит русским, как известно, впервые пришла в 70-годах известному Алтынсарину, применившему ее на деле, и с тех пор составляет мечту всех образованных киргиз, желающих облегчить своему народу путь к просвещению. Тем более эти книги достойны внимания, что они являются первой после Алтынсарина, попыткой освободить киргизский язык от арабщины и татарщины, которыми сплошь и рядом наполнены

обыкновенные киргизские книжки" (О.Альжанов. Полезные книги для киргизов).

Қазақ тілін "арабщина", "татарщина"-дан "құтқару" идеясы шын мәнінде проф. Н.Ильминскийдің миссионерлік саясатының "жемісі" болатын. Н.Ильминский қазақтарды ашықтан-ашық ислам мәдениетіне қарсы қою әрекетінен нәтиже шықпасын жақсы білді. Қазақ қоғамындағы ислам мәдениетінің түп тірегі жазуда екенін, бұратана халықтарды дәстүрлі дінінен айыру үшін ең алдымен олардың әліпбиін, жазу-сызуын аластау екенін жақсы түсінді. Қазақ қоғамындағы араб жазулы рухани дүниенің бәрін "татарша", "тілі шұбарланған", "таза емес", араб-парсы сөздерімен шұбарлаған деп қазақтың ескі жазба тілі (кітаби тілі) деп аталатын рухани-мәдени феноменді халық тіліне қарсы қойды. Бірін даттап, екіншісін мақтады.

"Алфавит служит обыкновенно признаком и памятником соотношений религиозных. Та почти историческая аксиома, что когда один народ принимал от другого народа веру, то вместе с верой принимал от него и алфавит.

...Если бы каким-нибудь чудом все подвластные России племена, исповедующие магометанство, вдруг приняли православную веру, то и русский алфавит вошел бы к ним без всякого затруднения. Но пока они остаются в магометанской вере, до тех пор русской азбуке будет крайне трудно бороться с алфавитом арабским. Если, в виду тех или других соображений необходимо ввести в языки магометанских племен русскую азбуку, то нужно найти или создать какую-нибудь опору для нее в симпатии магометан. За недостатком религиозного сочувствия, можно опереться, например, на идею звукового преимущества. Арабский алфавит очень неудобен для языков татарских, беден знаками для гласных звуков, которыми напротив языки татарской группы богаты" .

Осылайша Н.Ильминский араб әліпбиі түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің дыбыс жүйесін, әсіресе дауыстыларын бере алмайды деп, қазақ оқығандарын иландыруға тырысады. Қазақтың ескі кітаби тілінің құрылым жүйесінде кездесетін а) архаикалық белгілерді, ә) қарлұқ, б) оғыз-қыпшақ, в) қыпшақ элементтерін, г) орфографиялық шарттылықтардың бәрін "татардікі", "қазақтікі" емес деп уағыздайды. Сол уағызға ерген кейбір қазақ оқығандары қазақтың ескі жазба тілін "татарщина", "арабщина" деп жағымсыз реңмен атады.

Н.Ильминский алғаш рет қазақ тілі материалдарын орыс жазуына түсіріп, орыс әліпбиімен берудің үлгісін жасады. Ондағы көздеген мақсаты орыс әліпбиін қазақ оқығандарының санасына сіңіру, сөйтіп, араб әліпбиін "жарамсыз" етіп, қазақ қоғамын ислам мәдениеті мен рухани дүниелерін шеттету еді. Оны Н.Ильминскийдің мына сөзінен айқын аңғаруға болады: "Так и у нас в России единство алфавита, даже самое точное, не приведет к внутреннему единению инородцев с русскими, пока первые не объединятся с нами в вере православной. Я даже полагаю, что иноверные инородцы, имеющие свою религиозную письменность, как, например, татары-

магометане, или ламайцы-буряты, не примут русского алфавита ни целиком, ни с какими угодно приспособлениями и прибавками. Все наши инородцы, как и русский сельский народ, находятся в периоде религиозного миросозерцания и руководствуются религиозными мотивами".

Н.И.Ильминскийдің қазақ тілі дыбыстарын орыс әліпбиіндегі әріптермен таңбалауы онша сәтті бола қойған жоқ. Араб әліпбиіндегі әріптер дауыстыларды таңбалауға кедей болса, орыс әліпбиі дауыссыздарды таңбалауға жеткіліксіз болып шықты. Н.И.Ильминскийден кейін де қазақ мәтіндерін орыс әліпбиімен берудің В.В.Радлов, Ы.Алтынсарин, В.Катаринский т.б. жасаған үлгілері болды. Бірақ сол үлгілердің бәріне ортақ кемшілік - қазақ тілі фонологиялық жүйесінің жыға танылмауымен байланысты еді.

Міне, осы қысқаша баяндаудан халық тілінің дыбыстық жүйесін белгілейтін жаңа типтегі әліпби түзуде, жазу үлгісін жасауда едәуір қайшылықтар мен қиындықтардың діни, азаматтық, дәстүрлі мәдениет пен ағартушылықтағы жаңа бағыт т.б. тәрізді аса күшті әлеуметтік факторлармен байланысты екенін байқауға болады.

Сонымен, қазақ жазуына реформа жасаушылардың алдында негізінен мынадай басты міндеттерді шешу күн тәртібінде тұрды: қазақ жазу-сызуы қай тілдің графикалық тұрпатында болуы керек?

Графикалық жүйенің мазмұн межесі байырғы түркі жазба тіліне тән архаикалық элементтерді, қарлұқ, оғыз-қыпшақ (қыпшақ-оғыз), таза қыпшақтық, қазақтық белгілерден тұратын құрылымдық жүйені белгілеуі керек пе, әлде бірыңғай таза халықтық тілдің (сөйлеу тілін) жүйесін тірек етуге тиіс пе? Жазу жүйесі жалпы халықтық тілдің құрылымын арқау етсе, қай әліпбиге (араб әліпбиіне, әлде орыс әліпбиіне) негізделуге тиіс? Тілдегі фонемалардың инвентары дұрыс анықтала ма?

A.Байтұрсынұлы жазу-сызудың арқауы халықтық тіл болуы керек деген тұжырымды ұстанып, жазуды аз ғана оқығандардың емес, көпшіліктің білім, тәрбие құралына айналдыру, яғни жазу-сызуды демократияландыру қағидасын дәйекті түрде жүзеге асырды.

Солай еткенде ғана жазу-сызу ат төбеліндей аз ғана элиталық топтың ғана емес, күллі халықтың игілігіне айналуға тиіс болды. Осымен байланысты ағартушылардың алдында екі таңдау тұрды. Біріншісі – оқу-ағарту, сауаттандыру ісінің бұқаралық сипат алуы үшін араб графикасына негізделген бұрынғы әліпбиді негізге алып, ескі жазба тілдің графика емле дәстүрін сақтай отырып, қолданыстағы жазу дәстүрінен қол үзбей, тек азды-көпті оңтайландыру болды.

Екіншісі – ескі жазба тілдің графикалық жүйесінен мүлде бас тартып, қара халықтың ауызша тіліне негізделген әліпби жүйесін жасау еді. А.Байтұрсынұлы екінші жолды таңдады. Мұның бірнеше себептері болды: біріншіден, күнделікті өмірде қолданылып жүрген тілдің дыбыс жүйесін арқау еткен жазу-сызуды халық тез игеретінін, екіншіден, Р.Сыздықтың айтуынша, ХV – ХVІІ ғ.ғ. қазақ халқының мәдени өмірінде […] қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан поэзия тілінің негізінде ауызша

дамыған әдеби тіл қызмет етті. Осы аталған ауызша тілдің үлгілері болып саналатын шешендік сөздер, этикалық туындылар, ақын-жыраулардың аса мол көркем дүниелері, мақал-мәтелдер, тұрмыс-салт жырлары т.б. түрінде жазба тілдің нормаларына тірек болатынына, сондай-ақ Ахаң қазақ тілінің бірегей, біртұтас тіл екеніне жете мән беріп, тереңнен түсінді. Бұл фактор жазуды халық тіліне негіздеудің тиімділігін көрсетті. Ал өзбек, ұйғыр, татар тілдерінде қазақтарға қарағанда диалектілік құбылыс басым болды.

Халық арасына аса кең тараған эстетикалық-тәрбиелік, танымдық мәні, көріктеуіш құралдары, азаматтық-қоғамдық үні айрықша ауызша әдебиет үлгілері бар екенін, оның қалыптасқан тілдік, стильдік нормалары жаңа сападағы жазу-сызу тyзуге мықты тірек болатын әлеуметтік-тілдік фактор екенін А.Байтұрсынұлы терең түсінді.

Жалпы тіл білімінде тұңғыш фонологтар деп әдетте әліпби түзушілерді айтады (олардың фонологиялық зерттеу жазуы шарт емес). А.Байтұрсынұлының қазақ тілінің дыбыстары жөніндегі фонологиялық көзқарасы алдымен өзі түзген әліпбиден көрінеді "Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз. Дауысты дыбыстар: .... /а/, .../о/, .../ұ/, ...ы//, .../е/. Дауыссыз дыбыстар мынау: .../б/, .../п/, .../т/, .../ж/, .../ш/, .../д/, .../р/, .../з/, .../с/, .../ғ/, .../қ/, .../к/, .../г/, .../ң/, .../л/, .../м/, .../н/. Жарты дауысты дыбыстар: шолақ .../у/, һәм шолақ .../й/".

Қысқасы, А.Байтұрсынұлы "Бес дауысты" жүйемен әліпби түзе келіп, олардың әрқайсысын бір-бір әріппен белгілейді. Сөйте отырып, әлгі әріптер арқылы жазуда әр фонеманың екі түрлі әуезін (жуан, жіңішкелігін) сол фонеманың таңбасына сыйғызып береді. Сөйтіп, инварианттардың варианттары үшін бас-басына әріп алмай-ақ, дәйекші арқылы жуан немесе жіңішке (дәйекші болмауы - жуан оқуды, дәйекші болуы - жіңішке оқуды) әуезде оқылатындай жазу жүйесін жасайды. А.Байтұрсынұлы әліпби жүйесінің, түптеп келгенде, қазіргіден өзгешелігі әріптердің фонемалық мәнді бере отырып, дыбыстық мәнді де, сөз әуезінде (жуан-жіңішке әуезін) білдіріп, біте қайнасып тұрған ішкі құрылымдық ерекшелігінде. "Біте қайнасқан" бұл ерекшелік қазақ тілінің сингармонизм жүйесімен ерекше үйлесім табады: "Тәнді жан қандай билесе, дауысты дыбыстар басқа дыбыстарды солай билейді; яғни дауысты дыбыстар жуан айтылса, дауыссыз я жарты дауысты дыбыстар да жуан айтылады. Дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, басқа дыбыстар да жіңішке айтылады. Бұлай болғанда дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке айтылмағын белгілеп айырсақ, басқа дыбыстардың да жуан-жіңішке айтылатындығы да айырылғаны" /А.Байтұрсынов, Тіл тағылымы, 325-б./.

А.Байтұрсынұлы түзген әліпбидегі жүйені қатаң ұстана отырып, тек бірер дауыссызды ықшамдап алатын болсақ /қ, к, ғ, г-лердің арнына к, г-ні ғана алып/, бұл әліпбидегі фонемалар мен әріптердің сандық қатынасы 26 /фонема/: 22 /әріп/ болып шығады. Мұндай қатынас, "әліпбидегі әріптің саны фонеманың санына аз-кем төмен болуға тиіс" деген жазу теориясының жалпы шартымен үйлесіп жатады.

А.Байтұрсынұлы тек әліпби түзіп қойған жоқ, фонология теориясындағы айырым белгі әдісін қолдану арқылы қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен түзілімін 9 дауысты, 19 дауыссыз деп тұңғыш рет дәл анықтады. Дауыстылар мен дауыссыздарға берген сипаттамасына қарағанда А.Байтұрсынұлы дауыстыларды функционалдық басыңқы жүйе, ал дауыссыздарды функционалдық бағыныңқы жүйе деп таниды. Мұндай лингвистикалық танымның мәні айрықша. Әдетте басыңқы жүйенің (дауыстылардың) бағыныңқы жүйеге әсері, ықпалы күшті болады. Соның салдарынан бағыныңқы жүйенің (дауыссыздар) жүктемесі де көбейе түседі. Мәселен дауыстыларға қарағанда дауыссыздардың реңктері (аллофондары) әлдеқайда көп болып, басыңқы жүйенің ыңғайына қарай жуан, жіңішке, еріндік, езулік болып түрленіп отырады. Сөйтіп, жуан немесе жіңішкелік белгі бүкіл сөз бойы тұтаса айтылып, сегменттік бөлшектік бірліктерге бөлінбейді, яғни суперсегменттік (әуен-әуез) бірлікке айналады. «Байтұрсын әліпбиіндегі» (жалпы тіл біліміндегі атауы, Самойловичтің термині) дәйекші суперсегменттік бірлікті көрсетсе, жеке әріптер сегменттік бірліктерді көрсетеді. Байтұрсын жазуының графемалық жүйесі тұрпат межесі тұрғысынан сегменттік әрі суперсегменттік бірліктерді (жуан, жіңішкелікті) белгіледі. Сондықтан да бұл жазу жүйесі қазақ тіліндегі сингармонизм табиғатымен барынша үйлесімді болды. Байтұрсын жазу жүйесінің бұрынғы араб әліпбиі негізіндегі ескі қазақ жазу жүйесінен, орыс әліпбиіне негізделген жазу жүйесінен принципті айырмасы осында еді. А.Байтұрсынұлына дейін араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуының тұрпат межесі жуан немесе жіңішкелік белгілерді сегменттік бірлік түрінде, дауыссыздардың ырқына бағындырып бейнеледі, яғни дауыстылардың жуан, жіңішкелігі дауыссыздардың жуан немесе жіңішкелік таңбасына қарай оқылады. Ал бұл аталмыш жазудың мазмұн межесі ортағасырлық жазба тілге тән архаикалық белгілерді, оғыз қыпшақтық, қазақтық элементтерді таңбалады. Орыс әліпбиіне негізделген жазу болса, біріншіден, сөздің жуан немесе жіңішкелігіне тән суперсегменттік белгілерді сегменттік бірлік түрінде "бөлшектеп" берді, екіншіден, дауыссыздар жүйесінің дауыстылар жүйесіне бағыныңқылық қатынасы ескерілмеді. Орыс әліпбиіне негізделген жазудың мазмұн межесі халық тілінің мағыналық бірліктерін, тұрпaт межесі халықтық тілдің дыбыстық жүйесін белгілеуге бағытталды.

А.Байтұрсынұлы түзген әліпбиді сол кезеңдегі фонологиялық мектептің аға буын өкілдері, әлемдік лингвистиканың көшбасшылары болған Е.Д. Поливанов* , Н.Ф.Яковлев* тәрізді көрнекті фонологтар аса жоғары бағалады. Тyркітанушы К.К. Юдахин мен А.М. Сухотин* латын жазуына көшкенше қырғыз халқының Байтұрсын әліпбиін сол күйінде қолданғанын атап айтады. Мұның өзі Байтұрсын әліпбиінің ұлтаралық мәртебесін көрсетеді.

Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы түзген әліпби жазу тәжірибесінде жұртшылықты сауаттандыру ісінде өте оңтайлы болғанын М.Дулатұлының мына пікірінен айқын аңғаруға болады: "Қазақ тілін қолына қалам ұстағаннан бері шылғи қазақша жаза бастаған Байтұрсынов қазақ емлесі[н]

шығарды, оқу құралдары[н] жазды. Осы екі жылдың ішінде "Қазақ" газетасының тіл, емле туралы қылған қызметі көзге көрінерлік болды. Екі жылдың ішінде орта есеппен 250 мың дана "Қазақ" нөмірі тарады, жаңа сөйлеммен 15-тей кітап шықты, бұлар 45 мың данадай бар. Осының бәрі қазақ арасына тарап жатыр. Бұл емлені тосырқап түсінбейміз, оқи алмадық деген ешкімді естігеніміз жоқ. "Қазақ" емлесін мұсылман медреселерінде, орыс школдарындағы шәкірттер, учительдер, мұғалімдер жабыла қабыл еткендігі былтырғы "Қазақ" нөмірлерінің көбінен көрінеді. Бұл екі жылдық қана қызмет, иншала, мұнан кейін артпаса, кемімес деген үміт зор".

А.Байтұрсынұлы бұрын тек бір ғана формада, яғни ауызша түрде қызмет етіп келе жатқан ауызша әдеби тілдің графикалық, орфографиялық жүйесін жасап, оның жазбаша түрде қызмет етуінің негізін қалады. Таңба теориясы тұрғысынан алғанда А.Байтұрсынұлының жасаған араб әліпбиі негізіндегі жазу жүйесі тұрпат межесі тұрғысынан (в плане выражения) жалпыхалықтық тілдің бір формасы болып табылатын ауызша әдеби тілдің дыбыс бірліктерін, ал мазмұн межесі тұрғысынан (в плане содержания) аталмыш тілдің мағыналық бірліктерін белгіледі. Қазақ тіл білімі тарихында А.Байтұрcынұлы қазақ тілінің дыбыстық сегменттік бірліктері түзілімін дәлме-дәл анықтауы арқылы ұлттық жазудың тұңғыш фонемографиялық жүйесін жасады.

ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында қазақ жазу-сызуы демократиялық бағытқа (халық тіліне) бет түзеді; фонетикалық жазудан фонемографиялық жазуға қадам басты; ұлттық жазудың негізі қаланды. Қазақ жазуының онтогенездік дамуындағы бұл ерекше кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы ақыл-парасаты, қажыр-қайраты лингвистикалық ой тереңдігі жағынан дәуірдің дара тұрған біртуар ұлы тұлғасы болды.

Алайда қазіргі қолданылып жүрген орыс графикасына негізделген жазуды, менің ойымша, ұлттық сипаттағы жазу деп тануға болмайды, өйткені, біріншіден, әліпби құрамында қазақтың дыбыс жүйесін бейнелемейтін әріптер бар. Екіншіден, қазақтың төл сөздері қазақ тілінің дыбыс ережесімен, ал толып жатқан кірме сөздер (экономика, медицина, цех, футбол т.б.) орыс орфографиясының ережесімен жазылып жүр. Бұл – Кеңестік кезеңде Орталықтың нұсқауымен жасалған, тоталитарлық режімнің «құндылықтары». Мұндай қос тілді орфографияны ұстанған жазу-сызуды ұлттық сипаттағы рухани дүниеміз деп тану екіталай. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлынан тағылым ала отырып, қазақ жазуын түбегейлі реформалау арқылы оған ұлттық сипат беру кезек күттірмес өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Нұргелді Уәлиұлы

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341