Сейсенбі, 31 Желтоқсан 2024
4503 3 пікір 6 Қыркүйек, 2019 сағат 10:34

Қызылорда облысы активінің отырысында алғашқы кезекте орындалатын басты міндеттер талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауында ел өміріндегі түйткілді мәселелердің түрлі шешімдерін нұсқаған еді. Сонымен қатар, Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Бұл бағытта Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылатыны бүгінгі облыс активінде айтылды. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыс активін жинап, аймақта алғашқы кезекте орындалатын басты міндеттерді талқылады.

Актив отырысына  Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Сарқұлов Ұлан Серікұлы, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме басшылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Айта кету керек, әлеуметтік саланы кеңінен қамтыған, мәні мен маңызы айрықша бұл Жолдауды ел ерекше ықыласпен қабылдауда.

«Өз кезегінде әрбір отандасымыздың әл-ауқатын жақсарту мен елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттер қатарына қосу - Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарындағы мәселе екендігіне тағы бір көзіміз жетті.  Сондықтан сәт сайын құбылып, геосаяси жағдайдың жылдам өзгерістерге ұшырап жатқан кезінде Президенттің тапсырмалары мен бастамаларын бұлжытпай орындап, Сыр елінің ауызбірлігі мен сын сағатта сыр бермейтін игі қасиетін көрсетуіміз қажет. Бұл орайда, біздің ендігі міндет – әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту»,-деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатынын, сондай-ақ Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды тапсырды.

«Президентіміз индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеру қажеттігін атап өтті. Жалпы, индустрияландыру бағдарламасының  І және ІІ бесжылдығы аясында өңірімізде құны  150 млрд теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, өнеркәсіп өніміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2010 жылы 4,3 пайыздан  2018 жылы 12,6 пайызға жетті, яғни бұл көрсеткіш 3 есеге артты. Сонымен қатар, шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өсті. Екінші бесжылдық аясында 28 жобаның 7 іске қосылды, жыл соңына дейін тағы  4 жоба жұмысын бастайды»,-деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға қойылған міндеттердің бірі – шетелден тікелей инвестиция тарту. 

Осы орайда, облыста инвестиция тартуды жетілдіру жөнінде іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып, 2016 жылдан бастап инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес  жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда әлеуметтік жаңғыруға ерекше маңызды мәселе тұрғысынан тоқталды. Білім саласы бойынша, мамандар даярлау жүйесінің нақты еңбек нарығынан тыс қалып, еңбек ресурстарының балансын есепке алмаудың тиімді әдістемесі қалыптаспағанын атады. Ендігі жерде оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби  бағыт-бағдар беруді міндеттеді.

«Өздеріңізге белгілі, үш жыл қатарынан қызылордалық түлектердің университеттер мен колледждерге  түсу  көрсеткіші  97 пайызға  жетті. Қазіргі кезде облыстың экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақтың мамандарға деген сұранысы негізінде орналастырылуда. Нәтижесінде, 2019-2020 оқу жылында 22 жаңа мамандық ашылды. Облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес колледждерде «жаңа мамандықтар атласын» зерделей отырып, өңірге қажетті жаңа мамандықтарды ашуды және бітірушілерді тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізуді жандандыруымыз қажет»,-деп атап өтті аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жастарды белсенді волонтерлік жұмысқа тарту қажеттігін сөз етіп, бұған тек кредиттер мен оқудағы жеңілдіктер үшін емес, өздерінің жүрек қалауымен, шынайы ниетімен келуі тиістігін ескерткен болатын.

«Еріктілік - біздің қоғамдағы ерекше құрмет тұтуға лайық іс. Жасаған жақсылықтары үшін өтемақы мен материалдық қажеттілікті талап етпейтін «еріктілер» қызметін жоғары бағалауымыз керек. Бұл ретте, ата-бабамыздан келе жатқан, «Асар», «Жылу жинау», «Кеусен беру» салтымызды жандандырғанымыз жөн»,-деді Қ.Ысқақов.

Жиын барысында аймақ басшысы Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, актив отырысында академик, қоғам қайраткері Досманбетов Бақберген Сәрсенұлы, Q-MED клиникасы қоғамдық қорының жетекшісі Базарбаева Раушан Ахметуллақызы Жолдауға байланысты өз пікірлерімен бөлісті.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2124