Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Саңлақ 7778 25 пікір 24 Қыркүйек, 2019 сағат 15:40

«Qazsport» қазаққа не көрсетіп жүр?

«Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына кіретін Qazsport телеарнасы 2013 жылы 1 шілдеде ашылды. Содан бері елдегі спорт жанкүйерлері осы арнаны тамашалап келеді. Елімізде тұңғыш рет спорттық арна ашылады дегенде бөркімізді аспанға атқан едік. Өз спортшыларымыздың жетістігін өз арнамыздан көреміз деп...

Qazsport-тің әуелдегі мақсаты Қазақстанның спорттағы жетістіктерін дәріптеу болатын. Спортшыларымыз қатысқан байрақты бәсекелерді көрермен назарына ұсынып, ел спортының дамуына өз үлесін қосу міндеті жүктелген. Сонымен қатар, спорт арқылы жас жеткіншектерді Отан сүйгіштікке баулуға тиіс еді. Алайда, аталған арнаның соңғы жылдардағы жұмыс істеу бағыты көрермен көңілінен шығып жүрген жоқ.

Бұлай деуімізге бірінші себеп, арна еліміз спортшылары қатысқан ірі жарыстарды тікелей эфирде көрсете алмай отыр. Спортшыларымыз жүлде алған қаншама халықаралық турнирлер тікелей эфирден тыс қалды. Qazsport-тан қайыр болмаған соң жанкүйер қауым амалысыз шетелдің спорттық арналарын сатып алып, көріп жүр.

Еліміз спортшылары биыл жыл басынан бері көптеген ірі жарыстарға қатысты. Мәселен, бокстан Таиландта өткен Азия чемпионаты, Қытайдың Нинбо қаласында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты, Қытайдың Сиянь қаласында Күрес түрлерінен Азия чемпионаты, Дохада өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты, Ташкентте өткен Көркем гимнастикадан әлем кубогы, Қытайдың Нинбо қаласында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты. Бірақ, біздің Qazsport осының бірде-бірін көрсеткен жоқ.

Бұлар шетелде өткен жарыстар. Биыл сәуір айында Алматыда футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының Төрттік финалы өтті.Төрттік финал Еуропа футзалының ең шоқтығы биік турнирі. Бұл жарысқа Еуропаның ең мықты деген төрт командасы ғана қатысады. Биыл Алматы төрінде қазақ футзалының мақтанышы «Қайраттан» бөлек, «Спортинг» (Португалия), «Интер» (Испания), «Барселона» (Испания) командалары өнер көрсетеді. Qazsport өз үйімізде өтіп жатқан осы жарысты да көрермен назарына ұсынған жоқ. Қайта «Хабар» телеарнасы қазақ жанкүйерлеріне үлкен сый жасап, осы турнирді тікелей эфирге шығарды.

«Қайрат»

Енді алысқа бармай, күні кеше орын алған келеңсіздікті сөз етейік. Елордамызда 14-22 қыркүйек аралығында күрес түрлерінен лицензиялық әлем чемпионаты өтті. Өз салмағында үздік шыққан алты балуан 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алмақ. Обалы нешік, Qazsport бұл жарысты көрсетті (өз жерімізде өткен әлем чемпионатын көрсетпесе болмас).

Бірақ 20 қыркүйек күні жүрісінен жаңылды. Ол күні боз кілемге еркін күрес шеберлері шыққан. Кешкі сессияда қазақ балуандары үшін аса маңызды кездесулер өтті. Атап айтқанда, Нұрислам Санаев (57 келі) қола медальге, Дәулет Ниязбеков (65 келі) алтын медальге таласты. Бұл екі кездесу де жергілікті уақыт 19:30-дан кейін өтті. 18:00-де басталған кешкі сессияны көрсетіп отырған Qazsport осындай жауапты сәтте (19:00-ден бастап) хоккейден «Барыс» - «Трактор» матчын көрсетіп кетті. Сөйтіп, теледидарға телмірген қалың көрермен Ниязбеков пен Санаевтың соңғы белдесуін көре алған жоқ.

Күрес ғана емес 20 қыркүйек күні бокстан әлем чемпионатының да жартылай финалдық кездесулері өтіп жатқан. Сағат 20:00-де басталған кешкі сессияда үш боксшымыз финалға шығу үшін жан салып жатты. Ал Qazsport эфирінде жаңа маусымды енді бастаған, маңыздылығы төмен «Барыстың» ойыны.

Бокс. Жартылай финалдық кездесулер, кешкі сессия (20:00):

69 келі: Абылайхан Жүсіпов - Андрей Замковой (Ресей)
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов - Хулио Сезар Ла Круз (Куба)
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев -Джастис Хуни (Австралия)

Әлем чемпионатының финалында қос балуанымыз белдесіп жатса; үш боксшымыз әлем чемпионы атану үшін барын салып жатса, елдегі жалғыз спорттық арна трансляцияны орта жолдан үзіп, түк маңызы жоқ хоккейге кезек берді. Хоккей аяқталған соң, Qazsport күрес пен бокстың қайталауын көрсетті. Соған қарағанда, Qazsport басшылары үшін әлем чемпионатына қарағанда күнде болып жатқан хоккей маңызды секілді.

Біздің бұл сөзімізді арна басшысы Павел Цыбулиннің өзі растайды. Павел Валерьевич бір сұхбатында бұны қадап тұрып айтқан.

- ҚХЛ плей-офф кезеңіндегі «Барыс» матчтарының трансляциясы маңызды екенін ескеру қажет. Хоккей тартыстарының барлығы тікелей эфирде таратылады, бұл тіпті, талқыға да салынбайды. «Барыс» және оның жанкүйерлері үшін біз барлық чемпионаттарды таратуға дайынбыз, - дейді Цыбулин.

Павел Цыбулин

Міне осы ұстанымына берік тұрған Цыбулин мырза әлем чемпионатына қатысып жатқан балуандарымыз бен боксшыларымызды "лақтыра" салды. Арна басшылары білмесе біз айтайық, қазақ жанкүйерлері үшін ең қызықты спорт түрлері бокс, күрес және ауыр атлетика. Еліміз спортшыларының оң жамбасына келетін спорт түрелрі де осылар. Ал хоккейді телеарна басышалары жақсы көреді екен деп тұтас көрерменге тықпалай алмаймыз...

Көңілге көлеңке түсірген екінші бір мәселе, бұл арна әубаста ұлттық жоба ретінде жұмыс бастағанымен, қазіргі таңда қазақ қоғамынан алыстап барады. Ұлттық спорт түрлерін көрсетуі мүлде нашар екені екібастан белгілі. Бізге телеарна идеологиялық және тілдік тұрғыдан өз жолын таба алмай жүргендей көрінеді. Мәселен, елордадағы күрес түрлерінен әлем чемпионаты мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінде ғана өтті. Ұйымдастырушылар осылай шешіпті. Бірақ Qazsport тікелей эфирде орыс тілінде де жүргізді (таза мемлекеттік тілде өткен спорттық шараларда орыс тілін тықпалағаны бірінші рет емес).

Оның үстіне, отандық жалғыз спорттық арнаның ресейлік спортшылар мен ресейлік командаларға өзге шетелмен салыстырғанда басымдылық беретіні де байқалып қалады.

Мәселен, 2018 жылы көктемде (15 наурыз) футболдан Еуропа лигасының 1/8 финалы аясындағы қарымта кездесулерді көрсету барысында үлкен дау туғаны есімізде. Еуропа лигасының ережесіне сай, бұл кезеңдегі 8 матчтың барлығы бір күнде өтеді. Ал Qazsport телеарнасы сол күні үш бірдей матчты тікелей эфирде көрсетті. Бір қызығы, үшеуі де ресейлік командалардың қатысуымен өтетін ойындар (Зенит, Локомотив, ЦСКА). Дәл сол күні Англияның, Италияның, Германияның алпауыт командалары ойнайтынына қарамастан, Ресейдің командаларын таңдады. Басқаша айтқанда, қазақ жанкүйерлеріне ресейлік командаларды күштеп көрсетті.

Екінші мысал, биыл наурыз айынан бастап Qazsport Еуропаның бес ірі чемпионатын көрсетіп жүр. Әр апта сайын Англия, Испания, Италия, Франция және Германия чемпионаттарынан бір ойын көрсетеміз дейді.

Ал енді мына қызыққа қараңыз, наурыз айынан бері Qazsport эфирінде ең көп көрсетілген команда франция чемпионатында бақ сынайтын «Монако» екен. Қазақстандық жанкүйерлер «Монако» командасының қатысуымен 6 бірдей ойынды тамашалапты. Cалыстыру үшін айтсақ, Еуропаның алпауыттары «Реал» мен «Барселонаның» өзі Qazsport эфиріне төрт реттен ғана шыққан екен.

«Анже» – «Монако» - 2 наурыз
«Монако» – «Бордо» - 9 наурыз
«Монако» – «Реймс» - 13 сәуір
«Монако» – ПСЖ - 21 сәуір
«Монако» – «Марсель» - 15 қыркүйек
«Реймс» – «Монако» - 21 қыркүйек.

Qazsport сүйіктісі «Монако» қандай команда? «Монако» футбол клубының иесі әрі президенті ресейлік Дмитрий Рыболовлев деген адам. Клубтың 66,7%-ы осы кісіге тиесілі. Оның үстіне бұл командада Ресей футболының қазіргі жарық жұлдызы Александр Головин доп тебеді. Мүмкін бұл жай сәйкестік шығар. Егер бұл сәйкестік болмай, әлдекім құрмында ресейлік ойыншы ойнағаны үшін «Монако» қазақстандық жанкүйерлерге өтімді деп ойласа қатты қателесіп жүр.

Александр Головин

Сөз соңында айтарымыз, телеарна басшылығы "Qazsport" арнасын тек қазақтар көретінін білуі керек еді. Мың жерден ресейлік команданы жарнамалағанымызбен еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақстандық телеарналарға пысқырып та қарамайды. Себебі, елімізде хабар тарататын ресейлік арналар өзіміздікінен көп. Сол үшін отандық телеарналар мен баспасөз Ресей жайлы айта беруді тоқтатқаны жөн. Біздің ойымызша, кейбір еліміз жанкүйерлерінің ресейлік спортшыларды өзімсініп, соларға жанкүйер болуына ел билігі мен баспасөзіміз түрткі болып отыр.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963