Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Билік 5429 44 пікір 24 Қыркүйек, 2019 сағат 11:09

Бұл - Тоқаевтың Қазақстан Президенті мәртебесінде АҚШ-қа жасаған алғашқы сапары

Америка Құрама Штаттары саяси және экономикалық процестердің дамуына айтарлықтай әсер ете алатын маңызды әлемдік қатысушылардың бірі.

Өзгелер секілді, Қазақстанның да сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі - АҚШ-пен қарым-қатынастарды дамыту екені түсінікті.

Қазіргі кезде Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен екіжақты байланыстың барлық салаларында белсенді дамуға күш салып жатыр. АҚШ еліміздің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныды (1991 ж. 25 қазан-авт.) және дипломатиялық қатынастар орнатты. Екіжақты қатынастардың дамуындағы тағы бір маңызды оқиға - Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы. Мұндай қадам Қазақстанның бейбіт дамуға деген адалдығын растады және екі ел арасындағы өзара сенімділікті айтарлықтай арттырды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев АҚШ-қа алты рет ресми сапармен барды. Нәтижесінде екіжақты келісімдерге қол қойылды. Бұл екі ел арасындағы одан әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға негіз болды.

Мысалы, 1992 жылы мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың АҚШ-на алғашқы сапары кезінде сауда қатынастары туралы келісімге, инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімге, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияның жасалуы туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

1994 жылы ақпанда Қазақстан мен АҚШ арасында демократиялық серіктестік туралы хартияға қол қойылды. 1997 жылғы қарашада, Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-қа кезекті сапары кезінде экономикалық серіктестік туралы хартияға қол қойылды. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғалар қазақ-американ қатынастарындағы жаңа кезеңнің басталуын белгіледі. Қазақстан Вашингтонда және Нью-Йоркте жасалған террористік әрекеттерді айыптады және АҚШ-тың Ауғанстандағы антитеррорлық науқанын қолдады.

Өз кезегінде Қазақстанның Ауғанстан мен Ирактағы терроризмге қарсы операцияларға көрсеткен қолдауын американдық тарап жоғары бағалады. 2001 жылы желтоқсанда Вашингтонда Н.Ә.Назарбаев пен Дж. Буштың кездесуінде екі елдің басшылары Қазақстан-Америка қарым-қатынасы туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Ол Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған келісімдер еді.

Осы кездесу барысында Қазақстан басшысы тәжірибе алмасуды және екі ел арасындағы кәсіпкерлік саласында ынтымақтастық орнатуды көздейтін Хьюстон бастамасын жүзеге асыру туралы ұсыныс жасады. Нәтижесінде 2002 жылғы 3 қазанда Алматыда Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Л.Нэппер жариялаған Хьюстон бастамасы жүзеге асырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Хьюстон бастамасы - бұл екі елдің жеке секторларын жақындастыруға бағытталған Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы серіктестік. Бұл қазақстандық бизнес секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ өнімдерді бірлесіп өндіру мен әлемдік нарықтарға өткізуге ықпал етеді.

Бұл бастаманы іске асырудың бірінші кезеңінде Еуразиялық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) техникалық қолдау ретінде қазақстандық қаржы институттарына 300 миллион доллар бөлді. Хьюстон бастамасының екінші кезеңі Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруды көздейді.

АҚШ - Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор. Қазақстан экономикасындағы тікелей американдық инвестициялардың үлесі шетелдік инвестициялардың жалпы қоржынында шамамен 23,5%-ды құрайды. Тәуелсіздік жылдарында АҚШ-тың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 15 миллиард доллардан асады. Қазіргі уақта Қазақстанда шамамен 400 американдық компания жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер американдық фактордың Қазақстанның одан әрі экономикалық дамуындағы маңыздылығын айғақтайды.

Қазіргі уақытта АҚШ Қазақстанның энергетикалық ресурстарының экспорттық бағыттарын әртараптандыруды қолдайды. Атап айтқанда, АҚШ Батыс Қазақстан - Батыс Қытай мұнай құбырын салу жобасын, сондай-ақ Қазақстанды Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырына қосу жобасын қолдады. Қазақстанның БТЖ-ге қосылуы туралы келісімге 2006 жылы 16 маусымда Қазақстан Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Әзірбайжан Президенті И.Г.Әлиевтің кездесуі кезінде қол қойылды. Құжатқа қол қойғаннан кейін Н.Ә.Назарбаев бұл жоба Ресей мен Қытай бағыттарын қоспағанда, Қазақстан үшін мұнай тасымалдаудың үшінші жолын ашатынын, бұл Қазақстан мұнайын өндірудің жедел қарқынына әсер етуші маңызды фактор екенін айтты. Бұл саладағы ынтымақтастық Қазақстан мен АҚШ-тың мүдделеріне жауап береді. Қазақстанның энергетикалық ресурстарды әлемдік нарыққа шығаруы мен баламалы аймақтық жобаларға қатысуы жаңа перспективалы нарықтарды игеруге мүмкіндіктер ашады. Бұл Қазақстанның басқа да ірі аймақтық субъектілердің, мысалы Үндістан, Жапония және басқа да жетекші ATР елдерінің Қазақстанның көмірсутек шикізатына деген қызығушылығының артуына ықпал етті.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында өте күшті ынтымақтастық бар. Оның негізі сенімді құқықтық база болып табылады. Сондай-ақ, қауіпсіздік саласында да ынтымақтастық орнатылды.

Қазіргі кезеңдегі қазақ-американ ынтымақтастығының негізгі мазмұны президенттер Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 17 қаңтарда «Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары: ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік» бірлескен мәлімдемесінде көрсетілген.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарына барды. Жоспарда Нью-Йоркте ол БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысу, сондай-ақ мемлекет және үкімет басшыларымен және бизнес өкілдерімен кездесулер өткізу.

Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың американдық The Hill басылымында мақаласы жарияланды. Мұндай жарияланымды шет елге барардан бірнеше күн бұрын жасау Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев негіз еткен дәстүрге айналды. Егер біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын талдайтын болсақ, онда оның негізгі бөлігі Қазақстан экономикасына американдық капиталды тартуға арналған деп қорытынды жасауға болады. Американдық инвестициялар Қазақстанға келуі өткен жылы 45 пайызға артты.

«Біздің елдеріміз арасындағы байланыстар, әрине, экономика шеңберінен асып түседі. Біз АҚШ-пен тығыз серіктестік орнаттық және көптеген маңызды сыртқы саяси мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықта болдық. Бұл өзгермейді. Менің басшылығыммен Қазақстан соңғы үш онжылдықта сәтті жүргізген сындарлы, теңгерімді және тәуелсіз сыртқы саясатты жалғастырады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақаласында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары - бұл Қазақстан Президенті мәртебесіндегі алғашқы сапар. Президенттің айтуынша, ол американдық компаниялар мен инвесторлардың Қазақстан экономикасына тартылуын көбірек көргісі келеді. Ол үшін, барлық басқа кәсіпкерлер үшін Орталық Азия аймағында бұрын-соңды болмаған іскерлік ахуал жасалады.

Керімсал Жұбатқанов,

тарих ғылымдарының кандидаты. Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің доценті.

Abai.kz

44 пікір