ИЫҰ төрағалығы: Міндеттер мен мүмкіндіктер
Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан бүгінде ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Халқының саны жағынан еліміз мұсылман әлемінде 23-ші орынды иеленсе, жер көлемі жағынан олардың арасында бірінші орында. Еліміздің тарихы мен рухани мәдениеті мұсылман әлемімен ғасырлар бойы сабақтас болып келеді.
1995 жылдан бері ИЫҰ-ға мүше мемлекет ретінде Қазақстан бұл Ұйымның іс-шараларына белсене араласып, оның әлем қауымдастығы алдындағы беделінің өсуіне атсалысып келеді. Ендеше, 2011 жылы осы беделді ұйымға басшылықтың Қазақстанға өтуін жер жүзіндегі мұсылман қауымдастығы тарапынан біздің елге көрсетілген үлкен сенім мен қолдау деп қабылдаған жөн. Мұндай сенімді қатынастарға ең алдымен еліміздегі дінаралық және ұлтаралық келісім негізінде орнаған тұрақтылық себеп болып отыр. Сондықтан Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығы еліміздің дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу мен келісім бағытындағы бастамаларына тың серпін берері сөзсіз.
Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан бүгінде ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Халқының саны жағынан еліміз мұсылман әлемінде 23-ші орынды иеленсе, жер көлемі жағынан олардың арасында бірінші орында. Еліміздің тарихы мен рухани мәдениеті мұсылман әлемімен ғасырлар бойы сабақтас болып келеді.
1995 жылдан бері ИЫҰ-ға мүше мемлекет ретінде Қазақстан бұл Ұйымның іс-шараларына белсене араласып, оның әлем қауымдастығы алдындағы беделінің өсуіне атсалысып келеді. Ендеше, 2011 жылы осы беделді ұйымға басшылықтың Қазақстанға өтуін жер жүзіндегі мұсылман қауымдастығы тарапынан біздің елге көрсетілген үлкен сенім мен қолдау деп қабылдаған жөн. Мұндай сенімді қатынастарға ең алдымен еліміздегі дінаралық және ұлтаралық келісім негізінде орнаған тұрақтылық себеп болып отыр. Сондықтан Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығы еліміздің дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу мен келісім бағытындағы бастамаларына тың серпін берері сөзсіз.
Ұйым өзіне мүше елдердің саяси проблемаларымен қатар, олардың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салаларына қатысты түйінді мәселелерді шешумен үнемі айналысып келеді. Ұйымның негізгі мақсаты - мұсылман елдерінің өзара қарым-қатынастарын тереңдету, олардың ортақ табиғи және адами байлықтарының сол елдердің өз мүдделеріне тиімді қызмет етуіне және тұрақты дамуына ықпал жасау, олардың әл-ауқаттарының артуын қамтамасыз ету. Көптеген мұсылман елдері кедейшілік, халық сауатсыздығы, денсаулық сақтау жүйесінің төмендігі, демографиялық жағдайдың қиындығы, террорлық қауіптер, есірткінің заңсыз тасымалдануы және жемқорлыққа байланысты қиындықтардың зардабын әлі күнге тартып келеді. Ұйымға мүше ислам мемлекеттерінің басшылары осындай мәселелердің алдын алуға мүмкіндік беретін ұтымды механизмдерді құруға шақырады.
Еліміз 2010 жылы баршаға белгілі болған тарихи оқиға ЕҚЫҰ-ға төрағалықты үлкен абыроймен атқарды. ИЫҰ мен ЕҚЫҰ-ның алдына қойған мақсаттары көптеген салаларда ортақ. Екі ұйым да халықаралық қауымдастықта бейбітшілікті сақтау, қауіпсіздік және даму мәселелерімен айналысады. Мұсылман елдерінің өкілдері біздің еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы шешімді қуана қарсы алды. Себебі, еуропалық ұйым тарихында алғашқы рет төрағалықты халқының басымы мұсылмандар болып табылатын мемлекет алды. Төрағалық ИЫҰ мен ЕҚЫҰ арасында кең ынтымақтастық орнатуға бірегей мүмкіндік берді. Айта кететін жәйт, осыған дейін ешбір ел әлемдегі ең ірі екі ұйымға қатар басшылық жасамаған.
Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында көтерген басты мәселелеріміздің бірі толеранттылық және халықтар мен өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті тереңдету болды. Қазақстан Ислам әлемі мен Батыс, ислам мен христиан діндері арасындағы үнқатысудың дамуына ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында өз үлесін қосты. Қазақстан алдағы кезеңде Ислам әлемінің еуропалық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуға жәрдем етуге ниетті. Сондықтан ИЫҰ мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты, әсіресе, ксенофобия және исламофобиямен, нәсілдік кемсітушілікпен, нашақорлық, терроршылдық және экстремизммен күресу, мұсылмандардың батыста бейімделу мәселелеріне байланысты салаларда кеңінен дамыту қажет.
ИЫҰ-ның басты мақсаттарының бірі - діндер арасындағы үнқатысуды дамыту болып табылады. ИЫҰ ережесінің І-бабының 11 және 12-тармақтарында: «Төзімділікке негізделген ислам ілімдері мен құндылықтарын сақтау мен тарату, ислам мәдениетін дамыту және ислам мұраларын қорғау»; «Исламның шынайы бейнесін қорғау, өркениеттер мен діндер арасындағы диалогты дамытуға үлес қосу» деген мақсаттар айқындалған. Көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет болып табылатын Қазақстан өркениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды дамытуға бағытталған жаһандық үрдістердің барлығына қолдау жасауға мүдделі.
Мәдениеттер мен діндер үнқатысуы - бүгінгі күннің ең жанды мәселесі. Қазақстан Республикасы сол зәру мәселені дер кезінде көтеріп, дамыта білді, әлем қауымдастығының назарын аудартып, жаңа бастамалар көтерді. Осының барлығы халқымыздың тағылымды тарихынан түйген тәжірибесі арқылы жүзеге асып отыр. Қазақ халқының ғасырлар сынынан сүрінбей өткен толымды толеранттылық тәжірибесі бар. Толеранттылық қағидаларының ел санасына берік орнығуына Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрімге дейінгі имандылықты ұстын еткен ойшылдарымыз үлкен үлес қосты. Сол тарихи дәуірлерде орныққан танымның жемісі ретінде бүгінде елімізде атқарылып отырған игі іс-шаралардың барлығы Қазақстанның ғана емес, әлем халықтарының өркениетті даму үдерісіне елеулі үлес болып қосылары сөзсіз. Қазақстандық тәжірибенің дер кезінде әлем жұртшылығының игілігіне айналуына ИЫҰ-ға төрағалығымыз да өз үлесін қосары анық.
Төрағалық барысында Қазақстан тарапынан атқарылуға тиіс жұмыстар аса ауқымды. Орталық Азия бай табиғи ресурстарға, маңызды геостратегиялық жағдайға ие бола отырып, қазіргі әлемдік саясаттың маңызды бөлігі болып табылатындығын атап өткен жөн. Сол себепті, бұл аймақтың тұрақтылығына ауқымды масштабтың тұрақтылығы тәуелді болады. Қырғызстан Республикасындағы қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін күш салу - баршаға ортақ мүдде. Орталық Азия қауіпсіздігінің мүмкін қауіптері Ауғанстанмен де байланысты. Сондықтан Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығы кезінде осы аймақтағы қақтығыстарды әрі қарай реттеу жоспарлануда. Сонымен қатар, мүше мемлекеттердің индустриялық-инновациялық дамуында қаржылық институттарды көптеп тарту мақсатында Ислам банкінің стратегиялық мақсаттарын жаңарту қажет. Исламдық қаржылық жүйенің тұрақтылығы ТМД аймағында Қазақстанға бірінші болып заңнамалық база мен ислами қаржыландыруды дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
АҚШ президенті Б.Обаманың 2009 жылдың маусымында Каирдегі баяндамасында айтылғандай, 2001 жылдың қыркүйегінде болған жарылыстар Батыс халқында ислам әлеміне қатысты теріс пікірлердің қалыптасуына себеп болды. Ал отаршылдық саясат, қырғи-қабақ соғыс салдарынан болған мұсылмандарды кемсітушілік, олардың тарапынан батысқа деген теріс пікірдің қалыптасуына әкелді. Осыған орай, «Мұсылман әлемі және Батыс» пішініндегі үнқатысуды құру, батыста исламофобиялық көзқарасқа жол бермеу және бүкіл әлем мұсылмандарының Батыс елдеріне қатысты дұшпандық көзқарастың пайда болуын болдырмау мәселелері алдыңғы қатарға қойылып отыр. Терроршылдықпен күресуде халықаралық ынтымақтастық негізгі рөл атқармақ. Дәстүрлі діндер өкілдері де осы бағытта күш біріктіруі тиіс. Біздің мемлекетіміздің алдына қойған маңызды міндеттерінің тағы бірі - экстремизмге қарсы халықаралық қозғалыста ұлтаралық, мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуда бірізділікті қалыптастыру. Біз бұл жолда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы ислам мен Батыс ұстанымдарын жақындастырып, өзара түсінушілік қалыптыстыра алады деп сенеміз.
Қазақстан мыңдаған жылдан бері ислам әлемінің бір бөлігі ретінде танылады, ал сунниттік мұсылмандық халықтың болмысымен ажырамас біртұтас рухани жол болып табылады. Руханилықтың, мәдениеттің, білім мен ғылымның негізгі факторына айналған ислам діні орнықтырған ізгіліктің көп-ғасырлық дәстүрі бүгінгі күні де өз жалғасын табуда. Қазақстанда ислам діні мемлекет пен басқа конфессиялар арасындағы бейбіт келісімді, толеранттылықты, дінге еріктілікті қолдайтын, баршамен ортақ тіл табысуға жетелейтін маңызды факторға айналып отыр. Сондықтан, біздің ислам елдерімен байланысты жандандыра түсуіміз бүгінгі таңда қай кездегіден де қажетті, нәтижелі болмақ. Бұл орайда, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше 57 мемлекет аумағында ортақ рухани, идеологиялық база орнату бағытында ұзақ мерзімге жоспарланған кешенді іс-шаралар жоспарын жасаған жөн. Осы жоспарды жүзеге асыру ислам дінінің біріктірушілік рөлін бұрынғыдан да күшейте түсері анық.
ИЫҰ-мен білім беру, мәдениет, ғылым және технология саласында ынтымақтастықты дамыту Қазақстан үшін маңызды болып табылады. Білім беру, ғылым және мәдениет бойынша Ислам ұйымымен (ИСЕСКО) тығыз байланыс орнату Қазақстанға мәдени мұра ескерткіштерін қалпына келтіру мен сақтау, ислам әлемінің тарих және мәдениет, тіл дамыту салаларындағы зерттеулері бойынша тәжірибе алмасу сияқты ұлттық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Қазақстан өзінің ИЫҰ-ға төрағалығы кезінде бірқатар іс-шаралар жүргізуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Ұйым шеңберінде жоғары оқу орнының оқытушылары өзара тәжірибе алмасуда. Медицина саласындағы, компьютер бағдарламаларын дайындаудағы жетістіктер алмасылуда. Ислам елдерінде дәрі-дәрмек өндіру, ауыл шаруашылығы салалары дамытылып, жаңа зауыттар салынуда, нанотехнологиялық әдістер қолданысқа енуде. Осы орайда исламды қолдап, қорғау, ислам мәдениетін жаңа белеске көтеру мүмкіндіктері де ИЫҰ-ның күн тәртібінен түспеуі тиіс. Екінші мұсылман ренессансының алғышарттарын жасау мүмкіндіктерін ИЫҰ аясында қарастыруға болады.
Ислам діні - сарқылмас даналық ілімі. Зерттеу нысанына айналғанына он бесінші ғасырға аяқ басқанына қарамастан, исламның игерілмеген қырлары әлі де көп. Дін - жанды құбылыс, сондықтан адамзат тарихының өн бойында оның негізгі зерттеу нысандарының бірі болып қала беруі заңды да. Жаһандық жаңа өзгерістер исламның қыр-сырын тереңірек тануды күн тәртібінен түсірмей келеді. Ислам дінін ислам атын жамылған адасқан ағымдардан арашалап алып, тарихи әділетті көзқарас орнықтыру үшін ортақ бағалау жүйесін қалыптастырудың зор маңызы болмақ. Бұл ұзақ мерзімді үдеріс болғанымен, оның ислам әлемінің алдағы даму болашағында басым бағыттардың біріне айналары анық. Сондықтан ислам елдеріне ортақ дінтанушы-сарапшы мамандар қауымдастығын құру қажет деп білеміз. Ортақ діни глоссарий, ортақ түсініктер мен рухани құндылықтар қалыптастыру осы үдерістің заңды жалғасы болмақ.
Конфессияаралық келісім мен бейбітшілік мәселелерінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астанада Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты - діндер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуды дамыту және конфессияаралық келісімді нығайтудың қазақстандық тәжірибесін халықаралық деңгейде насихаттау. Орталық әлем мәдениеттерін, өркениетаралық, этносаралық, конфессияаралық үнқатысуды, төзе алмаушылық, ксенофобия, діни сенімді қудалаушылыққа қарсы әрекетті тұжырымдамалық негізде қалыптастыруды әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізеді. Сондықтан Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанынан Ислам мемлекеттеріндегі толеранттылық мәселесі бойынша жарық көрген кітаптардың кітапханасын ашу жұмысын қолға алған жөн болар еді.
Мәдениеттер мен діндер үнқатысуы - бүгінгі күннің ең жанды мәселесі. Қазақстан Республикасы сол зәру мәселені дер кезінде көтеріп, дамыта білді, әлем қауымдастығының назарын аударып, жаңа бастамалар көтерді. Осының барлығы халқымыздың тағылымды тарихынан түйген тәжірибесі арқылы жүзеге асып отыр. Елімізде атқарылып жатқан игі іс-шаралардың барлығы Қазақстанның ғана емес, әлем халықтарының өркениетті даму үдерісіне елеулі үлес болып қосылары сөзсіз.
Қазақстан Республикасының 2011 жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуіне байланысты үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «ТМД елдеріндегі Исламның рөлі» атты халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. Конференцияны Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Бүкіләлемдік Ислам Лигасы бірлесіп ұйымдастырмақ. Конференция жұмысы ислам мемлекеттерінің тарихи тамырластығын, исламішілік татулық пен бірлікті, ислам дінінің біріктірушілік рөлін, оның мәдениетаралық және дінаралық келісім мен сұхбатты өркендетудегі мән-маңызын талдап-таразылауға құрылады.
Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығы ізгі мақсаттарға қызмет ететін болады» деп атап көрсетті. Қазақстанның алдында екі маңызды міндет тұр. Біріншісі - ислам дінінің тірегіне айналған гуманистік идеяларды бүркемелеуге тырысатын діни фундаментализмнің саяси идеологиясына қарсы тұра білу. Екіншісі - Батыс пен мұсылман әлемі арасында ашық әрі шынайы сұхбаттың қалыптасуын қамтамасыз ету. Осы бағыттағы елеулі шара болып табылатын конференция жұмысы үлкен нәтижелерге қол жеткізеді деп күтілуде. Сонымен қатар, төрағалық аясында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Діни істер агенттігі бірлесіп, 2011 жылдың 29 қыркүйегі күні Астана қаласында Дінтанушылардың халықаралық форумын өткізуді жоспарлауда. Форумның мақсаты - дін мен қоғамның өзара әрекеттесуін зерттеуді тереңдету мақсатында халықаралық ғылыми қауымдастықты біріктіру. Дін саласындағы ақпараттық-сараптамалық және сарапшылық жұмыстарды қамтамасыз етуде мемлекеттік саясаттың беделін жоғарылату және белсенді қызмет атқаруға дінтанушыларды көптеп тарту да форумның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.
Қазақстанның ислам әлемімен қарым-қатынасын, ынтымақтастығын дамыта түсу еліміздің алға қойған барлық саладағы мүдделеріне сай келмек. Еуропадағы және ислам әлеміндегі ауқымды ұйымға төрағалық етудегі Қазақстанның міндеті - ислам ілімі өркендеген орталықтардың біріне айналу. Мұсылман үмбетінің бейбітшілік пен әділеттілікке жол бастайтын ізгілікті адамгершілік құндылықтарын алға бастаушы, басқа ілім өкілдеріне толеранттылықты, еркін таңдауды көрсетуші және түр-түсіне немесе сеніміне қарамай, адамдар арасындағы келісім мен өзара құрметті нығайтуға ұмтылушы қауым екенін Қазақстан өз үлгісі арқылы көрсетуге тиіс. Халықаралық дәрежедегі беделді ұйымдарды басқару ісінде өзіндік тәжірибе жинақтаған Қазақстан төрағалығы ИЫҰ үшін де жемісті боларына сеніміміз мол.
Айдар ӘБУОВ, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры, профессор. Астана.
http://www.egemen.kz/309970.html