Сәрсенбі, 4 Тамыз 2021
Жаңалықтар 1947 0 пікір 2 Тамыз, 2011 сағат 09:00

Мұхан Исахан. Рамазан - хикмет айы

Хақ-Тағаланың бір есімі һәм сипаты «хикмет» (хаким) деп аталады. Тіршіліктегі құбылыстар мен қозғалыстардың астарында илаһи хикмет тұрғаны сөзсіз. Ұлы Жаратушы жұмырбасты пенделерін хикметпен жаратқан. Бізді беу-дүниенің хикметін ерекше сезінсін деп ақыл, сана, сезім-түйсік, ынта-ықылас беріп, тұла бойымызды даналыққа тұндырған. Тіпті, хикмет жасауға құштар болсын деп адам баласын ізгілік жасау қабілет-қарымына ие еткен. Десек те, сынақ әлемінің пендеуи сыңғыры сиқырлап, адам баласы күйкі түршіліктің қамына құлтемір бола бастағанда, хикмет жасауға енжар ғана емес, тіршіліктің басты сауалдарына жауап іздеуден де мақрұм қала бастайды. Әйтсе де мен қайдан келдім? не үшін жаратылдым? қайда барам? тіршіліктегі бес күндік рахат пен азаптың сыры неде? - деген сынды сауалдар адам баласын ұдайы мазалайтыны өзімізге аян. Бұл рухани мәні зор сауалдардың шешімін тауып, қалған ғұмырын осы илаһи шешім сорабының негізінде өрбіткен адам әлбетте екі дүниеде де Хақтың нұрына бөленіп, мәңгілік бақытқа кенелері талассыз ақиқат. Ал, жаратылыс жұмбағын шеше алмаған жандар ше...?

Ғұламалардың ғұламасы Имам Ғазали адам баласының қасиеті мынадай төрт сипаттан тұратынын айтады:

Біріншіден, адам баласының бойында хайуанға тән ішіп-жеу, ұйықтау, бой сергіту, тән ләззатына бөлену, өткінші қызыққа тояттау секілді жағымсыз қасиеттер бар. Яғни, адам баласы да төрт аяқты хайуан тақылетті оттап, ішіп-жеп, тән рахатына қанығып, қарынның қамын жейді. Осы себептен де адамзат баласы белгілі-бір деңгейде хайуан тектес тіршілік иесі саналады.

Екіншіден, адам баласының кейде жыртқыш аңдарға тән өзінде жоқты өзгеден тартып алып, әлсізге әлімжеттік жасап, үстемдік құрғысы келетін кездері де болады. Яғни, бойымыздағы ұдайы атқақтап тұратын өзімшілдікті дер кезінде тізгіндеп отырмасақ, жансарайымызды жаулаған менмендік сипаттың жұмырбасты пендені жыртқыш аңға айналдыратыны да анық.

Үшіншіден, адам баласының бойында сайтанға тән көреалмаушылық, күншілдік, бақастық, алдап-арбау, тіпті, дуалап-жадылау секілді жиеркенішті пиғыл ұя салған. Яғни, ішегіне шынтақ айналмас іштарлықтың, бақай-есеп күндестіктің, түлкі бұлаң жарамсақтық пен жасандылықтың, қала берді аярлық пен мекерлік жасаудың адамға тән қылық екенін жоққа шығара алмаймыз.

Төртіншіден, адамзат баласы періштедей пәктік, дегдарлық, тазалық, мейірімділік, ізеттілік, сапайылық, бауырмашылдық, пайым-парасаттылық, махаббат секілді қасиеттерден де кенде емес. Осындай нәзік нүктелер қонақтаған асыл қасиеттерімен жұмырбасты пенде адамзат деген атауға ие. Төрт аяқты хайуан мен екі аяқты пенденің басты ерекшелігі де адам баласының осындай ізгі қасиеттерді көбірек еншілегенінде десек, асыра айтқандық емес.

Осы төрт сипаттың қайсысынан бойымызды аулақ ұстап, жерінуіміз қажет дегенге келер болсақ, әрине, ешкімнің төрт аяқты хайуанға ұқсағысы келмейтіні белгілі. Яғни, біздің хайуанға тән ішіп-жеу, ұйықтау, бой сергіту, тән ләззатына бөлену, өткінші қызыққа тояттау секілді жағымсыз қасиеттерден ада тұрғанымыз абзал. Сондай-ақ, жыртқыш аңдарға тән өзінде жоқты өзгеден тартып алып, әлсізге әлімжеттік жасау, бөтегең бүлкілдеп елден бөлек өзімшіл болу да адам баласы құмбыл болатын қасиет емес. Ал, Құдай-Тағаланың қарғысына ұшыраған сайтаннан жұғар көреалмаушылық, күншілдік, бақастық, алдап-арбау, жадылау секілді жиеркенішті қасиеттерден ада-күде таза болуымыз шарт. Сонда біз жоғарыда көрсетілген сипаттардың қайсысының жалына жармасуымыз керек дегенге келетін болсақ, әлбетте, пәктік, дегдарлық, тазалық, мейірімділік, ізеттілік, сыпайылық, бауырмашылдық, пайым-парасаттылық, махаббат секілді періште пейіл біздің жан-сарайымыздың шамшырағы болуы тиіс. Адам баласының бойында осындай  ізгі қасиеттер ұя салып, бозторғайдай шыр-пыр еткенде ғана біз тұрлаулы тіршілік иесі санала аламыз.

Бүгін міне сүмбіле түсісімен адамзатты періште пейілге бөлер қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Әсілі, Рамазан - ой әлемнен шарқ ұрып хикмет іздейтін шұғылалы шақ. Рамазан - рухани дімкәстіктен арылу үшін илаһи ем-дом іздейтін медет айы. Рамазан - жыл бойы қара басыңның қамын күйттеп жүрген пенделердің енді бір сәт рухани шөлін басатын жылымық мезгілі. Рамазан - пендешілік қасиеттердің көзі суалып, періште пейілдің салтанат құрар жұлдызды кезеңі.  Рамазан - күнұзақ ашқұрсақ жүріп, нәпсісін тұсаулаған жандарды төзімді һәм сабырлы болуға үндейтін сындарлы уақыт. Рамазан - Алла-Тағаланың нұр-шапағатына бөленген жандарды қайырымды болуға баулитын мейірім айы. Рамазан - шынжыр балақ шонжар мен жоқ-жітікті, бай мен кедейді теңестіріп, бір дастарханнан дәм татқызатын татулық мерзімі. Рамазан - сансыз рухани сауалдардың жауабын іздеп, жүрек көзі ашылып, адамзат баласының илаһи шешіммен арқа-жарқа қауышатын кезеңі.

Олай болса, қасиетті Рамазан айында жан-сарайымызға періште пейіл қонақтап, лайым кеудеміз хикметке толы болғай!

0 пікір