Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3584 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 09:33

Жұмыссыздық феномені: тығырықтан шығар жол бар ма?

Осы аптаның басында көршілес ресейлік сарапшылар Қазақстандағы «Жұмыссыздықпен күрес» туралы бағдарламаның қарым-қабілеті жайлы мынадай жайттың шетін шығарды:

Қазақстан халқының әлеуметтік ахуалын әзірге оңалту қиын. Себебі елде экспорт жағы жетілмеген, отандық кәсіпорындар легі аз. Қымбатшылық кернеп тұр. Республика халқының 39,7 пайызы орташа жалақы алады. Ауылдық жерлерде агроөнеркәсіптік кешен дамымаған. Сондықтан кемі бес жылдан соң Қазақстанда жұмыссыздық артады.

Бұл - еліміздегі жұмыссыздық жайын өзінше болжау жасап отырған  ресейлік әлеуметтанушы Павел Сорокин мырзаның долбары. Ал егер Сорокиннің бұл жорамалы дөп келсе қайтпекпіз?  Жалпы, біздің елде жұмыссыздықты меңдетпеудің алғышарттары қандай? Енді осы жағын саралап көрсек...

Сөз басы

Осы аптаның басында көршілес ресейлік сарапшылар Қазақстандағы «Жұмыссыздықпен күрес» туралы бағдарламаның қарым-қабілеті жайлы мынадай жайттың шетін шығарды:

Қазақстан халқының әлеуметтік ахуалын әзірге оңалту қиын. Себебі елде экспорт жағы жетілмеген, отандық кәсіпорындар легі аз. Қымбатшылық кернеп тұр. Республика халқының 39,7 пайызы орташа жалақы алады. Ауылдық жерлерде агроөнеркәсіптік кешен дамымаған. Сондықтан кемі бес жылдан соң Қазақстанда жұмыссыздық артады.

Бұл - еліміздегі жұмыссыздық жайын өзінше болжау жасап отырған  ресейлік әлеуметтанушы Павел Сорокин мырзаның долбары. Ал егер Сорокиннің бұл жорамалы дөп келсе қайтпекпіз?  Жалпы, біздің елде жұмыссыздықты меңдетпеудің алғышарттары қандай? Енді осы жағын саралап көрсек...

Сөз басы

Егер ресми деректерге жүгінсек, бүгінде республика бойынша еңбекке жарамды адам саны 6,9 миллионды құраса, олардың 2,7 миллионы ауыл тұрғындары көрінеді. Сол жұмысқа жарамды 6,9 миллион адамның 4,2 миллионы  жалдамалы жұмыстарға жегілсе, қалған азын-аулағы лауазымды қызметтегілер. Ресми дерек көздері жалдамалы жұмысқа жегілетіндердің 75,2 пайызы қыр қазағы екенін растайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша тек 2009 жылы ғана елдегі жұмыссыздық деңгейі 7 пайызды құраған. Ал қоғамдық ұйымдар бұл көрсеткіш 18-20 пайыздан асып жығылады деп отыр. Сөйтіп, қалай десек те, қазақты жұмыссыздық қамыты қос өкпеден қысып тұр.

Рас, біздің құзырлы орындар жұмыссыздық мәселесін шешіп, халықтың аузына барынша жылы-жұмсақ ұсынуға тырысып-ақ жатыр. Мәселен, Үкімет осыдан екі жыл бұрын республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік нысандар салу арқылы халықты жұмыспен қамту, несиелендіру тәжірибесін кеңейту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту тәрізді толып жатқан жұмыссыздыққа жүген салатын бағдарламаларды қабылдады. Бірақ жұмыссыздық созылмалы дерттей меңдей түсуде. Ал енді бұл жайттың алдын алу үшін не істеу керек?

Маман пікірі

Бұл ретте жазушы-ғалым, қазақ жеріндегі резервация мәселесін алғаш көтергендердің бірі Сапабек Әсіпұлы былай дейді: 
- Бағамдасақ, қазақ жерінің үштен екісі, яғни 67 пайызы шөл және шөлейт аймақтар. Міне, осы аймақтарда 72 аудан қоныстаныпты. Қазақстан халқының 75 пайызы мейлінше қолайсыз аймақтарда өмір сүріп жатыр. Шөл және шөлейт аймақтар халықтың денсаулығына аса қауіпті, экологиялық жағдайы тиімсіз. Міне, осындай аймақта тұрып жатқан елде белгілі бір кәсіп бола ма? Мекендеген жері қолайсыз болса, жұмыссыздық меңдемей қайтеді? Қолайсыз аймақтарда тұрып жатқан халыққа қосымша төлемақы да төленбейді. Ал жағдайы «өте төмен» деген Үндістан да, Африка да  мұндай қолайсыз аймақтарда тұрып жатқан жұртқа қосымша төлемақы төлейді. Сондықтан біздің Үкімет жұмыссыздық мәселесін ұтымды шешу үшін қолайсыз аймақта тұрып жатқан халыққа қаржылай көмек қолын ұсыну керек.

Дегенмен ғалымның бұл ұсынысы діттеген жеріне жете қояр ма екен? Демек, мәселенің тағы басқа қырларын қарастырып көру керек тәрізді...

Күнгейдің көлеңкесі

Жалпы, қолайсыз аймақта қоныстанған қауымның ахуалы аз айтылып жүрген жоқ. Осы мәселені «жыр» ету жайы кезінде Балғынбаев үкіметінен бастау алған. Сол кездің өзінде қазақтың біраз зиялы қауымы:

- Жұмыссыздық қамытынан арылып, қазаққа кәсіп тауып беру үшін ең алдымен өз ішіміздегі көшімізді, яғни ішкі миграциямызды жөнге салып, халықты экологиялық жағдайға байланысты қолайлы аймақтарға орналастыру керек. Осыған арнайы заң қабылдануы қажет, - деп Үкіметке үн қатқан-ды.

Бірақ осы уақытқа дейін ішкі миграциямызды жөнге салатын бірде-бір заң жобасы қабылданбады. Керісінше, сырттан келетін мигранттар мәселесін талқылаудан жалықпай келеміз. Тіпті өзге елден ағылған гастарбайтерлерді заңдастыру да ойымызда бар. Сол сырттан ағылған гастарбайтерлердің көлеңкесінде қазақ баласының құқы ескерусіз қалып жатқанын ескере бермейтініміз де хақ.

Үсен Аманбаев, экономика ғылымының докторы, профессор:
- Гастарбайтерлер бұл күні қазақтың алдындағы асын тартып алып отыр. Көршілес ТМД елдерінен келетін жұмыс қолы Қазақстанда еркінсіп кеткені соншалық, олар күз мезгілінде арнайы топ құрып, жасақталып келетін көрінеді. Жұмысын жүргізіп, нәпақасын тауып, пайдаға батып аттанатын келімсектерге әзірге заң жүзінде тосқауыл қоя алмай отырмыз. Өзге ел мигранттарды шектеу мәселесімен айналысып жатқанда, біз тағы сол бейтараптыққа бой алдырып отырмыз. Осындайда «өзгенің қарнын тойдырғанша, өзімнің  бүйірім тоқ болсын» деген еврейлердің нақылы еске түседі. Біз де келімсектердің қарнын тойдырғанша, неге қазақтың бүйірін тоқ қылмаймыз осы?
Не істеу керек?

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, бұл мәселенің оңтайлы шешілуі үшін  алдымен мынадай ұсыныстар ескерілуі керек:
а) Үкімет ең алдымен ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға мән беруі тиіс. Жасыратыны жоқ, 1992-93 жылдары дайындалған кәсіби-техникалық мамандықтардың базасы бұл күні нарықтық заманға сәйкес келмей қалды. Қазір жаңарған техниканың тілін білетін қазақ азаматтары некен-саяқ. Сондықтан орта кәсіби мамандарды жаңа технологияның тілін білуге бейімдегеніміз жөн.
ә) Елдегі жұмыссыздықты жоя алмай тұрып, гастарбайтерлерді қаптату жұмыс күшін өзімізде қалыптастыруға  кері ықпал етеді. Сондықтан гастарбайтерлерге қатысты заңды ғана қатайтып қоймай, «сөлін ішіне жиған» мықты бағдарламалар арқылы жұмыс істеуіміз керек.
б) Сондай-ақ біртіндеп уақыт талабына сай ішкі миграциямызды да жөнге келтіріп алуымыз қажет. Қолайсыз аймақта тұрып жатқан халықтың қолайлы аймақтарға қоныс аударуына жағдай жасасақ оларды жұмыссыздықтан құтқарар едік.

Міне, жұмыссыздық мәселесін шешуде біздің Үкіметтің  басты мән беретін бағыты  осы болуы тиіс. Ал одан соң, әрине, өндіріс орындарын көбейтіп, агроөнеркәсіпке жан бітіріп, шикі өнімді өңдеудің тілін таба білсек,  жұмыссыз қалу жайын  талқылап та жатпайтын едік.

 

 

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

"Алаш айнасы" газеті  18 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550