Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
діни әпсана 5582 2 пікір 27 Қыркүйек, 2019 сағат 14:57

Ақ құсқа айналған Ақ көйлек

«Сөздеріммен Мұхаммедті (с.а.у.) мадақтақ болдым.

Алайда, Мұхаммед (с.а.у.) арқылы сөздерім  мадаққа ие болды».

Хассан ибн Сәбит

(діни әпсана)

Ол намысқой жігіт бүгін де түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты.

Әсіресе, сол бір жағдай есіне түскен сайын іші күйіп-жанып, көзіне қан тола берді. Таң сібірлеп атып ол далаға шыққанда санасында әлі сол мың сан масадай табалаған ойлар ызыңдап тұрды да қойды.

Тіршілік біткен қыбырлай бастапты. Түйекеш құлы қораның есігін ашып түйелерді айдап жатыр. Тек үлкен бура ғана күйсеген қалпын бұзбай шөгіп жата берді. Түйекеш оның түлей бастаған жүнінен тартып көріп еді тұрмады. Қолындағы қамшысын көтеріп сауырынан тартып кеп жіберді. Үлкен бура сол кезде ғана бақырып, бұрқылдап орнынан тұра бастады. Онсыз да түні бойы ұйқы кірмеген көздері қызарып, ызаланып кімнен өшін аларын білмей тұрған ол:

– Ей, жер жұтқыр қара құл! Әкеңнен қалған өшің бардай бураны неге ұрасың? Сатсам сенің құның сол түйе құрлы да болмайды нақұрыс неме! – деп, айқай салды.

– Бүгін тағы да қара басып ұйықтап қалғанбысың? Өй, шірік неме. Лат пен Ғұззаның аттарымен ант етейін! Енді, қайталасаң аяқ-қолыңды шауып итке тастаймын...

«Ел-жұрт тұрмақ мына қара құл да мені менсінбейтін боп алған секілді. Тіпті, мына қара жер қақ айырылса кіруге мен емес сен лайықсың, деп мені ішінен осы құл да қарғап тұрғандай... Күннен күнге жұрт көзіне түсуден қалып барам...  Пәле боп туған қызды көз алдымда көлбеңдетіп көзімді шұқыта бергенше «шыр» етіп туған кезде-ақ көзден таса етуім керек еді, қап! Асыл ар-намысым аяққа тапталды-ау! Бір кездері осы елдің серкесі де, серісі де едім. Енді, міне мына сұмырай қыздың кесірінен қойдың иленген пұшпақ терісіндей де қадірім қалмады-ау! Әсіресе, кеше кезіккен Шұғбаның сөзі сай сүйегімді сырқыратып жіберді ғой...әттең!»

Олар кеше кешкісін Сағлабаның үйіне жиналған. Пұттарға арнап сойылған малдың басын мұжып, құмар ойнап, шарапқа әбден қызып қарқылдап күлісті. Бірақ, мұның күлкісі ғана қоғаның шоғындай қауқарсыз еді. Ол осы қылығын білдіртпеуге тырысып бақса да Шұғбадан онысын жасыра алмай қалған секілді. Ол жиын үстінде ешкімге дес бермей сөйлеп отырды да, әлден уақытта сөзді қайырып әкеп:

– Әй, Мәлік! Қоянды қамыс, батырды намыс өлтіреді деуші еді. Сенің осы күнге дейін сау жүргеніңе қарағанда намысың өліп, қамысың ғана қалған-ау деймін шамасы, – деп мысқылдап қарқ-қарқ күлді. Оған өзгелерде де қосыла кетіп:

– Мына Сағлабаға ұқасасаң болмаушы ма еді!? Әйелі өткен түнде ғана қыз тауып еді. Намысын таң атпай жатып тазартып алды. Бірі:

– Иә, оған сөз бар ма?! Нағыз намыскер деп соны айт! – десе, енді бірі:

– Е, атыңнан айырылдың, қанатыңнан қайырылдың деген осы. Намысынан айырылған еркек көк шықпас тақыр жермен тең ғой – деп, үстемелей сөйлеп, жабыла келекелеп жатты. Мәлік осы кезде қолындағы шарап құйылған кесесін жерге бір ұрып сындырып орнынан тұрып, үйден шығып кетіп еді...

Міне, сол сәт есіне түскенде ол тағы да ұзақ мәңгіріп тұрып қалыпты. Шыққан күн сәулелерін  Мекке тауларына шағылыстырып көкке едәуір көтеріліпті. Кешегідей бүгін де күннің қатты ыстық болатын түрі бар. «Иә, жайшылықта қазандай қайнайтын күн мына шілдеде оңсын ба?».

Мәлік кенет әлденеге асыққандай түйесін жылдам ерттеп, Меккенің батысын бетке алып жүріп кетті. Тіршілік біткен ыстықтан есеңгіреп кеткендей айнала тым-тырыс. Тек түйенің табанының сытырлаған дыбысы  мен қара шыбынның ызыңы естіледі. Көп ұзамай олар да  әлдеқайда ғайып болды. Мүлгіген тіршілікті оятпақ болғандай арагідік астындағы түйесі бақырып қояды.

Меккенің таулары бітісімен тастақты жерлер басталады. Одан ары ұзақта сағымдары толқындай бір-бірін қуалап Араб түбегінің сахара шөлі шалқайып жатыр. Осы шөлде адасқан талай жан сол сағымдарды «су» деп ойлап[1] қуа-қуа шегіне жете алмай құрдымға кеткен ғой. Бұл сахара сөйтіп, талайды жалмаса да түк болмағандай түксиіп, түйедей маңғазданып өзіне шақырады.

Күн тас төбеге жете бергенде бұл да өзінің діттеген жеріне жетті. Бұрындары бұл маңда бәдәуилер тұратын. Тастақты жер мен сахараның түйіскен тұсы еді. Құдықтар да бұл маңайдан жиі кездесетін. Кейіннен аяқ астынан құдықтағы су көздері тартылып кетті де бәдәуилер бұл мекеннен үдере көшті. «Лат пен Ғұззаның киесі ұрды. Бәріне кінәлі ханифтер. Олар көктегі  бір Жаратқаннан басқа Тәңір жоқ. Пұттардың ешбір қасиеті жоқ, деп, бәдеуилерді әбден азғырып, өздеріне сендіріп алды. Ақыры, қарғыс тиіп осы жерлер жұтқа айналып бітті». Көкейіне осы ой түсті.

Ол бірнеше күн бұрын көріп кеткен құдықтың басына келді. Бұл құдықтың да көзі бітеліп, жылдар өте келе желдің суырған құмдарымен жартылай көміліп те қалған екен. Мәлік әнеу күні келіп жан-жағына алақ-жұлақ қарап, күн ұзаққа құдықты құмынан аршыған болатын. Тастап кеткен қайла, күрегі де сол күйінде жатыр, жартылай құмға көміліпті.

Ол түйесінен түсе сала маңайдағы жерді көзімен шолып шықты. «Иә, мен ойлағандай бұл маңға ешкім ат ізін салмапты. Пұттардың киесі ұрған бұл маңға кімнің дәті барып аяғын басушы еді». Ол өзі бойламайтын құдыққа түсіп ішіндегі шелекке күрекпен құмды толтырып, қайта сыртқа шығып, арқанмен тартып құдық көзін тазарта бастады.

Мәлік бұл маңды әдейі таңдаған еді. Әлдеқайда біреу кездесе қалса «мына құдықтың көзін тазартып көрмекпін. Егер су шыға қалса түйелерімді осы мекенге жаям», демек.

Әрі әлгі сұмырай қызды көметін кезде даусын жолай өткен жолаушы яки бәдәуи естіп қалып араша түсіп жүрмесін, деген жасырын пиғылы да бар еді.

Тас төбеде шақырайып тұрып алған күн көп ұзамай еңіске қарай еріне жылжи бастады. Бұл кезде құдықтың іші де өз бойынан екі есе тереңдікке жетті. Ол құдықтан шығып түбіне көзін салып ұзақ тұрды. Сонда ғана оның көңілі жайланды. «Ар-намысымның тазаратын уақыты да келіп жетті», деді ол күбірлеп. Бірақ, сол бір оқиға тағы да көз алдында келе қалып еді, тұла-бойы тітіркеніп сала берді.

Ол өзін «намысшыл жігіт» деп ойлайтын. Өзі де сондай  серілікпен жүріп кеш үйленді. Бірақ, алғашқы  үйленген әйелі қыз туған түні Уқаз жәрмеңкесіне келген бір парсы саудагерге әйелін қызымен қоса болмашы ақшаға сатып, түн жамылып елден аттандырып жіберген еді. Осылайша, ол сол жолы ар-намысына дақ түсуден аман қалды.

Одан кейін жақын туысынан Ләйлә деген қызға үйленді. Алайда, Ләйлә екі жыл бойы құрсақ көтермеді. Ойын-сауық кешінде жора-жолдастары «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң» деген, Мәлік, сен сол қара нарға ұқсап келесің-ау!», деп келемеждеген еді. Көп ұзамай Ләйлә құрсақ көтергенде бұл «уф» деп терең дем алғаны бар. «Бұл қатын қошқардай бір ұл туар, ұл тумаса бұл неме кімді туар» деп көңілі жайланып жүрді. Әйтсе де көңілі әлденеден секем алып, босанардан бірнеше күн бұрын түйелерінің жайылымын сылтауратып сахараға шығып шатырын тікті. Түн жарымында көзі ілініп кеткен екен. Бір кезде жылаған сәбидің дауысынан шошып оянды. Әйелі көрші шатырда болатын. «Ұл ма, қыз ба?.. Мына пәленің дауысы қызға ұқсайды ғой!» деп күдіктеніп отырғанда күңі кіріп келіп:

– Мырзам, бауы берік  болсын, әйеліңіз қазаншы туды! – деді.

– Не, не дедің сен? - деген Мәлік орнынан қалай тұрғанын білмей қалды. Түсі бір қуарып, бір қызарып сала берді. Бір жағынан зығырданы қайнап: «Бұлай болатын жөні жоқ!», деді өзіне-өзі. Сол түні ол сәби қызды тірідей көме салатын еді. Бірақ жолаушы Саса мұны көндіріп  сәбиді аман алып қалған болатын.

Содан бері жүк тиеген түйенің жүрісіндей жылжып бақандай бес жыл өтіпті. Қызы Рабиға тау гүліндей құлпырып өсті. Бала күнгі Ләйләнің өзінен аумай қалыпты. Қарақаттай  қос жанары, аппақ жазық маңдайы тіпті арқасына өріле құлаған сүмбіл қара шашына дейін аумайды-ау. Қаршадай болса да ересек қыздай әр нәрсенің бабын тауып, тақылдап тұрғаны. Алайда, осы бес жыл Мәлік үшін Рұмдардың қолға салатын темір құрсауынан да қатты, Парсы елінің көз көрмес қараңғы, түпсіз зынданынан да жаман түнек болды. Бұрын өзі де талай әйелі қыз туғандарды сөзбен түйреп ел алдында масқаралаушы еді. Енді, өзі де солардың кебін киді. Әсіресе, Шұғба көрген жерде найзамен шұқып ойнаған құлдай қылды... «Ей, беу дүние-ай, десеңші! Сол қорлықтың бәрі көп ұзамай көрген түстей болатын болды».

Ол күн батысқа қарай қисайған шақта үйіне оралды. Алдынан шыққан әйелі Ләйлә оның үсті-басының шаң басқанын көріп әлденені секем алғандай өңі бұзылып кетті. Онсыз да Рабиға туғалы оның күні күн емес еді. Бір жағынан күйеуі «қыз туып, көзіме шөп салдың» деп сабаса, бір жағынан ерте ме, кеш пе Рабиғасын «көміп тастай ма!» деп зәресі ұша қорқатын еді.

Әсіресе, өткен түнгі сұмдық оқиғадан бері жүрегі әбден шайлығып бітті. Ләйлә Сәлимамен жастайынан қос ботадай сахарада жарысып бірге өскен болатын. Өзі Мәлікке тұрмысқа шыққанда көп ұзамай Сәлима да Сағлабамен қосылған еді. Сол Сәлимә өткенде қыз туғанда бұл да қасында болатын. Сонда оның қыз туғанын естіген Сағлаба бөлмеге құтырған өгіздей екі көзі қып-қызыл болып, алақ-жұлақ етіп келді де құндақтағы сәби қызды жұлып алды. Сәлима «бұл күнәсіз сәби ғой, аяай гөр!» деп өлердегі сөзін айтып жылап, жалбарынып аяғына жармасты. Бірақ, Сағлаба оның көз жасына да, зарына да пысқырған жоқ. Аяғымен сілкіп итеріп қалды да үйден шыға жөнелді.

Сонда, Сәлимә екеуі таңға дейін көл боп зарлана  жылады. «Мүмкін Сағлаба райынан қайтар» деген үміттері де болды. Бірақ таң ата Сағлаба жалғыз өзі ғана қайтып оралды. Бейкүнә сәбиді көмді ме, сатты ма о жағы беймәлім болып қала берді. Содан бері Ләйлә күйеуінен бұрынғыдан бетер күмәнданатын болды. Ол кейде сүйкімді қызын әлдеқайда қашырмақ та ниеті болған. Алайда, оған аналық дәті бармады. Әрі «бәлкім, Мәлік ондайға бармас» деп дәмеленетін. Оның үстіне олай жасауға қауқары да жоқ еді. Өзін азат әйел санағанмен күңнен айырмашылығы аз.

– Отағасы, күнұзаққа қайда кетіп қалғансың? – дей беріп еді, Мәлік:

– Өшір үніңді, қатын! Саған да жан бітейін деген екен, мені сұраққа алып! – деп ақырды. «Аз қалды, көп ұзамай көзіңе көк шыбын үймелетіп, жаныңды суырып алармын», деп іштей күбірледі.

– Одан да ас әзірле! Қарным шұрқырап тұр...

– І-м-м. Түстен бері Шұғба сені іздеп жүр. Тіпті, әлгінде құлы емес, өзі іздеп келді. Соны айтайын дегенім ғой. Ас әзір, түсте қазанға жас түйенің етін салғам.

Шұғбаның атын естігенде Мәлік селк етіп, өңі қуарып кетті. Бірақ, әйеліне білдірмеуге тырысты. «О, сайтан мені неге іздеп жүр екен. Әлде, маған тағы да қандай да бір тұзақ құрды ма?». Ол әйелінен «Неге іздепті?» деп сұрамақ болып еді үйден әкесінің дауысын естіген қызы Рабиға сыртқа жүгіріп шығып:

– Әке, келдің бе? Таң ертең тұрсам кетіп қалыпсыз, күні бойы «Әкем қашан келеді?» деп апамның да мазасын алдым. Мен сізді әбден сағындым, – деп түйесінің үзеңгісіне жармасты. Шұғбадан шошып тұрған Мәлік қызын көргенде мұның бәрі Шұғбаның жасап жатқан қасақана көрнісіндей көріп одан бетер шошына:

– Тәйт әрі, әрмен жүр, астына түсіп өлейін деп пе едің, түйеге жармасып?

– Жоқ, әке бұл түйе маған тиіспейді. Бұған күнде қарап жүрген мен емес пе? Сіз мені Қағбаға алып барамын деп едіңіз ғой. Бүгін түнде түсімде сол Қағбаны көрдім. Кө-өп ақ қанатты періштелер мені жетектеп соның айналасында айналдырып жүрді. Бір кезде жүзі аппақ бір ата келді де зәмзәм суын ұсынып: «Қызым, мына Зәмзәм Исмайыл бабаңнан қалған су. Осыны ішсең шөлдемейсің» деді. Мен ішіп алдым. Балдай тәтті екен. Бір кезде ақ қанаты бар періштелер мені аспанға қарай көтере бастады. Сол кезде сіз түйеңізбен келе қалдыңыз. Сіз мені алып қалмақ болып Қағбаға қарай жақындай беріп едіңіз, сол жердегі пұт тастар аяқ астынан көп жыланға айналып сізге қарсы ысқырып, айбат шеге бастады. Бірақ сіз оларды көрмей жақындай бердіңіз. Мен олар сізді шағып ала ма деп қатты қорқып: «Әке-е! Ары кетіңіз. Жыландар шағып алады, неге көрмейсіз, әке!» деп айқайлап жатып оянып кеттім. Сосын, сізді жалма-жан іздесем кетіп қалыпсыз. Мәлік:

– «Түс түлкінің боғы» деген. Тәңірлер жылан болмайды. Сандырақ түс мұның! Одан да мына түйені суғар. Күндікке су ішпей қаталап тұр - деді де түйесін шөгере түсіп үйіне кіріп кетті.

Мәлік жаңа піскен жас етті біразға дейін үнсіз жеп отырды. Аздан соң әйеліне сөздің шетін шығарып:

– Бұл қыз әжептеуір бойжетіп қалғанға ұқсайды. Ертең Уқаз жәрмеңкесіне барам. Әрі қарай сенің төркініңе соға кетпекпін. Мына қыз да нағашыларын әбден сағынып қалған шығар. Мауқын басып қайтсын, – деді.

Көптен бері секем алып жүрген Ләйлә күйеуінің мына сөзін естігенде төбесінен жай түскендей отырған орнында теңселіп кетті. Не деп жауап берерін білмей бір сәт үнсіз қалды. «Кімді айтса сол келеді» деген. Осы сәтте Рабиға да үйге кіре қалды. Есіктен емес әдейілеп екеуінің тас төбесінен түскендей еді. Екеуі де қыздарына жалт қарады.

– Әке! Ертең нағашыларыма мені алып барамын дедіңіз бе? Жаңа терезенің жанында ойнап жүріп естіп қалдым. Иә, мен нағашы атамды, әжемді тіпті өткен де мен барда сонда туған ботақанды да сағындым. Қандай тамаша! Апа маған қай көйлегімді кигізесіз. Әнеугүнгі әжемнің беріп жіберген ақ көйлек ше, соны киейінші!

– Иә, солай. Әй, қатын мынаны өзі айтқандай ғып жақсылап киіндір. Нағашыларынан ұят болып жүрмесін!

Мәлік осы сөзінен кейін орнынан тұрып далаға шығып кетті.

Рабиға болса үй ішінде қуанып әлі сөйлеп жүр. Тек, анасы Ләйлә ғана өңі бозарып, басын төмен салған күйі отырып қалды.

Мынау заман қай заман зарлы заман,

Қыз көмілген тірідей сорлы заман.

Анталап кеп ызалы аш бөрідей,

Жауыздыққа бір-бірін қамшылаған.

Ізгілікке жұрнақтай жарлы заман!

«Қорыққаның басыңа келеді» деген осы екен ғой. Іштен шыққан шұбарымды, иісі аңқыған жұпарымды қалай ғана қиясың. Ботасы өлген аруана да аңырап боздаған кезде, тұлыбын иіскеп, бойын жібітіп, иімейтін бе еді? Мен енді сол мал құрлы да бола алмай, өмір бақи сахараға қарап боздап тас көкірегімді жібіте алмай қалғаным ба? Өзінің түкке тұрғысыз жалған намысы үшін, бүлдіршін қызын қалай ғана тірідей қара жерге көмбек?! Көз жасына қарамай көмілген бұл сәбилердің еш бір сұрауы жоқ па екен?!  Тірегім құлап, ошағым өшті-ау!» деген зарлы ойдан Ләйләнің жүрегінің өзегінен жарып шыққан ащы өксік көзіне жас боп құйылды. Ебіл-дебіл болып еңіреп жылағысы келіп-ақ тұр. Бірақ жылайтын күн қайда?! Ол ернін тістеп өзін ұстап әзер тұр еді қызы Рабиға:

– Апа, ақ көйлегім қайда? Мына сандықта жоқ қой? – деді.

– Соның ішіне салып қойып едім ғой, ботақаным. Дұрыстап қарашы! – деп, өзінің көңіл-күйін сездірмеуге тырысты.

Ләйлә денесін әзер сүйретіп сыртқа шыққанда ымырт үйіріліп, көз байланып қалған еді. Өліара шақ. Көктегі жарқырап тұрған жұлдыздар бір сәтке Ләйлаға үміт отындай болып жымыңдай көрініп кетті. Қас-қағым сәт те болса осы үміт оған сүйеу болып, бойына жылу дарытқандай күй кешті.

Көп кешікпей қас қарайып, Меккенің тасты таулары да ертеңгі бір қасіреттің болатынын сезгендей бастарына қою қою түнді қара шәлі ғып тағып алды.

Мәлік бураның бақырған дауысынан оянып кетті. «Тұр, арамқатқыр. Бүгін тағы да қожайыннан сөз еститін жайым жоқ». Ол далаға шыққанда таң қылаң беріп қалған екен. Ептеп қана Мекке тауларынан ескен саумал самал ентелеп кеп тұла-бойды иіскелейді. Үйлердің қорасынан ерте шыққан төрт түлік мал маңырап, жамырап тауға қарай бет ала бастапты.  «Бұл менің серілігімнің қайта атқан таңы, ар-намысымның ақталар күні», деді іштей Мәлік.

Осы сәтте үй ішінен қызының «Әке, қайдасыз?» деген дауысы естілді. Көп ұзамай сыртқа жүгіріп шыққан Рабиға әкесін артынан құшақтап:

– Мен сізді тағы да кетіп қалды ма, деп қорқып кеттім, – деді.

– Мен сені бүгін нағашыларыңа апарып  тастаймын. Одан да бар апаңа айт. Жолға әзірлігін жасасын. Ерте күнді кеш қылмай жолға шығайық, – деді де қора жаққа қарай  адымдап жүріп кетті.

Ләйлә түнімен көз ілмеген болатын. Жан-дүниесі алай-дүлей болып, бірде қызын құшақтап, енді бірде көрпе астына тығылып тұншыға жылаумен болды. Таңға жуық қана көзі ілінді. Кенет оянып кетіп жалма-жан, жан-жағына алақ-жұлақ етіп қарады. Қызы жоқ. «Түн жамылып алып кеткен бе?» деп қорқып басын көтергені сол еді сырттан әкесі мен қызының сөйлесіп жатқанын естіді. Бір сәтке күпті жүрегі басылғандай болса да Мәліктің «жолға әзірлігін жасасын» деген сөзін естігенде дәрменсіз жүрегі одан сайын мұздай  боп кетті. Үйге кірген Рабиға:

– Апа, тұрыңыз. Әкем жолға шығамыз, әзірлік жаса деп жатыр. Ақ көйлегім қайда? Тезірек киіп күн салқында жолға шығайық. Болмаса басыма күн өтіп жүрер. Ләйлә ләм-мим деп жауап қайтармай амалсыз қызын киіндіре бастады. Ол қызына ақ көйлек емес, ақ кебін кигізіп жатқандай күй кешті. Әсіресе, қызының шашын тараған шақта тұншыққан көз жасына ие бола алмай қалды. Қос жанарынан төгілген жас тамшылар тарақпен жарысқандай төмен қарай сырғанай берді. Анасының жылағанын көрген Рабиға:

– Апа, неге жылайсыз? Мен ол ауылда көп болмаймын ғой. Атама айтсам әкеп тастайды, – деп жұбатты. Осы кезде түйесін ерттеп үй алдына келген Мәлік:

– Әй, қатын! Шұбатылмай болсайшы. Күн ұясынан шықпай жолға шығамын деп кеше ескерткен жоқ па едім?!

Аздан соң асығып-үсігіп ана мен қыз есік алдына шықты. Қызын түйеге мінгізіп жатқанда анасының кемсеңдеген үні шыққандай болып еді, Мәлік:

– Үніңді өшір, Лат пен Ғұззаның қарғысына ұшырағыр, неме! – деді де, түйесін түртіп тұрғызып Мекке тауларына қарай жеделдете аяңдады.

Ләйлә түйеге мінген әке мен қыздың артынан қарап тұрды да олар ұзаған сәтте көз-жасына ерік беріп ботасынан айырылған аруанадай еңірей боздап аңырап қала берді. Олар кеткенде Ләйләнің әлі де үміті түгелдей сөнген жоқ болатын. Бірақ Мәлік түйесін Уқаз жәрмеңкесіне қарай емес, шығысқа қарай бұрғанын көргенде өлімсіреп жанған шырақтай үміті жалт етті де өшіп қалды. Оған бұл соңғы үміті емес, мына жалған дүниеде алған ақырғы деміндей болып көрініп кетті...

Олар Мекке тауының етегін жағалап өтіп тастақты жерге аяқ басты. Рабиғаның қуанышында шек жоқ. Әр нәрсені бір қиялдап келе жатты. Бір уақытта ыңылдап әнге басты. Әуелгіде Мәлік оның не айтып келе жатқанына мән берген жоқ еді. Кейіннен құлағын салып көріп шошып кетті.

Аллаға қолын жайғандар,

Ханиф діннен таймаңдар!

Қараңғыны қақ жарып,

Келеді соңғы пайғамбар!

– Әй, сусылдақ! Не деп оттап келе жатырсың! Мынаны сен қайдан жаттап алғансың, кім үйретті саған?

– Бұл соңғы пайғамбар туралы айтылған ән ғой, әке! Әнеугүні қораға барғанымда түйекеш құл ыңылдап айтып жүр екен. Артынан қалмай жүріп жаттап алғам.

– Қай-қайдағыны айтып шатаспа! Ол қара құл үндемей жүріп құтырайын деген екен. Бәс-е-бәсе. Оған да ханифтердің індеті жұққан ғой. Қап бәлем, әлі-ақ түсерсің қолыма...

Қаршадай қыз әкесінің қаһарынан қорқып үнсіз қалды. Көп ұзамай әке мен бүлдіршін қыз түйенің адымын санап, жер апшысын таусып қазылған құдыққа да жетіп қалды.

Мәлік құдықты ұзақтан көрген кезде бір сәт бұрын-соңды болмаған бір күй кешті. Сол күй бірте-бірте мазасын алып, өзімен-өзі арпалысқа түсті.

Ішінде таласқан екі түрлі дауыс: «Сен расында өз қызыңды тірідей жерге көмбекпісің? Адам деген, мал екеш малға да жаны ашымаушы ма еді?» десе, оны басқа бір дауыс бұзып: «Е-е, онда тұрған не бар? Әйелінің қыз тууы ер жігітке түскен өшпес қара дақ. Сол дақты кетіру оның намысы. Әсіресе, бұл осы елдің серкесі, ешкім бетін қайтарып көрмеген серісі болсашы! Әйелі қыз туғанда елдің бәрі «қыз туды» деп айыбын бетіне басып масқаралағанда, бұл ұяттан кіретін тесік таба алмай қалған жоқ па еді?  Содан бері жегені желім, ішкені ірің болды ғой».

Келесі дауыс: «Қыз туғанның несі айып, әрі «ел бетіне қарай алмайды» екенмін деп тірі сәбиді қалай ғана жерге көмеді? Өз баласын қалай қияды?».  Қарсы дауыс: «Бұл ұл емес, қыз. Ал қызды болу деген «Лат пен Ғұззаның қарғысына ұшырау» деген сөз. Осы қыздың кесірінен Шұғбалар мұны бес жылдан бері көзіне көк шыбын үймелетіп, тірідей жерге көміп келді ғой. Соның бәріне осы қыз кінәлі». Мәліктің ойына  «Шұғба» деген сөз түскенде сол келіп қалғандай селк етті де есін жинап жан-жағына қарады.

Құдыққа да келіп қалған екен. Ол жалма-жан түйесінен түсіп құдықтың айналасынан іздер іздеді. Кейбір аңдардың ізі болмаса ешкім бұл маңға ат басын тіремепті. Іштей «уф» деп бір дем алды. «Ендеше, іс бітті деген сөз». Осы сәтте түйені шөгеріп түскен Рабиға жүгіріп келіп:

– Әке, бұл қандай құдық? Іші терең бе, екен? Әлде, суы жоқ па? Торсықта су бар ғой, – деп ол да қызығып құдықтың ішіне қарай беріп еді Мәлік:

– Ендеше, сол судың бар-жоғын сен байқап кел! - деді де, құдықтың ішіне қарай еңкейіп тұрған қызын итеріп кеп қалды. Қаршадай қыз шыңғырып құдық түбіне қарай құлады. Оның шыңғырған дауысы құдық ішінде жаңғырып сыртқа шықты. Оқшау жерде шөгіп қаннен-қаперсіз күйіс қайырып жатқан түйе де шошып жалт етіп бұлар жаққа қарады. Қыздың халін сезді ме, қатты бақырып жіберді.

Иесі Мәлік болғанмен бүкіл мейірімді бұл түйе осы қыздан көрген еді. Ол оны тәй-тәй басқанынан бері жақсы танитын. Аяғын талтаңдап басып осының қасынан бір елі шықпайтын. Кейіннен жем-шөбін де, суын да осы қаршадай қыз беретін болған-ды. Қолына темір тарағын алып күн ұзаққа үстін тарап, ыңылдап әлде бір ән айтатын.

Түйенің бақырып өзіне қарай төнгенін көріп сасып қалған Мәлік қолына күрек ала сала салып кеп жібергенде қыры көзіне тиген жануардың басынан қан сау ете қалды. Түйе басы қайқаң етті де одан сайын бақырып ен далаға қарай қаша жөнелді.

Түйенің зары сахараны шарлап  кеткендей болды. «Мына елсіз сахарада қаршадай қызға араша түсер жан бар ма?! Көзімнен қан саулағанға да ешкімнен сауға сұрамаймын! Бірақ, мына бейшара сәбидің нендей жазығы бар? Ей, адамдар! Хайуан екеш хайуан да өз өзіне қас қылмасты! Өз сәбилеріңді өздерің тірідей көмсеңдер онда сендердің адам аттарыңнан не пайда?! Уа, Меккенің таулары! Сендер қасиетті едіңдер ғой. Сендер тас болсаңдар да адамдардай жүректерің тас емес шығар! Қол ұштарыңды беріңде-ер, таулар?!...»

Мәлік қызының шыңғырғанына да қарамай қолындағы күрекпен топырақты бұрқырата лақтырып құдықты толтыра бастады. Рабиға «Әкешім!!!» деп шыңғырып жылай, іште қалған қыл арқаннан ұстай көтеріліп, құдықтың ернеуіне жабысты. Әкесінің үсті-басы шашылған құммен шаң болған еді. Қызы бір жағынан бір қолымен құдықтың ернеуіне жабысса, бір қолымен, «әкешім, көйлегіңіз шаң болды ғой», деп көйлегін қаға бастады.

– Жер жұтқыр, сен әлі өлмегенсің бе, «қыздың қырық жаны бар» деген осы ма еді, мә саған! – деп аяғымен қызын бір теуіп құдықтың ішіне домалатып жіберді. Сәби қыз «әкеші-і-ім» деп шыңғырған күйі құдық түбіне қайтадан құлады. Ол қызын көміп жатқанда оның шыңғырған дауысы бірте-бірте азайып, өшкіндеп барып, артынан мүлде жоғалып кетті...

Мәлік құдық бетін жапқан кезде күн тас төбесінен мелшиіп қарап тұрып еді. Көпке дейін орнынан бір елі қозғалмады. Ақыры, осы көрген сұмдығын көкжиектің арғы жағындағы әлдекімдерге айтуға асыққандай әлден соң төмен қарай жылжи бастады.

Мәлік өзінің әбден шаршап, шөл қысқанын енді ғана байқап, жан-жағына жалтақтап түйесін іздеді. Жол азығы, торсығы түйемен бірге кеткен еді. Аздан соң түйесінің ізімен жүріп белден-бел асып теңселіп кете барды. Алайда, қанша ізінен қалмай ерсе де түйесі түскірге жете алмай-ақ қойды. Оның үстіне түйесін табамын деумен мүлде елсіз жаққа лағып кеткенін енді байқады. Маңайға қараса қанша, қалай жүргені белгісіз.

Ол соңғы күшін жинап бір белдің үстіне шыққан кезде бәйкүнә сәби қызға араша түсе алмағанына қатты ұялғандай күннің жер шетіне қып-қызыл боп кіріп бара жатқанын көрді. Сылқ етіп жерге құлай кетті.

«Енді, бәрі де біткені ме? Қайран  намысым-ай! Әлде, мен қате іс жасадым ба екен?!..» Оның өз баласына деген мейірімі енді ғана оянғандай көз алдына қызы елестеді. «Әке мен сізді әбден сағындым». «Сіз мені Қағбаға алып барамын деп едіңіз ғой». Бір кезде көз алдында ақ көйлек киген елес қызы ән сала бастады:

Аллаға...а қолын жайғандар,

Ханиф діннен таймаңдар!

Қараңғыны қақ жарып,

Келеді соңғы...ы пайғамбар...

«Соңғы пайғамбар!» деді-ау, қызым. Әлгі, ханифтардың айтуынша «соңғы пайғамбар келгенде сәби қыздар бүршік жарады. Жер бетіне рақымшылдық орнайды» деуші еді. Расында, мен қателістім бе? «Қыз деген сор» десек, жоқ оның шын бақ болғаны ма? Сонда, мен қолға қонған бақыт құсымды өз қолыммен тұншықтырып өлтіргенім бе?!»

Ол көзі қарауытып талықсып бара жатқан сәтте күбірлеп: «Айналайын, қызым, кешір мені!», дегісі келді. Бірақ, оған тілі күрмеліп дыбысы шықпады. Көп ұзамай ымырт түсті де, түн түнегі жан-жақтан қаумалап, өзінің әлдебір терең қараңғы  шыңырау құдыққа  зымырай құлап  бара  жатқанын ғана  сезді...

Сол сәтте дәл қасынан жер астынан шыққандай бір ақ қанатты құс шырылдап көкке қарай көтеріле жөнелді. Соңғы рет көзін әрең ашқан оған әлгі ақ қанатты құс көмілген  қызының ақ көйлегіне ұқсап кетті.

Сол құстан адамның сөзі естілгендей: «Шықылық-шықылық... Әкеші-ім, неге жерде жатырсыз, жейдеңіз шаң болды ғой, әкешім?!»... Намысқой жігіттің бұл дүниеде естіген соңғы үні осы болды...

PS: Бұл әпсананың сюжетін Исламтанушы ғалым Мұхитдин Исаұлы жазып, әдеби жағынан жөндеп, өңдеп баспаға беруге рұқсат еткен еді. Сондықтан, әңгімеге қосавтор ретінде қараған дұрыс.

«Са­ха­ра­да сағым қуған жан секілді. Шөлдеген жан алыстан су екен деп ой­лап, арып-ашып жет­кен­де еш нәрсе та­ба ал­мас» (Нұр, 24­:39)

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2047