Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
3856 1 пікір 30 Қыркүйек, 2019 сағат 11:37

Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы 18 жылға сотталды

Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Ихтиёр Абдуллаев 18 жылға сотталды. Өзбекстан әскери соты 27 қыркүйекте Абдуллаевпен қатар 20-дан астам бұрынғы шенеунікке үкім шығарған.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Абдуллаевқа "қылмыстық топ құрды", "пара алды", "Өзбекстанның мүддесіне қайшы келісім жасады", "бопсалады", "бөтеннің мүлкін жымқырды", "кеден заңнамасын бұзды", "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" және өзге де айыптар тағылған.

Сот үкіміне сәйкес, бірнеше адам ұзақ жылға сотталған:

  • Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Жахонгир Игамов - 16 жыл;
  •  Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі төрағасының кеңесшісі Әлішер Ишанходжаев - 17 жыл;
  • Ташкент қаласы прокурорының бұрынғы орынбасары Ёркин Абдуллаев - 14 жыл;
  • Әділет министрлігінің кадрлармен жұмыс басқармасы төрағасының бұрынғы орынбасары Ёркин Абдуллаев - 8 жыл;
  • Бас прокурордың бұрынғы орынбасары Гайрат Хидоятов – 5 жыл;
  • Жоғарғы сот төрағасының бұрынғы орынбасары Баходир Дехканов – 5 жыл;
  • Наманган облысының бұрынғы прокуроры Улугбек Тошев - 5 жыл;

Жоғарғы сот дерегінше, қалған 15 сотталушыға да "жасаған қылмыс түрлері мен зардабына қарай" түрлі жаза тағайындалған. Олардың нақты қанша жылға сотталғаны айтылмайды.

Биыл 11 ақпанда 52 жастағы Ихтиёр Абдуллаевтың денсаулық жағдайына байланысты қызметінен босатылып, оның орнына осы кезге дейін қорғаныс министрі болған Абдусалом Азизов тағайындалғаны хабарланған еді.

Ақпаратта Абдуллаевтың омыртқасына екі рет операция жасатқаннан кейін қызметінен кеткені айтылды. 2018 жылдың 31 қаңтарында мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы болып тағайындалғанға дейін Абдуллаев Өзбекстан бас прокуроры, парламенттің жоғарғы палатасының мүшесі болған. Бас прокуратура оның ұсталғанын тек төрт ай өткен соң растады.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037