Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 7397 4 пікір 30 Қыркүйек, 2019 сағат 13:41

Қытай елшісі немесе кросс-менеджмент деген не?

Мына видеода Қытай елшісі таңдайы тақылдап орысша сөйлеп тұр. Өткенде АҚШ елшілігіне хабарластым қабылдауында қазақша сөйлейтін адам жоқ.
Түнеукүнгі Теңіздегі жанжалда таяқ жеген арабтардың орысша шүлдірлеп жүргенін көз көрді. Бір кіндіктен тараған түріктердің өзімен орысша сөйлесесің. Қызымды тенниске апарамын. Алыстан келген екі-үш бапкер бар. Олар да сондай.

Елдегі шетелдік дипломаттар, шетелдік компания басшылары, олардың соңынан ере келетін ат-қосшылары, жұмыс күші...ашығын айтқанда қай елде жүргенінен хабарсыз. Демек әлі талай шетелдіктің тұмсығы қанайды деген сөз. Әлі талай конфликтінің куәсі боламыз... Неге? Себебі бізде мәдени аудит жүргізілмейді.

Халықаралық бизнесте кросс-менеджмент деген ұғым бар. Бұл - бөгде елге жұмыс істеуге келген шет елдің азаматына сол елдің ұлттық ерекшелігін, бұл елде өзіңді қалай ұстап, қалай сөйлеу керегін, қалай жүріп, қалай тұру керегін, былайша айтқанда сол елдегі - қоғами-мәдени әдептің әліппесін санаңа сіңдіріп, миыңа құйып беретін пайдалы дәрістің түрі.

Мәселен осыған дейін бір компанияда жұмыс істейтін арабтар мен мексикалықтар, француздар мен үнділер жиі шекіскен екен.

Ал Жапонияға баратын америкалықтарға бұл елдің ұнатпаған дүниесін астарлап жеткізетіні алдын ала айтылады. Астарлы сөзді аңғармайтын америкалықты жапондар "кейуай" деп атайды екен. Қазақша айтқанда "ымды түсінбейтін, дымды түсінбес" дегенді бүлдіреді бұл.

Сол секілді Америкада, Батыс елдерінде ойыңызды тура айтпай бұлталақтап тұрсаңыз сенімсіздік туғызасыз. Халықаралық бизнесте кросс-менеджмент талай конфликтінің алдын алып отыр.

Ал бізде ше? Бізде мұндай дәрістер жүргізіле ме? Айталық алыстан келген арабқа, қытайға, түрікке "Қазақ қоғамында өмір сүрудің 10 қағидасын" неге оқытпасқа?

"Әй, басың жарылып, көзің көгергенді қаламасаң қазақтың қыздарына қырындаушы болма. Қазақтың табиғатын танығың келсе тілін үйрен. Сол кезде жаныңдағы қазақ жігіттерімен тез тіл табысасың. Етін жеп, сорпасын ішкеннен кейін "спасибо" дегеннен сақтан, бұл саған Ресей емес. Қазақтың тұрмыс-салтына қайшы келетін қылықтарыңды өз еліңде қалдыр.
Үлкенге - аға, кішіге - іні деп сөйле. Саған бұл елде әй, дейтін әже, қой дейтін қожа бар" - деген секілді ұлт мінезіндегі ерекшеліктерді шетелден келгендердің құлағына құйса бәлкім олар да қазіргідей күпсінбей айылын жиып, аяғын тартып жүрер ме еді...

Иә, жалақыдағы теңсіздік ең басты фактор. Уақыт өте бұған тілдік фактор да қосылады.

Орысша сөйлеп тұрған Қытай елшісі арғы-бергі беттегі қазақтың ашуы-ызасын асқындыра түспесе, бәсеңдетпейді.

Ал кросс-менеджерлікті меңгеріп кететін тұлғалар қазақ қоғамында құдайға шүкір көп.

Мақсат - қазақты құрметтеуді үйрету. Шетелдіктер сый-құрметін сақтығысы келсе, қазақты құрметтеуді үйренуі керек.

Бұл Тоқаев айтатын әділеттілікке қайшы емес...
...
Кросс-менеджмент туралы Эрин Мейердің "Culture map" еңбегінен егжей-тегжейлі оқи аласыз.

Думан Бықай

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958