Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 11383 0 пікір 4 Тамыз, 2011 сағат 20:21

Тәуелсіздік философиясы

Дүниеде бүкіл тірі жан, тіршілік иесі тәуелсіздікті із­­дейді, соған ұм­ты­­­лады. Ол саналы да, санасыз да тіршілікке тән. Бұл тү­сінікті, өйткені әр­бір тіршілік иесі бостандықта, еркіндікте өмір сүреді. Еркіндік, бостандық деген не? Ол тіршілікте ешқандай кедергінің, қыспақтың, болмауы, қыспақ кедергі жоқ жерде еркіндік бар. Әлемдегі барлық жан-жануар, құс-құтан бәрі де сол бостандықта, еркіндікте өмір сүреді. Өміріне тұрған ортасы қолайсыз болса, олар одан басқа жаққа орын ауыстырады. Ондай мүмкіндік жоқ болса, онда еркіндік те жоқ. Сонда тәуелсіздік, еркіндік деген не? Не істеймін, не жасаймын, қайда барамын деп басқа да ынталылыққа ешқандай кедергі болмаса, міне, сол еркіндік.

Дүниеде бүкіл тірі жан, тіршілік иесі тәуелсіздікті із­­дейді, соған ұм­ты­­­лады. Ол саналы да, санасыз да тіршілікке тән. Бұл тү­сінікті, өйткені әр­бір тіршілік иесі бостандықта, еркіндікте өмір сүреді. Еркіндік, бостандық деген не? Ол тіршілікте ешқандай кедергінің, қыспақтың, болмауы, қыспақ кедергі жоқ жерде еркіндік бар. Әлемдегі барлық жан-жануар, құс-құтан бәрі де сол бостандықта, еркіндікте өмір сүреді. Өміріне тұрған ортасы қолайсыз болса, олар одан басқа жаққа орын ауыстырады. Ондай мүмкіндік жоқ болса, онда еркіндік те жоқ. Сонда тәуелсіздік, еркіндік деген не? Не істеймін, не жасаймын, қайда барамын деп басқа да ынталылыққа ешқандай кедергі болмаса, міне, сол еркіндік.

Ал тәуелсіздік ше? Ол да еркіндіктен ту­ындайды. Тәуелсіздік ол ешкімнен қаймықпау, ешкімге бағынышты болмау, ойыңа келген алғашқы ісіңе еркін кірісу, жалтақтамау. Бұл, әрине, табиғи құбылыс. Бірақ, XVIII ғасыр­дағы француз философтарының көшбасшысы Дени Дидроның пікірінше, еркіндік жансыз дүниеге де тән көрінеді. Оның пікірінше, әлемде қозғал­майтын зат жоқ. Бәрі де қозғалыста, егер кейбір қозғалмайтын зат болса, онда оны ұстап тұрған кедергі бар болғаны. Егер сол қозғал­май тұрған заттың кедергісін алып тастаса бол­ды, ол қозғалысқа түседі деген болатын. Олай болса, сол қозғалыстың өзі де еркіндік көрі­неді. Ал енді әлемде ешбір кедергісіз, абсолютті тәуел­сіздік, еркіндік бар ма деген сұрақ туындайды. Абстрактілі түрде ондай тәуел­сіздік болады деуге келеді. Бірақ, нақты өмірде мұндай, абсолюттік тәуелсіздік жоқ, болмайды да. Барлық тәуелсіздік нақты жағдайда, белгілі дәрежеде, қатынаста ғана кездеседі деп түсіну керек.

Өмірде барлық іс-әрекет, құбылыс бір жа­ғынан алсаң тәуелсіз, ал екінші жағынан тәу­елді, кейде бағынышты болып келеді. Тәуел­сіздікті абсолютті түсіну - ол өрескелдік, табиғатқа қарсы келу.

Әлемде жаратушы Алладан басқа, абсолютті тәуелсіз ешнәрсе жоқ. Мейлі ол саналы не санасыз, жанды не жансыз болсын. Қалған дү­ниеде тәуелсіздік пен тәуелділік тығыз бай­ла­ныста кездеседі. Сонда тәуелсіз дегеніміз не? Ол белгілі жағдайда тәуелсіздіктің жалпы алғанда тәуелділіктен басым болуы. Оны абсолютті деп түсіну - ол да тіршілікке қайшы. Ал енді түрлі жағдайда тәуелділіктің тәуелсіз­дік­тен басым болған кездері де кездеседі. Мәсе­лен, тұтқында отырған адам, бодандықта өмір сүрген ел - тәуелді. Торда ұсталған құс, бай­лаулы мал, зообақтағы аңдар - тәуелді, оларда еркіндік жоқ, сана да жоқ, бірақ сезім бар. Тұтқындықтан босаса болды, ұшып, еркін кетеді. Өйткені, еркіндік бәріне керек. Табиғи өмір, тіршілік заңы.

Ал адам - қоғамдық саналы, тіршілік иесі. Ол қашанда еркіндікті, бостандықты аңсайды, тек аңсап қана қоймайды, сол үшін әдіс-тәсіл іздейді, күреседі, тіпті жанын пида етуге дейін барады. Адам баласына тұтқында болудан немесе еріксіздіктен қиын нәрсе жоқ. Мәселен, көшпелі болып, кең даланы жайлаған халық өмір бойы бостандықта, еркіндікте өмір сүрді. Ол басқа отырықшы елдер сияқты бостандық үшін күреске шыққан жоқ. Өйткені, өмірі бостандықтан тұрды. Оның сол еркіндіктің не екенін сезбеуі де мүмкін, егер де өзінде бар әлгі еркіндікке қауіп төнбесе. Көшпелі халық еліне сырттан жау келгенде жанын салып аянбай, ерлікпен жерін қорғаған, сол үшін өмірін пида етуге дейін барған. Бірақ, қорқатыны бір ғана нәрсе болған. Ол - жау қолына түсіп, тірідей қапаста қамалмау, еркіндіктен айрылмау. Олар үшін кіріптар болу, еркінен айрылу өлімнен де ауыр жаза ретінде есептелген. Мәселен, сол көшпелілер өкілін патша үкіметі түрлі айып тағып, «итжеккенге» жер аударғанда, сол жерден жолда аштан, не басқадан өлемін демей, мыңдаған шақырым жерден ай мен күн, «құс жолы» мен «темірқазықты» нысанаға алып, еліне жаяу қашып жететін болған.

Қоғамдық тарих дәлелдегендей, адам бала­сы қашанда бостандық, тәуелсіздік үшін кү­рес­кен. Тәуелділіктің ең жоғары шегі абақтыға салу, жер аудару, құлдықта ұстаумен қатар, бү­кіл ел көлемінде қарасақ, ол бодандыққа ай­налдыру. Бодан болған ел - еріксіз, бас бостандығы, еркі жоқ ел. Ол басқа үстем елге қызмет етеді. Еті тірі, санасы оянған, еркіндікті ойлап, сол бодан елден шыққан зиялы азаматтар болса, үстем ел, олардың еңсесін басып, көзін жойған. Дегенмен өмір бір қалыпта тұрмайды, жаңа ел ойшылдары дүниеге келіп, қозғау салған. Сөйтіп бостандық үшін күрес еш толастамаған. Бұл да өмір шындығы.

Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік - асыл арман. Оған жетудің жолы әрқилы, түрліше. Негізгісі екеу. Бірі - күрес жолы, екіншісі келісім жолы. Осы екеуінің ең белгілі, ертеден келе жатқан сара ұстанымы - ол ұлт-азаттық күрес жолы. Бұл жолда қан төгіледі, шығын болады. Осыған қарамастан ел басын өлім мен өмір текетіресіне тігіп күреске шыққан. Мәселен, орыс халқы ұзақ жылдардағы күрес нәти­же­сін­де бодандықтан құтылды. Өз алдына тәуелсіз ел бола алды. Орыс халқы, еркіндігі үшін екі жақты қауіпті күшпен айқасып, күреске шық­ты. Бірі - Батыстан шығып орыс жерін жау­ла­мақ болған швед, неміс - тевтондықтар бола­тын. Бұл да орыс халқына оңайлыққа түспеді. Ал­ды­мен, түрлі ұсақ княздіктерге бөлінген орыс­тардың ауызбірлігі болмады. Содан өздері талай опық жеді. Ақырында 1242 жылы сәуір айында Чуд көлі мұз айдынында болған тев­тондықтарға қар­сы жүргізілген қанды шайқас­та орыс жа­сақ­тарын бастаған Новгород - Север княз­дігінен шыққан 22 жасар Александр Ярославич (1120-1263) (сол шайқастан кейін Невский атан­­ған) жауды талқандап жеңіп, орыс халқының рухын көтерді. Бірақ, орыс халқы отанына Шы­ғыстан да қаптап келген моңғол-татар басқын­шылығына душар болған еді. 1223 жылы ма­мырда Қалқа өзені бой­ын­дағы шайқаста орыс­тар тас-талқан болып же­ңіліп, бодандыққа ай­налды. Алтын Орда хан­дығына бағынып, түрлі салық төлеп түруға мәжбүр болды.

Осы жерде еске алатын жәйт, ол Батыстан кел­ген жауға орыс жері керек болды. Шығыс­тан келген жауға салық төлейтін бағынышты ел керектігі. Екеуі де тәуелділік, бірақ соңғысы сәл де болса жеңілдеу еді. Сондықтан Александр Невский қай жақты бетке алу дилеммасы туғанда, ол Рим Папасы уәкілдерінің ұсыны­сын қабылдамай, бетін шығысқа аударып, Ба­тый хан жағында болды. Бүл үлкен көрегендік еді. Ол кезде орыс халқының жағ­дайы кейінгі жылдарға қарағанда әжептәуір же­ңілдеу болды. Александр Невский, оның әкесі Ярослав Батыймен тіл табысты, дұрыс қарым-қатынаста болды.

Әлемде қандай күшті император, хан, король, әмір болса да елде көреген адам бар деп естісе, оны қасына алдырған. Ондайлардан Гит­лер де, Сталин де қашпаған. Мәселен, Вольф Мессингті екеуі де білген. Пікірін тың­даған. Екеуі де Тибет данышпандары құпиясын білмекке ұмтылған. Өйткені, бәрі белгісіз және бағынышты емес. Болашақ күңгірт. Сондықтан ойлы ел басшылары тәуелсіздік пен тәуел­ді­лікті байланыстырып ұстай білген. Табиғатта мәуелі ағаш иіліп, мәуесіз ағаш бой тіреген, таласып өскен. Бірақ, жоғарыда айтылғандай иіліп, тәуелділік көрсету негізгі мақсат емес, тәуелсіздікке жетудің әрекеті болуы керек. Өйткені, бәрі сенің қолыңда емес. Қазақта қандай адам болсын, бір іске кірісіп оны бастар алдында, тіпті ол іс емес-ау, ой түрінде бол­са да: «Құдай қаласа», дейді. Неге? Өйт­кені, әрбір істің орындалуы көптеген фактор­ларға байланысты. Қазақ соны білген.

Сонымен, тәуелсіздік пен тәуелділік ара­сын­да диалектикалық байланыс, қатынас бар. Дүниеде абсолютті тәуелсіздік те, тәуелділік те жоқ. Бірақ, солардың қайсысы басым? Мәселе сонда. Біз тәуелділіктің бір көрінісі, құлдық не тұтқын болу дедік. Ондайлардың ойы ішінде, тәуелсіздікті армандайды. Қолынан келсе құ­тылу жолын іздейді. Тәуелсізбін деген жанда кім болса сол болсын, бәрібір екінші жағынан тәуелді. Осынын бәрі өмір диалектикасы. Білгір басшы осылардың бәріне мән берген, ретімен қолданған, дегеніне жеткен.

Сонымен, Қалқа өзені бойындағы жеңіліс ізсіз қалмады. Орыс халқының санасын оятты. Ақырында 1380 жылы Куликов даласында бол­ған шайқаста Мәскеу князі Дмитрий Донской Алтын Орда ханы Мамайды же­ңіп, орыс халқы­ның бодандықтан құтылуына тарихи бастау жасады. Сөйтіп, бір жағынан моң­ғол-татар ша­буылы орыстарды бодандыққа әкел­се, екінші жағынан олардың намысына тиіп, санасын оят­ты, алауыздықты тоқтатып, Мәс­кеу княздігі тө­ңірегінде бірігіп ұйымдасуы­на негіз болды. Бұл орыс мақалы: «Нет худа, без добра» (қиын­дықсыз рахат жоқ) дегеніне ұқсас ой.

Осындай қиындықтар Украина халқы басы­на да түсті. Олар да талай рет поляк шабу­ылдарына қарсы күресіп, ақыр соңында Ресеймен бірігіп, тәуелсіз елге айналды.

Тәуелсіздік американ халқына да күреспен келді. Оны бастаған Джордж Вашингтон 1781 жылдың 1 қазанында Йорктаунда болған қат­ты шайқаста ағылшын күштерін талқандап, Аме­рика тәуелсіздікке жетті. Кейін осындай еркіндікті Канада, Австралия сияқты елдер одан әрі жалғастырды. Соңғы екеуі қантөгіссіз, келісім арқылы бостандық алды. Англиядан ұзаққа созылған тартыс, ақырында келісім арқылы жеткен елдің ең бір айқын көрсеткіші - бұл Үндістан. 1947 жылы Джавахарлал Неру кезінде Үндістан тәуелсіз мемлекет болып жария­ланды. Тәуелсіздікке келісім арқылы қол жеткізу ол да жай бола қоймайды, оны ұзақ күрес­тің нәтижесі деп ұғу керек. Екінші жағынан, үстем болған отаршыл ел мұндай келісімге, еркімен емес, амалсыздан көнеді. Сон­дықтан да Үндістанда ол үшін бір оқ атыл­мады. Бір адам шығын болмады. Бұл күрестің бастауын Махатма Ганди жүргізген еді.

Отырықшы халық бір жерде коныстанып, бірігіп өмір сүруге дағдыланған болса, көшпелі халық мал шаруашылығы жағдайына байла­ныс­ты мыңдаған жылдар дараланып өмір сү­руге, ұдайы қоныс аударуға бейімделген. Көш­пелілерге жаңа жер малға жайлы болса, жерсінген. Сондықтан олардың тарихи өмірінде жан-жаққа тарап, тарыдай шашылып, түрлі себептерге байланысты бірінен-бірі қол үзіп, кете беру онша қиындық әкелмеген. Бірақ олар қайда жүрсе де өздерінің әдет-ғұрпын, салт-санасын, тілін, діни сенімін сақтай білген. Бұл дағдыны сол алыстағы көшпелілердің тікелей ұрпағы қазақтардан айқын байқаймыз. Оты­рық­шы халық үйренген жерден зорлық болмаса, қоныс аудармаған, өмір сүре алмаймын деп қорыққан, ал көшпелілерде ондай үрей бол­маған. Бұл олардың тұрмыстық тәуелсіздігінің бір көрінісі болса керек.

Қазіргі дәуірде заман күрт өзгерді. Көшпелі тұрмыс тарих сахнасынан біржола кетті, ел отырықшылыққа көшті. Ал ұлттық сезім сақ­талып қана қойған жоқ, ол басқа елдерде жүр­ген қазақ бауырлыстарда жылдан-жылға кү­шейіп, олардың санасын билеуде. Біз кімбіз, бабаларымыздың тарихы қайдан басталады, еліміз қайда, жеріміз қайда деген терең ішкі сезім оларды толқытып толғандырып, өздерінің рухани темірқазығы енді Тәуелсіз Қазақстан екендігі жан-дүниесіне шымырлап еніп, тамы­рына бойлап, тарихи Отаным мен жерім бар деген сана олардың өмірлік қағидасына айналуда. Олар отанымызға көшіп келер, не келмес, бірақ тәуелсіз Қазақстан тұрған кезде қазақ­тығын жоғалтпайды.

Қазақ халқы сыртқы шабуылдардан әбден шаршаған кезінде Ресейге бодан болды. Мә­селен, Қоқан хандығының шексіз тепкісін көр­ген Сыр елі 1853 жылы Орынбор губернаторы, генерал В.А.Перовский әскерін қуанышпен қар­сы алды. Кейін Кеңес өкіметі сол жүйені сақтап қалды. Осылайша бұрын көшпелі тұр­мыс құр­ған қазақ халқы отырықшылыққа айналды.

Колхоз, совхоздар пайда болды. Елде ірі өндірістер салынып, Қазақстан индустриялы-аграрлы елге айналды. Халықтың сауат­сыз­ды­ғы жойылды. Мектеп, техникум, жоғары оқу орындары, мәдениет ошақтары ашылды. Қа­зақстан өзінің аумағы, Конституциясы, мемлекеттік рәміздері бар одақтас республикаға ай­налды. Осының бәрі бұрынғы дағдылы тұр­мыс­пен салыстырғанда айқын даму болатын. Дегенмен, қазақ тәуелсіз мемлекет бола алды ма? Әрине, жоқ. Әйтпесе Созақ, Адай, Қа­ра­құм сияқты Кеңес өкіметі кезіндегі азаттық көтерілістер болар ма еді?

Кеңес жылдарында Қазақстан өз жеріндегі жерасты байлық­та­ры­на, егін мен мал шаруашылы­ғына егемен бола алмады. Сон­дай-ақ жер, өзен-су, орман-тоғай, жан-жануарларға билігі болмады. Оның бәрі мемлекет меншігі ата­лып, Мәскеу басқарған болатын. Қазақ­­­стан Мәскеу келісімінсіз ешнәр­се­ге кірісе алмайтын. Сондық­тан да кеңес жылдарында колхоз-совхоздар көптеген азық-түлік өн­дір­гені­мен, сол шаруашылықтарда ең­­­бек еткен кол­хозшылар мен жұмысшылар бүкіл ел сияқты нанға, етке, майға кіріптар болды. Өйт­кені, ол байлықтар мемлекет қорына кетіп жатты.

Қазақстандағы ірі өндірістер негізінде дай­ын зат емес, шикізат шығаратын. Айталық, мұ­най, көмір, мыс, темір, хром, глинозем және сирек кездесетін металдар өндіретін. Оларды өндіру үшін рудниктер, шахталар, жер қаба­ты­нан мұнай тартатын құбырлар жасалып, алын­ған заттарды тазарту, байыту Қазақстанға тап­­сырылып, ал олардан түрлі құрал-жабдықтар жасау Ресейге жүктелетін немесе шет елдерге кетіп жататын. Мысалы, Жезқазған мен Бал­қаш­тың үш то­ғыздан тұратын таза мысы сырт­қа кетіп, оларды өндіру кезіндегі қалдық зат­­­тар, түрлі қоқыстар қазақ жерінде қалатын. Мұны социалистік ең­бек бөлісі деп түсін­ді­ре­тін. Сол өнді­рістердің басшыларын да Қазақ­стан үкіметі емес, Мәс­кеу тағайындайтын. Өз жеріміздегі байлыққа өзіміз ие боламыз дегендер қуғындалатын.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан түрлі бұғаулардан босап, тәуелсіз мемлекетке ай­нал­ды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Әлемге Қазақстан Республикасы бар екенін Рес­ми түрде көрсетті. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған көп век­торлы саясаты мен екі жақты тиімді дипло­ма­­тия­­лық қатынас орнатуы еліміздің болаша­ғы­на кең жол ашты, қарқынды дамудың үлгісін көрсетті.

Тәуелсіз болу - бақыт. Бірақ өмірде абсолюттік тәуелсіздік бар ма? Абсолюттік тәуел­сіз­дік бір Аллаға ғана тән дедік. Басқа жара­тыл­ған дүние бәрі біріне-бірі байланысты, тәу­елді. Әлгі айтылған диалектика тұрғысынан тәуелсіздікті сыңаржақты түсіну - менмендікке, тәкаппар­лыққа, эгоизмге, өркөкіректікке әке­леді. Ол жеке адамды да, мемлекетті де басқа­­лар­ға қарсы қояды, оның соңы жарға соқты­рады. Ал енді өзін тек тәуелді ұстау - ердің де, елдің де қанатын қияды, жігерін жасытады, басқаның шылауында қалдырады, мүсәпір етеді. Сон­дықтан елді ел етемін дегендер екеуін де ақыл­мен ұстай білуі керек. Ең алдымен тәуелділік тек әрекет ретінде қаралып, ол тек тәуелсіздікті нығайтуға жұмыс істеуі тиіс. Егер тәуелсіздік - стратегиялық мақсат болса, тәу­ел­ділік соған жетудің тактикасы. Әдіс, әрекет өзгереді, ал стратегия - нысана. Ол басты бағ­дар. Ол оған жеткенше құбылмауы, өзгермеуі тиіс.

Қазақстан жер көлемі жағынан аса үлкен ел. Еліміздің аумағы арқылы өтетін өзендер, мысалы, Іле Қытаймен, Жайық пен Есіл Ресеймен, Сырдария Өзбекстанмен, Талас Қырғыз­стан­мен байланысып жатыр. Сондай-ақ Қа­зақ­стан жерін басып өтетін темір жолдар мен автокөлік жолдары да жетерлік. Оларды пайдалану сол мемлекеттердің бір-бірімен байла­ныс­та болғанды қажет етеді. Мұндай мәселелерді кез келген ел жеке өзі шеше алмайды. Әлемде мұндай мәселелер өте көп. Тәуелсіздік фило­софиясы дегеніміз, осындай жағдайды бас­қа­лармен келісе отырып, оның тиімді жолын табу. Бүгінде еліміз осы қағиданы берік ұс­та­нып келеді. Бұл - үлкен даналықтың белгісі.

Қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігін айқын­дай­тын мысалдар өте көп. Бір ғана мысал, Қазақстанның жаңа орталығы - Астананың бой көтергенін алайық. Ол әлемге әйгілі. Бұрын орталық қала болған Алматы қандай еді, бүгін қандай? Ғажап өзгерді. Әйнектен жасалған көп қабатты биік үйлер, салтанатты мекемелер, сарайлар, жолайырықтар қала көркін түбегейлі өзгертті. Осындай құрылыстар Қазақстанның басқа қаларында да бой көтереді. Кеңес дәуірінде бұл мүмкін бе еді? Ойға да келмейтін. Тіпті студенттерге жатақхана, асхана салу үшін рұқсатты Мәскеуден әрең дегенде алатын. Оның үстіне салынып жатқан ірі жолдарды, табиғатты қорғап, аялауды алыңыз. Осылардың бәрі Қа­зақстанның тәуелсіз ел екенін айтпай аңғартады.

Міне, тәуелсіздік пен тәуелдіктің көрінісін осындай мысалдардан айқын байқаймыз. Олай болса, біздің қол жеткен тәуелсіздігіміз зор бай­лық, шексіз бақыт. Тәуелсіздікке қолы жеткен елдер алдында одан да биік мақсаттар туындайды. Ол - қол жеткен тәуелсіздіктің баянды болуы. Ол үшін тәуелсіздікті нығайту, еліміздің еркіндігін еңбекпен еселеу. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздікке қолы жеткен дамыған елдер бұл терминді қайталай бермейді. Елді нығайтудың, күшейтудің жолын іздейді. Бұл дұрыс үлгі. Біз соны ойға алуымыз қажет. Әйтпесе, тәуелсіздік деп айта беру біз­дің назарымызды алдағы мақсаттарға аудару­дың орнына, болған іске бетімізді аударып, бас­ты мәселені айтудан аулақтатады. Тәуелсіз­дікті бағалай да, нығайта да білуіміз керек. Біздің мақсатымыз даурықпа сөз емес, тия­нақ­ты, нә­тижелі атқарылатын іс болуы қажет. Тәуелсіздік пен тәуелділік қашанда бірге жүре­ді. Бірінсіз бірі жоқ. Ал арақатынасы - есеп. Содан жаңыл­мау керек. Ұтатын жағдай - тәу­ел­діліктің тәуел­сіздікке қызмет етуі. Онсыз мақсатқа жету жоқ. Бұл екеуін мақсатқа жетуде қатар ұстай білу дүниедегі күрделі мәселелерге жатады.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик,

Тимур КІШІБЕКОВ, философия ғылымдарының кандидаты.

http://www.egemen.kz/310442.html

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377