Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4561 0 пікір 4 Тамыз, 2011 сағат 20:27

Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ. САЛ-СЕРIЛIК – ДIНИ ҰҒЫМ

Бiр ғасыр бойы атеизмнiң көзге көрiнбес "темiр құрсауында" тұншыққан Ұлы Даламыздың иесi - қазақ халқы руханиятын айтпағанда, бай тiлiмiздiң терең мағыналы сөздерiнiң мағынасынан айрылып, жұртта қалған жалғыз үйдiң күйiн кешуде.

Жалпы айтқанда, қазақ дүниетанымы - Құранның дүниетанымы. Әрбiр салт-дәстүрiмiз бен әдет-ғұрпымыздың түбiнде мiндеттi түрде Құранның аяты, пайғамбардың хадисiнiң мағынасы жатыр. Дiн мен дәстүрдiң бiте қайнасуына үлкен еңбек еткен дара тұлға - Қожа Ахмет Ясауи.
Сонау Қожа Ахмет Ясауи негiзiн қалаған ясауия тарихаты қазақ хандығының дүниеге келуiне, хандықтағы әлеуметтiк, дiни, мәдени, саяси процесстерге әсер етiп отырған. Тарихаттың негiзiнде түрлi институттар пайда болды. Бiз осы институттардың iшiнде батырлық, яғни әскери жағын қарастыра келе, оның сал-серiлермен байланысын ашуды көздеп отырмыз. Бiрiншi, сал-серiлер кiмдер? Осы сауалға жауап берiп көрсек. "Сал-серi" сөзi қазiргi уақытта қазақ түсiнiгiнде той-думан, жүйрiк ат пен құмай тазы, сұлу қыз соңында жүретiн адамдар десе, қазiргi уақытта "донжуанның" аудармасына айналып отырғаны тiптен сорақылық. Жалпы бүгiнгi күнi көптеген сөздердiң мағыналарынан айрылып, мәңгүрттiк қалыптан шыға алмай отырғанымыз өкiнiштен басқа ештеңе тудырмайды.

Бiр ғасыр бойы атеизмнiң көзге көрiнбес "темiр құрсауында" тұншыққан Ұлы Даламыздың иесi - қазақ халқы руханиятын айтпағанда, бай тiлiмiздiң терең мағыналы сөздерiнiң мағынасынан айрылып, жұртта қалған жалғыз үйдiң күйiн кешуде.

Жалпы айтқанда, қазақ дүниетанымы - Құранның дүниетанымы. Әрбiр салт-дәстүрiмiз бен әдет-ғұрпымыздың түбiнде мiндеттi түрде Құранның аяты, пайғамбардың хадисiнiң мағынасы жатыр. Дiн мен дәстүрдiң бiте қайнасуына үлкен еңбек еткен дара тұлға - Қожа Ахмет Ясауи.
Сонау Қожа Ахмет Ясауи негiзiн қалаған ясауия тарихаты қазақ хандығының дүниеге келуiне, хандықтағы әлеуметтiк, дiни, мәдени, саяси процесстерге әсер етiп отырған. Тарихаттың негiзiнде түрлi институттар пайда болды. Бiз осы институттардың iшiнде батырлық, яғни әскери жағын қарастыра келе, оның сал-серiлермен байланысын ашуды көздеп отырмыз. Бiрiншi, сал-серiлер кiмдер? Осы сауалға жауап берiп көрсек. "Сал-серi" сөзi қазiргi уақытта қазақ түсiнiгiнде той-думан, жүйрiк ат пен құмай тазы, сұлу қыз соңында жүретiн адамдар десе, қазiргi уақытта "донжуанның" аудармасына айналып отырғаны тiптен сорақылық. Жалпы бүгiнгi күнi көптеген сөздердiң мағыналарынан айрылып, мәңгүрттiк қалыптан шыға алмай отырғанымыз өкiнiштен басқа ештеңе тудырмайды.
Ал шындығында "сал-серi" сөзiнiң мағынасы не? Тарихы қандай? Бұл сұрақтарға жауап тапсақ, сұлулықтың символына айналып отырған жандардың терең сыры, жан дүниесi ашылар деген ойдамыз.
Қазақ халқының тарихында әрқашан тұғыры биiк тұратын тұлға - Әлкей Марғұлан. Академик Ә.Х.Марғұлан "Қазақтың сал, серiлiк дәстүрi" деген мақаласында сал мен серiге мынадай анықтама бередi: "Сал" еуропа тiлiмен айтқанда эксцентрлiк, болмаса өз бағытымен жүретiн бiр аяулы адам. Оның бiр арманы сылқымдық, кербездiк, киiмдi әдемi киiну, өзiмен қатар жүретiн адамның бәрiнен де қияпатымен де, киiмiмен де артық болу, асып түсу. Ертоқымының өзi де басқанiкiндей болмайды, алтынмен, күмiспен өрнектелген, ерекше салтанатпен жасатады.
"Сал" сөзi киiмдi салпаңдатып кең тiгуден шыққан, сал, салпаң. Әрбiр салдың шалбарының балағы сондай кең, оған бiр кiсi толығымен сиып кетедi," - дейдi де, "серi" сөзiне байланысты мынадай анықтама бередi: "Серi" сөзi серпiлдеуден шыққан, бой жазу, серпер осы сөзбен бiрдей, шалқыту, асқақтау," - десе, А.В.Затаевич: "Сери были детьми белой кости, богатыми, но их эксцентризм не принимал крайних форм," - дейдi.
Бұл ойлар қазiргi уақытта да осы мағынасында сақталып келе жатыр. Сондықтан оның барлығын тiзбектеудiң қажетi жоқ болар. Ал ендi академиктiң сал, серiлердiң шығу тарихына байланысты ойларын толық келтiре кетсек: "Сал, серi екеуi де өте ескi дәуiрден сақталып келе жатқан халықтың тiршiлiгiне көп жаңалық кiргiзген, әдебиетке, ой-санаға көп әсер еткен қазақ мәдениетiнiң бiр жарқын белгiлерi, - деп баға бере отырып, - Тарих көзiмен қарағанда, серiлiк ту баста түрiк қағанаты кезiнен шыға бастаған. Серiлiктi әдет қылған ойшыл кiсiнiң бiрi сол жасаған атақты Иоллық деген кiсi. Ол өзiн ғажайып аңшы, мерген, атты әдемiлеп ұстайтын ат сейiл, онымен қатар ол асқан ақын, жырау. Ағалары Бiлгi хан мен Күлтегiн қайтыс болғанда оларға арнап эпикалы оқиғаларды әдемiлеп құрып, оны тасқа жазып қалдырған да осы атақты Иоллық тегiн", - дейдi. Келесi ерекше тоқталып кеткен тұлғасы - Қорқыт. Ол туралы: "Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт - ескi дәуiрдегi серiлiктi бастаушының бiрi. Бұған ХIII ғасыр бұрын жазылған атақты шешен, ел басқарушы, онымен қатар атақты жырау, ақын, күйшi, бiрiншi қобыз жасаушы қазақ музыкасының атасы". Академик Ә.Марғұланның пiкiрлерiн тұжырымдасақ, сал-серiлердiң тарихы VIII-Х ғғ. аралығында қалыптасқан. Ескеретiн жайт, бұл кездерде әлi "ақын" немесе "сал", "серi" деген сөздер кездеспейдi. Бұл аталмыш сөздер кейiн пайда болғандығын, яғни Қыпшақ даласына исламның келуiмен байланысты екенiн көрсетедi. Ғалымның айтып отырған кезеңiнде, қазiргi түсiнiктегi салсерiлердiң тек сипаты ғана болған. Ә.Х.Марғұлан да: "Сал мен серiнiң сипаты әсiресе Қорқыт дәуiрiнде оғыз қыпшақ арасында өте күштi болды. Ол туралы Қорқыт жырында айтқан ғой:
Елден елге,
Бектен бекке,
Қобызын артып қосына,
Ұзындар жүр ел кезiп.
Бұл аңыз қазақтарда осы күнге дейiн айтылған ұзынның орнына "ақын" деп айтылады, яғни эпикалы жыр айтушылар," - дейдi.
Жалпы, сал-серiлердiң сипаты, ақындар ежелден бар екенiн Ә.Марғұлан барынша дәлелдедi. Бiздiң мақсат "сал-серiлер" сөзiнiң мағынасы мен қалыптасу тарихы туралы қарастыру. VIII-Х ғғ. сал немесе серi сөзiн кездестiрмеймiз, ал "ақынды" Қорқыт "ұзындар" деген. Жоғарыда айтып кеткенiмiздей, бұл ұғымдар ислам дiнiнiң келуiмен байланысты. Ендi осы ойымызды дәлелдеуге тырысайық.
Ақын - тiл тәңiрiсiнiң елшiсi деп, дана қазақ арлы ақынның қоғамдағы орынын дәл анықтаған. Сол "ақын" сөзi "ахун" сөзiнен туындайды. Ахун (парсы тiлiнен) - дiни ұстаз, жетекшi деген мағына бередi. Филология ғылымдарының докторы Б.Нұрдәулетова "Жыраулар поэтикасындағы дүниенiң концептуалдық бейнесi" еңбегiнде: "ақындық - Құдайға бет бұру. Бiз зерттеген жыршылардың түгел өмiрбаянында олардың дiни сауаттылығы ғана емес, дiн жолын ұстанған ғұламалықтары да сөз болады. Жоғарыдағы зерттеушiлердiң назарына iлiнбей қалған ақындықпен қатар айтылатын атау - "ахун" сөзi. Ахун - дiни ғұлама, сондай-ақ ақындықпен де байланысы бар адамдар. Ақын және ахун сөздерiнiң төркiндестiгi де жайдан-жай болмаса керек.
Өнеге шашқан жыршылық,
Құдайға ол да құлшылық, (Сүгiр Бегендiкұлы)" - дейдi. Мысалға Ыбырайым ахун Құлбайұлы, Түйте ахун, Қалжан ахун, Әбдурахман ахун Таңли Тана, Сейiтжан ахун Бекшентайұлы т.б. ахун дәрежесiнде шындықты жырлап, насихат өлеңдер шығарып, елдiң арасында әулие, пiр, дiн басшысы, ғұлама ғалым ретiнде танылған. Өмiр Қараұлы:

Ахун-ишан белгiсi -
Кәләм-Шәрiп қолында,
Өзi Хақтың жолында -
Дүниеге мойнын бұрмайды, - дейдi.
Теология докторы, дiнтанушы, ясауитанушы Досай Кенжетайдың зерттеулерiне назар салсақ: "Ахмет Ясауи хикмет дәстүрi қазақ даласында сал-серiлер шығармашылығы, терме-нақыл сияқты моральдық, ғибраттық мазмұнда дамыды. Бұл жердегi "хикмет" ұғымы алғашқы дәуiрлерде жалпы "пайғамбардың уағызы, насихаты, ғибраты" деген мағыналарда қолданылған. "Сайир" - араб сөзi, термин ретiнде Ясауи iлiмiнiң дүниетанымдық рухани әлемiн анықтайтын негiзгi ұғымы. Ал, "сал" ұғымы сопылық терминологияда рухани кемелдену жолын бiлдiретiн "сулук" сөзiнiң қазақ тiлiндегi өзгерiске ұшыраған формасы," - десе, шығыстанушы Өмiр Тұяқбаев: "Сұхбат шейх пен мүрид арасында ауызша жүретiн дәрiс болған. Ұстаз шәкiрт түсiнiгiне, қызығушылығы мен ынтасына, алғырлығы мен рухани күйiне қарай жеке немесе көпшiлiкпен бетпе-бет әңгiме-дүкен құратын. Сұхбаттан шейх мақсаты - шәкiртке Хақты таныту, жүрегiне махаббаттың дәнiн егу болса, ал шәкiрттiң мақсаты - мақамға жету, рухани өсу болды. "Саир ас-сулук" - шәкiрттiң мақамға жетiп, Хаққа ұласуы үшiн шейх, пiр, ұстаз бақылауында өтетiн дiни-рухани, ахлақи тәлiм-тәрбиесi жиынтығы деп ұқсақ керек. Қазақ арасында сопылықтың бұл қыры "сал-серiлiк" дәстүрi арқылы кең танылған. Сал-серiлердiң халықпен тығыз байланысып, дiни жыр-дастандар жырлауы, насихат, терме, арнау айтуы, сұхбат құруы негiзiнде қалыптасып, жыраулық, термешiлiк сияқты халықтық өнер аясына ұласты," - дейдi. Байқасақ екi ғалымның пiкiрi бiр жерден шығып отыр. Яғни "сал-серi" сөзi сопылық iлiмдегi "саир ассулук" сөзiнен туындайды. Бiздiң ойымызша, "сал-серi" сөзi сопылықтың "сил-сала" деген сөзiнен шығады. "Сил-сала" сөзi "шынжыр", "тiзбек" деген мағынаны бiлдiредi. Шәкiрт ұстаздың тәрбиесiнде болып, мақамға жетiп, өзi хал тапқаннан кейiн, шейхтың, пiрдiң рұқсатымен өзi ұстаздық жолға түседi яғни атадан балаға, ұстаздан шәкiртке берiлiп келе жатқан iлiмдi жалғастырады. Мұны сопылықта сил-сала деп атайды. Сал-серiлердiң жағдайында рухани iлiммен қоса, әскери тәжiрбиелер берiлсе керек. Бүгiнгi таңда сопылықтың рухани рөлi терең зерттелуде, бiрақ сал-серiлердiң тарихы, әскери тарихпен байланысты. Таласбек Әсемқұловтың бiр сұхбатында сал-серiлердiң тарихын былайша тарқатады: "Орта Азия сопыларының басты пiрi - Қожа Ахмет Ясауи. Осы Қожа Ахметтiң көп шәкiрттерiнiң бiрi және ең қабiлеттiсi - Бекташ есiмдi сопы болған. Қазақтың сал-серiлерiнiң пiрi - осы Бекташ. (Осман империясының тарихында Қожа Ахмет пен Азиядан шыққан сопылардың есiмi ерекше құрметпен аталады. Қазiргi Ыстамбұл, бұрынғы Византияның астанасы Константинопольдi жаулаған әскердiң алдыңғы легi тұтастай Қожа Ахмет Ясауидiң жаужүрек шәкiрттерi болған деседi). Қазақтың сал-серiлерi соғысқа жеке шерiк болып және сауытсыз, жанболатсыз шығатын болған. Әрине, кәсiби әскери адамның қан майданға бұлай қамсыз шығуы күмәндi сауалдарға жетелеуi мүмкiн. Бұндай сауалдарға жауап сал-серiлердiң, пидагер, құрбаншыл әскер екендiгiнде жатыр. Қарапайым тiлмен айтатын болсақ, сал-серiлер - өз еркiмен тұтастай өлiмге кесiлген әскер," - дейдi. Ендiгi мәселе, шыныменен қазақ топырағында дiн мен әскери бiлiктiлiктi ұштастырған топтар болды ма деген сауалға жауап iздеп көру. Бұл сауалдың жауабын Серiкбол Қондыбайдың "Арғықазақ мифологиясы" атты еңбегiнен таптық. Ғалым еңбегiнде "Үш қиян" тарихаты туралы жазады. Ол аталмыш тарихат туралы: "Бұл - 14 ғасырда, Алтын Орданы Әз Жәнiбек хан билеген тұста, Маңғыстауда, Жылыойда, жалпы Едiл-Жайық өңiрiнде қалыптасқан, бiр жағынан көшпелi жауынгерлiк, екiншi жағынан сопылық машайықтық дәстүрдi ұштастырған дiни-серiлiк тариқат болатын; мұндай ұйымды, типологиялық деңгейде батыс еуропалық дәстүрдегi "дiни рыцарлық орденмен" салыстыруға болады," - дейдi де, Үш Қиян орденiн өзi сияқты йассауилiк бағыттағы "нақышбандийя", "хайдарийя", "бекташийя", "құбрауийя" ордендерiмен (тариқаттарымен) қатар қоюға болады," - дейдi. Осы жерде тариқат мәселесiн шешiп алған дұрыс болар. Тариқа (тариқат) араб тiлiнен аударғанда жол деген мағынаны бiлдiредi. Ғалым Үш қиянды атақты сопылық тариқаттармен қатар жеке тариқат ретiнде көрсетiп отыр. Бұл пiкiрмен келiсе алмаймыз. Неге? Бiрiншiден, атап отырған тариқаттар ("нақышбандийя", "хайдарийя", "бекташийя", "құбрауийя") қазақ территориясынан тыс жерде таралған тариқаттар (Орта Азия, Кавказ, Түркия).
Екiншiден, қазақ территориясында негiзiнен ясауийя тариқаты таралған болатын. Үш Қиян да (егер оны жеке тариқат деп есептейтiн болсақ) қазақ жерiнен тыс шықпаған. Оған қоса ғалым Үш Қиянның басқа тариқаттардан айырмашылығын былайша тарқатады:
1. Олардың көшпелi ортада қалыптасып, көшпелi тұрмыс кешуi (басқа сопылық тарихаттар негiзiнен Орта Азия мен Қазақстанның отырықшы аймақтары мен қалаларында пайда болған). "Үш Қиян" орденi таза көшпелi тобыр (есенқазақтар, "Алаш ұлдары" немесе айрақтар) арасында қалыптасты.
2. Олар жай ғана сопылық тариқат емес, әскери сипаты бар, яғни дiнижауынгерлiк (рыцарлық) сипаты бар, тариқат болды.
3. "Үш Қиян" тариқатының негiзiн қалаушы "Есената" (Гөзлi) немесе "Асанқайғы" деген мыңдаған жылдық тарихы бар есiмдi лақап еткен адам болған, сондықтан осы тариқатты "Ата тариқаты" немесе "Асанқайғы тариқаты" деп те атауға болады. Ордендi негiздеушiлер, өздерiн қожалар, сейiттер, шейхтер сияқты, "Мұхаммед пайғамбар ғ.с.-ның нақ өзiнiң, оның сахабаларының немесе алғашқы төрт халифтiң, сондай-ақ құрайыш тайпасының ұрпағымыз" деп емес, бар болғаны "Қожа Ахметтiң шәкiртi болған Есенатаның (Асанқайғының) шәкiртiмiз" деп есептеген. Яғни оны негiздеушiлер, көшпелi түркi тайпаларына дiн уағыздау үшiн келiп, уақыт өте оларға сiңiп кеткен парсылар емес, таза қыпшақ, түрiкпен тектiлер болатын.
4. Бұл орден (тариқат) екi бастауды - йассауилiк сопылық ислам iлiмi мен байырғы түркiлiк "ұрым" дәстүрiн өзара ұштастырып, соңғысын алдыңғысының талаптарына сай бейiмдей алған тариқат едi. Бұл жөнiнен ол Нақшбандийаға, Бекташийаға, т.б. қарағанда барынша түркiлiк, барынша көшпелiлiк сипатта болған, - дейдi. Көшпелiлер арасында таралып, дiн мен дәстүрдi ұштастыра отырып, исламды түркi жұртына таратқан Қожа Ахмет Ясауи екенi белгiлi. Осындай синтез негiзiнде ясауия тариқаты пайда болады.
Қазақ қоғамындағы би-шешендер түгелдей ясауия тарихатының шейхтары, өкiлдерi болған. Билер институты сот, дипломатиялық қызметтер атқарғаны үшiн бөлек тариқат деп атауға болмайды ғой, сол сияқты Үш Қиян да тек әскери қызметпен айналысқандықтан, оларды тариқаттағы батырлық немесе әскери институтқа жатқызуға болады.
С.Қондыбайдың еңбегiне оралсақ: "Мiне, осы тариқаттың жолын қуушылар ("Алаш ұлдары") 14 ғасырдың аяғы, 15 ғасырдың басында ойран болған Алтын Орданы тастап, Орталық Қазақстанға (орталығы - Ұлытау, батысы - Арал, Қазалы маңындағы Қарақұмдар, шығысы - Қарқаралы Қазылық, оңтүстiгi - Қаратаудың терiскей, "созақтық" беткейi) қарай ығысты, - дейдi де, - ...осы тариқаттың ғайып болу уақыты ретiнде 16 ғасырдың 30-40-шы жылдарын көрсетуге болады. Бұл - қазақ мемлекеттiгiнiң өте күштi құлдырау дәуiрiне тұспа-тұс келедi. Ал, 17 ғасырда олар туралы тарихи ақиқат ұмытылып, тек аңыз ғана қалған едi," - дейдi.
Сонымен Үш Қиян 15-ғасырдың басында Орталық Қазақстанға ығысып келiп, 16-ғасырдың орта шешiнде тарих сахнасынан кетедi. Бiрақ, осы уақыттан кейiн "сал-серi" деген атаумен қолдарына домбыра ұстаған, халықтың еркесi, құты атанған жандар пайда бола бастайды. Бұдан салсерiлердiң түбi Үш Қиян дiни жауынгерлiк институт екенiн болжап отырмыз.
Жоғарыда жазушы Т.Әсемқұловтың пiкiрiн келтiрген едiк. Ол пiкiрмен С.Қондыбайдың пiкiрiнiң арасындағы ұқсастықтарды қарастырсақ.
"Екi автор да сал-серiлердiң тарихын Қожа Ахмет Ясауиге тiрейдi (Үш Қиянды сал-серiлiктiң негiзiн қалаушылар деп есептейтiн болсақ);
"Сал-серiлердiң пiрi немесе "негiзiн қалаушы" Қ.А.Ясауидiң шәкiртi екенiн жазады. Бiрақ Т.Әсемқұлов Бекташ сопыны атаса, С.Қондыбай Асанқайғыны ("Есената") атайды. Әрине Асанқайғының Үш Қиянның негiзiн қалаушысы ретiнде жоққа шығара алмаймыз.
Қажы Бекташ Уәли "Уәләйат намасында" оны Қожа Ахмет Ясауи Рұм жерiне жiбередi. Жалпы, бекташия тариқаты қазақ жерiнде емес, қазiргi Түркия, Албания, Босния жерлерiнде кеңiнен тараған. Сондықтан салсерiлердiң пiрi Асанқайғы деген тұжырымды дұрыс көрiп отырмыз. Олай дейтiнiмiз, Үш Қиянның көшi Ұлытауға келiп қонуы да Асан қайғы пiрлерiне байланысты болуы мүмкiн. Себебi Асан Қайғы дүние салып, Ұлытаудың басына жерленедi. Қазiр Ұлытау батысында Торғай жерiндегi қос өзеннiң бiрi - Үлкен Қайғы, екiншiсi Кiшi Қайғы деп аталады. Асанқайғы туралы төменде әлi қарастырамыз.
"Кәсiби әскери адамдар болған. Бұған байланысты Т.Әсемқұлов: "Бүкiл тарихы ат үстiнде, қанкешу - соғыс үстiнде өткен елдiң қатыгез әскери заңы. Оқырман бұндай қатыгездiк не үшiн керек деуi мүмкiн. Тұтас бiр шерiк әскердiң жауға сауытсыз шабуы - қалған әскер үшiн, ат жалын тартып мiнiп, алғаш рет қан майданға шыққан көкорай жас ұрпақ үшiн ерлiктiң теңдесi жоқ үлгiсi, үлкен рухани және психологиялық көмек деп жауап беремiз бұндай сауалға. Қол бастап тұрған кәрi батырлар: "Әне, сал-серiлер жауға сауыт кимей шапқанда, сауыт киiп, темiр құрсанған сен неден қорқасың?" деп қаннан шошынып тұрған жас ұландардың көңiлiн демдейдi екен. Әрине, көп жағдайда сал-серiлердiң шерiгi тұтастай қырылатын болған. Ал осы аяулы әскердiң кездейсоқ тiрi қалғандары болса, бейбiт кезде олар елдiң еркесi саналған. Қазақта "аттың майы" немесе "аттың терi" деген ұғым бар. Бiреудiң атын мiнуге алған адам, атты иесiне қайтарғанда "аттың майын" бередi екен. Қазақта "аттың майы - бiр тоқты" немесе "аттың майы - бiр қозы" деген ұғым да бар. "Қылыштың майы" да сол көне күндерден жеткен қасиеттi ұғым. Ұрыстан әлдеқалай аман шыққан серi ел шетiне, алғашқы кездескен ауылдың сыртына келiп жығылады. Ауылдың адамдары аңырап жылап кеп үстiне түскенде, серi: "Қылышымның майын бер", - дейдi. Бұл - серiнiң: "Қылышымды қапысыз шауып, жаудың да қанын, өзiмнiң де қанымды аямай төктiм, ендi сол қылышымның өтеуiн бер" деген назы екен. Бүкiл аймақ жиналып серiнi кiлемге салып немесе жатқан жерiнде үстiне отау тiгiп, басына көтерiп ардақтайтын болған, - дей келе, - Қазақ ордасы ұлы империяның телiмiне түскеннен кейiнгi жерде сал-серiлер бұрынғы мәртебесiнен айырылып, басқа сапаға өттi. Қару-жарақ асынып жүруге тыйым салынды, сол себептi сал менен серiлер қылыш пен найзаны қабырғаға iлiп қойып, ендi қолдарына домбыраны алып, әртiстiк богемаға айналды," - дейдi. Ресей империясының бодауына түскеннен кейiн, сал-серiлер соғыстың басқа тәсiлiне көшедi, қолдарына қару орнына домбыра алады.
Үш Қиян Батыс өңiрiнде пайда болып, дамып, тарих сахнасынан кеткен жерi Орталық Қазақстан территориясы. Сал-серiлердiң де көптеп шығу географиясы аталған екi өңiрде. Мысалға Ә.Марғұлан: "Ұлы жүз елiнде "сал" болып жүрген көп болмаған. Халық айтатын аңыздарда жиi кездесетiн есiмдерi Дәурен, Байсерке, Қожабек, Сатқынбай, Сүйiнбай, Тезек сияқты ақындар серiге жақын," - дейдi. Бұл да Үш Қиянның Ұлы жүз жерiне өтпегеннiң әсерiнен болса керек. Кiшi жүз серiлерiнiң есiмдерiне "сал" немесе "серi" сөздерi жалғанғанын байқау қиын. Музыка зерттеушiсi Бағлан Бәбiжан: "ХIХ ғасырда Маңғыстау жерiнде серiлiк құрып, ел аралап, ән айтып, күй тартқан, жыр жырлаған жетi өнерпаз болғаны белгiлi. Оларды халық "жетi қайқы" деп атап кеткен. Батыс өңiрiнде сол кезеңде "қайқы" деген сөз "сал, серi" деген мағынаны бiлдiредi екен," - дейдi. Ә.Марғұлан: "Абылай заманында жасаған ескi серiнiң бiрi Тайлақпай, ол да сыбызғымен тартқан. Оның асқақтатқан сұлу күйi "Қыз жылатқандай" әскерден есен-сау қайтқанын қуаныш етiп, осы сәулеттi күйдi қалдырды. Сыбызғымен көп тартушы әсiресе Кiшi жүз серiлерi,"- деп жазады. Бұл Батыс аймақтарда сал-серiлiк дамығанын көрсетедi.
Атақты этнограф-мәдениеттанушы А.Инан сал-серiлiктiң қазақ мәдениетiндегi маңызына тоқтала келiп: "Қазақтар, Моңғолстан, Алтай аймағынан Едiл (Волга) жағалауларына, Ауғанстан мен Иран шекарасынан Тобыл-Ертiс аңғарына, Памирден Орал тауларына дейiн созылып жатқан кең байтақ кеңiстiкте өмiр сүргенiмен, ортақ бiр тiлде сөйлейдi. Заңы мен әдет-ғұрпында ешқандай өзгешелiк жоқ. Мұншалықты дәрежедегi бiрлiктiң себебi сал-серi деп аталатын ақын-жыраулары мен өнерпаз-алып ерендерiнiң бүкiл қазақ даласын толассыз аралап, ру-тайпалар арасында жүргiзген ғибраттық-насихат дәстүрлерiнен болса керек," - дейдi. Шындығында қазақ мәдени қабатындағы сал-серiлiк институты Хақиқатқа барар жолдағы адамдардың рухани бiрлiгiн, туыстығын, ынтымақтастығын қоғамға өнеге ретiнде көрсеткен орталық болған. Ә.Марғұлан мынандай дерек келтiредi: "Сарысу бойындағы екiншi Шоң Толыбай салды аса қадiрлеп, оны өзiне ақылшы етiп алады. Толыбай сал ақыл иесi, халықты өзiнiң әдемi көрiнiсiмен, шешен сөзiмен, шырқап салған әнiмен қуантатын болған. Бұл қасиет барлық салда болған," - дейдi. Бұл - сал-серiлердiң ән шырқап, паң жүрiстерi мен сұлу киiмдер кигенi үшiн емес, ел басыларына ақылшы болып тағайындалғаны, рухани бай, кемелденген жандар екенiнiң дәлелi.
Ә.Марғұлан: "Серiлер бiрiншiден, атақты мерген, екiншiден, саятшы, сұңқармен, лашынмен, тұйғынмен қызық көрушi, тұлпар аттың ең жүйрiгiн қадiрлеп баптаушы. Онымен қабат халықтың рухани тiрлiгiнде, ойын-сауығына да ерекше қуат берiп, оны биiкке көтерушi," - дейдi. Осы сал-серiлердiң қылықтары, жүрiс-тұрыстары дiнге қаншалықты сай келедi? Тұлпар десе, Әзiреттi Әлидiң Дүлдiлi, Ақан серiнiң Құлагерi, сұлу ән айту Дәуiт пайғамбардың сүннетiнен, сұңқар, лашын, тұйғын баптау Қожа Ахмет Ясауиден үлгi болса керек. Қ.А.Ясауидiң ең жақын шәкiртерiнiң бiрi Сүлеймен Бақырғанидiң "Шайхым Ахмет Ясауи" атты хикметiнде:

Қаршығаны баптаған,
Лашын, сұңқар ұстаған.
Сансыз мурит бастаған,
Шайхым Ахмет Ясауи, - дейдi.
Ендi сал-серiлер азғындыққа салынып, нәпсiнiң жетегiнде кеткендер деген де пiкiр жоқ емес. Бұл пiкiрлердiң өзi ХХ ғасырда сал-серiлiктiң тоқырауға ұшырап, тарих сахнасынан кете бастаған уақытына келедi. Тағы да Ә.Марғұлан еңбегiне назар аударсақ: "Арқаның салдарының келiп жеткен дәуренi ХIХ ғасырдың соңы, одан кейiн олар мүлде жойыла бастады. Бұл тегiнде тұрмыспен байланысты iс болу керек. ХIХ ғасырдың соңында былай қарай салдар ел аузында аңызға айналып, тек олардың айтып кеткен әндерi, күйлерi, жырлары сақталып келедi. Салдарды, серiнi ұмытпаған көбiнесе қазақтың жас әйелдерi. Әдемi киiнiп жүрген жас жiгiттi олар "сал", "серi" деп атады. Сол айтқан кезден бастап сал өмiрi бүтiндей азғындады. ХХ ғасырдың басында олар тым өрескел түрге көштi. "Салмын" деп өзiн-өзi атап жүрген кiсiлердiң бойында жан күйiнде бұрынғы салдықтың көркем түрi болмады. Ол бiр құбыжық ойынға, өрескел iске айналды. "Салмын" деушiлер жаман ертоқымын терiс ерттеп, киiмiн терiс киiп, азып кеттi. Ондай "салдар" қатарында айтылатын кiсiлер Тоқырауынан шыққан Нұралының Сүлейменi, Кеңесбайдың Оспанбайы. "Сал" боламыз деп бұлар барлық малын босқа қырып, пiшiнiн құлатып, ойына келгенiн iстедi," - дейдi. Бұл сонау Үш Қияннан бастау алып, өзiнше ерекше, қайталанбайтын мәдениет қалыптастырған сал-серiлiктiң дәуiрiнiң соңы едi.
Қорыта айтқанда, түркi жұртына ислам нұрын шашқан Қожа Ахмет Ясауи бабамыз қалыптастырып кеткен сопылық жолды мұра етiп, тарихи жағдайларға байланысты батырлықты ту еткен жанкештi аталарымыздың Үш Қиян дiни-батырлық тобын құрып, Қазақ хандығын құруға үлкен үлес қосып, 16-17 ғасырда өмiр сүруiн тоқтатып, қазақ мәдениетi мен әдебиетiн дамытуға, бай руханиятын насихаттауға үлкен үлес қосқан жаңа, ерекше сал-серiлiктiң мәдениетiн дүниеге әкелдi.

Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ, тарихшы
04.08.2011.

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=35&id=6458

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379