Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әттең... 6345 14 пікір 4 Қазан, 2019 сағат 11:53

Сатқындық – опасыздықтың ұйытқысы!

Журналшы жолым басталған жылы әкем: «Сен, әйтеуір, қолыңа қалам ұстаған екенсің, егер қиюын келтіре алсаң, қазақты қырған екі пәлекет болды, бірі – ашаршылық, екіншісі – Мырзаян деген, солар туралы шындықты жазу керек, соны ойластырыңдар», деді. Жанында отырған етікші Құсайын басын изеп: «Ол екеуі қылмақшыны қылды ғой.., өзіміздің қазекемдер де көмектесті», деп қалды. Ол екеуімен және ауылымыздың басқа он шақты ақсақалымен әңгімелесіп, біраз жәйтті аңғардым. Алайда, тіршілік толқыны ары әкетіп, бері әкеліп, көпке дейін уақыт бермеді.

2012-жылы ғана кірісіп, қолым жеткен мұрағаттардан алған деректер негізінде 1932-33 жылдардағы ашаршылық, 1937-38 жылдардағы «қызыл қырғын» туралы әуелде қысқаша жаздым, ол мақалам 2015-жылы «Президент және халық» гәзетінде (Бас редакторы – Марат Тоқашбаев) жарияланды. Одан беріде қосымша ізденіп, Ресейдің Мұрағат орталығындағы хат-мақала-қаулылардан көшірме алып, КСРО халықтарына тажал болған қанды екі оқиғаны да Троцкий мен Свердловтың ұйымдастырғандары нақты дәлелденген: «Ашаршылықтың «астары» мен «тысы»; «Қанды қырғынның басы мен аяғы» деген мақала жазып, жоғары деңгейлі үш гәзетімізге жолдағаныма төрт ай болды, басылған да, жауап та жоқ. Меніңше, осы екі тақырыпты қаузаушы тарихшыларымыз Троцкий мен Свердлов және олардың «уағыздарына» ұйыған жергілікті сатқындар туралы тап басып дәнеңе айтпай жүргенде, гәзет иелері тарихшы емес менің жазғандарыма илана қоймаған шығар.

Мейілдері дейін де, мысалы, «қызыл қырғынға» қатысты мына екі оқиғаны айтайын:
1. Көшербай Кешубаев деген тентектеу жігіт: «Осы үкіметінің салыққа тоятын күні бола ма, болмай ма?!» дегені үшін (жолдас-жораларының біреуі «керек жерге» жеткізген ғой!) «халық жауы» ретінде тұтқындала жаздап, алып кетуге келген екі милиционерден қашып құтылып, тауға сіңіп кетеді. Милиционерлер ақырында оны ұстай алмай, үшінші күні қашқын інісінің орнына үйінен шыға алмайтын жарымжан ағасы Сыдықты алып кетеді, сөйтіп, «халық жауы Кешубаев ұсталды» болады.

2. 1937-жылдың күзінде біздің Тоқсанбай ауылымызда (ШҚО, Ұлан ауданы) бір шілдеханаға кешігіп келген Қайырлы деген жігіт: «Менің аудан орталығынан келгенім жаңа ғана, кәне, шүйінші беріңдер! Аудандық «Социалды майдан» деген гәзетіміз шықты!» деп қойынқалтасынан бүктеулі гәзетті алып көрсетеді. Сонда Рақыш деген жігіт:
«Ау, алақандай «Майдан»,
шыға келдің қайдан?
Бастықтарға жағарсың,
бізге болмас пайдаң!»
- деп жұртты күлкіге қарық қылады. Содан үш күннен кейін: «Коммунистік партияның гәзетін жамандаған халық жаулары» Қайырлы, Рақыш, үй иесі Рүстембек, «олармен ымы-жымы бір» төрт жігіт ұсталып кетеді. Әрине, «дос-жолдастары» ұстатқан соң. Ол ненің көрінісі? Сатқындықтың! Қазекемнің осы бір «кәсібі» бағзы заманнан бар. Көне дастандардан, Бұхар жырау мен Абайдың, Махамбеттің... өлеңдерінен оқып білдім.

Иә, «Қазақ десең, өзіңе тиеді», бірақ, не шара, қазекемнің біразында болған, бар, болатын да бір «кәсіп» - сатқындық.

«ДАТ-ОП» гәзетінен «Ақиқатты» сатып кеткендер туралы сұхбатты (Ермұрат Бапи мен Қойшыбек Мүбарак) оқып отырғанымда жоғарыда айтқандарым, қызмет бабымен республика облыстарының бәрінде дерлік болып жүргенімде білген көптеген деректер есіме түсіп: күні кеше Қарағанды лагерінің «дәмі тартқандардың» кемінде сексен пайызы қайырлы-рақыш-рүстембек-сыдықтар екені сөзсіз деп түйдім.

«Азаттық» халықтың мұң-шерін дер кезінде батыл айтып, мақсат-мүддесін қалтқысыз қорғайтын партия болмақ еді, яғни оған опасыздық жасау – халыққа опасыздық жасау! Сатқындық – опасыздықтың ұйытқысы! Бетпақ билікке қашанда бірден-бір керек «құрал» - сақындардың тіні мен тілі.
Ұйымдастырылғаны екінің біріне түсінікті жәйттің маған бұлыңғыр бір гәбі – Парижге Ермұрат Бапимен бірге барған Асқар Рахымжановтың енді Бапидың орнына төраға бола қалғаны. Егер о баста сол топқа ашық, таза пейілмен қосылып, бүгінгі биліктің халықты тобырға айналдырып жіберген өрескел өктемдігі талқыланған әңгімелерге қатысып, пікірлесіп, ақырында кері кеткені несі? Меніңше, ол билікпен байланыста болды және Парижге биліктің тапсырмасымен барды, сенген сапарластарына сатқындық жасады. Өйтпесе, ар-ұяты арзандамас еді, Бапидың орнына жармаса кетпес еді.
Қашанда: дос-жолдастарына, отбасына, ұжымына, қоғамына, Отанына сатқындық жасағандар – ең әуелі өзіне сатқандық жасайтын әбілеттер!

Түйін сөзім: Халықтық «Ақиқат» партиясының жер-жердегі барша мүшелері! «Өтер іс өтті» деп өкініп тынбаңыздар! Халық үшін қаһарлы қимыл жасап, партияны сатқындардан қайтарып алуға жігерлене жұмылыңыздар! Сіздердің жеңіп шығатындарыңызға шүбәм жоқ!

Ғаббас Қабышұлы 

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576