Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3805 0 пікір 5 Тамыз, 2011 сағат 09:37

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, ғалым: Алаш идеясы - арыстарымыздың арманы еді

- Тұрсын аға, Алаш тарихын алаңсыз зерттедіңіз. Алаштың Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Смағұл, т.б арда ұлдарының өмірбаянын, олардың күрес жолдарын жақсы білесіз. Соның бірі жақында өз отанына мәйітінің күлі әкеліп жерленген Смағұл Сәдуақасов. Ендігі әңгімені алаштың арысы Смағұлға арнасақ...

- Тұрсын аға, Алаш тарихын алаңсыз зерттедіңіз. Алаштың Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Смағұл, т.б арда ұлдарының өмірбаянын, олардың күрес жолдарын жақсы білесіз. Соның бірі жақында өз отанына мәйітінің күлі әкеліп жерленген Смағұл Сәдуақасов. Ендігі әңгімені алаштың арысы Смағұлға арнасақ...

- Арман да, аманат та орындалады екен. Тек намысты және жанкешті істерді заң мен жөнді білетін, «ақырын жүріп, анық басатын», сабырлы Сабыр Қасымов сияқты азаматтардың қиюын қиыстыра білуі қажет екен. «Қай жерде, қай сайда қалады басымыз», - деп Шәкәрім абыз айтқандай, ел үшін еңіреген ер жігіттің басы қайда қалмаған. Солардың бәрі де шаһид. Сол шаһид кеткен перзенттердің біразының рухы фәни мен бақидың арасындағы ғайып кеңістігінде имансыз көшіп жүргені өкінішті. Сол имансыздық жанына қатты батқан Смахан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов ұлт көсемі, туған ағасы Әлихан Бөкейхановтың өзі киген құлақшынын Талдыбейіттегі ата қорымындағы әке зиратының ішіне лақаттап көмді. Ал иманы үйірілмей кеткендер қаншама. Кез келген өлім қасірет емес. Бірақ Кенесары мен Әлихан, Кейкі мен Ахмет сияқты ұлттық намыстың киелі нысанасы болатын тұлғаның бірі Смағұл Сәдуақасов.
Смағұл Сәдуақасов 1933 жылы тосын да күдікті дерттен (өнеркәсіптік, яғни кәсіби улану деген диагноз қойылған) қайтыс болған. Имансыз көміліп, тәні күл болып өртелсе де, оның өртелмеген азаттық рухы, күлден көтерілген сфинкс құсап, бостандықтың рухы болып қазақ даласына қайырылып келіп отыр. Бұл ұлттың рухы үшін қасиетті де киелі оқиға. Оның рухымен бірге ол аңсаған толық тәуелсіздік пен рухани тәуелсіздік де салтанат құратынына кәміл сенгің келеді.
- Дегенмен Сәдуақасов жөніндегі зертеулерді оқып отырсақ, оның соңына Ж.Аймауытов пен Х. Ғаббасов «Кене», «бүрге» деп атаған Ежов түскен сияқты.
- Бар емеуірін танытарымыз, ол кезде Жамбыл «темір комиссар» деп мақтаған Кене - Ежов Кремльдің қауіпсіздігі саласына жауап беретін. Ал С.Сәдуақасов 1921 жылы Семей облысын Қазақстанға күшпен қосқан кезде Смағұл мен Ежов екеуінің арасынан «ала жылан» өтіп кеткен болатын. Бұрынғы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі он төрт томнан тұратын «Алашордашылардың» Кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған контрреволюциялық астыртын ұйымы туралы жүргізілген қылмысты іске» тартылған 72 адамның ішіндегі алаш қозғалысына тікелей қатысы бар 42 адамға қойылған сұрақтың бәрінде де - З.Уәлидиге, С.Сәдуақасовқа, Т.Рысқұловқа, С.Қожановқа қаратылған сауалдар бар. Ол жауаптардың көлемі тергеу ісінің үштен бірін қамтиды. Демек, Голощекин мен Өлкелік комитеттің кадр жөніндегі тікелей жауап беретін хатшысы Ежовтің өзі 1926-1927 жылдан бастап жалпы қазақ интеллигенциясын, соның ішінде Смағұл Сәдуақасовты түрмеге қамаудың амалын қарастырған. «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Тынышбаевтың, Х.Досмұхамедовтің, ұлттық большевиктер Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың, С.Қожановтың соңынан тыңшы қойылды.
Қазақ мемлекетінің даму бағдарын, рухани ұйтқысы мен тірегін анықтайтын аса жауапты саяси бетбұрыс - 1921 жылы Орынборда өткен Бүкілқазақтық Өлкелік кеңестің ІІ съезі болды. Қазақ Автономиясына қуыршақ үкімет ретінде ғана қарап, барлық тізгінді партияның билеп-төстеуінде қалдырып, бірте-бірте ұлт қайраткерлерін іс басынан аластатып, ақыр-соңында көзін жоюды ойластырғанын ұлт өкілдерінің бәрі де сезді. Партиялық тазалау, таптық текті айыру, ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны тура соған бағытталып еді.
Қазақ өлкелік партия комитеті ұлты қазақ қызметкерлерді жаппай жазалап, мемлекет аппаратынан шеттетіп, сол тұстағы аса ділгір әрі маңызды екі мәселе жөніндегі пікір алысуларға оларды қатыстырмауды көздеді. Олар:
1. Ресейдегі ұлттық республикалар мен автономиялардың құрылымын анықтау және ұлттық республикалардың Ресейден бөлініп шығу құқының кепілдігін бекіту.
2. Қазақ Автономиясының шекарасын анықтау: солтүстік және солтүстік шығыстағы Сібір ревкомының құрамындағы - Өскемен, Семей, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Жезқазған; Түркістан Республикасына қарайтын оңтүстіктегі - Шымкент, Жамбыл, Алматы, батыста Астраханға бағынышты Атырау, Оңтүстікте - Түрікменстанға, Хиуа мен Бұқараға қарасты Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент, Қарақалпақ облыстарын Қазақстанның заңды жері ретінде тану мәселесі болатын.

Съездің қарсаңында: күн тәртібіне қойылатын осындай талмауытты мәселелерге коммунистерді шұғыл шара қолдануға мәжбүр ету үшін Ахмет Байтұрсынов ел ішіне өкілдер жіберді. Оларға:
ұлттық мүддені таптық мүддеге ауыстырамыз деген желеумен, Қазақстанның ұлттық автономиялық аудан ретінде тұйықталып қалуы қаупі барын ескертіп,
қазақ қызметкерлерінің мемлекет басынан шеттетілуін тоқтатуды,
жер мәселесінің қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан шешілуін,
қоныстандырушылардың легін доғаруды - талап ету керектігін құрылтайда ашық көтеру мәселесін түсіндіру міндеті қойылды. Сондай-ақ:
аранын ашып келе жатқан аштықтың қасіреті туралы мәліметтер жинап, тиісті тұжырым жасау тапсырылды.

Саяси қарбаластың қарсаңында С.Сәдуақасов Қазақ атқару комитетінің өкілі ретінде Семей губкомына жіберілді. Бара салысымен Смағұл Сәдуақасов 1921 жылы 3 маусым күні Қазаткомның Президиумының 18 мамырдағы шешіміне сүйене отырып, Қазақ автономиясын мойындамай, республикалық атқару комитеті жолдаған шешімдерді орындамай, тек қана орыстар тұратын елді мекендерді ғана мемлекеттік құрылымға тартып, билік басына қазақ оқығандарын жолатпай қойған Семей губерниялық атқару комитетін таратып жіберді де Қазақ автономиясына тікелей бағынатын Семей губревкомын құрды. Негізгі ұлт - қазақтарды билік басына тартты. Қазақ ұлтының мүддесін - мемлекеттің мүддесі деп жариялады.
Төрағалық міндетті уақытша өзі атқарды. Смағұл Сәдуақасовтың бұл тәуекеліне губком да қарсы шыға алмады. Өзі кетерде орнына Мұхтар Әуезовті төрағалыққа тағайындады. Ал М. Әуезов Орынборға ауысқанда Қазақ бөлімін Ж.Аймауытов пен Х.Ғаббасов басқарып қалды.
Ұлт мүддесі үшін тәуекелге барған бұл іс өзін-өзі ақтады, Семей облысы Қазақстанның құрамына бүтіндей қосылды. Қазақ ұлты үшін өмірлік мәні бар және ұлттық намысты қозғайтын осынау қасиетті шешім, Алаш ардагерлерінің көсемдік парасатының ықпалымен елінің өжет ұлы Смағұлдың батыл әрекетімен жүзеге асты.
Кішкентай адам - ең кекшіл адам. Николай Ежов 1923 жылы Семей губревкомының төрағалығына тағайындалып, С.Сәдуақасовтың жіберген қателіктерін «түзеуге» жіберілді. Голощекиннің тұсында Қазақ өлкелік комитетіне ауысып, саяси бақылауды қолына алды. Ал жиырмасыншы жылдардың соңында ОГПУ-дің тегеурінді тізгінінің ұшы тиісімен «Кене» мен «Бүрге» деген ат қойғаны үшін «семейліктерден» кегін алуға ұмтылды. Смағұлды астыртын арандатумен болды және соңына аңду қойды. Смағұл мен Мұхтардың арасына «Қалам» - Әбдірахман Байділдин сияқтыларды сына етіп қақты.
- Жер мәселесіне келгенде де Смағұл Сәдуақасов ерекше жігер танытты емес пе...
- Жер - ұлттық дербес өмір сүрудің басты кепілі. Жерсіз ұлт - дербес халық ретінде жер бетінде өмір сүру құқынан, ұлттық қасиеттен айырылады. Бұл ретте қазақтың тағдыры қосақталған Ресейдің дәмесі бұрын да зор болды, қазір де зор, ертең де өте зор болмақ. Сондықтан да В.И.Ленин:
«Ресейдегі отарлау саясаты дегеніміз - жер саясаты», - деп атап айтқан болатын.
Енді «шығыста кіші октябрь» мен «социализмді қатар орнатуға» келген Сталиннің «әпермені» Голощекин қалған жерге реформа жасап (тартып алып - Т.Ж.), оған тағы да 360 мың «тың игеруші» орналастыруды ойластырып, қысылып-қымтырылмастан:
«Сәдуақасов жолдас екеуміздің арамыздағы пікір қайшылығы тұп-тура Октябрь (кеңес өкіметі - Т.Ж.) мәселесіне қатысты. Мен: ауылға кіші Октябрь жүргізу қажет деп есептесем, сіз Октябрь атаулының барлығына қарсы шығасыз. Біздің қазіргі жүргізіп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе? ...Егер мұны азаматтық соғыс деп түсінсеңіз, онда біз соғыс жағындамыз», - деп өзі басқарып отырған халыққа өзі «азаматтық соғыс» жариялады.
Бұл «Қужақтың» қалжыңы емес, шыны болатын. Жай қыр көрсету емес, алдын ала жоспарланған жоба еді. Оны Сталиннің өзі:
«Голощекин жолдас! Мен мына мәліметіңізде белгіленген саясатты негізінен алғанда бірден-бір дұрыс деп ойлаймын» - деп жазбаша түрде мақұлдап берген болатын.
Өйткені қызыл империяның «жер реформасының» жоспары бойынша, шет аймақтағы ұлттар - ұлы жаhангердің шикізат қорын дайындап беретін «ерікті құлдар жасағын» құруы тиіс болды, яғни дамыған социализм тұсындағыдай, экономикалық басыбайлы аймаққа айналдыру көзделді. Егерде ұлт аймақтарын дер кезінде орыстандырып, оларды қоныстандырып алмай тұрып ұлттық өнеркәсіпті дамытса, онда қазақ ұлтының өкілдері, соның ішінде жұмысшылар да, кейіннен кірмелерге жол бермеуі мүмкін еді. Ол үшін оларды аштықпен есеңгіретті. 1922 жылғы аштық бұл саладағы алғашқы «Тәжірибе» ретінде сынақтан өтті. Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша сол жылы аштыққа ұшырағандардың саны 2 миллион 286 мың 591 адам болды, соның 68,2% аштан өлген. Мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» мұршасы жетпеді. Өйткені қазақтың дәстүрлі көшпелі экономикасы мен өмір сүру тәсілі оған мүмкіндік бермеді. Енді «мойынсерік», «қосшы ұйымы», «кедей қостары» арқылы тірі қалудың, күн көрудің, жұтамаудың ғасырлар бойы сыннан өткен тәсілі мансұқталды.
Жер дауы - қазақ ұлты үшін бұрын да өте күрделі әрі ең талмауытты мәселе болатын. Сондықтан сол тұстағы қазақ зиялыларының бірде-біреуі жер, жер бөлісі жөніндегі мәскеулік жобаны бекіттірмеуге тырысты. Саяси көзқарастары мен қызмет орындарының әр саланы қамтығандығына қарамастан, мұндай «коммунистік-колонизаторлыққа» қарсы тұрарлық ұлттық пікір қалыптасты. Қазақстандағы ұлттық қызметкерлердің ішіндегі ең жасы, ең өжеті, білімдісі Смағұл Сәдуақасов мұны:
«Қазақ автономиясына жүргізілген коммунистік колонизаторлық» - деп атады.
Бұл - қазақ қауымының рухани өміріндегі ең шешуші әрі тарихи қажеттіліктен туған заңды қарсылық еді.
Ол өзін терең де батыл ойлы, шешімшіл, өжет және ұлт мүддесін қорғайтын қайратты да қызуқанды, тәлімді де тәжірибелі мемлекет қайраткері есебінде көрсете білді. Смағұл Сәдуақасовтың жер, ұлттық өнеркәсіп, мәдениет саласындағы саяси тұжырымдарының негізіне «Алашорда» қозғалысының бағыт-бағдары мен тұжырымдары желі болып тартылды. Сол ұлы мақсатты Кеңес өкіметінің саясатына бейімдей отырып, «коммунист-отаршылдарға қарсы «ұлттық коммунистік» үлгі ұсынды. Ол қазақ жері туралы Ә.Бөкейханов ұстанған жер реформасы туралы жобаны қолдап:
а) «сырттан келіп отарлауды уақытша тоқтату керек; б) әуелі жергілікті халықты, соның ішінде байырғы қарашекпендерді де қамти отырып, оларды толықтай жерге орналастыру қажет; в) екінші кезекте барып төңкеріс тұсында ауып келгендерге жер беру керек; г) содан кейін ғана Қазақстанның жер жағдайы мен құнарлылығын зерттеумен шұғылданып, оның құнарлы-құнарсыз екендігін, яғни пайдалануға жарайтын артық жер бар ма, жоқ па, соны анықтау тиіс», - деп үлкен мәселе қойды.
Міне, мәселе қайда жатыр! Иә, гәп - жерде.

<!--pagebreak-->
Бұл платформа кеңеске дейін де, кеңес кезінде де, кеңестен кейін де большевиктер тарапынан жаппай сыналды, «ұлтшылдық платформа» деп бағаланды. Ақиқатына көшсек, Смағұл Сәдуақасұлының пікірі дұрыс әрі ол жалғыз өзінің ғана емес, сол кездегі алаш азаматтарының ақылдаса келіп қорытқан тұжырымды пікірі болатын. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халел, Жаһанша, Мұхамеджан, Халел Ғаббасов, Әлімхан іспетті ұлт көсемдеріне мінбеге көтерілуге тыйым салынғандықтан да, солардың ақылына сүйеніп, солардың атынан сөйлеген сөзі еді.
- Голощекиннің бұл жер реформасы - қазақтың жартылай көшпелі экономикасын бұзып, жаппай ашаршылыққа алып келетін. 1921-1922 жылдардағы аштық тұсындағы «реформаның» алғашқы «тәжірибесімен» бәрі де таныс еді. С.Сәдуақасов та, С.Меңдешев те, С.Сейфуллин де, О.Исаев та, Ұ.Құлымбетов те, И.Құрамысов та бұл ашаршылықты бастарынан кешірген болатын. Алайда өткеннің қасіретті сабағын коммунистер қаперіне алмады. Неге?
- Тергеу ісінің мәліметіне жүгінсек: сол тұстағы облыстық, кейін Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы С.Меңдешев басқарған бір мәжілісте аштан өлген 1 миллионға жуық адамның аруағының алдында беті шімірікпестен:
«Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын Кеңес өкіметін құлатуға пайдалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін Әуезов Мұхтар мен Ахмет Байтұрсынов Қазақстанның түкпір-түкпіріне үндеу жолдады. Ал Ж.Аймауытов «Алашордашылардың» туыстарына мал таратып беру үшін «Аштарға көмек көрсететін» комиссияның мүшелігіне қасақана кірген», - деп «халық жауын» әшкерелепті.
Мұндай «естен тандыру арқылы халықтың санын табиғи түрде азайтатын жер реформасының» қасіреті Голощекин мінбеде:
«Бесінші партия конференциясының жұмысына қарсы ұйымдастырылған (яғни өзін сайлауға - Т.Ж.) Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси-экономикалық платформасы», - деп аталған экономикалық талдауда егжей-тегжейлі дәлелденген болатын.
Сол платформаға сүйенген С.Сәдуақасов Қазақстанды өзі өндірген шикізаттың құлына айналдыратын жобаны ұсынған «саяси экономистерге» қарсы:
«Әр республиканың өз ішінде тұйықталған кәсіпорын ашу бағыты (әрине, ұлтшылдық бағыт деп түсініңіз) бар деген Зелинский жолдастың пікірі дұрыс емес (мұны талдаудың өзі ұят), екіншіден, Орта Азиядан мақтаны тасып әкету - жақсылық, ал дайын матаны тасу - бұл тұйықталған шаруашылықтың белгісі - деген мәселе қандай теориядан туындап отыр? Бұлай етуге болмайды, Зелинский жолдас! Тура керісінше, шаруашылықтың мүддесіне орай, өнеркәсіпті шикізаттың көзіне жақын орналастыру қажет», - деген пікір білдірді.
Шындығында да, жүннің бір қадағын қазақтардан 15 сомнан алып, 150 сомға қайта қазаққа сатудың қай жері интернационалдық? Қай жері социализм? Қай жері қандай ұлтшылдықпен күрес? Экономикалық жағынан өте тиімді, өзін-өзі асырайтын, өзінің жерін өзі дербес игеретін, өзінің ұлттық даму дәстүрі мен тарихи танымын сақтайтын мұндай ұлттық социализм Голощекинге ұнамады. Смағұлдың бұл сөзіне тура жауап бермей, Шая-шаялығына салып:
«Индустрияландыру мәселесі жөніндегі өзінің сырын Сәдуақасов әлі ашқан жоқ. Ол бұрын: бізде тері бар, оны Мәскеуге тасудың қажеті жоқ, заводты Қазақстанның өзінде салу керек, сөйтіп, қазақтың (күлкі) ұлттық терісін (күлкі) өзімізде өңдеуіміз керек... Ал Мәскеу мен орталықтағы заводтар тоқтап қалса, онда оның жұмысы жоқ көрінеді», - деп мінбеден мекерсінді.
Ұлтын ашаршылықтан сақтап, «азаматтық соғыстың орнына азаматтық келісімді» ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев сияқты қызметкерлерді қырына алып, қазақ интеллигенциясына қарсы жазалау науқанының басталғанын ресми түрде мәлімдеді. «Ел билеген кемелдердің» көзін жою арқылы ұлттық сананы жою - ақ патшадан қалған «мұра» еді.
Ол қазақ зиялыларының арасына от тастау үшін әуелі Қазақстандағы жер реформасы, территориялық тұтастық, қоныстандыру саясаты, экономика, шаруашылық, оқу-ағарту жүйесі, ұлт тарихы, өнер мен әдебиет, көне мұраға көзқарас туралы баспасөз бетінде пікірталастарын жариялатты, түрлі мәжілістерде сөз сөйлетті, сөйтіп, партия, кеңес қайраткерлерін білдіртпей бір-біріне жанықтырды. Кезінде «Түрккомиссиясы» мен Мусбюроның құрамында болған жергілікті халықтан шыққан қайраткерлердің барлығын пантюркист, оппортунист, ұлтшыл, жікшіл деп жариялады. «Үлкен Түркістан» туралы пікір білдірген қайраткерлердің сөздерін жинастырып, олардың әрқайсысына „рысқұловщина", „садуақасовщина", „мендешовщина", „сейфуллиновщина", „қожановщина", „төреқұловщина" деп мысқылдай ат қойып:
«Жалпы, мен, топшылдық дегенде, ұлтшылдықты емеурін етіп отырмын. Мен сәудақасовшыларды еске салғанда, қожановшыларды да, рысқұловшылардың барлығын да айтып отырмын. Олардың барлығы да бір қалыптан шыққан», - деп жер тепкілеп баға берді.
СССР деп аталатын болашақ құрама мемлекеттің құрылымы сол жылдары жоспарланып жатқан. Орта Азия мен Қазақстандағы түркі жұртына ортақ 1). Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2). Түркістан - Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3). Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) - туралы күрес жүріп жатты. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында «мұхаррамдық» (революциялық, орыс басылымдарында - басмашылар қозғалысы) майдан ашты. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда орыстардың ежелгі арманы орындалып: солтүстік шығыстағы Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе облыстары - Ресейдің құрамында; ал Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары - Өзбекстанның, Маңғыстау түбегі - Түрікменстанның құрамында қалған болар еді. Осы тұста С.Сәдуақасовтың тағы да Н.И.Ежовпен жолдары тоғысты.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Ол кезде жауапты қызметкерлердің арасында, партия мекемелерінде: Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтіп, Қазақстан одақтас республиканың дәрежесіне көшеді екен-мыс - деген қауесеттер шығып жүрді. Бұл үшін Қазақстанның солтүстігіндегі орыстар қоныстанған аудандарда межелеу жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. Осы мәселе жөнінде құрамында: Москвадан келген Ежов, Өлкелік Комитеттен Сәдуақасов, Мемлекеттік жоспарлау мекемесінен мен бар - арнайы комиссия құрылды. Мен өз пікірімді Ежов жолдасқа ашық түрде: Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстік аймақтық шекараны межелеу шаруашылық мүддесі тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтінін - айттым...».
1924 жылы Қазақ Өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1925 жылы 3-хатшы міндетін атқарған Ежов өзінің 1925 жылы В.М.Молотовқа жазған хатында:
«Бұл топтар Сталин жолдастың соңғы сөзінде ажыратып айтқанындай ауытқушылықтарға жататын болса, жартылай ғана кесірі тиер еді, онда осы топтарды өзара жікке бөлу саясаты арқылы күрес жүргізу әлдеқайда жеңілге түсер еді. Менің ойымша, осы топтардың әр қайсысымен бір бағытта жұмыс жүргізіп, оларды бір-біріне қарсы қою арқылы партиялық арнаға түсірген дұрыс... Сөйтіп, олардың арасына жік сала талқандап, қызметтен шеттетіп, Мәскеуге жіберіп, онда №2 Қазақстан ұйымдастырып, істі оңғару керек»,- деген (сонда, 281-бет) ұсыныс жасаған.
-Тұрсын аға, Голощекин «щиналарды» қайтадан саяси сахнаға шығару арқылы тұтас ұлтты қақ жарып, сол кездегі ең беделді үш тұлғаны - Сәдуақасовты, Қожановты, Рысқұловты бірін-біріне қарсы қойғысы келді емес пе?
- «Алаш ісіндегі» тергеу ісі де осы үшеуін қалайда халық жауы етіп шығаруға бағытталды. Бұл ретте Зиновьевтің:
«Голощекин Қазақстанға барысымен, жергілікті ұлт интеллигенттері мен қайраткерлерін өзара қырқыстырып, ақыр соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянатқа душар етті», - деген пікірі дұрыс еді.
Қастаншықпағыр мақсатына жету үшін ол өзінің идеологтары мен тарихшыларына 1921-1927 жылдардың аралығында өткен барлық жиналыстар мен конференциялардың, дикуссиялардың материалдарын жинаттырды. Сонда қабылданған қаулылар мен көтерілген мәселелерді қорыта тұжырымдап, мұны «щиналардың» кеңеске қарсы платформалары деп жариялады. Олардың Кеңес өкіметі мен қазақ ұлтының һас дұшпаны екендігін әшкерелеп, жексұрын етіп көрсетуді Ораз Исаев өз міндетіне алды. Ол сол тұстағы аймақтық комитеттің Бочагов, Мартыненко, Шафиро, Брайнин іспетті идеологтары мен тарихшыларына шұғыл түрде тапсырма берді. Қыза-қыза келе олар:
«Халықаралық пролетариаттың мүддесі үшін қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз», - деп жанын қасым ғып ант берді.
- Смағұл Сәдуақасовтың жазбаларын Мұхтар Әуезов сақтап қалыпты деген сөз бар. Қаншалықты шындық?
- Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі пәтерінде «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының, алаш қайраткерлерінің, соның ішінде Смағұл Сәдуақасовтың мұрағаттары қашан Ұлы Отан соғысы басталғанша сақталған. Смағұлдан қалған жалғыз ұлы Ескендір майданда қаза тапқаннан кейін, Лиза (Ләззат) Әлиханқызы жалғыздыққа шыдамай өзі де дәрігер ретінде майданға аттанады. Аттанар алдында әкесі мен Смағұлдың архивін қаттап, үйдің шатырына тығып кетеді. Оның біразы шатырға бомба түскенде шашылып кетіпті, ал қалған бөлігін отыннан қиналған солдаттар тамызыққа пайдаланса керек. Қайтып келгенде тамтығын ғана тауып алған. Өзі де соған қатты өкініп, үйіне барғандарға:
«Әкемнің қатты қайғырып, ойы ең ауырлаған күні - Смағұл қайтыс болған күн. Ол өзі барып оның денесін көрқаптан алып, мәйітін медициналық тексеруге апарды. «Өндірістік улану» деген диагноз қойыпты. Денесін крематорииге өртеді. Бұл оның жанына қатты батты. Бойжеткен кезімде Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев қырындады. Бірақ мен Смағұлды таңдадым. Смағұл: түбінде мені не Мұхтар, не Қаныш іздеп келеді. Қағазымды соларға бер - дейтін. Соғыс жылдарында оларды шатырға тықтым. Қалғанын елуінші жылдары Мұхтарға бердім. Соның ендігі белгісі мынау ғана, - деп үйінің төріндегі Смағұл мен оның ұлы Ескендірдің суретін көрсетеді екен.
Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова көңілденген бір сәтінде өзіне тән жұмсақ жымиыспен:
«Тұрсын! Сен алаш тарихымен айналысып жүрсің ғой. Бізде Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза Әлиханқызының әкеме тапсырған архиві бар. Оның тарихы былай. Елуінші жылдардың екінші жартысында Мұхтар Омарханұлы Мәскеуге келіп, бір салтанатты жиналысқа қатысты. Екеуміз театрға бардық. Фоэде бір әйел анадайдан: «Әй, Мұхтар!»,- деді өктем дауыспен. Әкем де тез үйіріле кетті. Мен бұрын ол кісіге мұндай өктем сөйлеген адамды көрген емеспін. Таңғалдым. Екеуі ұзақ шүйіркелесті. Қоштасқаннан кейін маған бұрылып маңызды кейіппен: «Бұл - Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза, Смағұл Сәдуақасовтың әйелі. Жастығымыз да, достығымыз да жарасқан адам. Үйінде Смағұлдың біраз архиві сақталып қалыпты. Соны маған тапсырмақ»,- деді. Араға біраз күн өткен соң сол архивті Алматыға алып кетті. Осы жайды Валентина Николаевнаға айтқанымда: «Бөкейханов - бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын»,- деді. Ол архив осында. Не бар екенін толық білмеймін. Сен көр», - деп ықылас білдіріп еді.
Мұражайдың қолжазба бөлімінің иесі Талатбек Әкім ұсынған орамда: 1. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының қолжазбасы.2. Жүсіпбек Аймауытовтың Смағұл Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына 1927 жылы 3-ғинуарда қайырған жауабы. 3. Мұхтар Әуезовтің анкеталық жауабы. 4. Бернияз Күлеевтің 2 томдық өлеңдер жинағы. Ішінде әңгіме, қарасөздері араласқан роман бар. 5. Әртүрлі қиындылар мен үзінділердің ішінде «21/ІV.22 ж» деп қол қойылған С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбек» деген романы бар. Мен ол романды сол кездегі ізденуші Д.Мыңбаевқа (Қамзабекұлы) бердім. Ол жарыққа шығарды. Ал Бернияздың мұрасы әлі жарыққа толық шыққан жоқ. Ғалым Ахмедов дегдар: Бернияздың қарындасы Мария Бегімбетованың Қыздар институтында дәріс беретінін, оның қолында Бернияздың жеңгесі мен қарындасының жоқтауы бар екенін айтып еді, тіршіліктің толқынында ол да ескерілмей қалды.
Ұлт көсемінің, Әлихан Бөкейхановтың айдауда жүрген Ахмет Байтұрсыновқа: «Смағұлдан басқамыз аманбыз», - деуінің астарында осындай қасірет табы жатыр еді. Бәріміз де аман болайық.

Әңгімелескендер:
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,
Нұрсұлу МЫРЗАБЕКОВА
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=9269&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415