Қашқан қазақ ...

«Қашқан қазақ» дастанына Сағиден Байзікірұлының айтқан әңгімелері, төте жазумен жазған естеліктері арқау болды. Сондықтан барлық оқиға Сағиден атаның атынан баяндалады. Шығармада бір қазақ әулетінің өткен ғасырда бастан кешкен қасіретті-қилы тағдыры қамтылған.
СӨЗ БАСЫ
Бисмилла, бастайын, сөздің басын,
Сексеннің сеңгіріне келді жасым.
Шертейін еш бүкпесіз шежіре сыр,
Пәниде не көрмеді ғазиз басым.
Арғыны Орта жүздің арғы затым,
Сағиден атам қойған менің атым.
Орындап әкем айтқан аманатын,
Бұл менің ұрпағыма жазған хатым.
Даубайы Тобықтының арғы тегім,
Шыңғыстау мекен еткен қалың елім.
Сан ғасыр қазағыма қоныс болған,
Сарыарқа, сары дала, жасыл белім.
Қараған бар Тобықты құрметпенен,
Даубайсыз даумен - жанжал бір бітпеген.
«Арқа сүйер ағам»- деп арда тұтып,
Құнанбай бабамызды құрметтеген.
Мал-жаны бабамыздың өскен екен,
Айдарынан самал жел ескен екен.
Құнанбай қажы атаның ауылымен,
Қыс- қыстап, жайлауға бір көшкен екен.
Атамыз Ембергенде алты ұл болған,
Алты отау жаз жайлауға қатар қонған.
«Алты үйдің жайлауы» атты сол ауылға,
Қонақтар үзілмепті қырмен- ойдан.
Байзікір менің әкем болған зерек,
Жасынан ерекшелеу өскен бөлек.
Құнанбайқажы Қазан қаласынан,
Оқытқан елу жылқы жылда төлеп.
«Халқына ертең тиер пайдасы көп,
Байзікір тектілердің жалғасы»- деп.
Ұлы Абайдың жан досы Көкбай атам,
Әкемді бағалапты алғаш рет.
Толықсып Ембергеннің мал мен басы,
Әкемнің жиырма беске келген жасы.
Атамыз болашаққа болжау жасап,
«Төгілер»- деген қанмен көздің жасы».
«Келешек біздер үшін жаман болар,
Артыңда ұрпақ қалмас заман болар.
Байлық деген білгенге қолдың кірі,
Ертең-ақ бәрі бітіп, тәмәм болар.
Алдымен көзін құртар оқығанның,
Көп біліп, көпті көріп тоқығанның.
Онан соң малыңды алар, жаныңды алар,
Құдайсыз жегендерің қарам болар.
Байзікір көп оқыдың, көзің ашық,
Біздерге алаңдама, болма жасық.
Мұнда қалсаң алдымен құртар сені,
Кеткенің жөн болады шекара асып.
Қарайлама артыңда қалғанына,
Біз көнерміз тағдырдың салғанына.
Қызылдың қырғынынан аман қалсаң,
Жетерсің Алла қолдап арманыңа.
Бұл нәубат елге де сын, ерге де сын,
Ол жақта басың құрап үйленерсің.
Егерде ұрпақ сүйіп аман жүрсең,
Қарағым ел-жұртыңа бір келерсің.
Ұрпаққа ұмыттырма ата-тегін,
Аягөз, Қарауылдың асқар белін.
Жайлы заман туса егер қазағыма,
Немерем іздеп табар елмен- жерін»...
Алтайда...
...Қоштасып аға-бауыр зар жыласып,
Үш жігіт кеткен еді бірге қашып.
Көрші-қолаң хабарсыз қалған екен,
Кеткесін бірақ түнде шекара асып.
Салт атпен арғы бетке өткен екен,
Бұл өзі он тоғыздың көктемі екен.
Ай жүріп Алтай бетін көктей өтіп,
Құл молқы Дөненбиге жеткен екен.
Қамқор боп қашқан қазақ баласына,
Дөнен би әкемді алған панасына.
Өзінің қарындасына үйлендірген,
Отау тігіп Шіңгілдің жағасына.
Құрметтеп Дөнен бидей ағаларын,
Даланың дара туған даналарын.
Әкеміз Өр Алтайда мектеп ашып,
Қазақтың оқытыпты балаларын.
Халықпен жергілікті араласып,
Ісіде ілгерлепті алға басып.
Қазақтың ғұламасы Халифа Алтай,
Әкемнен хат таныпты, сауат ашып.
Дөнен би енші бөліп алдарына,
Өсіпті бірер жылда малдарыда.
Жиырма бірдің шіліңгір шілдесінде,
Мен туып қосылыпты жандарыда.
Ұстаз боп әкем елге танылғасын,
Өмірге келіпті іні-қарындасым.
Әкеміз кей түндері ұйықтамайтын,
Күй тартып, туған елін сағынғасын.
Есімде жеті жасар ғана кезім,
Ұқпайтын көп нәрсені шала кезім.
Жаттатып Тобықтының шежіресін,
Жыр қылып айтушы еді бала кезін.
«Болма деп балам сірә ақпа құлақ»,
Көретін әрбір түрмен мені сынап.
Жалықпай әрбір сөзін қайталатып,
Тәптіштеп айттыратын қайта сұрап.
Әкемнің кейде зекіп, кейде мақтап,
Айтқанын түгелдейін алғам жаттап.
Шегелеп сонда үйреткен әрбір сөзін,
Келемін сексен жылдай еске сақтап.
Ел- жерін артта қалған сағынатын,
Оңашада ағынан жарылатын.
«Ағайын –туысымды сақтай гөр»- деп,
Аллаға жалбарынып, жалынатын.
Қайтуға өз жұртына жолы жабық,
Көп ойға берілетін жалғыз қалып.
Ол жақтағы хабарды келгендерден,
Сұрастырып білетін ебін тауып.
Хансулар тиіспесе де қатты қысып,
Қалатын қазақтармен қақтығысып.
«Түбімізге осылар жетеді»-деп,
Жүретін кейбір жастар аптығысып.
Осы ой әкемді де тұрақтатпай,
Кеткесін туған жерден тұрақ таппай.
Моңғол жаққа бірнеше барып келіп,
Ақыры көштік солай жыл аттатпай.
Ховда бетінде.
Өттіғой тентіреумен қайран жастық,
Ел үркіп, көтеріліп, талай қаштық.
Жазында отызыншы жылдың сонау,
Қытайдан Ховда бетке қадам бастық.
Кезеңнен Бұлғын өзен құлдай аққан,
Бұлақтар қосылады әрбір жақтан.
Біраз ел арғы беттен ауып келген ,
Бұлғынды мекен етіп қоныс тапқан.
Біздағы жалғыз түнде келдік жетіп,
Жаңа жер, жаңа қоныс көңіл тетік.
Бұл жерге бірте-бірте бауыр басып,
Ақыры тұрып қалдық мекен етіп.
Басталды жаңа жерде жаңа өмір,
Дәмелі әрнәрседен бала көңіл.
Тезек теріп, су әкеп, қозы жайып,
Демеймін өтіп жатты бәрі жеңіл.
Сауатын ашу көптің ойда болып,
Әкеміз бала оқытты молда болып.
Арапша бәрімізде хат таныдық,
Құранның әр аяты ойға қонып.
Ауырып- сырқағандар үйге келіп,
Әкеміз алаламай бәрін көріп.
Дем салып, кейбіріне дұға жасап,
Емдейтін шөптен жасап дәрі беріп.
Осылай әкеміздің беделі артып,
Өзгеден өмір сүрдік оқ бойы артық.
Бірақта ісіп-кеуіп аяқ-қолы,
Анамыз жатып қалды төсек тартып.
Он беске келседағы менің жасым,
Домалап бір көрмеді өрге тасым.
Қой сауып, саба пісіп, құрт қайнатып,
Атқару қиын болды үй шаруасын.
Емдеді шешем бірақ сауықпады,
Ауыру дендеп кірген айықпады.
«Тоқал ал, бес балама сүйеу болсын»,
Анамның әкеме осы айтқаны.
Әкейдің қырықтан енді асқан жасы,
Теңеліп өскен кезі мал мен басы.
Қалың мал беріп алды бір жас қызды,
Он жетіге жаңадан келген жасы.
Екінші шешем келді үйімізге,
Оған қарсы болмадық бірімізде.
Ауыру анамызға қамқор болып,
Оңалды аздап тірлік, күйімізде.
Халық жауы ...
Сұм заман бізді тағы тентіретті,
Қамыстай өртке оранған ел дүр етті.
«Халық жауы- Эсэргүү»-деген атпен,
Қызылдың қырғыныда келіп жетті.
Ауқатты малы барды «Бай»-деп жапты,
«Молда»- деп сауаттыны ұстап жатты.
Тоғытып Ховда жақтың түрмесіне,
Жазықсыз кейбіреуді жолда атты.
«Кешүнге» қарсы келер жан болмады,
Оларды ауыздықтар заң болмады.
Шыбын жанын қорғаудың жолын іздеп,
Әркімдер өз бетінше тал қармады.
Халықты зар жылатып, күңірентіп,
Қорқынышпен таң атты әр күн өтіп.
Осылай алаң-салаң отырғанда,
Екі атты жетіп келді дүбірлетіп.
«Ит үріп, шулап кетті дала- деді,
Кім келді шығып балам қара»- деді.
Мен үйден шыққанымда төрдегі әкем,
Жай ғана шайын ішіп қала берді.
Екі адам қарсы жүрді мылтық асқан,
Жел тұрып, аяқ асты түнерді аспан.
Жаспынғой екеуіне сәлем бердім,
Жалтақтап түрлеріне мысы басқан.
Елемей менің сәлем бергенімді,
Екеуі баса-көктеп үйге енді.
Әкем жоқ шешем жатыр төсегінде,
Мендағы түсінбедім көргенімді.
«Әй, қатын сенің байың қайда -деді,
Тіліңді суырамын, сайра –деді.
Қопарып астаң-кестең жүкті шашып,
Табылса аяқ-қолын байла» –деді.
Аударып жүк біткенді бір-бірлетіп,
Үйде әкемнің жоғына көзі жетіп,
«Қайтсекте табамыз»- деп сыртқа шықты,
Ашудан қол- аяғы дір-дір етіп.
Қос атты өңі суық, сұсы қатты,
Айналып ауыл ішін біраз шапты.
Таба алмай олар қайтып кеткеннен соң,
Тау жақтан әкем түсіп келе жатты.
Үйге кеп әкем маған сөз бастады,
Алыстан орағытпай тез бастады.
Өмірін бастан аяқ баяндады,
Соңғы рет осы болды сырласқаны.
«Қызылдан баяғыда қашқан едім,
Дәм тартып талай жерді басқан едім.
Сенерім, он бестегі өзің ғана,
Сүйенерім жоқ ұлым басқа менің.
Ауыру төсек тартып жатыр анаң,
Бір Алла өзім жоқта болар панаң.
Кіші анаң бүгін ертең босанады,
Білмеймін не болары көңіл алаң.
Болса да ішіп жейтін малменен бас,
Өзіңе серік болар бауырың жас.
Бәрінде тапсырамын енді саған,
Қайтейін Сағиденім көңілім пәс.
Қиындық бәрінеде үйренерсің,
Ініңмен қарындасыңа сүйенерсің.
Қалың малын төлеген ана қызға,
Келгенде онсегізге үйленерсің.
Сақтасын қырық шілтен, ғайып ерен,
Мен өзім тірі жүрсем хабар берем.
Тұрамын Алтай жақта бой тасалап,
Ел- іші тынышталса қайтып келем.
Басылмай салмағына қайғы- мұңның,
Адам бол қамын ойлар қауымыңның.
Кіші анаң босанғанша күте тұрам,
Атын қойып кетейін бауырыңның.»
Деп әкем жоқ боп кетті біраз күнге,
Келеді іздеушілер күнде –күнде.
«Қайда жүр»-деп сұраған шабарманға
«Білмейміз -деп айтамыз-біздер мүлде».
Кіші анам босанғанда түнделетіп,
Ғайыптан оралғандай келді жетіп.
«Ақмеден»- деп ұлының атын қойып,
Сол күні Алтай асты шекара өтіп.
Өзімше ие болып мал мен жанға,
Қой жаям күні бойы Сетер талға.
Далада түнде жылқы күзетумен,
Көз ілмей зорға жетем келер таңға.
Бүгін жылқы күзеткем таудан асып,
Көзім кетіпті ілініп, ұйқы басып.
Біреу кеп маңдайымнан иіскегенде,
Қарасам әкем екен көзімді ашып.
«Алтайға өтіп едім терең бойлап,
Қарағым қайтып келдім сендерді ойлап.
Мен барып өздігімнен берілмесем,
Түрі жоқ ешбіріңді тірі қоймақ».
«Алыста қалды туған аға-бауыр,
Кешегі өсіп-өнген қайран ауыл.
Мен өлсем сендер аман қаларсыңдар,
Анаңда ұзамайды жағдайы ауыр.
Кіші анаң он тоғызда жасқой әлі,
От пен су сияқтығой жаспен кәрі.
«Төркініне кетем»- десе бөгет болма,
Өмірде ойлағандай болмас бәрі.
Баскөз бол бауырларың ағасы боп,
Жүрерсің барлығының панасы боп.
Тауып ал Ақмеденді жат болмасын,
Өссін ол Байзікірдің баласы боп.
Алладан саған әлі артар сын бар,
Түзелсе заман елге қайтарсыңдар,
Ембергенннің бес ұлынан ұрпақ қалса,
Барғанда әкең жайлы айтарсыңдар».
Осыны айтып бауырына қысты әкем,
Құшағы бәріненде ыстық әкем.
«Ұлым»- деп көкірегі қарс айырылып,
Еміреніп соңғы рет құшты әкем.
Қалдырып маған жүйрік сарала атты,
Ауыстырып мінде де баран атты.
«Ұрпағым аман қалса құрбандық»- деп,
Өлімге өзі қарсы бара жатты...
Әкемді бара ұстап атқан екен,
Білмеймін кімдер жала жапқан екен.
Халқына қызмет еткен адал жанға,
«Халық жауы»- деп кінә таққан екен.
Қайғы мен қасірет көп өткенімде,
Сүріндім талай өмір өткелінде.
Жазықсыз жапа шеккен қайран әкем,
Ақталды тоқсан бірдің көктемінде.
Жаңғырып тарихтың ақтаңдағы,
Талайдың қайта оралып қайтқан бағы.
Елу үш жылдан кейін «Жазықсыз»-деп,
Көңілге медеу болды ақталғаны.
Қол хат
Әкеміз осылайша оралмады,
Біздің де тірлік қайта оңалмады.
Сары атты Шәкей Кешүн* тартып алып,
Басталды Сағиденның тоналғаны.
Қоралы қой, үйірімен жылқыны алды,
Жаюлы өредегі құртын алды.
Шешемнің қолындағы алтын-күміс,
Теңгені киімдегі қырқып алды.
Қалмады кілем-кілше көрпе жастық,
Көрмеп ем өмірімде мұндай қастық.
Бес бала, ауыру ана зар жылаған,
Өттіғой өксуменен қайран жастық!
Кіші анам төркін кетті баланы алып,
Шама жоқ бауырымды қалар алып.
Тірідей туғанымнан айырылып,
Жүрегім қан жылады жараланып.
Жалданар байларда жоқ малын бағып,
Немесе суын тасып, отын жағып.
Алты адам бір сиырдың емшегіне,
Телмірген күндер өтті біз бір ғаріп.
Азғана азық-түлік болды тәмам,
Көмекте бере алмайды ешбір адам.
Төрт бала маған қарап телміреді,
Орнынан тұра алмайды сырқат анам,
Талғажау тамақ қылып қалдықтарды,
Жүдеді бауырларым арықтады.
Бір күні киім-кешек салатұғын,
Ақтардым босап қалған сандықтарды.
Қалмапты дүниеде іске татыр,
Қалай тірлік етеміз біздер пақыр.
Түбінде босап қалған кебеженің,
Бір жапырақ бүктеулі қағаз жатыр.
Қағазды ашып көрсем ол хат екен,
Біздерге пайдасыда мол хат екен.
Өткен жыл жүйрік атын сатып алған,
Ұранхай өзі жазған қол хат екен.
Алланың түзу жүрсең жолыменен,
Кей ісің бітедіғой оңыменен.
«Екі түйе, екі сиыр, екі ат берем»,
Деп жазыпты Ұранхай қолыменен....
Аруақтан қашып...
Үэнч-Бұлғын бұрын бармаған жер,
Қырында сырында еш алмаған жер.
Хатты алып тәуекел деп жолға шықтым,
«Пенденің басы қайда қалмаған»- дер.
Білгендер жүре бер деп өзен бойлап,
Ақыл айтты жөн сілтеп ойлап- толғап.
Анамда амалсыздан бата берді,
«Аман жүр- деді балам Алла қолдап».
Кәмелетке әлі мен толғаным жоқ,
Әкем жоқ, туысым жоқ, қорғаным жоқ.
Анаммен бауырларымды асыраудан,
Басқадай мен пақырда арманым жоқ...
Жарысып қайыңмен тал екі жақтан,
Сарқырап Бұлғын өзен құлдай аққан.
Кеш бата көшкен үйдің жұртына кеп,
Демалуға ақыры түстім аттан.
От жаққан бір ошақтың орнына кеп,
Отырдым әрбір нәрсе ойыма кеп.
Жантайып аяғымды көсілгенде,
Былқ еткен нәрсе тиді қолыма кеп.
Қолым тиген нәрсенің бетін аштым,
Көргенде өлген жанды қатты састым.
Баланың мәйіті екен шашы өскен,
Ойбайлап атқа мініп тұра қаштым.
Атыма қайта-қайта қамшы басып,
Аруақтан өзім көрген келем қашып.
Өткелден қалай өттім есімде жоқ,
Жаңбырдан өзен суы жатқан тасып.
Таң атты, тоқтамадым жүре бердім,
Ақыры жолда отырған үйге келдім.
Ат үстінде сіресіп аяқ-қолым,
Түсуге шамам да жоқ күйде келдім.
Енді ойласам өткенді есіме алып,
Аттан құлап түсіппін есім ауып.
Басқа тілде сөйлеген бөтен сөздер,
Құлағыма келеді ауық-ауық.
Өзіме-өзім келе алмай біраз жаттым,
Мен қайдамын деп тағы ойға баттым.
Қазақша сөзін естіп есім жидым,
“Балам қайдан келесің”- деген қарттың.
Моңғол шал біледі екен,қазақ тілін,
Өмірдің көрмейсіңбе ғажаптығын.
Бәрінде мұңым шағып баяндадым.
Басымнан өтті осылай азапты күн.
Ол біреудің ұлы екен жуықта өлген,
Тастап кеткен жерінен оны көргем.
Жерді қазу бұлардың салтында жоқ,
Өлікті білмейді екен жерге көмген.
Төріне отырғызып шайын берді,
Ас –суын аямады барын берді.
Жол тарттым жөнін біліп елмен- жердің,
Бір Алла аша гөр деп бағымды енді.
Жолы болар жігіттің....
.Көп іздеп тауып алдым саудагерді,
«Есі дұрыс қазақтар барма -деді.
Малыңды нағашың кеп алып кеткен,
Жолыңнан енді балам қалма»- деді.
Сөзіне Ұранхайдың сене алмадым,
Қайтейін дәлелім жоқ жеңе алмадым.
Амалсыздан аттанып жүре бердім,
Есеңгіреп өзіме келе алмадым.
Шарасыз қапаланып ойға батып,
Ренжіп нағашыма кеткен сатып.
Бұрылдым концерт қойған топты көріп,
Тарығып көше бойлап келе жатып.
Қарайлап концерт қойып жатқандарға,
Таядым мол қызыққа батқандарға.
Біреу жылап жүргенде қапа болып,
Қайғысыз ойынмен той баққандарға.
Үэнч жері жазық, татыр екен, (Үэнч-елді мекен)
(Бұлдағы білгендерге ақыл екен.)
Кузовын машинаның жайып қойып,
Біреулер пъеса ойнап жатыр екен.
Көп ішінен көрінді таныс адам,
Қарады ат үстіндегі олда маған.
Құсайын ағайымды тани сала,
Аттан түсіп жүгірдім оған таман.
Жүгірген маған қарап аталақтап,
Ағамда қарсы жүрді қапалақтап.
Пъесадан көрініс деп ойлаған ел,
Күлісіп жатты қолын шапалақтап
Жүгірдім «Ағам-ау»- деп топты жарып,
Жат жерде пана іздеген мен бір ғаріп.
Секіріп асылдым кеп мойынына,
Бір сәтке кеткендей боп есім ауып.
Дүйсебай Байзікірмен шекара асқан,
Әкемнің жан-жолдасы бірге қашқан.
Құсайын сол кісінің үлкен ұлы,
«Қызыл үйдің» әртісі өнері асқан.
Аптығып Құсайынға жайымды айттым,
Алалмай жүрген бір топ малымды айттым.
«Нағашың алып кеткен»- дейді ұранхай,
Распа, өтірікпе енді қайттым?!
«Қолхатың қолыңдама, жоқпа-деді,
Бар болса онда інім қорықпа- деді.
Малыңның барлығында алып берем,
Жеткізбей бұл ісіңді сотқа»- деді.
Шақырып бір цагдааны дауыстады , (цагдаа-полиция)
Ағама көрінеді таныс бәрі.
Ақыры «Сотталасың»-дегеннен соң,
Ұранхай малды маған табыстады.
Өмірде жолдарым көп шиырлаған,
Қусаңда жеткізбейді бұйырмаған.
Ұранхайдан алған сол екі атпен,
Құт болды екі түйе, сиыр маған.
Жетімдік...
Анамыз әр күн сайын төмендеді,
«Қалайда көктемді аман көрем -деді.
Жаз шығып ел аяғы кеңігенде,
Балалар ажал жетсе өлем»- деді.
«Мені апарып қойыңдар төмен жаққа,
Бұлғын өзен жағасы жарқабаққа.
Сол жерде бейіті бар қазақтардың,
Жатайын көппен бірге сол зиратта».
Тілегін айтып жатып апам соңғы,
Ақпанның боранында қайтыс болды.
Айырылып әкеден де шешеден де
Тұл жетім қала бердік біздер сорлы.
Қыстап біз отырғанбыз Жолты сайын,
Еселеп қарда жауды күн-күн сайын.
Мүрдесін шешеміздің айтқан жерге,
Жеткізу біздер үшін болды уайым.
Мәйітті киізге орап түйеге артып,
Анамыз айтқан жерге кеттік тартып.
Қалың қар ат адымын аштырмайды,
Саршұнақ аяз тағы бетті шарпып.
Мінгескен Мәуледан мен екеуіміз,
Жалғыз түйе жүрмейді жетегіміз.
Ешкім жоқ бізге тағы көмектесер,
Белгісіз қалай, қайтып жетеріміз.
Ара қонып межелі жерге келдік,
Анамыз жатам деген белге келдік.
Екі күн қатқан жерді әрең қазып,
Зар жылап анамызды жерлеп едік.
Қыс өтті он сегізге келді жасым,
Ширадым төге-төге көздің жасын.
Қалың малын төлеген Жамаш қызға,
Үйленбек ойым болды ғазиз басым.
Алмақ боп барып едім қыз Жамашты,
Олдағы қарсы болмай қадам басты.
«Жетімге қызымызды бермейміз»- деп,
Ата-анасы ат -тонын ала қашты.
Қыз қайтсін, қарсы ештеңе айта алмады,
Демеймін менсінбеді бай таңдады.
Қорғансыз панасы жоқ тұл жетімге,
Болмаса қалың малын қайтармады...
Екі жарты бір бүтін...
Қайын атам Самалықта молда болған,
Жүректе иман, құраны қолда болған.
Ұсталатын эсэргүүдің* тізімінде,
Әкемізбен қатарлас олда болған.
Келгенде белсенділер атпен шауып,
Құтылып кете берген ебін тауып.
Соңында өзі барып беріліпті,
Төнген соң ұрпағына қатер-қауіп,
Көріпкел молла дейтін Самалықты,
Болжап білген болашақ, жаңалықты.
Ховдадағы қызылдар түрмесіне,
Әкеммен екеуі бір қамалыпты.
Бұл пәни ойлап тұрсаң жалған екен,
Жансақтау біреулерге арман екен.
Қос молда дін жолында шәйіт болып,
Екеуі бір шұңқырда қалған екен.
Қызы бар Самалықтың Кәрәбә аты,
Иманды әрі ибалы қыздың заты.
Үйіне құда түсіп өзім бардым,
Жетегімде әкемнің жалғыз аты.
Жаңадан он алтыға келген жасы,
Төгілген тірсегіне қолаң шашы.
Қыздың қолын сұрадым анасынан,
Әзірге айттырмаған босқой басы.
« Екі жарты бір бүтін болыңдар- деп,
Анасы бата берді толыңдар- деп,
Қос аққудай екеуің қатар ұшып,,
Бақыттың биігіне қоныңдар»- деп.
Біз үшін қиып еді өмірлерін,
Ата-анам көре алмады келіндерін.
Аңырап артта қалған төрт жетімнің,
Келіншегім таба білді көңілдерін.
Мен әкемін...
Жұбайым үйге жылу ала келді.
Жетімдерге жанашыр пана келді.
Толтырып тоғыз аймен тоғыз күнге,
Іңгәләп отбасыма бала келді.
Кәмешім еңбекқор боп жастайынан,
Көбірек бізді ойлайтын бас қамынан.
Су әкеп, тезек теріп, үй сыпырып,
Өзгеше болды ауылдың жастарынан.
Көмір жоқ, ағаш отын жағатынбыз,
Аралап ақ дөңбекті жаратынбыз.
Тау басына дайындап сырғауылды,
Түйемен жаздай тасып алатынбыз.
Өмірде көп налыдым көңіл қалып,
Жатыр ем жалғыз өзім отын жарып.
«Әке сізге көмектесем»–деді Кәмеш,
Кішкентай айбалтаны қолына алып.
Кедейлік, жоқшылықпен көзімді ашқам,
Жалғыздық көріп өстім бала жастан.
Сол сәтте әкелердің арасында,
Бақытты жан жоқ еді менен асқан.
Мал жайып, күндіз тауды асып келіп,
Түнде таға соғамын басып көрік.
Бауырларым жүреді көмектесіп,
Ағаш жағып, көмірін тасып беріп.
Байда жоқ бұрынғыдай қойын бағар,
Жалданып, жұмыс істеп отын жағар.
Ұранхай, Қазақ атсыз күн көреме,
Малын беріп алады тағаны олар.
Біртіндеп сиыр басы онға толды,
Қой-ешкі жүзге жетіп қора толды.
Еріні балалардың аққа тиіп,
Жақсарып жағдайлары, қарын тойды.
Жыл жарым осылайша жақсы тұрдық,
Кем емес басқалардан тұрмыс құрдық.
Ұл бала, Өнерханым өмірге кеп,
Жаратушы Аллаға шүкір қылдық.
Әскерге аттанарда
Біртіндеп күндер жылжып өтіп жатты,
Қырық бірдің өте шықты қысы қатты.
Көктемде шақырылдым мен әскерге,
Туыс жоқ қарайласар осы батты.
Қыйналып үш бауырым дейді налып,
«Қалай тірлік етеміз сізден қалып.
Сүйенер тым болмаса ағайын жоқ,
Қалайша күн көреміз біздер ғаріп».
Бауырым Мәуледаным күрсініп ап,
Жылайды маған қарап уақ-уақ.
Жанжарым қамқор болып балаларға,
Біздерге басу айтты дәтке қуат.
«Екі жарты қосылып тұрмыс құрып,
Қиындықтан шықпақ ек бірге тұрып.
Алланың бұлдағы бір сынағығой,
Әскер ол азаматқа салған құрық.
Жатқанда есімізді енді жиып,
Жіберу оңай емес көзің қиып.
Арттағылар амалдап жан сақтармыз,
Тартпаңыз бізді ойлап қайғы-күйік.
Бір Алла жоқ нәрседен бар болғызып,
Жаратқан екі-екіден пар болғызып.
Тілегін екі жастың берсе құдай,
Айырады деймісіз зар болғызып.
Келерсіз тірлік болса бір айналып,
Жүрерміз іште қайғы көп ойланып.
Күтемін арт жағыңа ие болып,
Жүріңіз дұға қылып, бізді ойға алып»
Қабиба айтты: «Разымыз аға сізге,
Келдіңіз қамқор болып мына бізге.
Жүріңіз үкіметтің заңын бұзбай,
Жылағанмен пайда жоқ бәрімізге».
«Алладан тілек тілеп жандарыңа,
Тапсырдым әке-шешем аруғана.
Тіршіліктің көзіғой Мәуледаным,
Ие бол мына қалған малдарыңа.
Жанымның сезінетін ауырғанын,
Айттырмай түсінетін жарым бәрін.
Өзімнен туған екі баламенен,
Аманат бір өзіңе бауырларым.»
Әскерде
Ақыры «Тәуекел»- деп түстім жолға,
Құдай –ау бұл сапарды өзің қолда.
Қосылдым көп әскердің қатарына,
Ел шетін күзетуге қару қолда.
Атпенен апта жүріп Ховда келдік,
Қарын аш, жол соқты боп зорға келдік.
Басыңда билігің жоқ заңы қатты,
Түрмеден бір кем емес торға келдік.
Бір күні тұрғыздыда әскерлерді,
Едіреңдеп бір үлкен әпсер келді.
«Бар болса іштеріңде етікшілер,
Бір адым алға шық»- деп бұйрық берді.
Қатардан шықтық алға екі кісі,
Бірінің бойы ұзын, бірі кіші.
«Әскердің жамайсың деп етіктерін»,
Артынан ертіп жүрді әлгі кісі.
Қаруға ыңғайым жоқ әуел бастақ,
Кірістім мен жұмысқа бәрін тастап.
Әскердің жұлым-жұлым етіктерін,
Беремін қолдарына жамап- жасқап.
Жүрмеймін басқалардай ойнап –күліп,
Артыма алаңдаймын құлақ түріп.
Үй –ішім, бауырларым амандығын,
Әскерден кейін келген сұрап біліп.
Қонышын не табанын ауыстырып,
Тігеміз бір-біріне жабыстырып.
Жоқшылық қысып тұрған соғыс кезі,
Отырдық жоқ нәрсені табыс қылып.
Етіктің қоншын біреу сұрай келді,
Қарасам түр-түсіне шынай келді.
«Қоныш берсең орнына түйе берем,
Қалдым деп жалаң аяқ»- жылай келді.
Ол кезде бет- беделім қалған артып,
Бастықтан екі қоныш алдым айтып.
Алты жыл борышымды өтеген соң,
Сол түйемен бет алдым елге қайтып.
Әскерден қайтқан жолда
Әскерден босап шығып есен-аман,
Бір тауға таяп келдім кешке таман.
Кезікті жол бойында қонып жатқан,
Аш-арық, азып-тозған бір топ адам
Түйемен таяп келіп түстім топқа ,
Жөн білетін біреуі барма-жоқпа?!
Көтерген арқасында жүктері бар,
Кезіктім көп кедейге ойда –жоқта.
Бір қария отырды қасыма кеп,
Түрлі ой кіріп шықты басыма кеп.
Ақсақал аз отырып сөз бастады:
«Қарағым жау емеспіз шошыма- деп.
Ертеректе қытайдан өткен едік,
Шекарадан ішкерлеп кеткен едік.
Жаугершілік заманда қаша көшіп,
Говь- Алтай аймағына жеткен едік.
Сол жақта азғана жыл тұрған едік,
Мал бағып аздап тірлік құрған едік.
Ел іші тынышталған осы жылы,
Ат басын Дэлүүнге бұрған едік.
Біреулер жолда тонап малымызды,
Қолдағы алып кетті барымызды.
Қалсада қатын- бала аш -жалаңаш,
Қуандық қалдырғанға жанымызды.
Көмектес бізге балам болмас артық,
Жетеміз елімізге енді қайтып.
Асқанша Ұландава асуынан,
Жүрейік жүгімізді түйеңе артып».
Бір қонып ертеңінде жолға шығып,
Кезеңге дамылдадық зорға шығып.
Кез келді жолаушылар қоштасатын,
Тау басы аңыраған олда суық.
Аядым жәудіреген балаларын,
Тас қылып құшақтаған аналарын.
«Жетермін-дедім ептеп ауылыма,
Түйемді алыңыздар ағаларым».
Жиналып барлығыда ақылдасып,
Келісіп бірнәрсеге мақұлдасып.
Ақсақал келді жетек тайыншасы бар,
Қоштасуға менімен бақұлдасып.
«Жақсылығыңды ұмытпас ағаң-деді,
Жетегөр үй-ішіңе аман-деді.
Шамамыз осы болды айып етпе,
Тайыншаға разы бол балам»- деді.
Елестеп көз алдыма екі балам,
Арттағы бауырларға болып алаң.
Алты жылдай әскерде болған басым,
Қайтып келе жатырмын есен-аман.
Күтіп тұр біле алмаймын қандай заман,
Алдымда жолдар жатыр тарам-тарам.
Тайынша бар жетегімде ақырындап,
Ел шетіне іліндім кешке таман.
Қамытын кедейліктің қайта киген...
Қарсы алды бауырларым ағаларын,
Қамқоршы, асыраушы паналарын.
Асылды «Әкелеп»-кеп мойыныма,
Есейіп қалған екен балаларым.
Мәуледен мен кеткен соң шекара асып,
Өзінше сауда жасап қылған кәсіп.
Малдарын зат-тауарға айырбастап,
Қытайдан жүрген екен тауар тасып.
Айырылып бірте-бірте малдарынан,
Төмендеп жағдайлары алдағыдан.
Бес ешкі, бір сиырға қарап қалған,
Басқадай жолын таппай жан бағудан.
Қамытын кедейліктің қайта киген,
Жыртықтан көрінеді далада үйден.
Киізі керегенің шұрық-тесік,
Қалай-қайтіп шығамыз мына күйден?!
Азғана сүттен жасап айран-шалап,
Әйелім отырмайды бір сәт қарап.
Ескірген тері-терсек алып келіп,
Жатады туырдықты күнде жамап.
Он еді сиыр саны әуел баста,
Қалғаны бір құнажын қызыл қасқа.
Ішеміз екі реткі сүтін сауып,
Тамақ жоқ тіске басар онан басқа.
Киімдері қырық жамау ойық –ойық,
Бәрі ашқұрсақ көрмеген қарын тойып.
Амалсыздан жас туған бес лақтың,
Екі-үш айда аламыз бірін сойып.
Еркелікпен жүруші ең ағаң барда,
Сүйенетін алдыңда панаң барда.
Қайтейін кесейінбе өз қолымды,
Жер шұқиды бауырым амал барма.
«Әсте дұрыс болмады мұның- дедім,
Алдағы не болады күнің - дедім.
Талпынайық бір нәрсе еңбек істеп,
Қол қусырып отырмай інім» -дедім,
Тағыда таға соғып, етік тіктік,
Еңбектің дәмін татып сырын ұқтық.
Асырап алты жанды екеуіміз,
Амалдап, әупірімдеп қыстан шықтық.
Әскерге Мәуледенді аттандырып...
Айналып дүниенің дөңгелегі,
Жаз шығып жадырады пенделері.
Азаматтық борышын атқаруға,
Кезегі Мәуледеннің келген еді.
«Әскер ол елмен жерін күзетеді,
Өзіңді шынықтырып түзетеді.
Атқарсаң міндетіңді ойдағыдай,
«Үш жыл»- деген немене тез өтеді.
Ширақ бол, сылбыр әрі жаман болма,
Арттағы мына бізге алаң болма.
Бір нанды бөліп жейтін достарыңа,
Ешқашан қолың қысқа сараң болма.
Әскердің біле білсең заңы қатты,
Ұқыптап ұстағайсың әрбір затты.
Ешкімге зорлық жасап жолдан тайма,
Әркімге Алла берген жаны тәтті».
Осылай кеңес беріп ақыл айтып,
Інімді шығарып сап келдім қайтып.
Әскерлер баяғыдай топ-топ болып,
Аттанып Ховда жаққа кетті тартып.
Артынан Ховда жаққа барайын деп,
Бір көріп бауырымды қалайын деп.
Бастықтан сұранып ем жайымды айтып,
Рұқсат бірер күнге алайын-деп.
Жалынып көріп едім бастығыма,
Білмедім түк көрмеген жастығыма.
Сіресіп жұмысымнан босатпады,
Білмеймін достығыма, қастығыма.
Адамнан таусылама өлмей арман,
Жетпейсің кей ісіңе көңілге алған.
Хабарласып Мәуледан бара алмадым,
Аман жүр, қайда жүрсең жалғыз қарғам...
Балдызым....
Күз өтіп, қыс айналып көктем келді,
Жылытып шуағымен көкпен жерді.
Балдызымда әскерге кететін боп,
Анасын қолыма әкеп өткерді енді.
Мен айттым: «Бағамынғой анаңды- деп,
Не дейді туыстарың, ағайын боп.
«Қаратпа қызға дейтін»- қазақпызғой,
Сөз қылып жүрмейме ертең ағайын кеп».
Ол айтты: «Қателік көп басымда»-деп,
«Зор күнә жасап едім жасымда» –деп.
Білместікпен ағамды ұстап бергем,
Сондықтан дұшпанымда, қасымда көп.
Ағама бірге туған қастық қылғам,
Сонымды кешіре алмас туыс-туған.
Атылып ақыры ағам кете барды,
Сатқындық қылығымды қанмен жуғам.
Енші алып әкемізден қалған малдан,
Іргемді ағайыннан бөлек салғам.
Адасқан ашық күнде мен бір бейбақ,
Кімдерге опа берген мына жалған...
Жүрейін түніңменен күніңдей боп,
Есіктегі құлыңмен күңіңдей боп.
Мен келгенше анама бас-көз болсаң,
Өтейін бірге туған ініңдей боп».
Балдызым осылай деп жауап берді,
Кәрәбәны анасы қалап келді.
Баласының әр айтқан сөзін құптап,
Біздерді панасына балап келді.
Жылы қабақ танытып анасына,
«Бағам»- деп уәде еттім баласына.
Үш жылдай енем тұрды қолымызда,
Түспедім ағайынның арасына....
Екі үйміз....
Сағынып Мәуледенді тостым күнде,
Әскерде үш жыл болып келді үйге.
Қуандым бір Аллаға шүкір етіп,
Жеткізген екемізді осы күйге.
Қызығы-шыжығы көп мына жалған,
Әскерден аман-есен келді қарғам.
Ізімді басқан інім Мәуледенді,
Үйлендіру бір қызға ендігі арман.
Ағайын, туысым жоқ онан басқа,
Талай қайғы кезікті мына басқа.
Әскерін өтеп келді азаматтық,
Толады бір жылдан соң отыз жасқа.
«Бауырым түсінерсің сөздің нарқын,
«Қайын ал, қатын алма»-деген халқым.
Қызына текті жердің құда түсем,
Жүрсін деп әрқашанда жүзің жарқын.
Базарқұл, Көбеш ұлы Жарылғасын,
Өсірген Алла-құдай мал мен басын.
Замандасым Шәмшаға құда түстім,
Олдағы бермек болды қарындасын.
Батыр боп ел билеген бабалары,
Сөзге шешен елімнің даналары.
Жалғыз Арғын сүйеніп өмір сүрем,
Сайдың тасы сияқты ағалары.»
Бәйбішем қолдай кетті бір тіл қатып,
«Балаға сөйлесіп ем қылды тәртіп.
Айтуға сізге батпай жүруші едім,
Көңілім сол баланы қалды ұнатып.»
Құптады қарсы келмей жаным-Мәулен,
Осылай Аллам тағы болып жәрдем.
Бір үй ем, екеу болып отау тіктім,
Басыма бақыт қонған бұл бір дәурен.
Осылай Құдай қолдап екі үй болдық,
Жайлауға қыстауға да бірге қондық.
Абысын тату болса ас көп деген,
Бір малды екі отауға бөліп сойдық.
Түсіме әкем кіріп аян берді...
Түсіме бір күн менің әкем кірді,
Аруағы нені меңзеп нені білді.
Тапсырған Ақмәденді аманаттап,
Сетертал бұлағына ертіп жүрді.
Иіскеді маңдайымнан сыйпап тұрып,
Қолымды оң қолымен ұстап тұрып.
«Аманатыңды орында бауырың тап,»-
Деді де ұшып кетті шырқап биік.
Тұрдымда таңсәірден атқа мініп,
Келдім мен нағашыма үш күн жүріп.
«Қарағым бізге келіп көп тұрмады,
Ховдаға кеткен деді Сартқа тиіп».
Атпенен апта жүріп Ховда барып,
Іздедім әлгі адамды өліп-талып.
Сарылып он төрт күндей сұрастырып,
Сөйлестім ол кісіні ақыр тауып.
Шешеміз егде сартпен бір жыл тұрып,
Жараспай жұлдыздары көңіл суып.
Соңынан Тақай деген қазаққа еріп,
Кетіпті Налайханға тұрмыс құрып.
Ховдадан біраз күнде келдім қайтып,
Бәріне бұл хабарды бердім айтып.
Қолдағы малды сатып ақша жинап,
Бетке алып қала жақты кеттім тартып.
Налайхан екі мыңдай шақырымда,
Ол кезде көлік қайда тақымыңда.
Ай жүріп жол көлікпен азаптанып,
Жеттім-ау Ұланбатырға* ақырында.
Налайхан астанадан алыс емес,
Бұл өлке бірақ маған таныс емес.
Тауып ап Әбділ атты жолдасымды,
Сонымен ақылдасып құрдым кеңес.
Әкесі Әбділ достың Жәлел молда,
Білімді бала оқытқан атақты олда.
Әкеммен Эсэрхүү деп бірге ұсталып,
Ақыры шәйт болған осы жолда.
Қалаға Әбділ келіп білім қуып,
Осында мекен етіп қалған тұрып.
Олдағы Ақмәденді біледі екен,
Әкеден жастайынан қалған туып..
Жолықтым Ақмәденге Алла қолдап.
«Танимын –деді- Тақай жаман адам,
Арақшы, қаныпезер, өзі надан.
Тұрады Налайханның тау жағында,
Баланы оңайлықпен бермес саған.
Білесің Налайханда көмір барын,
Көмірлі жерде жайлы өмір барын.
Ұңғыма жасап көмір алу үшін,
Ағашпен бекітеді соның бәрін.
Тақай көптен істейді ағаш кесіп,
Ағаш кесу өзіне болған кәсіп.
Қосымша күзетші боп тау басына,
Үйімен сол араға барған көшіп.
Көнсең сен ақылыма мойын бұрып,
Берейін саған бөлек бәргад* құрып.
Бауырыңа жақында ақырындап,
Жұмыс істеп бір мезгіл сонда тұрып».
Дұрысқой жақын тұру бауырыма,
Тағдырдың төземінғой ауырына.
Шешімін Әбділ достың орындауға,
Аттандым Налайхтың ауылына.
Бес-алты жұмысшы алып орман бардым,
Аржағы не болар деп ойланбадым.
Қауышу үшін туған бауырыммен
Келгенін істеймінғой қолдан бәрін.
Осылай барлық жайды барлап біліп,
Орманды отап жаттық ағаш тіліп.
Бір күні мен отырған киіз үйге,
Таныдым, Ақмәденім келді кіріп.
Құшақтап орнымнан ұшып тұрып,
Иіскедім мейірлене құшып тұрып.
Таңданып маған бала қарай берді,
Жыладым бауырыма қысып тұрып.
Әрине «Ағаңмын»- деп айта алмадым,
Көрдім мен оныңдағы таң қалғанын.
Шай беріп, тамақ асып, жайын сұрап,
Үйіне кешке дейін қайтармадым.
Сағындырып арада күндер өтті,
Ақмәден қайта айналып келмей кетті.
Қолында жейдесі бар жаңа тіккен,
Аңырап кіші шешем бір күн жетті.
Хабардар екен олда болған жайдан,
«Қарағым мұнда қашан, келдің қайдан?
Туысын аман-есен кездестір- деп,
Күндіз-түні тілеуші ем бір құдайдан».
Баласы айтқан бөгденің жылағанын,
Көл қылып, көздің жасын бұлағанын.
Түсініпті түр- тісімді айтқан кезде,
Бергенін бір Алланың сұрағанын.
Жүгіріп ести сала қала барып,
Маған көйлек тігіпті матаны алып.
Өмірін бастан –аяқ баяндады,
Егіліп, арасында жылап алып.
Әкеңе тиіп едім үмітке еріп,
Жылап кеттім үйіңе күліп келіп.
«Текті атаның баласы бір келер» –деп,
Жүруші едім өзіңнен үміттеніп.
Ұнатып әкеңді іштей өзім келгем,
Бақытты шағым еді ол менің көрген.
Тақыр кедей төркінім кетті байып,
Қалыңға малыменен оның берген.
Кіші анам бірде толқып, бірде шалқып,
Жанымда көп отырып кетті қайтып.
Деді ол: «Бауырыңа түсіндірем,
Оңаша болған жайдың бәрін айтып.».
Тақаймен тайталас
Үйіне көшіп барып орналастым,
Бауырым бәрін білді мауқым бастым.
Жарты жыл осылайша өте шықты,
Қойныма алып жатып бауыр бастым.
Тақайға ұнамады менің жайым,
Кіші анама бұлдағы болды уайым.
«Қарағым алты ай асты сен келгелі,
Түсіндіріп айтайын істің жайын.
Артыңда сені күткен қауымың бар,
Үй-ішің, бала-шағаң, бауырың бар.
Несіне жасырайын Тақай бір күн,
Өлтіреме дегенде қауібім бар.
Бір түрлі соңғы кезде қызбаланып,
Арақты көп ішіп жүр ызаланып.
Тілі ашты тиіседі мағандағы,
Әр сөзін алғандайын тұзға малып.
Әкенің көрмей жылы алақанын,
Жалтақ боп келеді өсіп балапаным.
Қалайда ағалары өздеріңмен,
Бір болуын ішімнен жаратамын.
Тақайға айтып едім беремін-деп,
Ағасы бірге туған сенемін-деп.
Көнбеді мен өсірдім олай болса,
«Өлтіремін, не өзім өлемін»- деп.
Қайтейін не көрмеді ғазиз басым,
Қор болып талай төктім көздің жасын.
Ызалы Тақай сені өлтірер деп,
Сіңбейді балам менің ішкен асым.
Таптыңғой бауырыңды іздеп келіп,
Бастыңғой сағынышты біз деп келіп.
Қайт енді ауылыңа ризамын,
Жарты жыл өте шықты тізбектеліп.
Білсе егер Ақмәденім: «Қалмаймын- дер,
Тақайға қайта айналып бармаймын -дер.
Ағаммен бірге кетем деген сөзден,
Қайда сүйреп барса да танбаймын»- дер.
«Сондықтан Ақмәденді кетем ертіп,
Қайтадан бүрсігүні келем ертіп.
Бауырың іздеп сені тауып алар,
Өлгенде бір күні мен ажал жетіп».
«Жолға шық балам ертең, жолың болсын,
Басыңа ұшпайтындай бақыт қонсын.
Абай бол, Тоқай тағы ішіп кетті,
Осы түн өзіңменен бірге қонсын.»
Деді де кіші анам кетті шығып,
Боларын бір қауіптің алдым ұғып.
Ымыртта Тақай келді ішіп алған,
Ұйықтағандай кейіппен жаттым бұғып.
Балтасын іргедегі қолына алды,
Жүзін көрді, оныда көзім шалды.
Қозғалақтап қалып ем шыдай алмай,
Балтаны маған қарай сілтеп қалды.
Зу етіп балта кетті бастан асып,
Ұшып тұрдым абдырап қалды сасып.
Мас адамды қоямба алып ұрып,
Қылқындыра бастадым асқа басып.
Зар жылады: «Жанымды қия гөр- деп,
Қолыңды қылқындырған тия гөр- деп.
Қарағым, Сағиденім ақылға кел,
Ашуың бас, есіңді жия гөр»- деп.
«Жаңа ғана өлтірмек болдың мені,
Заңы қатты білесің моңғол елі.
Балтаң куә керегені тесіп өткен,
Саған мерзім береді он жыл кемі».
Дедім де қонышымнан пышақты алдым,
Қапсырып арт жағынан құшақтадым.
Керегенің үзілген жібіменен,
Байладым екі аяғын тұзақтадым.
Қолына қағазбенен қалам бердім,
Жазбасаң жаныңды мен алам дедім.
«Жаз- дедім- мені өлтірмек болғаныңмен,
Емес-деп- Ақмәденді- балам менің».
Жаздырып алдым бәрін қолыменен,
Бұл іс бітті ақыры оңыменен.
«Айтқанымнан егерде бұра тартсаң,
Сотталасың заң қатал жолыменен».
Сол күні кіші анаммен інім келіп,
Болған жайдың көзімен бәрін көріп.
Растап Тақайға айтып жаздырғанды,
Олардағы қолдарын қойды беріп.
Қағазды қол қойдырған алып алдым,
Қалтама ыждағаттап салып алдым.
Қанша қиын болсада алты ай жүріп,
Алла қолдап інімді тауып алдым.
Кешікпей түстен кейін жолға шықтым.
Қия алмай бауырымды зорға шықтым.
Қарсы әрекет жасауға аңдып жүрген,
Тақайды осылайша орға жықтым,
Қия алмай бауырымда жылап тұрды,
Көздің жасын көл қылып бұлап тұрды.
Ағасының қарасы үзілгенше,
Бір орнынан қозғалмай ұзақ тұрды.
Оқуға түсті кенже қарындасым,
Қуандым жүрек қалай жарылмасын.
Өзгерттім куәліктегі атын оның,
Білдімде басқа құжат табылмасын.
Өзгерттім Ақмәден деп Бәтиха атын,
Туысқан бауырығой қаны жақын.
Сол құжатпен оқуға түсті олда,
Орындап әкеміздің аманатын. .
Артымда кедейлікпен қалды уайым.
Осылай Ұланбатыр барып келдім,
Жоғалған інімді іздеп тауып келдім.
Жарты жыл жұмыс істеп айлығыма,
Бәріне сәлем-сауқат алып келдім.
Түгелдей аман екен малмен жаным,
Ие боп барлығына Мәуледаным.
Екі отау жұбын жазбай қатар отыр,
Қуандым көріп Алла қолдағанын.
Жеңілдеп мойнымдағы ауыр жүгім,
Мәуленім жүгіріп жүр көрмей тыным.
Бастығым есепшілік жұмыс беріп,
Қызметте өтіп жатты әрбір күнім.
Әр үйге үкіметтен салып салық,
Салмағын өлшеп елдің малын алып.
Қыс түсе тапсырамыз етке бәрін,
Жаз бойы оны бөлек бағып-қағып.
Артымда кедейлікпен қалды уайым,
Жақсарды жағдайымда әр жыл сайын.
Жаз болса тауға шығып Күрті жайлап,
Қыстаймыз өзен бойын, Қызылқайың.
Жүрушіем тілек тілеп жаратқаннан,
Әйелім айы-күні таяп қалған.
Түсімде көрдім маршал Чойбалсанды*,
Жанына Цэдэнбалды* ертіп алған.
Маршалға қарап тұрдым есім ауып,
«Үйіңді келдік- деді- әрең тауып».
Ақ дөңбек ақбоз атпен сүйреп келген,
«Сағиден ал»- деді де кетті шауып.
Жорыдым бұл түсімді жақсылыққа,
Сенбеуші ем көріпкел мен бақсылыққа.
Жарыма көргенімді айтып едім,
Деді ол-« Ешкімге айтпа, әсте ұмытпа».
Өмірге келді сонан Жанатқаным,
Ұл берді жазық маңдай жаратқаным.
Алланың бергеннінен берері мол,
Сезіндім түн артынан таң атқанын.
Осылай ел қатарлы тірлік етіп,
Екі отау жансақтадық бірлік етіп.
Жанатхан алғыр бала болды бөлек,
Санасы келе жатты тез ержетіп.
ҮЗІЛГЕН ҚОС ТҮЙМЕ...
Түс көрдім, өз итім кеп алды қауып,
Үйге кіріп құтылдым есік жауып.
Тісі тиген шапаным өңірінен,
Үзілген қос түймені алдым тауып.
Қайтейін келуші еді көрген түсім,
Бір пәлені сезгендей болды ішім.
Оянып ұзақ жаттым бастырылып,
Сарқылып қалғандай боп бойда күшім.
Күз келді, түс көрген соң айлар өтіп,
Дос-жаран бірі келіп, бірі кетіп.
Қарбалас жұмыстармен жүргенімде,
Аймақтан тексеруші келді жетіп.
Есептеп көрді қанша ет алғанымды,
Халықтан санап алған малдарымды.
Әр цифрды мұқият қарап шықты,
Мен жазып, есептеген сандарымды.
Сексен кл. еттің орны табылмады.
Осы болды бас кінә тағылғаны.
Жегем жоқ, ішкенім жоқ қоғам мүлкін,
Басымнан менің пәле арылмады.
Сот болды, келді кіріп бастығымыз,
«Жоқ деді достығымыз, қастығымыз.
Ұмытып кетіппізғой екемізде,
Кінәлі шығар- деді- жастығымыз.»
«Бір тайынша беремінғой кейінірек,
Жаза сал деген едім сексен кл ет.
Обалына қалдым бұл азаматтың,
Адал адам екенін бәрі білет».(біледі)
Есіме ол айтқанда бәрі түсті,
Ұмытпау керек екен әрбір істі.
Мәмей бастық айтқасын жаза салғам,
Сот бірақ тыңдамады кәрі күшті.
Қайтейін қолым таза көңіл күпті,
Бәріде соттан адал шешім күтті.
«Жеген деп қоғам мүлкін сексен кл ет»,
Соттауға алты жылға үкім шықты.
Осылай сот залында кісен салып,
Алды артыма қаратпай кетті алып.
Үмітпен кете бардым: «Арызданам»-,
Дегенін бастығымның естіп қалып.
Сексен кл етті мойынға іліп алып,
Өлгейдің түрмесіне қойды салып.
«Басқадай қанша кл ет, мал жедің»- деп,
Күнде сұрау қояды тергеуге алып.
Қамалып мен жатырмын зындан түрме,
Ойланам не болам деп күнде-күнде.
Өтірік жала жауып көп сұрайды,
Ұйқымнан оятып ап кейде түнде.
Түрмеде алты ай жаттым арып-ашып,
Шөлдейсің өзеуіреп қарның ашып.
Сұрайды ұрып-соғып күнде азаптап,
Бұл торға қалай түстім жаза басып.
Әділдік жеңіп шықты ақырында,
Жетпеген ақылымда, батылымда.
Көзі жетіп жоғары сот күшін жойған,
Соттаған сол шешімді алты жылға.
Шықтым мен қанатымнан қайырылып,
Сотталып сағым сынды майырылып.
Гүлмархан, Өмірханым қос балапан,
Қалыппын екеуінен айырылып...
Құдай алған баланы төлеткенде...
Сұңқарым екі бірдей қолдан ұшып,
Мен қалдым терең қазған орға түсіп.
Түрмеден шықсамдағы қуанбадым,
Құр сүлдем үйге қайттым жолға түсіп.
Былтырғы көрген түсім келді анық,
Дұшпанның атын білдім ебін тауып.
Арызын балдызымның көргенімде,
Құлап қала жаздадым есім ауып.
Туысым болып шықты пәле жапқан,
Жау шықты жақынымнан о, жаратқан.
Көре алмай жағдайымның жақсарғанын,
Балағымнан ит болды келіп қапқан.
Айрылып екі бірдей баласынан,
Зардап шегіп күйеуі ағасынан.
Әйелім бас көтермей қалды жатып,
Жүрекке қайғы салған жарасынан.
Бес жастағы Жанайым болды зерек,
Айтыпты анасына сөзбен шенеп.
«Өлгендерге шешенің қажеті жоқ,
Сау ана тірі жүрген бізге керек.
Біз әлі кіп- кішкентай баламыз-деп,
Кеттіғой қарындас пен ағамыз-деп.
Өлгенді жақсы көріп жата берсең,
Біздағы мүмкін өліп қаламыз»-деп.
Осыны естігенде жатқан сұлық,
Жастықтан алды әйелім басын жұлып.
Баласының бір сөзі демеу болып,
Тік тұрып аяғынан кетті жүріп.
«Салғанына Алланың көнеміз-деп,
Жақсысын жаманында көреміз»- деп.
Аңырап отырғанда қызын алып,
Келінмен інім келді- «Береміз»-деп.
Гүлнәштің мөлдіреген екі көзі,
Сүйкімді сәби еді неткен өзі.
Баланы алмақшы боп отырғанда,
Кішкентай Жанайымның айтқан сөзі:
«Бірге туған інімен ағасыңдар,
Алланың ісіменде санасыңдар.
Құдай алған баланы төлеткенде,
Екеуің не марқадам табасыңдар.»
«Адамды Алла өзі жаратады,
Түңілтіп кейде жерге қаратады.
Құдайдың бергенінен берері мол,
Дейдіғой түн артынан таң атады»
Ештеңе дей алмадық баламызға,
Кірмеген ойды айтқан санамызға.
Осылай өз үйінде Гүлнәш өсті,
Дәнекер болып біздің арамызға.
Түнхэлде.
Ақмәден жігіт болды отызды асқан,
Біздерден бөлек өсті бала жастан.
Үйленіп техникум бітірген соң,
Түнхэлге есепші боп орналасқан.
Хат келді: «Айналайын ағам -деген,
Аманба ауыл-аймақ балаң- деген.
Келіңдер шетте қалмай орталыққа,
Көшіріп екеуіңді алам»- деген.
Келдікқой қилы-қилы өмір кешіп,
Жетілді Ақмәденім жалғыз өсіп.
Енді бірге болайық үшеуіміз,
Деп шешіп екі үйіміз кеттік көшіп...
Түнхэлдің* тауы биік суы тұнық,
Отырдық жиырма жыл мекен қылып.
Қыз ұзаттық ұлдарды үйлендіріп,
Үш ұлы Байзәкірдің бірге тұрып.
Үйреніп қалдым Түнхэл ауылыма,
Қысқы аяз, жазғы жылы жауынына.
Өнерхан үлкен ұлмен тұрып жаттық,
Қарайлап екі бірдей бауырыма.
Өнешім үлкеніғой ұлдарымның,
Куәсі өсіп-өнген жылдарымның.
Иесі мендегі алтын сыр сандықтың
Басқаға ашылмаған сырларымның.
Таңертең ата-анаға амандасып,
Кететін жұмысына хабарласып.
Бір күні келмей қалса «Не болды»-деп,
Кемпір-шал қалатынбыз алаңдасып.
Жұмыстан қарайлайтын келе жатып,
Кейде отырып қалушы ек кеңес айтып.
Жиырма жыл Түнхэлде бірге өткізген,
Сол жылдар енді бізге келмес қайтып.
Сүт кенжем Даком менің Гүлден жаным ,
Жаныңда болып құдай қосқан жарың.
Бала-шаға, отбасың аман болып,
Арайлап ата берсін әрбір таңың.
Жанайым «Жалғыз құдық» түрмесінде.
Он бесте қалды ауырып Жанатханым,
Білмеймін не көрсетер жаратқаным.
Дәрігерлер аман алып қалу үшін,
Деп шешті: «Кесу керек аяқтарын».
«Аяғы бара жатыр құртқа шауып,
Кеудеге жетсе болар үлкен қауіп.
Бастан құлақ садақа –дегендейін,
Балаңды көндір деді ебін тауып».
Дәрігердің айтқанына көнді басым,
Төктім кеп Жанатханға көздің жасын.
«Қарағым аяғыңды алдырмасаң
Ауыру білемісің жазылмасын».
«Аяқсыз қалай тірлік етем-деді,
Қалай мен арманыма жетем –деді.
Қор болып домаланып отырғанша,
Өмірден аяғыммен кетем» –деді.
«Алланың не салғанын көрем –деді,
Емдеңдер не болсада көнем –деді.
Жазыламын он екі мүшем түгел,
Жазылмасам осында өлем»-деді.
Ақыры аяқтарын кестірмеді,
«Зорлауға қақысы жоқ ешкім» –деді.
Қолынан өнер тамған, ойы ұшқыр,
Бір беткей бала болды ес білгелі.
Осылай емілгіде* ұзақ жатты, (аурухана)
Ешкімде болжай алмас болашақты.
Сол жерде сурет сызып, ою ойып,
Жазылып, өнердегі жолын тапты.
Ақыры орталықта қалды тұрып,
Суретші, зергерліктің жолын қуып.
Үй салды үш қабатты ешкімде жоқ,
Жап-жақсы өмір сүрді тұрмыс құрып.
Балалы болды біраз жылдар өтті,
Жүргенде қиындықтың бәрі кетті.
«Түрмеге қамалыпты Жанай»- деген,
Бір күні бізге суық хабар жетті.
Кімдерді сүріндірмес мына жалған,
Қалдығой орта жолда талай арман.
Біреулер жазған екен машина алып,
Заңсыз деп қаладағы үйін салған.
Кедей құрған қоғамда байды құртқан,
Артық тұру қылмыс деп басқа жұрттан.
Салыпты «Жалғыз құдық»- түрмесіне,
Жалындырып су бермей жалғыз ұрттам.
Қылмысы үй салдырған кісі жалдап,
Сауда саттық жасаған біреуді алдап.
Рұқсатсыз әшекей бұйым жасап,
Ақшаға сатқан оны біреуге арнап.
Жақсы-жаман болсада орта тұрмыс,
Ол заманда кәсіптің бәрі қылмыс.
Сұрастырсам заң білер адамдардан,
«Зардабы ауыр болар»-дейді бұл іс.
Жиырма бес жасында жаным Жанай,
Біле алмадым қылмыскер болды қалай.
Жетімдік, жоқшылықпен зар жылатып,
Өттіғой басымыздан өмір талай.
Білемін ештеңені ұрламадың,
Ешкімді зорлық жасап қинамадың.
Салған үй, астыңдағы мәшинеңде,
Табан ет, маңдай термен жинағаның.
Кімге айтып түсіндірем оның бәрін,
Қалай мен қайтарамын заңның кәрін.
Жер болып, сағым сынып Түнхэл келдім,
Қалмады ойда қуат, бойда әлім.
Арада жылауменен үш ай өтіп,
Отыр ек отбасында көңіл кетік.
«Жанай ағам шықты»- деп сүйіншілеп,
Бурайым бір күн үйге келді жетіп...
Көңілім көлдей кеңіп дала болды,
Торлаған қайғы бұлты ада болды.
Қарамай алды-артыма кеттім тартып,
Ес дертім енді жету қала болды.
Қалаға күндіз шығып түнде жетіп,
Баламды құшақтадым есім кетіп.
Құр сүлдері қалыпты қатты жүдеп,
Кеткені белгіліғой аштық өтіп.
«Шыдасаң жарияла аштық»-деді.
...«Балам-ау қалай шықтың неге жапты,
Моңғолдың заңы қатал, діні қатты».
Жайланып отырған соң ұлым маған,
Басынан өткен жайдың бәрін айтты.
Жайымда тірлік етіп жатқам қыстап,
Үйімнен үш цагдаа* кеп кетті ұстап.
«Ұрладың қанша ақша»- деп күнде сұрап,
Ай- жарым азапталып, көрдім қыспақ.
Осылай жазықсыз-ем тентіретті,
Түрмеден шықпасыма көзім жетті.
Бір күні жоғарыда істейтұғын,
Хурандаа*, тексеруші келіп жетті (полковник)
Қағазымның бәрін ол қарап шықты,
Үй салған ақшаныда санап шықты.
Басын шайқап отырды ойға шомып,
Білмеймін нені білді, нені ұқты.
Жалындым хурандааға жатып келіп,
Басымнан өткен жайды айтып беріп.
«Шығарсаңыз мен сізге бауыр болам,»-
Деп едім мынаны айтты қайтып келіп.
«Қаласаң болдырайын Андаа* інім, ( бауыр)
Қылмысың ауыр екен шығу қиын.
Кемінде жиырма жыл арқалайсың,
Түрмеде не болады сенің күйің.
Шыдасаң көмектесер қазақтығың,
Қазақ болып туғаның ғажаптығың.
Айтқанымды бұлжытпай орындасаң,
Арылар осы көрген азап күнің.»
«Дедім мен- не десеңде- - інің дайын,
Тартқаным күнде бейнет күнде уайым.
Өл десеңде өлейін осы жерде,
Айтқаныңды бұлжытпай орындайын».
«Келгенде тергеушімен бастық-деді,
Сен дереу жарияла аштық -деді.
Ұлтым қазақ болғасын маған- деп айт,
Жасады бұлар қысым- қастық»-деді.
«Қазақпын жалғыз себеп қамалғаным,
Бұл жайды шет елгеде хабарладым.
Осыны айтып бәріне отырып ал,
Бауырым басқа жолын таба алмадым».
Білгенге аштық деген ауыр сынақ,
Арты жақсы болады кетсең шыдап.
Алдымен шақырады олар мені,
«Мынаны қайтеміз» –деп ақыл сұрап.
«Ұлтқа қысым көрсетті»- деген сөзден,
Білемін бәрі қорқып бәрі безген.
Мұндай бап ешбір заңда қаралмаған,
Сондықтан көшкен дұрыс іске сөзден».
Хурандаа осыны айтып кетіп қалды-ай,
Балаңыз ас-су ішпей жатып алды-ай.
Жағдайым нашарлады бұратылып,
Аузыма бір тамшы су татып алмай.
Хурандаа үйреткеннен басқаны айтпай,
Екі апта жатып алдым беттен қайтпай,
«Түрмеде өлсе пәле болар»-десіп,
Шығарды ақырында амал таппай....
Түрмеден Алла қолдап босап шықты,
Жанатхан сөзге шешен болды мықты.
Жасаған оның қолдан бұйымдары,
Тәнті етіп, таң қалдырды дүйім жұртты.
Жыл сайын ісі ілгерлеп алға басты,
Өнері мойындатты дос пен қасты.
Әлемдік жарыстарда жүлде алып,
Атағы, абыройы шекара асты.
Еліде өнерлі ұлын еркелетті,
Демеймін мақсатына ерте жетті.
Толықсып жасы елуге келгенінде,
Мезгілсіз бұл өмірден ерте өтті.
Екі ұлы суретшілік жолын қуып,
Жасынан осы өнерге болды жуық.
Арманын әкесінің жалғастырып,
Моңғолда туып-өскен қалды тұрып.
Көкесі аян беріп қойған атын...
Әйелім бір күн тұрып айтты түсін,
Ақырын қолыменен сыйпап ішін.
Көкем* кірді түсіме бүгін менің, (ағасы Жүнісхан-Халық жауы деген жаламен ұсталып атылған)
Баламның айтып берді түрі-түсін.
«Боласың- деді- қызым ұл туатын,
Заманғой ұл туғанға күн туатын.
Бурахан балаң аты, жігіт болсын,
Бурадай буырқанып бұлқынатын».
Бурахан келді өмірге қуандырып,
Көңілді қайғы басқан жұбандырып.
Ақ көңіл, ары таза бала болды,
Жүретін төңірегін нұрландырып.
Өсірдік еркелетіп беттен қақпай,
Кешірдік кей қылығын жатса жақпай.
Бұлғында сәулетті боп, дәулетті боп,
Тоғыз жыл өте шықты шапқан аттай.
Болды ол бала кезден шолжың ерке,
Турашыл, тік мінезді, сөзі келте.
Ауыру аяғынан зардап шегіп,
Бурайым қатарынан есейді ерте.
Балағой ойнайтұғын тау басында,
Жүгіріп көршілердің ауласында.
Ұршығын аяғының шығарып ап,
Таңылды мүгедектің арбасында.
Арқалап қалаға оны алып бардым,
Аяғын білгенімше таңып бардым.
«Жүгіріп достарымен жүрсе екен»- деп,
Тіледім бір Алладан сауыққанын.
Орындала бермейді-ау ойлағаның,
Естідім ота дұрыс болмағанын.
Тарығып налимын кеп бір Аллаға,
Он екі мүшесін сау қоймағанын.
Емделіп емханада ұзақ жатты,
Қайтейін өмір қатал, тағдыр қатты.
Көз тиіп кенжеміздің ауырғаны,
Анасы екемізге қатты батты.
Шүкірғой құдай бізге бала берді,
Ақылды, парасатты сана берді.
Бурай сонда оқуын жалғастырып,
Үйінде ағасының қала берді.
Қалада ақырында бітірді онды,
Тіледік оңдасын деп Алла жолды.
Емдейтін балаларды дәрігер болу,
Осындай алдына үлкен мақсат қойды.
«Мен сияқты кем болып ақсамасын,
Күнде ауырып аяғы қақсамасын.
Ешкімде кемшілігін бетке басып,
Баланың ар-ожданын таптамасын».
Осылай кездескенде айтып жүрді,
Бейнетін аяғының тартып жүрді.
Жақтырмас жаны ауырса жақындары,
Білмеймін басқа ортада қайтып жүрді?!
Алты жыл өте шықты қарбаласып,
Оқуда үздік болды, алға басып.
Өзін теріс емдеген емханада,
Ақыры дәрігер болды орналасып.
Естимін күндіз-түні жұмыста деп,
Жағдайы түзеліпті, тұрмыста деп.
Баласын емдеп жазып талайлардың,
Пайдасы тиді жатпен туысқа көп.
Бурахан- Бурхан* емші аты шықты,
Болды деп көп естимін дәрігер мықты.
Балаға бір күн тіл-сұқ болама- деп,
Кемпірмен екемізде көңіл күпті.
Бурхан ол-«Құдай»-деген моңғол сөзі,
Айтқанда қалай-қайтып сезбейді өзі.
Мақтаған, жақсы көрген ол бір басқа,
Тимесін деп тілейміз елдің көзі.
Үйленді бір жас қызға Ардақ деген,
Өзі сүйіп Бурайды таңдап келген.
Мен үшін жанға жайлы келін болды,
Қартайған шағымда Алла арнап берген.
Демеймін келініме қуанбадым,
Басында қолдарында тұра алмадым.
Шақырсада бізді олар –«Келіңдер»-деп,
Мәуледан, Ақмәденді қия алмадым.
Естідім- «Азаттықтан»- жақсы хабар.
Басталды тоқсан бірде қазақ көші,
Шыққандай болды дүйім елдің есі.
Алды артына қарамай ағайындар,
Көшіп жатты сөгіліп ел іргесі.
Мен үшін елге жету басты арман,
Қосылу туыстарға онда қалған.
Әкемнің орындасам аманатын,
Басқасы қу тірліктің бәрі жалған.
Көшуге тоқсан бірде сан ойладым,
Бірақта тәуекелге бара алмадым.
Себебі Қазақстан тәуелсіз ел,
Болғанын армандадым, қарайладым...
Қашқан қазақ ұрпағы елін табар,
Кез келді оларға да бақыт қонар.
«Қазақ елі тәуелсіздік алды»- деген,
Естідім- «Азаттықтан»- жақсы хабар.
Хабарды естігенде еңіредім,
«Алды деп тәуелсіздік елім менің.
Мезгілсіз, мерекесіз өткен әкем,
Арманың орындалды сенің дедім».
Өзіме қараған аз қауымымды,
Жинадым балалармен бауырымды.
Айттым мен әке арманын орындаймын,
Табам деп артта қалған ауылымды.
Жанатхан- «Көшкеніміз дұрыс- деді,
Өмір бойы ойдағы бұл іс деді.
Бәріміз түп қопарылып барғанменен,
Ол жақта қалай болар тұрмыс»- деді.
«Көші-қон жалғасады ойлап тұрсам,
Әзірге қаражатым барғой мұрсам.
Сондықтан сіздер барып орныққанша,
Осы жақта көмектесіп тұра тұрсам».
Мәуледан отбасымен көшпек болды,
Ақмәден аз ойланып шешпек болды.
Өнерхан қарайламай отауымен,
Ойы тек «Қазақстан жетсек»- болды.
Бурахан түрлі-түрлі сылтау айтып,
Түпкі ойын білдірмеді сөзден тайқып.
«Министр кездесуге шақырған»- деп,
Асығып жұмысына кетті қайтып.
Көріп ем жанарынан бір күдікті,
Бар ойын анасына білдіріпті.
«Бала емдейтін орталық ашам»- депті,
Ойы жоқ көшетұғын түпкілікті.
Алатау бөктеріне көмесіңдер!.
...Айтыпты көші-қонды қолдайтынын,
Бірақта бүгін-ертең бармайтынын.
Зерттеуін жалғастырып Москвада,
Еңбегін сонда барып қорғайтынын.
Жас маман ортасында беделі өскен,
Біз емес тауқыметті бастан кешкен.
Өзі өскен моңғолдардың арасында,
Бармайды ол қалып қойса осы көштен.
Осы ой екемізге маза бермей,
Күндіз күлкі, түн бойы ұйқы келмей.
Біз несіне кетеміз дедік онда,
Шаңырақта кенжеміз қалса ермей....
Өнерхан, Мәуледандар жүгін артып,
Жиналды ұзақ жолға «Қош бол»- айтып.
«Кемпір-шал Бураханға барамыз»-деп,
Бір күні Ұланбатыр кеттік тартып.
Жеткізді астанаға бізді көлік,
Қуанды ұл мен келін бізді көріп.
Сағынған ата-әжесін қос немерем,
Еркелеп мойнымыздан құшты келіп.
Келінім шайын құйып тамақ асып,
Отырды Бураханда кеп жайғасып.
«Мәуледан, Өнерханмен екеуіде,
Дедім мен -көшіп кетті шекара асып».
«Әкенің айтқанына көнесіңдер,
Ағаларың артынан ересіңдер.
Турасын айтсам балам бізді апарып,
Алатау бөктеріне көмесіңдер!».
«Сендерсіз көңілдің жоқ хошы -дедім,
Әкеңнің балам азғой досы-дедім.
Байзәкірдің шаңырағы Мәуледанда,
Сағиданның шаңырағы осы»–дедім.
«Неге сен біздің халді ескермедің,
Біз үшін түстің ауып кеш келгенін.
Екі шаңырақ екі елде қалмасын-деп,
Қысқасы Қазақстан көшкел келдім».
Бурайым қалды отырып, жерді шұқып,
Кеткендей ойға шомып, бізді ұмытып.
«Неге жауап бермейсің әкеңе»- деп,
Ақырын желкесінен қалдым нұқып.
Балама осылайша қойдым талап,
Отырып біраздан соң берді жауап.
«Өлгейде емдейтұғын сәбилер бар,
Сол жақтан көшсек»- деді маған қарап.
«Таңертең министрге жөнімді айтып,
Түс ауа машина алып келем қайтып.
Сіздерді самолетпен жіберемін,
Мен өзім кейін барам жүгімді артып».
Мәнсаппен түспей атақ арбауына,
Тәуба деп ұлым тілімді алғанына,
Мәуледан Өнерханмен еріп кетпей,
Қуандым осы жолы қалғаныма.
Бурахан Өлгейге үйін артып келді,
Бейнетін жолдың біраз тартып келді.
Жүргізуші досының қасиетін,
Жыр қылып бәрімізге айтып келді.
Қарсы алды Бурайымды Өлгей халқы,
Таң қалдым өскеніне атақ-даңқы.
Ерулікке берген мал жүзден асты,
Ғажапқой қазағымның ата- салты.
Үкімет үш бөлмелі үйін беріп,
Бурайға қарайласты көңіл бөліп.
Абыройлы азамат болғанына,
Аллаға шүкір дедім мұны көріп.
Осылай Бай-Өлгейде бір жыл тұрдық,
Елменен араласып ойнап-күлдік.
Тоқсан үштің жазында қайта көшіп,
«Алла»-деп аттың басын елге бұрдық...
«Қайда екен, қайран бауырым»...
Құшақтап Алатаудың әрбір тасын,
Төктім көп әкемді ойлап көздің жасын.
Байзікірдің ұрпағы жүз отыз жан,
Жетісуда барлығы қосты басын.
Ендігі бір үлкен іс ойыма алған,
Талай жыл көкейімде болған арман.
Орындап әкемнің соңғы аманатын,
Туысты тапсам болды мұнда қалған.
Білмеймін таба аламын, қалай қайтып,
Шаршадым Бурайменен Жанайға айтып.
Газетте істейтұғын Маухараның,
Жаздырдым барлығында Абайға айтып.
Толтырып жазып алып талай бетті,
Алматы қаласына Абай кетті.
Бір күні сүйіншілеп, алақайлап,
«Туысың табылды»-деп Бурай жетті.
Қуандым кеткендей боп есім ауып,
Қарауытып көздерім ауық-ауық.
Қайранбай ағам қызы Бәтиладан,
Оқыдым келген хатты қолыма алып.
«Бауырым, айналайын, Сағиданым,
Аманба ауыл-аймақ, мал мен жаның.
Сендерді көріп өлсем арманым жоқ,
Кеудемде тұрғанында шықпай жаным.
Бұл хатта көрсетілген мекен-жайым,
Айтармын сен келген соң елдің жайын.
Қызымын бес жасында жетім қалған,
Байзікірдің ағасы Қайранбайдың».
Хатты оқып балама айттым: «Кетейін- деп,
Тезірек қарындасыма жетейін- деп.
Орындап ата-баба аманатын,
Армансыз бұл пәниден өтейін»-деп.
Тоқта балам, әне отыр қарындасым...
Бәріміз ертеңінде жолға шықтық,
Бейнебір ұлан асыр тойға шықтық.
Бір сағат бір күндей боп өтпей қойды,
Жиналып бас аяғы зорға шықтық.
Ауылға жеттік біздер кешке таяп,
Көшеде жүргіншілер некен саяқ.
Шошайған көзім шалды үй алдында,
Отырған бір кемпірді жолға қарап.
«Тоқта балам, әне отыр қарындасым,
Сеземін жүрегімнің жаңылмасын.»
Дедімде түсе салып машинадан,
Жүгірдім сол кісіге жалғыз басым.
Олдағы маған қарай құстай ұшты,
Хал кештім айырмастай өңмен түсті.
«Жарығым Сағиданым келдің бе»- деп,
Еңіреп мойынымнан келе құшты.
Бауырын қысқан бойы естен танып,
Талықсып, құшағымда кетті талып.
Көшеде бізге қарап жылап тұрды,
Егілген екемізді көрген халық...
..Қос кәріні көз жасына ерік берген,
Балалар алып жүрді еріп келген.
Сүйемелдеп әкеліп отырғызды,
Екемізге орынды беріп төрден.
Көршілер қуанысып шашу шашып,
Отырдық қос қария асып-тасып.
Бәтила әңгімесін бастап кетті,
Алған соң есін жиып, мауқын басып...
Қалған қазақтың қасіреті.
(Бәтиланың әңгімесі)
«Атам –деді- Емберген бай болыпты,
Мыңғырған төрт түлігі сай болыпты.
Алты ұлына алты отау тігіп беріп,
Көңілі қарияның жай болыпты.
Сөзімді тыңдай отыр Сағи қарғам,
Айтайын әңгімені есте қалған.
Әкеңді асырыпты қытайға өзі,
Нәубатты келе жатқан біліп алдан.
Қытайға аман-есен әкең жеткен,
Оныда сұрастырып білген еппен.
Бизікір: «Мен ағамнан қалмаймын»- деп,
Артынан Байзікірдің олда кеткен.
Білмейміз сол кеткеннен хабары жоқ,
Өліме-тіріме әлі жауабы жоқ.
Әрбірі өз басымен қайғы болып,
Қалдығой төрт ағасы амалы жоқ.
Алдымен бай- манап деп малын алды,
«Халықтың жаулары»-деп жанын алды.
Ембергеннің әулеті түгесіліп,
Кәмелетке толмаған үш қыз қалды.
Аштықтан аға-бауыр бәрі өлді,
Анам жалғыз еңіреп бәрін көмді.
Ұсталған әкем қайта оралмады,
Апайың қасіреттің бәрін көрді.
Кешегі бай баласы Қайранбайдан,
Үйінің жұрты қалды ойрандалған.
Менімен бірге туған үш ұл, үш қыз,
Бәріде опат болды пәни жалған.
Өзінің төркініне өліп-талып,
Мені анам Алматыға келді алып.
Асқынған ауырудан көзін жұмды,
Бір күні жығылды да естен танып.
Детдомға* берді мені нағашылар,
Асырауға демеймін шамасы бар.
Зар болған үзім нанға бір үйлі жан,
Шиедей алты-жеті баласы бар.
Осылай Алматының қаласына,
Мен түстім жетімдердің арасына.
Бой жетіп, оқуымды бітірген соң,
Тұрмысқа шықтым қазақ баласына.
Өмірім бір сарынмен өтіп жатты,
Қуандым қызым туып Шолпан атты.
Бәрі өліп туысымның жалғыз қалдым,
Осы ой жегідей жеп қатты батты.
Қалған қазақтың қасіреті.
(Бәтиланың әңгімесі)
Іздеу
Сағынып есейгенде туған жерді,
Бала боп лақ-қозы қуған белді.
Табайын туыстарым қалмасада,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерді.
Осы оймен бардым Абай ауданына,
Семейдің ойдым-ойдым тауларына.
Әркімнен қыстауымды сұрастырдым,
Жетпек боп көкейдегі арманыма.
Қазіргі Шәкәрімнің ауылына,
Ай жаттым рахмет қауымына.
Елу жыл бұрынғыны ешкім білмес,
Қызылдың ұшыраған дауылына.
Іске аспай армандаған ойларымда,
«Білмейміз»- деген сөзге тойғанымда.
Сельсовет конторына шақырды деп,
Шабарман келді қайтпақ болғанымда.
Сельсовет амандасты жөнім сұрап,
«Атаңның аты кім»- деп қойды сұрақ.
«Қайранбай әкем аты есте қалған,
Білмеймін басқаларын»- дедім жылап.
«Жайыңды естіп-білдім қарындасым,
Іздегенің табылып бағыңды ашсын.
Азаматқа бергісіз қыз екенсің,
Мендағы Тобықтымын ауылдасың».
«Бес жаста анам ертіп кетті-дедім,
Мен үшін талай бейнет шекті- дедім.
Көз алдымда қыстағым біз отырған,
Елу жыл сонан бері өтті»- дедім.
Деді ол:- «Кетпесінші салың суға,
Қыстақты тапсақ егер танисыңба?
Семейдің бар қыстағын аралаймыз,
Тек қана жол бейнетін ауырсынба».
Төрт күндей бар қыстақты араладық,
Бірақта біздің жұртты таба алмадық.
Жолсызбен таудан асып, тасты басып,
Кей жерде аяқ –қолды жараладық.
Арада талыққанда бес күн өтіп,
Ақыры біздің жұртқа келдік жетіп.
Өкіріп топыраққа жата кеттім,
Дауысым кең даланы күңірентіп.
Аға айтты: «Қыстауы бұл Ембергеннің,
Бәріде біледі-деп көз көргеннің.
Байлығын айтушы еді бермеген- деп,
Маңдайына пенденің, кез-келгеннің.
Сендерге аталас боп келетұғын,
Әкеңді көзі көрген білетұғын.
Демеухан деген қарт бар апарайын,
Тарихты түгел айтып беретұғын».
Осылай ақсақалға келді алып,
Қария бір жұбанып, бір қуанып.
Таратып Тобықтыны айтып берді,
Отырдым бәріндағы түртіп алып.
Әңгімелеп өз көзімен көргендерін,
Аштықтан, азаппенен өлгендерін.
«Екі қыз, қалған- деді –әлі тірі,
Көпесбай атты ұлынан Ембергеннің».
Нұрила бес, ал Зүбила жеті жаста,
Кеткесін ата-анасы оралмасқа.
Айттырған қайын-жұрты қолына алған,
Жақыны қалмаған соң онан басқа.
Он үшке толғанында Зүбиланың,
Білемін некесі оның қиылғанын.
Отауы апайымен жездесінің,
Үйі боп қала берді Нұриланың.
Таптым мен Зүбиламен Нұриланы,
Айтуға оңай емес қиын бәрі.
Батады ұлдан ешбір ұрпақ қалмай,
Түгелдей қыршынынан қиылғаны.
Ризамын дәл қазір өлгеніме,
Арулап өз қолыңмен көмгеніңе.
Аллаға разымын Байзікірдің,
Ұрпағын аман-есен көргеніме.
Алаңсыз бақилыққа жүре берем,
Садаға Сағиденім жаным сенен.
Шүкірлік қалғанына ұлдан ұрпақ,
Олардың сұрамаймын санын сенен.»
Бәтила сөзін солай аяқтады,
Отырды тыңдаған жұрт аяп бәрі.
Әулетке төнген қара бұлт сейіліп,
Түн түріліп осығой таң атқаны.
Ақталған аманат.
Бөлініп ағайыннан Қытай барған,
Моңғолда эсэргүү* деп жанын алған.
Ұрпағы Байзікірдің жүзден асса,
Бес ұлдан осындағы үш қыз қалған.
Іздеп бардым Зүбила, Нұриланы,
Көз жасы олардыңда тиылмады.
Тәу еттім ата-баба қорымына,
Семейден алыс жатқан қиырдағы.
Кімдерді жылатпаған мына жалған,
Бір көру талай жылғы болған арман.
Айналып ата жұртты біздер таптық,
Тұқымы Ембергеннің тірі қалған.
Қайғымен қасіреттің жүгін артып,
Жетпіс жыл жыласамда бейнет тартып.
Жат жұртта ұрпағыңды жалғастырып,
Ата жұрт мәңгі саған келдім қайтып.
Қазағым, қалың елім қорғаның боп,
Ұрпағым өссін қара орманың боп.
Атамның орындалды аманаты,
Осында өлсем енді арманым жоқ.
Қалдырып өткен шаққа азап-мұңын,
Ел болды егеменді қазақ бүгін.
Ұрпағым өз жерінде өркендесін,
Жасай бер, жаса мәңгі азаттығым!!!
Сағиден ақсақал әкесі Байзікірдің төрт ағасынан тірі қалған үш қызды тауып, Семейдегі Емберген атасының зиратына барып құран бағыштап, «Алты үй» атты бабасының жұртына тәу етіп, атамекенде алаңсыз он екі жыл өмір сүріп, 2005 жылы кенже ұлы Бураханның қолында Алматы қаласында өмірден өтті.
Ағайынды Сағиден, Мауледен, Ахмеден үшеуі қазір әкелерінің туған топырағында Іле Алатауының бөктерінде бірге жатыр.
Соңы.
Мұхит Жақсылықұлы
Abai.kz