Жексенбі, 24 Қараша 2024
Тарих 5881 15 пікір 14 Қазан, 2019 сағат 13:18

Төлек – Атай (Төлегетай) бабаның бейіті қалай табылды?

(Баба басына әр жылдары жиналып жүретін қалың Найманның назарына)

«Атқанның аңын – жатқан байланған»
(халық даналығы)

1972 жылы алғашқы кітабым «Зар-Зарауха» хикаятымды жазып аяқтап, енді Жазушылар одағына апарғалы жүрген кезім болатын. Өзім сол тұңғыш шығарманың әлегімен екі жыл бойы еш жерде жұмыс істей алмай жүріп қалғанмын. Белгілі үйім болмағандықтан, ауыл-ауылдағы Қытайдан келген таныстарды жағалап; бес күнде бес қонақ болып тентіреп жүретінмін. Шығарманың иі қанбай, бітіре алмай жүргенмін. Сорыма қарай (Қытайдан клгендерге күдікпен қарайтын кез) ізімнен аңду түсіп, сыртымнан бақылап жүрген орындар (милиция, КГБ) бар екен. Дәл сол қарсаңда Кировскийдегі (қазіргі Балпық би) «Еңбек туы» газетінің тілшісі Кенжебек Өстемиров ағамыз (қазір көзі тірі) маған «сенің сыртыңнан аңду түсіп жүр, байқа. Мен айтты деп аузыңнан шығарма» деді. Өрдегі елден өтіп келген он жыл ішінде өкіметте ондай жасырын орын барын білмегенмін. Сотталатын шығармын деп, зәрем зәр түбіме кетті. Тұтқындалып түрмеге түсіп, он бес жылға жер аударылғаным – осындай жағдайдан кейін еді. Енді неде болса шығармамның жарық көруін ойлап, алғаш рет Алматыға жеттім. Жазушылар одағының есігіне жақындағанда жүрексініп, «бұл Әуезовтер кірген есік қой» деп, қорғаншақтағаным әлі есімде. Кірген жерімде сәл ары таман үш жігіт әңгімелесіп тұр екен. Солардың бірінен жөн сұрау үшін сөздерін бөлмей күтіп тұрып қалғанмын. Олардың бірі Жұмекен Нәжімеденев екенін суретін көріп жүргенім бойынша танығанмын. Шіркін, қашанда жақсының аты жақсы ғой, Жұмекен бірер дүркін қарап қойды да, қорғанып тұрған маған жақындап келіп:

- Інішек, біреуге жолыққалы тұрған ба едің? – деді.

- Қапалдан келіп едім, жазған повесім бар еді. Соны кімге көрсетерімді 

білмей...

- Онда бері жүрші, - деп екінші қабаттағы сол жақ бірінші есіктен ертіп кірді. Іште жасанып киінген, ақ сазандай көзілдірікті кісі отыр екен. Жазушының нұсқасы сондай-ақ болсын. Үркіншекте сенер-сенбес үмітпен көз салып тұрмын. «Иә, сәтім» ішімде. Ол бізге кезек қарай бастағанда Жұмекен:

- Жайсеке, мына жігіт елден алғаш рет келіп тұр екен. Проза жазатын  көрінеді, - дей беріп, маған. – Бұл кісі Жайсаңбек Молдағалиев деген ағаң. Қарасөздің білгір зергері (аузынан шыққан сөзі дәл осылай), өзің сияқты жаңа жазып жүргендерге көмегін аямайды, - деп бір-бірімізді жағыстырып жатты. Мен бұл жазушының «Торғай толғауы» деген кітабын кітап дүкендерінен көріп жүргенім бар еді. Қарап өлейін бе, сол кезде айтып жүретін көп өтіріктің бірін қолданып «сатып алып қойғанымды», осыдан барған соң, оқитынымды шімірікпей соқтым. Жайсекең өз кітабы туралы тосын біреуден естігеніне:

- А, солай ма? – деп көңілденіп қалды. Жұмекен шығып кетті. Мен ауылдағы үйренген әдетіммен:

- Түс боп қапты ғой, бір жерге барып отырып әңгімелессек... – дедім. 

Алғашқы болашақ «ұстазым» бетіме қарап, ойланып қалды да:

- Онда осында Бекен Әбдіразақов деген жақсы жазушы бар. Соны ертіп  алайық. Шығармаң жақсы болса, газет-жорналдардың біріне үзінді бастыруға да көмегі тиеді, - деді. Келмей жатып жазушы аузынан мұндай сөзді естігеніме ішім жылып, қуанып қалдым. Б.Әбдіразақовты тез шақырып келіп, жағдайласқан соң, Жайсекең:

- Кәне, шығармаңнан кішкене үзінді оқып көрші, - деген. Қытайдан келгенімді, араб әрпімен жазғанымды білдіріп, тосылмай оқи жөнелдім. Бір-екі бетке жеткенде Жайсекең Бекен ағайға:

- Тілі жақсы екен, - деп еді. Жолдасы да:

- Жалпы Қытайдан келгендердің тіл ерекшеліктері бар. Ана Қабдеш Жүмәділовты көрмейсің бе, - деп қостады. Қабдекеңнің «Жәнібек» повесі ауызға ілініп тұрған.

Үшеуміздің өрлеп аяңдағанымыз «Кәмүніс» деген көше екен. Екі бірдей жазушының қасында кетіп бара жатқаныма жан-жағыма қарап қоям... Көрмей жүрген кезде атақтары таудай, өздері періште саналатын ардақты адамдарға оп-оңай қосылғаным өзіме таңырқаулы, қызық сезіледі. Олар да өзіміздей пенде екенін білгем жоқ. Алты қабат «Алматы» мейрамханасына апарды. Тамақпен бірге мойыны буылтақ «ром» деген мөлдір күрең арақ алдырды. Жайсекеңнің:

- ...Бұған өзің қалайсың? – дегені көңіліме тік тиді. Табақтас болғандығым осы ма дегендей, олқы келген. Күмілжіп қалып:

- Сіздермен бірге... – деп жабырқау тартқанымды сезе қойған Әбдіразақов көңілі жұмсақ, жылы адам екен:

- Жайсеке, ас иесімен тәтті емес пе, әрине тең отырсын, - деп тігісін жатқызып жіберді. Аздан соң «ромнан» екіншісін алдырдық. Бұл кезде олар әлдебір әйелдер туралы қызу әңгімеге кірісіп кеткен. Ішімнен «жазушы да осындай бола ма» деп қоям. Сөйтсем, анық «кәнизәкшылар» сезім адамдарынан шығады екен. Мен мүлде жайыма қала бастадым. Мелшиіп қалғаныма қарап Әбдіразақов екі-үш дүркін қарап қойды. Соны аңғарған Жайсаңбек енді ғана көңіл бөліп:

- Інішек, атың кім еді? Шығармаң жаман емес көрінеді, тек орысша ойлап, қазақша жазатын көрінесің, қазақша ойлауға тырыс, - дегені бар емес пе. Ол кезде мен орысша бірауыз құқ етпеймін. Ана кісі сенімді түрде айтып отырғандықтан, бұл қалай деп өзім де таңырқап, сасып қалдым. Қытайдан келгенімді айтқаным – екеуінің де естерінен көтеріліп кеткенін байқады да, сәл наразылау:

- Ойбай-ау, мен орысша «іздірәсти» дегеннен басқа дым білмеймін, сонда қалай орысша ойлана алам?! – дедім. Әбдіразақов ыңғайсыз жымиып, бетін Жайсаңбектен ары бұрды. Жайсекең де қолайсыздау еді. (Екеуі де үндеген жоқ).

Одаққа қайтып келген соң, Жайсекең мені біреуге апармақ болды. Үшінші қабат  па, екінші ме, ең шығыс жақ шеттегі кәбинетке «Ара» жорналының редакциясы бар екен, мені соған апарды. Суреттерінен білем, Садықбек Адамбеков пен Қажытай Ілиясов отырады екен. Жайсекең Қажытайға:

- Мына жігіт өзіңнің жерлес, туысың екен. Жазған повесі бар. Оқытып көрдік, бірдеме шығатын сияқты. Талабы жетеді, өткір. Сенің жазу машинкаң бар ғой, шығармасынан бір тарау басып беруге көмектесіп жіберсең, сауапкершілік болар еді. Қалай қарайсың? – деді. Қажекең бетіме жалт-жұлт қарап:

- Е, өз жерлесімді табыстаған азаматтығыңа рақымет. «Тазы жерлес қоянды қабырғасынан ғана мытиды» деген... Ендігісін өзіміз көрейік, - деп алып қалды. Жайсекеңе риза болдым. Бірақ он бес жыл жер аударылып келгенімде, Ж.Молдағалиев мына түбі шолақ дүниеден өткен екен. Б.Әбдіразақов екеуміз өткен күнді күліп, еске алдық. Кеш батып, жұмыс аяқтап қалған. Қажекең екеуміз жолшыбай бір-екі «Московский» алып, үйіне жеттік. Жұтынып тұрған жас келіншегі бар екен. Жаңа бойжеткен қыздай құлын мүшелі, тұңғиықтана қарайтын тұнжыр қара көзі жүрегіңді қарып түсерліктей сұлудың аты Алтынай екен. Үзіліп тұр. Орыс кемпірмен дастархандары ортақ, аядай ғана бөлмелер, бүйірдегі кішкене қуысында Қажекеңнің тап-тар бөлмесі. Оның үстіне Алтынайдың екі-үш інісі келіп отыр екен. Біреуі Қажекеңнің бір-екі өлеңін орысшаға аударғанын оқып жатты. Жатар мезгілде бұл үйде менімен төрт бойдақ бармыз, қалай жайғастық деңіз. Кемпір байқұс бір кең адам екен, ана үшеуіне аяқтарын тамақ үстелінің астына жіберіп, жататын ғып төсеніш салып берді. (Осы уақытқа дейін таңырқайтыным, иманды болғыр Қажытай Ілиясовтың дүниеде жоқ кең адам екендігі. Осындай үйге де қонақ әкеле ме десеңші!)

Сөйтіп, Алматыда бүйтіп жүріп шаруамды бітірмеспін деп, Талдықорғанға бір-ақ кеттім. Әйгілі ақын Әбен Дәуренбеков пен Жұматай Жақыпбаевтың көмегімен (олар «Октябрь туы» газетінде бір кәбинетте отыратын) повесімді машинкаларына 2 дана етіп бастырып, енді Алматыға қайта бару үшін жол қаражат жағдайымен қаңғып, Сарыөзек маңындағы «Қаспан» совхозының № 1 бөлімшесінде тұратын ежелгі сарысүйек жегжатымыз Нұрәділ ақсақалдың үйіне жеттім. Әкемнің ағасы Керімбектің бәйбішесі - Нұрәділдің әпкесі еді. 10-шы сынып оқитын баласы Сыламбай қазір Кербұлақ ауданының қызметкері. Нұрекең бір уыс ақша берді. Бірақ осы жолы осы үйден тұтқындалып кеттім. Сол күні кешке осы ауылдың тұрғыны қырма сақал кәмүніс шал қонып жатқан үйіме келіп, менен әр нәрсені бір сұрап, тықақ қағып, неғып жүрген адам екенімді тәптіштеп, ақтара сұрап біліп кеткен. Сөйтсем, менің жүрген-тұрған жерлерімнің бәріне тыңшы қойылған екен. Бұл кезде Қытаймен екі ара күйіп тұрған. (Мені, өкіметті аударғалы жүрген шпион ба деді ме, білмеймін). Ертеңгі шай үстінде сол ауылдың қарапайым бір жігіті кіріп келіп:

- Осы үйдегі мейман баланы сыртта бір кісілер жолығамыз деп тосып тұр, - деді. Ішім қылп ете қалды. Қысқа айтсам,  бірі - милицияның, екіншісі - КГБ-нің үлкен лауазымды басшылары екен. Берген сәлемімді алудың орнына милиция басшысы ұрыса зекіп:

- Дабай, документ! Неғып жүрген адамсың?! – деп дүрсе қоя берді. Бірге шыққан үй иелерінен ұялып, жерге кіріп барам. Олар да қондырып жүргеніне мінді болып тұрғандай үрпиісіп кеткен. Солардан өлердей ұялып:

- Неге айғайлап тұрсыздар, қылмысым болса, заңдарыңыз бар емес пе, - деп сазырайып тіл қаттым. Екеуі бір-біріне қарап, мені мазақтай түсіп:

- Оқыған итке дауа жоқ деген осы-ә!

- Берілейін деп тұрған итің бұл емес, - десіп, паң күлісіп алды да, менімен мылжыңдасып тұрғысы келмей, үй иелеріне:

- Осында не заттары бар, қалдырмай бәрін алып шығыңыздар, - деді. Екі нұсқа машинкалық хикаят пен барған жерімде ауыстырып киіп жүретін көйлек-көншек сияқты буыншақ-түйіншектерім бар еді. Шынын айтқанда, дәруіштердің жүрісі тәрізді көрер көзге тым сиықсыз тор көз сетка, шүперек дорбаларым бар. Ұсталатын болған соң, Нұрекеңнің ақшасын өзіне қайтарып бере салдым. Енді сөзге келмей, машиналарына отырғызып алды да, Талдықорғанның түрмесінен бір-ақ шығарды. Одан тергеушім Арғынбаев Данияр (қазір Алматыда Марков көшесінде тұратын, зейнеткер) қаланың түстік бетінде жаяу бара салатын жердегі жындыханаға апарып, жарты ай жатқызып тексертті. Бас дәрігер бір жақ жамбасы қираған, таяқ ұстайтын қырдай биік, етсіз жал мұрынды, жап-жасыл сона көз Баранников (мед. ғыл. кандидаты) деген екен. КГБ орыны мені бұл жерге тексертуінің себебі – өкіметтің қатал заңы бар демей, екі жыл бойы еш жерде жұмыс істемей, әр жерде қашып-пошып, жасырынып кезбелік өмірде жүріп алғаным. Соған қарап, дені сау емес шығар деп ойлаған шығар. Сонымен психатрия ауруханасы менің не жынды, не сау екенімді шешіп айтуға КГБ орнынан жасқанып, Алматыдан психолог-профессор алдырған. Мұрты жоқ, шоқша сақалды орыс адамы екен. Балшиған жалпақ сары санитаркалардан бастап, медбике, врачтар тайлы-таяғына дейін жиылып, комиссия болып отыр... Маған тілмаш болған осындағы фельдшер татар еді, ол ана кісінің алғашқы сөзін аударып:

- Тәрәзәнің тышқарысынан көзіңә бір хайуаң, мақлұқ нәрсәләр көрінә мә? – деп сұрады. Мен түсінбей таңырқап:

- Ол не? Қандай нәрсе? – деп едім, татарым:

- Мәсәлән, комнатада отырғаныңда тәрәзә сыртынан ит, мышық, маймұл, иәки болмаса, қошқар, тәкәләргә оқшаған бір хайуанлар ойнап, танцавайт етіп, көрінә мә? – дегені. Қаным басыма теуіп, намыстан өртеніп кеттім:

- Соның бәрі сенің өзіңнің көзіңе көрінсін, оңбаған! – деп жібергенімді өзім де аңдамай қалдым. Тілмашым әлгі сөзіме қызарақтап аударған еді. Профессордың өзі де басын шалқайта қарқылдай күліп алды. Тағы да көп нәрселер сұрады. Маған ұнағаны, өңі жылы адам екен, ешнәрсе бақайынан келіп отырған жоқ. Мені жазғырмай, тең сөйлеседі. Сонысына  ризамын. Қуғынға түсіп жүрген адамға ол да медет екен. Ең соңында үлкен психолог:

- Осында жатқаныңызды дұрыс санайсыз ба, әлде қате ме? – деп сұрады. 

Тілмашқа да қарамастан:

- Я, іздес не сәләсні, судит сәгләсні, - дедім. Құдай көзіңді ашқыр,  профессорым «бұл сау адам» деген қорытынды шығарды. Қалың жындының ішінде жатқанымнан ана жақтағы түрменің өзі жақсы еді. Бір тәуірі, тергеушім Арғынбаев Данияр қабақ шытып, зекімейді. Не сұраса, жайлап сұрап тексереді. Милиция орны болса, жаныңды алады ғой. (Кейін білсем, қазақы жерде туып-өскен, өзі жетім болып ержеткен азамат екен. Жамбыл ауданында көп жыл бірінші хатшы болған Мансуров Аймұхамет ағамыздың Бақыттыгүл деген қызына үйленген болса да, көкірек кермейді, біртоға. Тергеушім Данияр Арғынбаевті арада 31 жыл өткенде 2003 жылы «Бармысың бауырым» бағдарламасы арқылы іздеп тауып алғанмын. Мен баяғы өзімді тұтқындаған екі басшының атын сұраған едім. Арғынбаев «ұмытып қалыппын» деп, айтпай қойды).

1972 жылы мамыр айының аяғына таман , жасым 30-ға жетпей Жаңақорғанның «Келінтөбе» совхозына 15 жылға жер аударылып кеттім. Жазған шығармам кеңес өкіметіне қарсы жазылған болып, оны да сыпырып алып, жұрдай ғып қоя берді. Ол ақыры 29 жылдан кейін 2001 жылы Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай кітап болып шықты. Құрметті оқырман! Бұл мақаладағы негізгі айтқалы отырғаным, «Төлек-Атай» бабаның бейіті қалай табылды?» деген сүрлеудің сілемімен басталып келе жатыр. Бұрынғы кітаптарымда да жазғанмын, Талдықорғандағы жер аударған орын менің баратын жағыма да «...осындай жағдаймен кетіп бара жатқан адам» деген негізде таныстырып, астыртын хабар жолдаған ғой, әрине... Олар мен жүрген совхоздың ауылкеңесіне ме, парторігіне ме, бөлімшелік милициясына ма құлағдар етіп, ескертіп қоятын болар. Соның бірі ішіне сыймаған сырды «ешкімге аузыңнан шығарма» деп әйеліне сыбырласа жетіп жатыр. «Жеңешем білді дегенше, жер жүзі білді десеңші» дегендей, әйел жарықтықтардың «подругасы» болмай тұрмайды... Сөйте-сөйте бұндағы ел мен пақырды өрт тигендей жалаулатып «...жер аударылып келіпті, қытайдың шпионы көрінеді» десіп іліп әкеткен. Онымен тоқтамай, еріккен біреу «бәлен шеңгелдің түбінде рация құрып, сөйлесіп отырғанын көргендер бар екен» деген көрінеді. Естігеніне сене беретін қазақы жер, ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Кейбіреулер «бәлесінен аулақ» деп маған жоламай, анадайдан үркіп, алыс жүреді. Ел ішінде жақсы көп қой. Келінтөбе ауылынан руы Қоңырат, Жетімдер Пайызов Сейітхан деген аға тауып алып, соның өз інісіндей үйінде көп жыл жүрдім. Әйелі Тұрсын деген жеңгеміз де Сейітханның өзіне сай еді, туысынан кем көрген жоқ. 

Арада үш-төрт жыл өткен. 1976 жыл болатын. Бабамыз Төлек-Атайдың хабірі «Қыркеңсе» деген ауылдың батыс бетінде, 10-15 шақырымдай, қалың жыңғылдың арасындағы қорым-мазарлықта дегенді еміс-еміс құлағым шалып жүрген. Шығатын атым шықты ғой, сол бабаның басын бір іздеп көрмеймін бе, мына қиын күнде қасиетінің бір шапағаты тиер ме екен деген ой келді. Және іздеудің өзін қызық көрдім. Содан сұрастыра-сұрастыра келгенде, «Задария» совхозының (Қыркеңсе ауылы) 1-ші май бөлімшесінде Қожахмет деген Найман молда болған екен. Сол кісі өмірден өтпей тұрғанында бабаның басын тауып, кірпіш қойған деп естідім. Сунақтар тұратын ауыл екен. Сұрастырып жүріп, Қожахмет молданың үйін таптым. Мен қатарлы Зайыт деген тракторшы жалғыз ұлы бар екен. Жағдайымды айтып едім, шешесі «іздеп таба алсаңдар, Қылышты Ата екеуінің үстіне жабыңдар» деп, екі-екі метрден жаңа ақ шүперек берді. Тракторға отырып алып, бес-алты шақырымдай жердегі совхоз орталығынан өткен соң, су орған жабайы жол сілемі ғана бар екен. Көлікті қиқаңдатып жүріп, жарым жолға жақындағанымызды қайтейік, айналасы күріштік алқаптың суы жайылған батпақтан трактор жүре алмай, дөңестегі қалың жыңғылға жаяу батпақтап, әрең жеттік. Жер болып кетуге айналған көп бейіттердің бір тұсында айнала дуалдары құлап, төбесіндегі қамыстары ішіне түскен екі үлкен зират қатар жатыр екен. Аралығы 4-5 метрдей. Айналасын тінкілеп қарап жүріп, шығыс жақтағысының бір бұрышынан жартылай көмілген кірпіш таптық. Алып қарасақ, араб әрпімен «Төлек» деп сызып жазған өшкін жазу көрінді. Қуанып, құранымызды оқып, Қылышты Ата мен (тегінде «Ата» дегеннің мәнісі: Пайғамбарымыздың көзін көргендер «Сахаба», ал Сахабаның замандағыларды «Баб» деп, ал Бабтардың заманын көргендерді «Ата» деп атаған дейтін тұжырым бар) Төлек-Атайдың (бұны Жетісу жақтағы ел «Төлегетай» деп, дыбыс үндестігін өзгертіп алған) басына ақтарымызды жауып қайттық.

Бұл жылдары мен Келінтөбедегі учаскілік милициямыз Әсетолла деген қожа жігіттен ара-тұра екі-үш күнге рұхсат алып, Ташкенттен көлемі 20х60, қалыңдығы екі елі мәрмәр тас арқалап әкеліп, қажет деген отбастарының мархұмдарына аты-жөні, туған-қайтқан жылдарын қашап жазып, әрбіреуін 150 рублден өткізіп жүретінмін. Осы орайда айта кеткенім артық болмас. Милиция Әсетолланың өзі де әкесіне жаздырып «сізден ақша алмаймын» дегеніме қоймай «өйтсек аруаққа сауабы болмайды» деп, ақысын толық төлеген. Ал бір жолы Әжібеков Әби деген аудандық милиция сөз қайтарғаным үшін апарып қамаған еді. Сол орайдан пайдаланған Ақылбеков деген жастау милиционер шешесіне Ташкенттен тас алдырып, жаздырып, көк тыйын төлемегенін де, Әсетолламен салыстыра кетейін. (Соның соңынан көп ұзамай, аудандық милиция бастығы Әбиев әлгі Ақылбековты жұмыстан босатқанын естідім). Хош, сонымен екінші жолы Ташкенттен арнайы көк тас әкеліп, Төлек-Атайдың басына төмендегі екі шумақ өлеңмен тас жазып, қазір көзі тірі Зайыт екеуміз апарып қойған едік.

Найман деген біз; төркіндеп қусаң қай туған,

Төлек атадан төредей төрт ұл айтылған:

Садыр мен Матай, Қаракерей мен Дөртуыл,

Төрлетіп көрсең алашты мол ғып бай туған.

 

Сырдан бір тартып сыпыра шашып ел туған,

Бір Найман шалдан самсаған сары қол туған.

Жер жаралғанда рух та бәлкім енші боп,

Дүние бітпей, бітпестей болып мол туған.

Есіңе бір ал, бабалар рухы неліктен,

Әбділда ақындай бәріңе қазы дәл туған, - деп, осы бетіне арабша «Ләй лаһа Илалла, Мұхамәд рәсұл Алла» дегенді жаздым. Бұл бетке атым сыймаған соң, астыңғы жағына «Жанат» деп жазғанмын. Ол ғана емес, Қожакент ауылындағы Әбдуайт деген Қылышты қожаның үйінде жатып, Қылышты бабаға да аруақты бөлмей, бірге тас қойғанымды бала-шағасы қазірге дейін біледі. Сол тұста Ә.Тәжібаевтің поэзиясын көп оқып, қанаттанып жүрген әсерім бар-ды.

... Егемендік алып, ел ес жиған соң, әр ру бабаларын іздеуге кіріскенде, Най-атаңның ұрпақтары да Төлек-Атай басына кесене тұрғызғанын, жыл сайын бір шеті шығыс, екінші жағы батыстан, өрге-төменнен бас құраған Наймандар баба басында ас беріп; арадай гулеп, құмырсқадай қаптап, шаралар өткізіп жүргенін естіп жаттым. Әр тайпаның басшы мырзалары бабаны дәл өздері тапқандай болып, ұзын-сонар баяндамалар жасап, несін айтасың, керемет болып дүрлігіп жатты. Ол өңірдегі алғашқы басшы Олжабай Сапарбаев, Райымбек Әділбековтер мен жазған тасты көре тұрса да, пысқырмады. Жаңақорғанға соңғы бір барғанымда, Райымбекті қасыма алып, баба басына бірінші рет жолым түскен. Мен жазған тас сәулетті ғибадатхананың «сәнін бұзатын» болған соң, намыстанған Наймандар қоймаға лақтырып тастаған екен. Ортасынан қақ бөлініп жатқанын шырақшыға да көрсетіп, есіне салған болдық. Ол мені неғылсын «е» дей салды, ақшасын жесе болды ғой. Мені осы Алашта аузына алған бір адам - жазушы Тұрсын Жұртбаев болды. Оның «Жанатқа рақымет» деп жүргенін естідім. Жалпы осы оқиға туралы «Сынаптай сусыған жаһанда» деген кітабымда жаздым да, тыныш қойған едім. Қыркүйектің аяғында тағы да сол Най-атаңның жақсы-жаманы жабылып, баба басында айтарлықтай үлкен шара өткізген екен. Бақтыбай Айнабеков телефондап «жаман өз сыбағасынан құр қалады» деген сенсің» деп, намысыма тиді. «Неге мақала жазбайсың» деп жанашырлықпен ұрыса сөйледі. Бұрын да соны айтып жүрген. Мен болсам «Найманның ақшаға сенген өкіреш басшылары жетімсіреген мақаланы қайтеді дейсің. Құдай-аруақ білсе болды ғой» деп жүрген едім. Бақтыбай ғана емес, Жаңақорған Наймандары аталмыш шараны өткізіп жатқанда, сол аудандағы Төрежан Абдималиков деген ағамыз да, мен үшін күйініп «неге келіп көрінбейсің, неге жасаған еңбегіңді айтпайсың» деп телефондағаны қамшы болды.  Баба басына елдіктерін көрсетіп, ойдан-қырдан жабыл кедей болып барғандары жақсы, қызғанғаным емес. Тек қана өзі басып жүрген жерді көрмейтін басшы мырзалардың Құдайға қараған біреуі еңбегімді айтып, әділдік көрсете ме деген әңгіме деп түсініңіздер. Ашығын айтсам, енді шақырса да жұртта қалған жұғынды жалауға баратын мен емес. Ас жеп, аяқ босатып қайтуға, әзірге мәзір менен өзге Найман да аздық етпес. (Әу баста орным төр болуы керек екенін естеріне саламын).  

Адамдар не боп кеткен?! Ең баста сол тасты көрген бірде-бірі осындай біреу бар екен деп, (Т.Жұртбаевтан басқа) ауызға алса қайтеді. Бірақ бірінші орында өздері тұру керек қой. Көзі жоқты ары ысырып, өздерін көрсету, яғни мұндайда алдымен көрініп қалу – обал-сауапты ойлатпайды. Тек «Мен! Мен! Мен!». «Атқанның аңын - жатқан байланған» деген баяғыдан бар сөз мақалада айтылғандай, мен бір басыма қаншалық қиындықтар түсіп, азапты күндер өткізіп (түрме есігін көріп, сау басымды жындыханада талқылап, одан өмірдегі бар арманым болған; үйсіз-күйсіз жүріп, азаптанып жазған шығармамнан айырылып, өлер халге жеткенім; әрі бәлен жылға жер аударылып, соның салдарынан елде жоқ «сұмырай» атаққа қалып жүріп), бабамның басын қалай тапқаным – естілердің естерінде болса, сол жетеді. 

Жанат Ахмади

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Алматы облысы және  Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5646