Жұма, 29 Наурыз 2024
2501 0 пікір 15 Қазан, 2019 сағат 12:51

Әскери қақтығыстарға қатысқан отандастарымызға «Ардагер» мәртебесі берілмек

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов ҚР Премьер-Министрі А. Маминге 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдар мен әскери қақтығыстарына қатысқан отандастарымызға «Ардагер» мәртебесін беру туралы хат жолдаған болатын. Аталмыш хатқа еліміздің Қарулы күштерінің бас штабы жауабын берді.

Жалпы, 1992-2001 жылдар кезеңіндегі Тәжік-Ауған шекарасын қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге арналған бұл әскери қимылдарға Қазақстаннан он мыңға жуық жауынгер қатысты. Олардың алдыңғы буын офицерлерінің жасы бүгінде алпыстан асса, ең жасы қырық бесте екен.

Мысалы, 1995 жылдың 7 сәуірінде, Пшихавр шатқалында Тәжікстан шекарасын қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдырмақшы болған, мұздай қаруланған лаңкестермен болған кескілескен шайқаста 17 қазақ сарбазы қаза болып, 30-дан аса жауынгер ауыр жарақат алған.

«Бүгінде Қазақстан – бітімгершілік дайындыққа баса назар аудара отырып, БҰҰ миссиясы аясында оның географиясын кеңейтуге мүдделі ел. Ағымдағы жылдың өткен айында біздің еліміз 170 бітімгер дайындады. Ертең әлем елдеріндегі бейбіт өмірді қолдау үшін отқа түсетін біздің бітімгер сарбаздарымыз да ескерусіз қалмай ма? «Ерім» деген ел болмаса, «Елім» деген ер қайдан шығады?!» - деп жазды депутат өз хатында.

Депутат әлеуметтік әділдікті орнату мақсатында  мемлекет тыныштығы мен  қауіпсіздігін сақтаудағы  ерен ерліктерін бағалай отырып,  өсіп келе жатқан жас буынды тәрбиелеудегі маңыздылығын ескере отырып, Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысқан жауынгерлерге тиісті құрмет көрсетілуін сұраған болатын.

Кеше ғана депутаттық хаттың жауабы келді. Еліміздің Қарулы күштерінің бас штабы осы мәселе жөніндегі өтінішті қарағанын, 2018 жылғы 28 ақпанда «Ардагерлер ұйымдары көтеретін мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарды дайындау бойынша» Заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылғанын және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жеке санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы әзірленгенін жеткізді. Онда 1992-2001 жылдары Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғауды күшейтуге қатысқан әскери қызметшілерге «Ардагер» мәртебесін беру туралы нормасы енгізілгенін атап өтті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610