Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ. ТМД кеңістігіндегі ұйымдардың қазақстан үшін тиімділігі неде?
Кезіндегі Кеңестік одақ құлаған соң, оның орнында қалып, тәуелсіздікке ие болған елдер әу баста жеке-жеке ғұмыр кешіп, бірден экономикасы қуатты, әскері жарақты, дипломатиясы сан-салалы елге айналуға тырысқан. Бірақ баяғы одақ кезіндегі қарым-қатынас ада қалып, бір-біріне жіпсіз байланып жатқан елдердің экономикасы жеке- дара күн кешкен соң кері кетті, әскери қауқары кеміді. Тәуелсіз елдер арасында этникалық және жер дауы орын алып, оның арты қарулы қақтығыстарға ұласып жатты. Осының бәрін безбенге сала келе посткеңестіктегі елдер әр салаға байланысты, ортақ мақсатқа жұмылдырылған ұйымдар құра бастады. Онсыз жас мемлекеттер жаһандық үрдіске ере қою қиын екенін бағамдады. Осыдан келіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Оған баяғы одақтас республикалардың (Балтық елдерінен өзге) барлығы кірді. Одан соң түрлі агрессиядан жерінің тұтастығын бірлесе қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы дүниеге келді. Одан кейін экономикалық тетіктерді реттеу үшін Еуразиялық экономикалық қауымдастық, біріккен Кеден одағы секілді ұйымдар пайда болды. Сонымен қатар аймақтық Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз тұсауын кесті. Бұдан тыс Ортаазиялық қауымдастық (ОАҚ) және Біртұтас экономикалық кеңістік секілді өзіндік даму тетіктерін ұсынатын ұйымдар болды. Осылайша ТМД қолдарынан келгенше «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», тірлік жасай бастады. Шындығы керек, бұл жерде ТМД елдерінің осындай ұйымдарға бас сұға отырып, ұтары көп еді. Бірақ түйткілді тұстары да жоқ емес-тін...
ТМД
Бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы 1991 жылы 8 желтоқсанда үш ел - Белоруссия, Украина және Ресей арасында Беловеж келісімінің арқасында дүниеге келді. Ал сол жылдың 13 желтоқсанында Түрікменстан астанасында бас қосқан Ортаазиялық бес ел - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан бірлесе отырып ТМД-ға кіруге келісім берді. Осы кездесуде Қазақстан Елбасы мемлекет басшыларын Алматыда бас қосып, арнайы құжат қабылдау жөнінде ұсыныс жасады. Және ол қабыл алынды. Нәтижесінде 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы декларациясына қол қойылды. Оған кеңестік 11 республика (Әзірбайжан, Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украина, 1993 жылы Грузия қосылды) басшылары қол қойды. Достастықтың алға қойған негізгі міндеті - саяси, экономикалық, гуманитарлық, мәдени және өзге де салалар бойынша ынтымақтастық орнату еді. Сондай-ақ құжатта Достастыққа мүше елдердің құқығы тең дәрежеде екені нақты көрсетілген. Дегенмен бұл Достастықта Ресейдің орны ерекше басым екені анық аңғарылып тұр. Құрылғалы бері аталмыш Достастық жөнінде түрлі әңгімелер әр деңгейде айтылғанымен, ТМД құрып кеткен жоқ, әлі күнге ел мен ел арасында дәнекер қызметін атқарып келеді.
Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымы
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын құру - бұл достастық елдерінің сыртқы агрессиядан өздерін бірлесе қорғау ниетінен туындаған. 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік шартына (ҰҚШ) қол қойды. Ал 1993 жылы бұл шартқа Грузия, Әзірбайжан және Беларусь қосылды. Келісімшарт 1994 жылы 20 сәуірде күшіне енді. Келісім мерзімі - бес жыл. Сосын құжатта көрсетілгендей ұзартылып отырады. Алайда 1999 жылы ҰҚШ-тан Әзірбайжан, Грузия және Өзбекстан (Өзбекстан 2006 жылы ҰҚШҰ-ға қайта кірді) бас тартты. 2002 жылы ҰҚШ-тың мәскеулік саммитінде қауіпсіздік шартының атына толықтыру енгізіліп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы деген атпен аталды һәм халықаралық ұйым деген мәртебе берілді. Кейіннен ұйым аясына ТМД-ның Біріккен әуе қорғаныс күштері енгізілді. Ал 2009 жылдың 4 ақпанында ҰҚШҰ шеңберінде Жедел іс-әрекет күштік құрылымдарын құруға қол қойылды. Бұл Жедел іс-әрекет бөлімдері әскери агрессиядан қорғану, халықаралық лаңкестік, экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күрес, есірткі тасымал жолдарын жою және төтенше жағдайда бірлесе көмек беру қызметін атқармақ.
Шанхай Ынтымақтастық ұйымы
ШЫҰ - аймақтық, халықаралық ұйым. Ол 2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан республикасы негізінде құрылды. Дегенмен ұйым жұмысы 1996-1997 жылдардан бастау алады. Ол кездегі шанхайлық «бестік» (Өзбекстаннан өзге) арасында шекара маңындағы қарулы күштерді қысқарту жөнінде келісім болған еді. Кейіннен келісімге Өзбекстан қосылған соң ұйымның мақсаты мен атқарар қызметіне өзгерістер енгізіліп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы деген жаңа ныспыға ие болды.
Еуразия құрлығының 61 пайызы мен жер бетіндегі адамзаттың төрттен бір бөлігі тұратын аймақты қамтитын ұйымның мүмкіндігі үлкен. Ресей ұйымдағы Қытай секілді алпауыт елді пайдаланып, ШЫҰ-ны әскери блок ретінде пайдалануға тырысты. Өйткені бүгінгі күні Ресей шекарасына төніп тұрған НАТО күштеріне қарсы тұратын бірден-бір әскери одақ деп осы ШЫҰ-ны көрсетуге ұмтылған. Алайда Қытай жағы ынтымақтастықтың әскери мақсатта емес, экономикалық мақсатта дамығанын жөн көрді. Және соған әлі де күш салуда. Ал Орталық Азиялық республикалар үшін де ұйымның әскерилігінен гөрі, сауда-саттықты арттыруға арналғандығы тиімді. Өйткені Ресейдей ядролық мемлекеттің сойылын соғамыз деп Батыстың алпауыт елдерімен теке тірес келу - бұл елдер үшін қиын. Оның үстіне осы елдерге ағылып келіп жатқан инвестицияның 85 пайызы Батыстан келетіні анық. Кеше ғана (15-16 маусымда) Екатеринбург қаласында өткен ШЫҰ-ның кезекті саммитында да ұйымның әскери-саяси жағынан гөрі, оның экономикалық-мәдени тармағына көбірек көңіл бөлінді. Тіпті Қазақстан Елбасының бастамасымен, ұйым елдері арасында есеп айырысу құралы ретінде өзіндік валюта болу керек деген мәселелер де қаралды.
ЕурАзиялық Экономикалық Қауымдастық
ТМД кеңістігіндегі елдерге арналған таза экономикалық сауда-саттық ұйымының іргетасы 2000 жылы 10 қазанда Қазақстанның бас ордасы Астана қаласында қаланды. Қауымдастыққа Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан (бұл ел 2008 жылы ұйымдағы өз мүшелігін тоқтатты) кірді. Армения, Молдова және Укриана бақылаушы мемлекеттер қызметін атқаруда. Қауымдастықтың алға қойған негізгі міндеті аталмыш мемлекеттер арасындағы сауда-саттық қызметін арттыру, кедендік одаққа қол жеткізу, біртұтас экономикалық кеңістік құру еді.
Қазақстан және ТМД кеңістігіндегі ұйымдар
Қазақстан - жоғарыдағы аталмыш ұйымдардың барлығына мүше. Тіпті Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру - Қазақстан Елбасының бастамасымен туған дүние. Шындығы керек, Астана ТМД-ның өміршеңдігі үшінде күресіп келеді. Осы ұйымдардың қайсысы бізге тиімді, қайсысы басы артық дүние дегенге келсек, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы тек Қазақстанға емес, алпауыт Ресейге де керек. Өйткені қауіпсіздік мәселесі - кез келген мемлекет үшін басты мәселе. Шындығы керек, Орталық Азияда жатқан Қазақстан үшін жерінің тұтастығы, тәуелсіздігінің баянды болуы қымбат. Неге десең, таяқ тастам жерде жатқан Ауғанстандағы жағдайдың тым ушыға түсуі, лаңкестіктің асқынып бара жатқандығы, ол елдегі түрлі қарулы күштердің өзге елдің тұтастығына қауіп төндіретіндей әсері, есірткі тасымалы, одан қалса, Пәкстандағы түрлі ағымдар арасындағы толқу, мұның бәрі аймақта жатқан елдерге әсері зор. Ал осының алдын алу және сыртқы агрессиядан қорғану үшін ҰҚШҰ-ның рөлі үлкен. Содан болар, ҰҚШҰ-ның аясында құрылып жатқан ортақ әскер - Жедел іс-қимыл құрылымдарына Қазақстан бір десанттық бригада (саны төрт мың адам) бөлуі. Сол секілді Шанхай ынтымақтастық ұйымы - Қазақстан үшін маңызды. Өйткені екі ірі елдің (Ресей, Қытай) ортасында жатқан Қазақстан өз жерінде бар шикізатты саудалау арқылы экономикасына тың серпін бере алмақ. Оған қоса, ядролық Қытай және Ресеймен ынтымақтаса отырып, осы тараптардан болар қауіптің алдын алу. Ал Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа келер болсақ, бұл ұйым - ТМД кеңістігінде орналасқан елдер арасындағы кедендік тарифтерді теңестіру, сауда-саттық айналымын өркендетудің басты кілті. Демек, экономикасы өзгелерге қарағанда, әлдеқайда қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан үшін қаупсіздігін қамтамасыз ететін ҰҚШҰ қандай қажет болса, ЕурАзЭҚ, яғни экономикалық ұйым да елімізге өте керек-ақ.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
"Айқын" газеті 18 маусым 2009 жыл