Үкіметтің жиналысын ауылда өткізсе...
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың, жаны — терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
Неткен ғажап көрініс! Қандай шеберлік! Тұнып тұрған ауылдың суреті. Дәл менің ауылымда да осылай болатын... Жарық айдың судағы дірілі...
Тұнып тұрған лирика... Бір оқығанда көз алдыңа келетін таныс сурет. Таныс маң. Бәрі-бәрі сол баяғыдай... Бақытты бал дәуреннің сағынышы... Әсіресе жарық айдың судағы дірілі... Бұл ғажап көрініс... Қыл қалам шеберлері А.Куинджидің «Днепрдегі айлы түні де» дәл осындай емес, болмаса Айвазовскийдің «Айлы түні» де бұл суретке жетпейді. Левитанның «Кеш. Айы» дәл солай... Тек Бетховеннің «Айлы сонатасы» болмаса... Бірақ онда басқа саз, басқа әуен, өзге әуез...
О, Абай! Қасиетті Абай!
Өзіңмен тілдескен сайын мойынымнан үлкен бір ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалам. Тазарып жаным бір жадырағандай болады. Алайда, Абай, өзің жырлаған, өзің өскен ауылдан бүгін бізде сән кеткен. Кезіндегі колхоз, совхоздың бәрі тараған. Күннен-күнге, жылдан-жылға ауылдың саны азайып барады. Көктемгі арықтағы қатқан мұздай бірте-бірте ауыл шіркін арықтап барады. Өзіңнің ізіңді басқан Мұқағали айтқандай:
Сен де кеттің
Мен де кеттім
Ол да кетті ауылдан
Осынымыз ұят болды-ау
Ұят болды-ау бауырлар...
Иә бәріміз кеттік ауылдан... Қазір әсіресе Жастар қалмай барады. Мектеп бітірген соң бәрі қалаға жөңкуде. «Оқуға түскені де, түспегені де тек кетсек екен» дейді. Ең қынжылатының – оларға кетпе деп дау айта алмайсың.
Біздің ауыл ұя еді киелі бір,
теңіз бойы, бұйратты жиегі қыр.
Өнегелі ұл менен қыз өсіріп,
шаңырағына құт қонған үй еді кіл.
Жігіттері мәрт мінез, жаны сері
жалғыз арман – ерім деп таныса елі.
Бұрын біздің ауылда әр азамат
бүкіл елдің ары мен намысы еді.
Иә, Фариза апам жырлағандай бүгіндегі Еліміздің ары мен намысы осы ауылдан шыққан тұлғалар. Оған дау жоқ. Бірақ ауыл – Қазақтың Алтын ұя бесігі емес пе? Ауыл біздің арқа сүйер - Алатауымыз болған жоқ па? Неге біз осы ауылдан айрылып барамыз? Басқасын былай қойғанда онда біздің әке-шешеміздің, ата-бабамыздың зираты қалған жоқ па? Жұмахан Нұрлы-Хан айтқандай:
Сүйегін тастап бабаның
Жетім қалды молалар.
Шымшиды кейде сараң мұң
Сағымдай болып жоталар...
О, Абай!
Ауыл жайлы осы мұң менің де жүрегімді шымшиды. Құдай оның бетін әрі қылсын – күндердің күнінде егер елімізде ауыл құрыған күні – қазақ елі де тарих бетінен жоғала ма деп қорқам... Менің айтып тұрғаным нағыз қазақ, сүттей ұйыған берекелі де, мерекелі қазақ қой.
Қасиетті Абай! Құдіретті Абай!
Тарихқа мәлім бұрын Қазақстанда 1916 жылы қой - 18,7 млн, жылқы -2,6 млн, құс -44,3 млн екен. Яғни 1913 жылы санақта Қазақ халқы 4 млн болса, бүгінде Республикада 18 млн-нан да артық. Ал, мал саны 2-3 есеге азайған. Біз айта беретін Америкада әсіресе Австралия әлемде бірінші орында. 180 млн мал бар және дүние жүзіне экспортқа мал етін шығарып отыр. Оларға қарағанда осы мал бағу, төрт-түлік өсіру бұл біздің ата-бабамыздан қалған кәсіп емес пе? Неге біз осы ата кәсіпті жоғалтудың алдында тұрмыз?
Құдіретті Абай!
Бұрын Қазақстанда колхоз совхоздар болған. Яғни біздің өміріміздің өзегі осы ауыл-тын. Және ауылдағы өмір қыз-қыз қайнап тұратын. Әр ауылда балабақша, мектеп, кітапхана, аурухана, мәдениет үйі болатын. Күндізгі оқу, жұмыстан шаршап ел-жұрт киноға болмаса ауылға келген концертке ағылатын... Қайран ауыл!!! Иә ауылдағы әр ағайынның тойы бәріне ортақ болатын. Егер біреу-міреу өмірден өтсе бүкіл ауылдың тай-тұяғы қалмай сол қаралы үйдің ауласынан табылатын... Иә айтпақшы біз үшін ең қасиетті ауылдың қарттары Сағи Жиенбаев жазғандай:
Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым белге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң, Даламда
Әулие қарттар жүргесін.
Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат,дем берсін.
Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің.
Қайран ғана қарттарым... Сендер де күзгі кәрі теректің жапырағындай селдіреп аз қалдыңдар-ау...Досхан досымның әні құлақтан кетер емес...
О, Абай! Қасиетті Абай!
Өзің айтшы мына жаһандану заманында, жоғалмаудың қандай жолы бар? Қалай ғана осы бір өтпелі қиын кезеңнен аман-есен өтеді екенбіз?
Қалқаман Сарин есіме түседі.
Ауылға бардым... бала күндерім кекілді,
Алдымнан шықты. Ақ жауын жуып бетімді,
Алақаныма тамшысы жылы тиеді,
Аяулы анамның аппақ жаулығы секілді.
Иә... әкімдерімізді білмеймін, ал ақындарымыз осылай ауыл жайлы тебіренеді. Қалада жүрсе де көңілдері сол далада баяғы ауылда... Беу, Дүние...
Иә, жеріміздің асты да, үсті де тұнып тұрған байлық. Ал, бірақ біз негізінде аграрлы ел емес пе едік? Әлемде жер көлемі жағынан 9-шы орында тұрмыз ғой. Күні кеше ғана ауыл шаруашылығы ілгері дамыған Республика болғанымыз баршаға аян. Миллиондап, миллиондап астық оратынбыз. Тіпті бір кезде қой санын 50 млн-ға жеткізбек болдық. Еңбегі бағаланған қаншама Социалистік Еңбек Ерлері болды. 1986 жылы Қазақстанда 1792 адам Еңбек Ері болғаны белгілі.
Қайран Нұрмолда Алдабергенов көке! Бізді кешір... Біз сіздер салған сол жолдың, ауылдың берекесін кетіріп алдық-ау... Сіздер біздер үшін – болашақ ұрпақ үшін аянбай еңбек етіп тер төктіңіздер. Шүкір.. Қазір де жоқ емес... Баршылық. Бірақ өзі қалада тұрып, кезінде жер-жерді сатып алғандар ауылды қалай көгертпек? Былай қарасаң бәрі –«крутой». Бірақ қайсысының жаны ауырып сол ауылдың қамын ойлап жатар дейсің?! Иә... Бар... Бірақ аз...
Жақсылық Үшкемпіров сияқты көкемдер аз... Реті келгесін айтып қалайын Қадірлі Жақа, сізге мың алғыс... Кезінде қазақтың намысын Олимпиада да көтеріп едің. Енді бейбіт өмірде де ауыл үшін жаныңды беріп жүрсің! Жасай бер Жақсылық көке!
О, Абай!
Қазір бізге шет елден миллиондап инвестиция келіп жатыр. Бірақ соның қанша пайызы ауылға жетті? Әлде орта жолда ұстағаннның қолында, тістегеннің аузында кетіп әкім-қараның тамыс-тамырларымен жоқ бола ма? Мен білмеймін. Бірақ білетінім бір-ақ нәрсе... Ол қазір дәл қазір ауылды – ауыл шаруашылығын көтеру керек. Бұл мәселені ертеңгі ұзын арқан кең тұсауға қалдыруға болмайды. Кейде мен мына Үкіметтің жиналысын алыстағы бір ауылда өткізсе деп армандаймын. Себебі осы Үкіметтің мүшелерінің бәрі болмаса да жартысынан көбі ауылда болмағандар. Қазіргі ауылдың тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз десе – мен таңқалмаймын. Және әрбір министр – ол кім болса ол болсын. Әр айда, тым болмаса 3 айда бір күн ауылға барып көруі тиіс. Қонуы керек. Өйткені – ауыл біздің – Отанымыз! Қазақстан тек қалалардан тұрмайды. Қазақстан Республикасы ең алдымен – Халқымен сосын – ауыл, орман, дала, шөлдер мен көлдер. Ауыл ол – жүруге жарамсыз жолдар мен арманы азайған Отандастарымыз.
О, Абай! Қасиетті Абай!
Тағы да өзіңе хат жазғаным сырлассам дегенім болар... Хатымның соңын Қалқаман Саринның өлеңімен бітірейін.
Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім,
Кешір мені, кеш мені, сен текті елім!
Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш,
Жүреді ылғи жанымды өртеп менің.
Туған ауыл. Бәрі есте... Балалық шақ,
Қалаға кеп қаңғырдық қалам ұстап.
Кешір мені, күнәсіз балалығым,
Қала алмадым ауылда саған ұқсап.
Бүгінде бар қазақтың жүрегінің бір бөлшегі осылай боп тұр Қадірлі Абай!
Артық айтсам сөге көрме.
Құдіретті Абай!
Қасиетті Абай!
Хәкім Абай!
Талғат Теменов,
ҚР Халық артисі, профессор.
Abai.kz