Ірі ақыл иелері - идеяларды, шағын ақыл иелері - адамдарды талқылайды
Ірі ақыл иелері идеяларды талқылайды екен.
Орташа ақыл иелері уақиғаларды талқылайды екен.
Ал шағын ақыл иелері адамдарды талқылайды екен.
Осы тұжырым бүгін өзім жүргізген шағын әлеуметтік эксперимент барысында толықтай дәлелденді.
Алдымен жасы бар, кәрісі бар, еркегі бар, әйелі бар, 200 адам отырған ауылдың ватсап чатына қазақты сапалы ұлт ретінде қалыптастыру үшін қажетті, анау-мынау адамның ойына келе бермейтін, тыңдаған адам селк ете түсетіндей кесек-кесек ойлар айтылған бір емес, төрт аудиожазба жіберілді.
Ізінше "аэропортқа шәй құюға жұмысқа бойдақ қыздар керек, айлығы 70 мың" деген мағынадағы аудио жолданды.
Одан соң, "көршілер Сиырдың бөлімі сатылады кг 1700 тг Ақтөбенікі" деген мәтін жолданды.
Іле-шала, кешегі ұсталған педофилдің "данныйлары" жетті.
Қайсысы чатта көбірек талқыланды деп ойлайсыздар? Жалғастырайық.
Артынша, "жілік қаншадан", "айлыққа берсизбе", "Офисте өздері шай құйып ишсін, туріктер ма тапқан екен аз ақшаға байланып отырып шай құйып ыдысын жуып, басқа да қызымет көрсететін қыз-келіншектерді. Одан да үйде ата-енесіне, куйеуіне, балашағасына тамақ жасамай ма", "Тури шыктау. Бойдак деген", "Аитыптурго бойдак келіншек болса тіпті жаксы деп коят" деген әңгімелер кетті.
Одан соң, "Усталганы жаксы болган екен. "Кызга ештене істемесе болар", "Балаларымызды далаға шығаруға қорқатын болдық", "Аман екен кудайга шукир" деген ашу-ыза мен қуанышқа толы реплика қаптады. Жазу стилистикасын жөндемей, сол күйі қалдырайын.
Тек бір адам ғана әлгі төрт аудио иесін ауыл әкімі қызметіне ұсыныпты.
Қалған 18... адам - жәй ғана оқырман яки, пассив қатысушы.
Осыған қарап, қандай ой түюге болады енді?! (Үлкен қоғам да сол: бір-жар адам ұлт мұратына жеткізер дұрыс әңгімені айтады, ондаған адам шуылдап, бүгінгі оқиғаны талқылайды, жүздеген қарапайым жұрт ішкен-жегенді, әртістердің киімін, көр-жерді жазады. Сол себепті де "женский сайт" - Инстаграмда лайк пен қаралым саны дәстүрлі түрде "мужской сайт" Фейсбуктағы посттардан бірнеше есе басым. Бұл дегенің - негізгі топ, дәлірек айтсақ тобыр сол той-томалақ, ішіп-жем, дастарқан, әнші мен әртістің айналасында екенін көрсетеді. Шындық осы. Сонымен сол, таз күйімізде қаламыз...)
Достар, өздерің байқағандай, жоғарыдағы ауыл чатынан-ақ, бүгінгі замандастарымыздың саналы һәм сапалы ұлт болуға деген талпыныстарының қандай екенін осындай шағын эксперименттен де көруге болады екен.
Уайс Ерсайынұлының facebook парақшасынан
Abai.kz