Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әліпби 4698 38 пікір 24 Қазан, 2019 сағат 10:51

Кириллицаны түзеп алмай латынға көшу қателік...

(Нұраддин Садықовтың «Әліпбиді шет тілін білмейтін шалдар емес, жастар жасауы керек!» мақаласынан кейінгі ой)

Айтулы филолог, докторант, спортшы, кәсіпкер, «Qazaqstan fighter» жобасының авторы әрі азаматтық пікірі мен позициясына берік азаматтың бірі – Нұраддин Садықов өзіне тән өрлікпен жазып, Абай кз-ке «Әліпбиді шет тілін білмейтін шалдар емес, жастар жасауы керек!» деген атпен  жариялаған мақаласында тіл мен жазу түзудегі жөнсіздіктер төңірегінде барша кемшілікті ашып берді. Бізде бауырымыздан кейін көкейде жүрген ойымызды алға тартпақпыз. 

Ең әуелі бауырымыздың «Әліпбиді шет тілін білмейтін шалдар емес, жастар жасауы керек!» деген сөзінен шығарып айтарымыз: «Бізге әліпбиді филолог емес, әліпби түзейтін фонолог пен камптық бағдарламашы жасап беруі керек!»

Төл жазу – ұлттың жан жүрегі. Өзге ұлт қазақша білмесе де, әріптік-дыбысты білетіндігінің арқасында сөзімізді оқи алады, түсінбегенін сұрастырып біледі. 

Төл жазу – ұлттың Мемлекеттік тілден, Елтаңбадан, Тудан, Ұлттық ақшадан, Әнұраннан да жоғары тұратын, оларды өрнектейтін ұрпағына тілімен бірге мәңгіге аманаттайтын бойтұмары. Осы Алты бірдей асыл қазынамыздың ішіндегі еш өзгеріске түспейтін жауһары. Латын, Араб және Орыс жазуы деген ұғым санамызда болмауы керек. Алаш баласы үшін Тек қана қазақ жазуы бар. «Ол – 28 әріптен ғана тұрады» деген түсінікте болуымыз шарт.

Иә, Қазақ төл жазуы бар болғаны – 28 әріптен тұрады. Бабадан ұрпағына беріліп жалғасып келе жатқан қазақ тілінде а, ә, ы, і, ү, ұ, о, ө, е сынды 9 дауысты, қ, ң, ғ, з, ш, г, н, к, у, п, р, л, д, ж, б, т, и, м және с сынды 19 дауыссыз дыбыс бар. Осы шарт Ахмет Байтұрсынұлында ғана ескерілді. Бізге ешкім де басқа жақтан өз аяғымен келіп, латынша өзгеше таңбалануды керек ететін төл дыбыстарымыз: ә, і, ң, ғ, ү, ұ, у, и, қ, ж ш, ы, з, г және ө деп кіләвәда (клаватура) қалай таңбалауын жасап бермейді. Жазу – ұлттық әліпби түзу  комиссиясының құрамына кіргендердің «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсам» дейтін әкесінен қалған мұрасы емес. Соңғы кезде камптық бағдарламамен жұмыс істейтін бізге бірінші жазу нұсқасы қатты ұнады. Бірақ одан кейін кейбір нойыстар ноқат қойып, жазуымыздың төбесін екі рет ісірді.  

Кириллді түзеп алмай латынға көшу далбасалық. Оған араб пен ескі латында және қолданыстағы кирилде жіберілген қателер куә. 

Біріншіден біз 42 әріптен әлі құтыла алмай отырмыз. Оның себебі бір кездері тілден ғылыми диссертация қорғағандардың өз еңбектерін қызғыштай қоруынан, айтатын сылтаулары тіл қысқалықты сүйеді. Осы арқылы қазақта жоқ: дауысты у, еш керексіз ч және й қосарларын заңдастырмақ. Халықаралық лингвистикалық заңдылық бойынша ф, в, х дыбыстары, тш (ч) қосары тілімізде орнығу үшін осы әріп-дыбыстардан басталатын қазақтың төл сөздері болу керек. Орыстар жіберген бір қателік бес қосар дыбыстарды: Ё,Ю,Я,Щ,Ц,Ч дыбысты әріпке айналдырып, елде жоқ үрдіспен сөздікке кіргізіп отыр, сөздіктен орын бергендері.  Мысалы: Ё,Ю,Я-лар И-дің Ио, Иу және Иа болып айтылуы. Ч мен Ц болса, Т дыбысынан кейін келетін ш мен с.  Латынды сылтауратпай, көпке дейін қолдануға мәжбүр болатын орыс әліпбиіне негізделген төл жазуымыздағы осы дыбыстарды, әріптерді алып тастасақ, тілімізде Байтұрсынов әліпбиіндегідей 28 әріп ойнап шыға келеді. 

Бұл үшін данышпан болудың керегі де жоқ. Тек жаңа кириллица үшін жаңа бағдарламаға ақша бөле білу керек. Сонда орыс әліпбиінің қазіргі үстемдігінен құтыламыз, әрі көзге сүйелдей көрінетін қосымша артық таңбалаудан да артылып, кампта басу жеңілдейді. 

Төбеде қонақтаған ә, і, ң, ғ, ү, ұ, қ және ө кіләбәдағы бұрынғы ожар кірме әріптер қонақтаған орынды басады да болшақ латынға даңғыл жол ашылады. 

Біз баба түркі, бір таңбалық жаңарған Байтұрсын әліпбиін, жаңа латын және жаңарған кирилді жарыса қолдануға болатын 28 әріпке негізделген бірін-бірі оқитын бағдарлама жасасақ, бәрі өз орнына келеді. Ол үшін Ел Президенті төрт әліпбиге де ортақ әріп таңбасын бекітіп бергені ләзім. Латын мен кирилде басылған сөздер баба түркі мен төте жазуға айналып шыға келеді. Оның үстіне төрт әліпбиді оқытатын «ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ» курсы тегін оқытылып, кітапшасы тегін таратылса, көп нәрсе ұтамыз! Әрі латынға көшуде сөйлеу тілі үшке жарылған өзбектегідей рухани ауырсынбай өтеміз. Баба түркі жазуы ұлттық жадымыз өшпеуі үшін керек. 

Жалпы жазуымыздың арғы тарихын сөз етпегенде, бодандық кезеңде үлкен реформаторшылдықпен әрі отарлаушы елдің саясатының ығына жығылып, Қазаққа жазу сыйлаған үш ғалым бар: Ахмет, Құдайберген әм Сәрсен. Олар қашанда Қандай құрметке болсын лайық. Енді, бір ғана тілдік жазуды меншіктеп алған, заманмен де, камптық маманмен де санаспайтын филолог-тілтанушылардың қолжаулығы етпей, ұрпағымызға мәңгілікке аманаттайтын жаңа әліпби мен жаңарған кирилді өмірге әкелу үшін халық болып, мамандығымыз бен жасымызға қарамай жұмыла атсалып,  жөнге салудың жолына көшуіміз керек. 

Бірақ латынның «Жазу тілді бүлдіреді» деген ұлағаты барлығын Ұстазымыз Сапархан Мырзабеков марқұм аузыан тастамайтын,  соны шәкірті ретінде естен шығармай келеміз. Ғылымда пенде қателеспей тұра алмайды. Ахмет Байтұрсынұлының «Төте жазуды» өмірге әкелгендегі жалғыз қатесі екінші буындағы еріндіктер: ө,ү мен ұ-ны, ы, е және і деп жазып жібергені болды. Осы қате Құдайберген Жұбановтың бірінші латыншасында, Сәрсен Аманжоловтың қазақ орыс тілін тез үйренеді деп «ё, й ,ъ, ь, ч, щ, я, ю, э»-лерді енгізген далиған кириллінде қайталанды. 28-33-42 әріптік таңбалау өмірге енді. Сөйтіп, сөйлеу тілі бір жақта ата-апалар әуезесі болып қана қалып, жазу тілі – орысша мақамдауға ауысты. Осы мәселе жұртты ойлантты. Бірінші болып ұлтына адал дыбыстанушы ғалымдар КСРО ызғарына қарамай, сөйлеу тілінен айырылып барамыз деп дабыл қақты. Әттең, осыны азаттық алған шақта кирилді бірден 28 әріпке көшіретін не билік, не зиялы орта пейіл танытпады. Біз сөзді қазақ ретінде тек 28 әріп таңбаланған дыбыс арқылы қабылдаймыз. «Халықаралық термин» деген ұғым да, түсінік те жоқ, тек кірме сөздер деген ғана бар.  

Қазақ тіліне транскрипция енгізуді Сапархан Мырзабеков пен Әлімхан Жүнісбектер бастаған ғалымдар тобы 1980 жылдардың басында көтерген болатын. Өйткені, тілімізді түзген үш ғалым бойынша жасалған орфографиялық, орфоэпиялық ережелерде  жұрнақтар мен жалғаулардағы еріндік үндестігі сөз етілмей, ғылыми қолданысқа мүлдем енбеген еді. Әрі тек дыбыстанушы санаулы ғылымдардың ғана еншісіндегі дүние болып қалып, қалған тілшілер бұл салаға пысқырып та қарамады. Соның нәтижесін жаңа латынның үш құбылуынан көріп отырмыз. 

Қазір өрістегіштер болып жазылатын, өрүстөгүштөр сөзі тек өрүстегіштер болып қана айтылады. Бұған себеп  өр сияқты еркіндік етістіктерге (бір буынды еріндік әлпеттегі басқа сөз табы сөздеріне) жалғанатын жұрнақтар мен жалғаулар ескерусіз қалды. Ондай жұрнақтар мен «лөр, төр, дөр» сынды жалғаулар түрі бар екенін, тілші ғалымдар мен ұстаздардан өзге қазақ баласы білмейтін де болды. Осыны дер кезінде түзетпесек, «Солай болып, Қала беретін де шығар!?» Біз дәл қазір «қалай айтылса, солай жазылсын» деген фонетикалық арнайы ереже жасап, оны бекітуге қол жеткізбесек те, орфографияда әліпби түзушілер тарапынан жіберілген қателіктер нәтижесінде ұлттық сөйлеу тілі бұзылған трагедиялық ахуал етек жайғанын жалпақ қазақ білуі керек. Бұдан үш алыпқа еш қаяу түспейді. Бәр кінә олардан тәлім алған шәкірттердің ғылыми шалағайлығынан. Орысша жазылған сөзге қазақша транскрипция жасап, өзімізше айтамыз деп, төл жазуы бар армян мен гүржідей тұрып алса, біреу оларды атып өлтірмейді ғой!? Енді бәрі кеш, өткенге топырақ шаша алмайсың. Бірақ Азаттық кездегі төл жазуымыздың орны бөлек. Ол мейлі орыс мейлі латын әрпімен болсын 28 әріп-дыбыстан тұруы керек. 

Сол себепті дәл қазір іс пен ыс жұрнағының еріндік үс пен ұс варианты барлығын шындығында тілшілерден өзге ешкім біле бермейді. Бұны әліпби түзген үш алыбымыз жазудың сөйлеу тілін бұзатын бүлдіргі әрекетін әліпби түзу жолындағы тарихи асығыстықтан ескермеді. 

Енді ешкім үшінші және одан арғы буындарда еріндіктерді айтқанымен жазбайды. Осы жазбауды түзеудің бір жолы екінші буындағы бұрын ы, і және е болып жазылған ө, ү, ұ еріндіктері енді айтылуы бойынша жазылады деген бір ғана ереже. Сондай-ақ, өрлер, үндер, үштер сияқты бір буынды еріндіктен басталатын сөздерден кейін жалғанатын: көптік жалғаулары лөр, дөр, төр деп оқылады деген ереже қажет. Осы өрге, үнде, үште сияқты бір буынды еріндік сөздерге жалғанған септік жалғауы да еріндік болып: өргө, үндө, үштө деп оқылады деген қағидат керек-ақ. 

Немесе еріндіктен басталатын өр, үн, үш сынды бір буынды сөздерге жалғау мен жұрнақ ерін үндестігін сақтап жалғанады деген арнайы ереже шығарған жөн. Өйткені, бір буынды еріндіктерден кейін езуліктің жазылуынан құтылатын іс-әрекет қажет-ақ. Бұл үшін Бірізге түскен транскрипция керек. Итті «Шошқа» деп жазып, оны Ит деп оқып, айтып жүргеніміз санаулы. Орыс тілді қазақтар «лақ» сөзін «ылақ» деп емес, «лақ» деп айтады. Бұл транскрипция керектігінің бір ғана мысалы. Тағы бір мысалы Дауыл, Дәурен секілді сөздердегі ау мен әу тіркесімінен кейін айтылатын ұ мен ө әріптерінің әлі күнге ы мен е болып жазылып келе жатқаны жаңа әліпби түзуде ескерілсе екен. Немесе қазіргі кирил үшін У дыбысынан кейін келетін ұ мен ө бұрын ы мен е  деп жазылды деген ереже де қажет. 

Олай етпесек, еріндіктерді жаңаша жазуда бүкіл жазу жүйесін бүлдіреміз. «Итті» «Шошқа» деп жазып, оқып, айтып жүргендер өре түрегеледі. Былайғы тіл маманы емес жұрттың басы қатады. Жаңа кирилде транцкрипцияға жол беріліп, ол мектеп оқулықтарына кірістірілсе, ұтар едік. Бізге бір ғана тілдік дүмпулі реформа керек. Ол У-дан, Л-дан, Р-дан, И мен Е-ден сөз басталмайды деген арнайы ереже де керек-ақ. Амал не бар күніміз тілшілерге түсіп отыр. Олар дүниенің бәрін бүлдіріп болды, «Бізге филолог емес, әліпби түзейтін фонолог керек! Әлемдік ғаламторға қазақ тілі еркін енетін камп бағдарламашысы жасаған Апострофсыз – Акутсыз әліпби қажет!». Елдің кеңесіне құлақ түре білетін фонолог пен камп бағдарламашысының бірлескен жұмысы ғана тығырықтан шығарады.

Ал, латынға орыс жазуындағы төл дыбысымыздың транскрипциясы негіз болуы керек. Сонда ұтылмаймыз. Орысша әріппен «құлын» деп жазып, [құлұн] деп транскрициясын көрсетсек, латын әліпбиінде «qulun» деп жазамыз. Ал, бүгінгі күні бізге латыншасын да «qulуn» деп жаз деп отыр. Не бетімізді айтайық бұндайға!?

«Әліпби жасауда ұлттық жазу үрдісіне әріп кіру үшін ол таңбалайтын дыбыстан басталатын сөз болуы керек» деген Әлемдік ғылыми қағида бар. Әрі «сөз басталмайтын төл әріп» деген бар. Қазір оған тек «Ң» әрпін ғана жатқызамыз солай ма? Жоқ оған Л, Р, У, И дауыссыздары және Е дауыстысы кіреді. Е дауыстысы сөз басында ІИЕ трифтонгісі құрамында алғашқы екеуі әлсіз соңғысы екпінді болып айтылады. Осы айтылым жойылып, Е әрпі жеке дыбысқа айналды. Ал, түрік пен әзербайжан тілінде жазудың кесірінен і мен ң дыбыстары жойылды. 

Сондықтан латынға көшкен кездегі сөздіктеде Ы мен І және Ұ мен Ү әріптерінен басталатын сөздерден кейін Ыл, Іл, Ыи, Іи, Ұл, Үл, Ұу, Үу түріндегі сөздеріміз жеке түзілуі керек. Ф мен В болса, оны латындық кіләбадан алып тастай алмаймыз.   Тек кирилде Ф мен В басталған сөздер П мен Б болып оқылады деген ереже әм F мен V тек ағылшынша қысқарған сөздер жазылады деген қағида керек. 

 «Латын әліпбиінде тіл ауыспайды, таңба ғана ауысады» деген Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов жобаны дайындау барысында ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық мүмкіндігі ескерілгенін айтқан болатын. Диаграф жалпы тілге қолайлы, әрі латын жазуын тұтынатын әлемнің бар елінде қазақ жазуы оңай оқылады. 

Осы мәселені «Әріп жетіспеу немесе қойыртпақталу проблемасы. Мына нұсқада да дәл алдыңғыдағыдай, классикалық 26 әріптен тұратын Сс, Хх, Ww әріптері әліпбиде мүлдем жоқ. Бұлай болғанда, Coca-Cola, Cadillac, Camry, Corolla секілді сауда маркаларын қалай таңбалап, дыбыстаймыз?.. Oxford, Lexus секілді бренд атаулары мен жалқы есімдерді жазып, атағанда, охуgen секілді химиялық элементтердің жартысынан көбінде кездесетін Хх әрпін қалай таңбалап, электр қуатының өлшемін білдіретін Watt (W) терминін қалай белгілейміз?..

Сосын кирилше Іі мен Ии әріптерінің жаңа нұсқадағы бас әріптері бірдей І болып таңбаланады. Олай болғанда, Инелік-Inelik, Ілгіш–Ilgish, Ине-Ine, Ит-It, Іскер-Isker, Ілім-Ilim, Ішу-Ish'у, Ін-In, т.б секілді сөздер бас әріппен жазылатын жағдайда қалай оқылады?» деп Нұраддин Садықов орынды көтерген.

Ал, соңғы екі нұсқада акут пен апостроф мәселесі көтерілді. Тағыда басы артық әріп қосуға жетелейтін идеялар айтыла басады. Нұраддин Садықов айтқаны орынды бір жақты етуіміз керек деп былай өз йоын өрілтеді: «Бағдарламалау тіліндегі проблемалар. Апострофты – акутқа ауыстыру бұл ешқандай да креативтілік емес, амалсыздықтан жүзеге асқан шара. Себебі, бұл «креативті» жобаны ұсынушы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өткізген жұмыс тобының жиынында акуттың (экуит) Unicode кодтау жүйесіндегі нақты орны туралы анықтап түсіндіріп бере алмады.». 

Қазіргі латындық негіздегі кіләбәда (клаватура) 26 әріптік перне бар. Енді кіләбәдағы Q W E R T Y U I O P A S D F G H J K L Z X C V B N M әріптеріне бұрынғы Ә, ң, ғ, ү, ұ, қ, ө, ш, ы, ж, у, и, з, г-мен таңбалау қосылады. Кіләбәда тек өз орнын a, e, t, I, o, k, i, n, m, d, b сынды 11 әрпіміз ғана еш өзгеріссіз тауып тұр. Бірақ қалған 17 әріп қайыра таңбалану керек. Осы қайыра таңбалану кезінде X мен С мен W дыбыстық таңбасыз жеке әріптерге айналмай, мүлдем бос қалып қойған. Сонда «H//h» әрпін «Ш» мен «Ч»-ны SH, CH деп таңбалауға қиғандар төл и мен кірме й әрпіне бір таңбаны береді. Не сол кірме й-ді алып тастау керек деп те айтпайды. Нұраддин орынды сөз еткен таңбалаудан тыс қалған қазіргі бос әріптер Х, W және C әріптері және ендігі жерде қазақ үшін  бос әріптер болып табылатын V мен F жиыны осы бесеуінің проблемасы түпкілікті шешілуі керек. Х, W және C әріптері әлемдік қалыптасқан қысқарған сөздерде, сауда маркаларында т.б. танымал сөздерде шығу төркіні бойынша жазылып, қазақша әуезеленеді деген арнайы ереже керек. 

Латында қазақ үшін V мен F және H ұлттық сөйлеу тілімізде жоқ, әліпбиімізге кірмейтін бос әріп болып табылады. Осы дыбыстары бар өзге тілде сөйлейтін болсаң, V мен F және H айтып, сөйлеп жаза бер. Ешкім қолыңды қақпайды. 

Соңғы делінетін нұсқада H, W және C бос қалып отыр дейді Нұраддин Садықов. Ал осы әріптердің бірі х диаграфқа сұранып тұр. Бұлай дейтініміз әріп басқан кезде қол кіләбәдағы үш перне қатардан ауытқымау керек. Одан ауытқыса, адамның басу мүмкіндігі төмендейді. W және C әріптері төл У және Ш дыбыстарын таңбалауға бейім. Ax, nx, ix, gx, ux, ox деп ә, ң, и, ғ, ү және ө дыбыстарын таңбалауымыз дұрыс. Өйткені, жаңа қазақ әліпбиі үшін х бос әріп. Орсыша атар болсақ «ь». Өмірі орысқа еліктеумен келеміз «ъ»  мен «ь» бар солардан бір үлгі алайықшы!

Камптық  бағдарлама тілі екінші және үшінші нұсқадағы әріптерді оқымайды. Әрі оларды қайыра бағдарламалаудың машақаты көп. Қосар әріп бұрын болмаса енді болды, араб жазуында бір әріпті сөз басы, сөз ортасы әм сөз соңы деп үш түрлі жаздық емес пе? Несіне қосар әріпке үрке қараймыз?!

Төл жазу – тәуелсіздіктің белгісі, 28 дыбыс ұлттық келбетіміз, оны ата-бабамыз айтпаған дыбыстармен қойыртпақтау, әрі алашқа керексіз әріпті білгіштіктің жөні осы екен деп тықпалау құлдық сананың көрінісі. 

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

38 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576