Президентіңіз кім, Бекетаев мырза?
"Азаттық" тілшілері Астанадағы ақ жағалылардың арасынан мемлекеттік тілге тілі мүкіс министр Марат Бекетаевты ұстап алып, ел-халық қызу талқылаған әлгі 184 Жарлықтың жай-жапсарын сұрапты. Соңғы сөз кімде деген жалқы сұрақ қойыпты. Мынау министр мен тілші арасындағы аз ғана диалог:
Тілші: - Ал егер Тұңғыш президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы президент ұсынған кандидатурамен келіспейтін болса, осы мәселе Заңда жазылған ба? Қалай болады?
Министр: - Жоқ, Жарлықта ол процедураның барлық тетіктері нақты реттелген ғой...Ол жерде шешім қабылдағанға дейінгі кеңесу мәселесі қаралған. Сондықтан, кеңесу барысында барлық пікір қайшылықтары шешілуі керек.
Тілші: - Соңғы сөз кімдікі болады?
Министр: - Соңғы сөз Қауіпсіздік кеңесінікі болады. Бұл ұжымдық (коллегиалды) орган. Қауіпсіздік кеңесіінң отырыстарына Елбасы төрағалық етеді. Сондықтан барлық мәселе ашық шешіледі.
Басқа тілші: - Министр ретіндегі өкілеттігіңізді әрі қарай ұзарту немесе ұзартпау мәселесін кім қарайды? Президент пе, әлде Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ма?
Министр: - Президент қарайды!
Басқа тілші: - Ал бірақ бекітетін кім?
Министр: - (Ойланып тұрып қалды да...) Президент.
Басқа тілші: - Сіз айттыңыз ғой, "соңғы сөз Қауіпсіздік кеңесінде" деп...
Министр: - Осы заң жақсылап оқып жіберсеңіз, сіз өзіңіз қарап шығыңыз. Біріншіден, сұрақ қойғанға дейін, осы заңды жақсылап тексеруіңіз қажет.
Басқа тілші: - Ол жерде Қорғаныс министрі, Сыртқы істер министрі, басқа министрлер ең соңында Қауіпсіздік кеңесі төрағасының бекітуімен деп айтылған ғой.
Министр: - Жоқ. Заңда нақты тізім бекітілген. Тағы сұрақтар...
Біз ҚР Әділет министрі Марат мырза Бекетаевтың тілшілермен тілдесуін қаз-қалпында жариялап отырмыз. Өз сөзі. Өз пікірі! "Соңғы сөз Қауіпсіздік кеңесінде". Ұқтық!
Мемлекеттік тілде екі ауыз сөзді ежіктеп, әрең сөйлеген министрдің бұл пікіріне Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мырза да жауап айтыпты. Берік мырзаның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президентпен кадр мәселесін ақылдасады. Бірақ, соңғы шешімді өзі қабылдайды.
"Әділет министрінің пікірін сауатсыз деп есептеймін. Бәлкім, журналистердің нөпір сауалдарынан Марат Бекетаев сасқалақтап қалып, бұрыс пікір айтқан болар. Бірақ, бұл да таң қаларлық жағдай. Себебі, сондай лауазымды қызметтегі, сондай деңгейдегі тұлға өзінің функционалды қызметіне қатысты кез келген сұраққа кез келген уақытта нақты әрі кәсіби жауап бере білуі керек", депті.
Сондай-ақ, Берік Уәли мырза Президент пен Елбасының құқықтары туралы да айтыпты. "Конституция негізгі Заң. Ал онда Мемлекет басшысының қызметі мен құзыреті нақты жазылған", депті.
Ол бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Президент ретінде, Мемлекеттің лауазымды тұлғасы ретінде, Конституцияның кепілі ретінде, Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде негізгі Заңды (Конституцияны) басшылыққа ала отырып, өзіне бағынатын Үкімет құрамын бекіту, күштік құрылымдар мен өзге де ведомство басшыларын, өңір басшыларын тағайындау туралы барлық шешімді шығарады.
Түйін. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мырза "соңғы сөз - Президентте" дейді. Ал Әділет министрі Марат Бекетаев мырза "соңғы сөз - экс-президент басқаратын органда" дейді.
Бізше болса да, соңғы сөз - Президентте болуы керек-ақ! Себебі, Ол - легитимді президент. Конституция мен халық таңдауының кепілі! Әйтпегенде, әлгінде айтып жүрген "қосар билік" дегеніңіз сол болып шықпай ма?!.
Ал Қазақстанда қос биліктің болмайтынын қазіргі президент те, экс-президент те бірнеше рет қайталап айтты. Тіпті, сол Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі "бәріміз президентке қызмет қыламыз" деп сөйлеген. Есімізде! Ендеше, министр Марат Бекетаевтың бұл сөзін қалай түсінбек керек?
Әлде, Берік Уәли мырза айтпақшы, министр Бекетаев тілшілердің төпесінен "нокаут" алып, президентін танымай қалды ма? Бәлкім, таныған да шығар... Не де болса ойындағысын айтты.
Тақырыпқа тұздық ретінде айтайық, дәл осы министр Марат Бекетаевты ел-жұртқа қадір-сыйы артқан адам деп және айта алмаймыз. Астанадағы ақ жағалылардың арасындағы репутациясын қайдам, әйтеуір ел ішінде екінің-бірі танып, "бәрекелділеп" жүргенін естімептік. Ана тілінде екі ауыз сөзді ежіктеп сөйлейтін бұл кісі басында тіпті қазақша сөйлей алмай, масқара болған. "Қысылғаннан қыз болдым" дегендей, ақыры "6 айда қазақша сөйлеп шығамын" деп уәде беріп құтылған. Одан бері неше жыл өтті. Нәтижесін жоғарыдағы шап-шағын диалогтан естіп-көрдіңіздер.
Ендігісі анау, әне. Керемет кәсіби адам деген Әділет министрі не Заң мен Жарлықтың құзыретін білмейді, не Президент пен Елбасының статусын ажырата алмайды. Әйтпесе, жоғарыдағы пікірін қалай түсінеміз?..
Сонымен, біздегі жалқы сұрақ мынау: Сіздің президентіңіз кім, Бекетаев мырза?
Abai.kz