Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3252 0 пікір 11 Тамыз, 2011 сағат 04:41

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. АҚИҚАТТЫ ТАНУ – ДАНАЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

(ғылыми-танымдық эссе)

(ғылыми-танымдық эссе)

Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 547 жылы Ежелгі Грекияда «Табиғат әлем туралы» атты алғашқы ғылыми кітап жарыққа шыққан екен. Кітапты Милет қаласының тұрғыны, ғалым  Анаксимандр жазған. 2008 жылы аталмыш туындының басылып шыққанына 2555 жыл толуына орай мерейтойы аталғаны белгілі. Алайда, бұл дерек ғылымның пайда болғанына да осыншама мерзім өткендігін білдірмесе керек. Анаксимандрдың шәкірттерінің баршылығын ескерсек, өзінен бұрын жасаған ұстаздарының да болғаны анық. Оған негіз болатын бір жайтқа келсек, аталмыш кітаптің шығуынан отыз шақты жыл бұрын Милет қаласының тұрғындары күннің тұтылуын көріп таң қалысыпты. Олардың таңданыстары күннің тұтылғандығында емес, дәл осы күні осылай боларын Фалес деген жанның алдын ала айтып, ескертуінде еді. Ал, сол Фалесті әлемдегі тұңғыш ғалым деуге тағы негіз жоқ. Өйткені, оның да ұстаздары бар. Фалес желкенді кемемен Мысырға саяхат жасап, пирамиданың биіктігін оның көлеңкесі арқылы өлшеп, есептейтін тәсілді үйренген көрінеді. Вавилонға барған кезекті сапарының бірінде ол күн мен айдың тұтылу мерзімін алдын ала анықтайтын астрология ғылымын меңгерген. Олай болса, ғылым алғаш Милет қаласында пайда болмады. Әлде бір өзге жақтан әкелінді. Теңіз және құрғақ жермен қатынауға қолайлы тоғыз жолдың торабында орналасуы Милетке келетін жат жұрттықтарды қаптатып, қозғалыс пен сапырылысты көбейткендігіне қарамастан.

Вавилондағы ғибадатханалардың өзі көрсе көз тойдыратын, көңілге қуаныш сыйлайтын өнер туынды іспетті бой түзеген кезең. Сәулет өнерінің осынау ғажайып көріністерін тамашалаған сол дәуірдегілердің көкейлеріне әлем, ғаламшар бейнесі еріксіз оралады екен. Онда тау ордасы, әлем ордасы аталатын ғажайып сәнді ғибадатханалар болғаны тарихтан мәлім.  Ғибадатхананың жеті мұнарасы көкке ұмтылған алып сатының баспалдақтары іспетті көрінер еді. Ежелгі Вавилон сәулетшілері көзге көрінетін бес ғаламшарға күн мен айды қосып аспан әлемі денелерін жетеу деп баспалдақ санын да соған сәйкестірген көрінеді. Ауласындағы мәрмәр тастардан жасалған су қоймасының түбіне үңілген адам бейнебір табиғи өзеннің арнасын көргендей болар еді. Оның мәні вавилондықтардың әлемді судан жаратылған деп білетін сенім-нанымдарында болса керек.

Ғибадатхананың биік дуалының сыртында мектеп, зертхана, кітапхана, мұражай орналасқан. Мектепте бүлдіршіндер білім алуға талаптанып, ұстаздарының қасында балшық дәптерлерін ұстап отырған. Ол дәуірде қағаз жасаудың ауылы тым алыста болатын. Кітапхана сөрелерінде де балшық тақталардан жасалған кітап, құралдар сіресіп тұрған. Сол кітаптарда адам баласының мыңдаған жылдар бойғы ақыл ойлары мен даналықтары қашалып сызылған еді. Олардың бірінде «жоғарыда аспанның, төменде қара жердің аты жоқ кезде...» деп тарихты таратса, келесі бірінде жұлдыздар әлемі, жеті қарақшы, ғаламшар, жыл, ай, күндерді санау, құс жолы, күн мен айдың тұтылу себептері секілді жайларды түсіндірген.

Кітапханада әртүрлі анықтамалық жазбалар болды. Түрлі елдер, тау-тас, өзен-көлдер, арық-арналар, ғибадатханалар тізімі жасалып көрсетілген. Түсіндірме сөздіктер, тіл ережелерінің жинақтары да орын алған. Сондай-ақ, медициналық анықтамалар, алғашқы географиялық карта да болған. Картада жершары домалақ емес, дөңгелек формада көрініс тапқан. Сол дөңгелекті «тұзды өзен» деп аталған мұхиттармен қоршаған. Құрғақ жердің ортасына тау салып, одан Еуфрат өзеннің ағып шыққанын көрсеткен. Дарияның екі жағалауын айналдыра кішкентай қоршауларды салғаны әлем елдері ретінде белгіленген.

Кітапханада жануарлар әлемі туралы кітап та болған екен. Онда аңдар, жануар, жәндіктер жіктелгенде қанаттылар, балықтар, төрт аяқтылар деген жалпы үш топқа бөлінген. Төрт аяқтыларға ит, есек, сиырды ғана жатқызған. Вавилондықтар сол кезеңде көшпенділердің жан серігі жылқыны әлі танып білмеген болса керек. Соған қарамастан тағы онда математика кітабы болғаны назар аудартады. Олар есептің төрт амалының сыртында оны квадратқа көшіруді, түбір астындағы санды есептеуді, теңестіруді, шеңбердің кеңдік көлемін диаметрге бөлуді де білген. Қазірдің өзінде біз шеңберді 360 градусқа, жылды 12 айға, тәулікті 24  сағатқа, сағатты 60 минутқа бөлеміз. Олай болса, вавилондықтарды ұстаз санамасқа амалымыз бар ма?!

Алайда, олардың ғылыммен айналысатындары ғибадатхана маңындағы діндарлар болатын. Неге? Жер көлемін өлшеу, хат жазу, есеп шығарумен айналысып күн көру ол тұста мүмкін болмаса керек. Ғибадатхана ғалымдар үшін табыс көзі болды. Шәкірттері де сол жолмен жүрді. Діни уағыз айтып, құлшылық жасай отырып, ғылыми-зерттеумен шұғылданды. Ғылым мен діннің мидай араласып жатқан тұсында осылай күн көрмеске лажы да жоқ еді. Мыңдаған жылдардан кейін Вавилонның діни қағидалары емес, ғылымы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, күнтізбе, математика оқулықтары алға шықты. Алайда, оны қазіргімен салыстыру, әрине, мүмкін болмасы анық. Технологияның жетілген заманында олардың балшық тақталарын кітап қатарына жатқыза алмасымыз хақ. Оны оқудың амалын үйренсек те мазмұнын түсіну оңайға соқпас. Оның сыртында мыңдаған дәуір бұрын өмір сүрген жандар дәл қазіргі біздей ойлап, толғанбаса керек. Оны әлемнің кез келген тіліне аудара салу оңай болғанымен сонау көне замандағы адамдардың психологиясын бүгінгіге көшіру күрделі екені анық.

Апсу аспан-тәңір қосағы Тиаматпен бірігіп Мардук  аспан-тәңір деген ұлымен шайқасады. Мардук Апсуды өлтіріп, Тиаматты бөлшектеп кесіп, бірімен аспанды, екіншісімен жерді жартты. Сол тұстағы кітапта осылай баяндалады. Олар түпсіз тұңғиық көк аспанды Апсу әке, топырағы киелі қара жерді Тиамат ана деп білген. Көне дәуірдегілер әлде бір заттың қалай пайда болғанына емес, кімнен жаралғанына аса мән берсе керек.

Уақытты өлшеу жағынан келгенде, мысырлықтар да керемет болған. Оларда су сағаты та болған көрінеді. Яғни, ыдыстан тамшылаған тамшының санымен уақыт өлшеуді су сағаты деп атаған. Мысырлықтар қолданған күнтізбенің өзі қазіргі біз қолданатын календардан еш айырмасы болған жоқ. Жыл онекі айдан, ай отыз күннен тұрады. Оған жетпейтін бес тәулікті қосады да жылды 365 қонақтан құралады деп есептеген. Мысырлықтардың күнтізбеге осыншама ерекше мән беруінің өзіндік сыры бар еді. Себебі, Ніл дариясының таситын кезеңін дәлме дәл біліп отырулары қажет болған. Адамның тұрмыстық қажеттігі осылайша ғылымды алға сүйреумен келеді.

Гректің Эллад қаласының тұрғындары да жоғарыда аталған милеттіктермен тілдері, салт саналары, діни сенім нанымдары ұқсас жұрт болған. Гомер жырлары оларға да ортақ. Гомер жырларын қазіргі заман биігінен қарасақ, дін-ғылым-поэзия деген ошақтың үш тағанын көргендей боламыз. «Илиада» мен «Одиссейді» алайық. Жалпы Гомер шығармашылығын діннен бөліп қарай алмайсың. Ахилл батырға сауыт-сайман соғып беретін алып ұстаны Гефест құдай демейтін бе еді.  «Одиссейде» Гомердің боранды бейнелеуі тым күрделі. Оны жай бір жел емес, тәңірлік сипатта бейнелейді.

Ежелгі Гректе Гесиод деген қараша халықтан шыққан ақын болады. Ол билеуші топтардың той-жиындарына бармайды. Өлең, жырларын қарапайым шаруалардың үйлеріне барып оқиды. Аңызда айтылған дерекке қарағанда, Гесиодтың туған жері өнер құдіретіне бөленген киелі мекен көрінеді. Алайда, ақын сол тұстағы саз аспабы лирді ұстап әнге салмады, тіпті оны ойнаған де емес, ағаш таяғымен жерді сабалап тұрып-ақ жырларын жатқа соғады екен. Өлеңдерінің өзі қарапайым тіпті қарабайырлау деуге де боларлық. «Жұлдыз жамырағанша жер жырт, таң шапағымен егін ор. Қыста кемеңді тасқа байла, мұхит толқыны алып кетпесін. Ескегіңді отқа қыздыр, сонда ол тез кебеді». Міне, осындай жолдарды Гесиод мәнерлеп оқиды екен. Алайда, осының өзін айналасы аузын ашып, көзін жұмып тыңдайтын болған.

Гомер поэзиясында Құдай атаулының бәрі белгілі бір адам кейпінде бейнеленсе, Гесиод оны бір ғана мінезден айнымайтын құпия сырға толы құдірет етіп көрсетті. Қысқасы, алыс ауыл мен қала, сауда орталықтары, кеме тұрақтарында оқылатын өлең мен айтылатын әндердің арасында елеулі айырмашылықтар мен өзгеше таным пайда болған.

Милет қаласы тоғыз жолдың торабындағы тірлігі қайнаған ірі орта. Теңіз бен мұхит түрлі елдердің өзара жақындауына мүмкіндік берді. Онда жат жұрттықтар да жыртылып айырылады. Санқилы тілдер, салт дәстүр, діни сенім мидай араласып жатты. Талай елдің дәмін татып, көз ашқан саудагерлер мен кеме саяхатшылары сиқырлы әрі шытырман оқиғасы көп аңыз-әпсанаға күмәнмен қарайтын жағдайға жеткен.

Бірде Гекатей деген милеттік ержүрек жігіт тауға шығып, үңгір іздейді. Ол бала кезінде жер асты әлеміне баратын екі жол осы үңгірде деп естиді екен. Жолдың бір аузы солтүстік жақтағы Левкада тауында, келесісі оңтүстік Тенерай жағында. Ол Тенерайдан аса ірі үңгір тауып, қолына шырақ ұстап кіреді. Ертеде мұнда үш басы бар, құйыршығы жылан іспетті Цербер деген сұмдық ит үңгірді күзетеді деп естіген-ді. Бірақ, Гекатей ондай аңызға сенбеді. Ол үңгірдің айналасын түгел тінтіп шығады. Шырақтың жарығы бұрынғы қорқынышқа толы аңыз-әпсананы мүлде жоққа шығарады.

Гекатей үңгірден шыққан соң өзін күткен жандарға онда жыландар мен жарқанаттан өзге ешнәрсенің жоқтығын айтады. Бұрын үңгірге кіргендер жыланды алып мақұлықтың құйыршығына балап, қорыққанға қос көрінгені белгілі болады. Осылайша, адам баласы ертегідегі таңғажайып әпсананы қарудың күшімен емес, күдікті ойдың арқасында танып, маңызын жойған екен. Кейін Гекатай өз кітабын «Гректердің әлемді тануы күдікке толы әрі күлкілі ойға жетеледі» деген жолдармен бастаған екен.

Алайда, Гекатей мыңмен жалғыз алысып, тыңнан түрен салған жоқ. Одан көп жыл бұрын өзгеше ойлап, басқаша пайымдайтын адамдар дүниеге келген еді. Ол грек жұртының тұңғыш ғалымы Фалес пен Анаксимандр болатын.

Гректің тұңғыш ғалымының жазған кітабы біздің дәуірімізге толықтай жетпесе де келер ұрпақты батыл да тың ойларға үндеп, ой салғандығымен ерекшеленеді. Оның әр жолы жұрт санасында қалыптасқан керітартпалықты, қараңғылықты мансұқтады. Алайда, артта қалушылар қай дәуірде оңайлықпен беріле салушы еді?! Санасыз сауатсыздар мен керітартпа надандар тың жаңалыққа өлердей өшігіп, кітап құралдарды өртеуден де қаймықпады.

Фалес - Ежелгі Гректегі жеті керемет данышпанның бірі болып табылады. Алайда, кезінде өз тұстастары оны күлкіге айналдырып, әжуалайды екен. Оның аспан әлеміне көз салып, жұлдыздарды бақылайтынын адамдар мүлде түсіне алмады. Бірде ол жұлдыздарды қарап келе жатып құдыққа түсіп кетеді. Осы кездейсоқтықты адамдар «аспандағыны көрем деп аяқ астындығысын аңғармайтын алаңғасырлыққа» балады. Алайда, ол шын мәнінде жермен де, мұхит жолдарымен де әлемді аралаған айтулы саяхатшы болатын.

Фалес сауда-саттық саласына да ебі бар, инженерлік білімнен құралақан емес жан болған. Оның алғырлығын паш еткен мына бір жайға тоқтала кетейік.

Бір жылдары Фалес аспан әлеміне көз салып жүріп жерлестеріне күзде зәйтүннен алатын түсімнің мол болатындығын айтады. Зәйтүн егетіндер күмәнданып, онымен бәс тігеді, Флес егер айтқаны келмесе бар дәулетін беруге келіседі. Зәйтүн жинаған кезде расында Фалес айтқандай түсім өте көп болады. Оның майы аса өтімді болғандықтан бәс тігушілер де мол пайдаға кенеліп, олардың арқасында философ ғалымның да мұрты майланады. Алайда, ол ғалымның мақсаты пайда көздеу емес деп көбісінен бас тартқан деседі.

Фалестің ғылымда ашқан басты жаңалығы жыл мерзімінің күнтізбесін жасап, бір жылды 365 күнге бөлген. Онысы кезінде Мысырда білім алғандығының жемісі болатын. Сонымен қатар ол теңізшілердің жол бағытын айқындайтын құрылғы да ойлап тапқан. Күн сәулесінің көлбеу кескін сызығы аспан әлемі шеңберінің жетіжүз жиырмасының бірімен тең келеді деген есептік болжам жасаған. Оны ол вавилондықтардың ұғымына негіздеген. Алайда, Фалестің кейбір көзқарастары тым балаң әрі аңғал көрінеді дегенді материалист философтар жиі жазатын. Фалес әлемде сансыз рух пен сайтан және құдайлар бар деп санап, темірдің магнитке тартылуын рухпен байланыстырды. Дегенмен ол күннің тұтылуын алдын ала болжай білді. Пирамиданың көлеңкесі арқылы оның биіктігін анықтады. Мысырлықтан геометрияны үйреніп оны отанына әкелген ең алғашқы грек те осы Фалес болатын. Соған қарамастан ол жерді су бетіндегі дөңгелек ағаш іспетті елестетті. Мұхит толқығанда жер қозғалады деп есептеді. Сол тұстағы вавилондықтардың пайымы да осындай болатын. Күллі дүниенің қайнар көзі су дегенді Фалес ұстанды.

Ол жат жұрттан еліне білім мен ғылымның негіздерін әкелгенімен оның бәріне соқырлықпен мойынсынбады. Керісінше, өзіндік пайымдары мен көзқарасы болды. Айталық, вавилондықтар су тәңірі әйел құдай Тиамат деп білсе, Фалес суды элемент деп таныды. Олар ғарыш иесі Апсу құдай десе, Фалес аспан әлемін шексіз бос кеңістік деп білді.

Мысырлықтар көк аспан мен қара жерді  обьективті тұрғыдан қарастырса, вавилондықтар оған құдайдың бейнесі ретінде қарады. Фалес мысырлықтардың өзіндік ойы бар ақылды шәкірті бола білді. Ол әлемді кім қалай жаратты дегеннен гөрі ол қайдан қалай пайда болды дегенге зер салуы арқылы ғылымға сүйеніп, шындыққа бір табан жақындады.

Дүние әлемінің судан жаратылғандығын Фалес дәлелдеген. Себебі, ол қайда барса да үнемі сумен жүздесуге болатындығын тілге тиек еткен. «Су - үнемі қозғалыста болатын зат. Сондықтан, жер әлемі де қозғалыс үстінде болады. Сусыз тіршілік жоқ, бәрі судан жаратылады және кейін қайтадан суға айналады. Дүниеде еш нәрсе жоқтан пайда болмайды және мүлде құрып кетпейді. Материя да мәңгі өзгеріс үстінде әрі жоқтан пайда болмағаны секілді құрып та кетпейді» деп кітабын аяқтаған көрінеді, ол. Бұған кезінде марксистер бөріктерін аспанға атып қуанған. Ал, идеалистердің не дегенінен бейхабар екенмін. Қалай болғанда да ғылымның аты ғылым. Ақиқатты тану, даналыққа жету үшін ғылымға талаптануды дәстүрлі діндердің бәрінің уағыздауы кездейсоқтық емес болар.

Астана

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527