Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Құйылсын көшің 10591 23 пікір 29 Қазан, 2019 сағат 12:07

Ауыт Мұқибек: Көші-қонның күн тәртібіндегі жеті проблемасы президентке жетті

Өткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірқатар өкілдерін Ақордада қабылдады. Кеңестің жұмыс жайы, жоспар-міндеті туралы әңгімелесті.Президент қабылдауында «Abai.kz» ақпараттық порталының тұрақты авторы, ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек те болып қайтқан. Біз бүгін Ауыт Мұқибек мырзаны сөзге тартып, сол жолғы кездесудің әужайын әңгімеледік.

- Ауыт аға, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен жеке-жеке кездесулер өткізіп жатыр. Өткен аптада президент жанынан құрылған сол кеңестің өкілі ретінде сіз де президент қабылдауында болдыңыз. 

Әлеуметтік желіде өзіңіз «Мемлекет басшысына жеткізсем деген жеті ұсынысымды толық жеткіздім. Ешқандай шектеу болған жоқ» деп жаздыңыз. Әуелі сол жеті ұсыныс туралы айтайықшы...

-Еш құпиясы жоқ. Алдымен, уақыт бөліп, жеке қабылдағаны үшін президент Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтам. Мемлекет басшысының бұл қабылдауы – жеке мен үшін ғана емес, барша қандастарыңыз үшін де зор мәртебе, қамқорлық деп білем. Әсіресе, жақында өзі ресми сапармен барып келген Қытай Халық Республикасында ауыр саяси қысым астында тұрып жатқан екі милионға жуық қазақтың рухын көтеруге, тағдырын шешуге өз септігін тигізеді деп сенем.

Өзіңіз жақсы білесіз, президенттің әр минуты есептеулі. Қабылдауды ұйымдастырған Ерлан Қарин мырзаның маған алдын-ала айтуы бойынша, кездесу 15-20 минутқа жоспарланған болатын. Бірақ, соған қарамастан, президентпен әңгімеміз жарты сағатқа созылды. Уақыт шектемесін ескеріп, мен де барынша жинақы сөйлеуге, нақты ұсыныстарды дәлелімен айтуға, қазақ көшіне байланысты, күрмеуін шешілуі тиіс, күн тәртібінде тұрған түйіндерді толық қамтуға тырыстым. Шынымды айтсам, бір айдан артық уақыт жазып-сызып дайындалдым.

Енді ұсыныстарға келсек, ең алдымен президенттің «Оралман» атауын «Қандас» деп өзгертуге өзінің ерекше ықылас аударып, пәрмен бергеніне рахмет айтудан бастадым. Соған жалғас, бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасына қатысты үш мәселені көтердім.

Оның біріншісі, Қандастарымызға Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін туған жерін тұрғылықты жеріне бір рет  өзгертіп жазуына мүмкіндік беру туралы ұсыныс.

Өзіңіз жақсы білесіз, осы мәселеге байланысты «Abai.kz» сайытында үш мақала жазып, жарияладым. Қандастарымыздың туған жерін өзгертіп жазу туралы сонда айтылған уәждерді баяндадым.

Екіншісі, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 48 және 49-бабында қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұру, ҚР азаматтығына құжат тапсыру кезінде басты кедергі болып келген қатаң нормалар бар. Әкімшілік құқық бұзу бойынша жауапқа тартылып, сот шешімімен шара қолданылған қандастарымыз ұзақ уақыт құжаттарын реттей алмай қалады. Сол үшін, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 517-бабындағы  шетелдіктердің әкімшілік құқық бұзғаны үшін оларды он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу, Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберу,  бес жылға дейін қайта келуге шектеу қою және бір жылға дейін тұрақты тіркеуге тұру құқығынан айыру жазасын Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары мен этникалық қазақтарға қолданбау жайлы айтылды. Себебі, бұл жаза тұрақты тұру мақсатында келген отбасы мүшелерінің екі елде бөлініп қалуына әкеп соқтырады.

Үшіншісі, «Жер кодексінің» 37, 46, 100-баптарындағы «Оралмандарға» деген сөзден кейін «және Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға;» деген сөйлемді қосып, шеттегі этникалық қазақтарға да жердің пайдалану құқығын беруді ұсындым.

Мұның бәрі – президенттің алдына қойған бірінші үлкен ұсынысым.

- Президент бұл ұсыныстарыңызды қалай қабылдады?

- Бек риза көңілмен айта кетейін, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл үш мәселенің үшеуін де ерекше ықыласпен тыңдады. Бір-бірлеп талдап, өз ойын ашық айтты.

Нақтылай түссем, жалпы кездесудің барысында қандастарымыздың туған жерін тұрғылықты жеріне өзгертіп жазу жайлы бірінші ұсынысқа үш рет қайырылып, соңында «Ойланатын мәселе, ақылдасамыз!» деді. Ал, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі туралы да осы сөзді айтты. Президенттің ерекше ықыласын аударған - «Жер кодексіне» қатысты мәселе болды деп ойлаймын.

- Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге қатысты мораторий енгізу туралы Жарлық бар емес пе? «Оралман» мәртебесін алған қандастарымыз да шетел азаматы ғой?

- Дұрыс айтасыз. Бірақ, ол мораторийдың «Жер кодексінің» 37, 46, 100-баптарындағы «Оралмандарға» жер беру туралы нормаларына қатысы жоқ. Бұл баптар өз күшінде тұр. Мәжілісте талқыланып жатқан Заң жобасына бұл ұсынысты депутат Бекболат Тілеухан арқылы ұсындырып, Жұмыс тобының жетінші отырысында талқыға салдырғам. Шынын айтсам, депутаттар маңызына соншалық мән бере қойған жоқ. Сегізінші отырысқа жетпей, депутат бұл ұсынысын қайтарып алды. Нақтылап айтсам, қайтарып алдырды.

Егер, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға Жер телімдерінің пайдалану құқығын беру жобасы іске асса, Елімізге шеттегі қазақтардың әлеуетінен пайдалану мүмкіндігі туады. Олар Қазақстанға келіп, кәсіпорындар құра алады. Жұмыс көздері ашылады...

Тіпті, өзі тұрған елдердегі өзге ұлттар этникалық қазақтар арқылы Қазақстанға қаржы сала бастайды. Сонымен бірге, қазір «Отандастар қоры» «Этникалық қазақтарды мемлекеттік қолдау туралы» Заң жобасын дайындап жатыр. Аталған заң аясында «Қазақ картасы» деген ұғымды енгізгізу жағын қарастыруда. «Қазақ картасын» алған этникалық қазақтар жеңілдік алып, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзе алады. Сөйтіп, отандық өнімді өз елдеріне апарып, үлкен нарықта еркін сатуға кең жол ашылады...

Депутаттың ұсынысын «қайтарып алуын» тілге тиек ете отырып, президентке осы ойымды еркін жеткіздім. Сондай-ақ, кезінде Дэн Сяопиннің теңіз жағалауындағы аудандарды «Ашық район» етіп, шетелдік қытайларға кәсіпорын құруға мүмкіндік бергенін де есіне салдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Түркиядағы қазақтардың тері өңдеу зауыттарын ашқалы келіп, тауы шағылып қайтқанын да айтып үлгірдім.

Жалпы, біз шеттегі қандастарымызбен байланыс жасаудың және ол байланысты үзбеудің жолын жан-жақтылы қарастырғанымыз жөн. Ол – мәдени шаралармен ғана шектелмей, экономикалық жақтан да қарастырылуы тиіс. Қандастарымыздың екі ел арасында емін-еркін қатынасып тұруы үшін, бұрын «Ықтияр хат» берілді. Соңғы жылдары ол «Ықтияр хат» кейбір елдердегі қазақтарға «бәле» болып жабысты. Сұраққа тартылды, лагерлерге қамалды дегендей...

Демек, мен ұсынып отырған жоба шеттегі қандастарымыздың беделін көтереді. Одан да маңыздысы, отандастары этникалық қазақтарға мүдделі болады.

Президент бұл жобаның маңызын бірден түсінді. Жерге қатысты өз ойын да айтты. Қасында отырған Ерлан Қаринге қарап, «Өте жақсы ұсыныс. Дегенмен, қиындығы да бар. Бірақ, сөзсіз ескерілетін болады» деді.

- Әрі қарай...

- Келесі мәселе - «Оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 Қаулысына сай, көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандырудың жаңа механизмін жасау туралы.

Үкімет Қаулысына сай, көшіп келушілер мен қоныс аударушылар үшін 2017 және 2018 жылы 3182 отбасына арнайы квота бөлінді. 2019 жылы 9873 адамға квота қарастырылды. Бәрін қосқанда, мөлшермен 25 000 адам шамасында. Олардың кері көшіп жатқандары да аз емес.

Ал, 2017 жылы 37 700, 2018 жылы 41 900, 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында 31 287 адам шетелге қоныс аударған. Олардың басым бөлігі осы өңірлерге тиесілі. Демек, шекаралық аймақтардағы ауылдар тұрғынсыз қалып жатыр. Егер, біз Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударушылар мен көшіп келушілерді үш жылдан бері қолданып келе жатқан осы тәртіппен көшірсек, нәтижесі көңіл көншітпейтіні белгілі.

Осы түйіндерді баяндай келіп, аталған өңірлерге көшіру жұмысын жекеменшік компанияларға тендермен беру арқылы жүзеге асыруды ұсындым.

Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі шеттен келіп, дайындық курсын оқитын этникалық қазақ студенттерді Үкімет айқындаған осы өңірлерден оқуға басымдық беруі және олар ЖОО-на түскен жағдайда, оларды Үкімет айқындаған өңірлерден оқуға ынталандыруы керектігін де айттым. Ол үшін, жоғары шәкіртақы тағайындау, жұмысқа орналастыру және баспанамен қамдау мәселесін облыс әкімдері кешенді түрде шешу тиіс екенін, сөйтіп  жастарды жеті облысқа бірден қоныстанып қалуға шарт-жағдай жасағаны жөн екеніне де президент назарын аудардым.

Осыған байланысты, тағы бір ұсыныс - Қазақстан Республикасының «Қайырымдылық туралы» заңының негізінде, қазақ көшіне байланысты арнайы қайырымдылық шараларын қарастыру мәселесі де сөз болды. Қазақтың ауқатты азаматтарының шетте жүрген қандастарын елге оралтуға, оралған жұртты Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыруға, ауыл құруға қаржы бөлетін мезгіл жеткенін мысалдармен айттым.

Президент мұқият тыңдап, «Құдай бұйырса, жасаймыз!» деді.

Төртіншісі ұсынысым – бұрынғы Көші-қон Агенттігін қайта құру туралы.

Бұл жөнінде, «Қазіргі таңда басқару жүйесінде жаңа Агенттік құру жоқ. Бірақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қоғау министрлігінің құрамындағы Көші-қон комитетін кеңейтіп, өз алдына бөлек комитет етіп құру жағын қарастыруға болады» деді, Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бесіншісі – 18 қарашаны – «Ұлттық көші-қон күні» мерекесі етіп белгілеу туралы.

1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №711 Қаулысының екі тілдегі көшірмесін ала барғам.

Осы Қауылының негізінде 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заң қабылданды, миллионнан астам қандасымыз Отанға оралғанын, біз «18 қарашаны» шетелде жүрген қазақтардың тағдыры шешілген тарихи күн деп есептейтінімізді, сол үшін бұл күннің тарихи маңызы төтенше зор екенін айтып, «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» ҚР Президентінің Жарлығына толықтыру енгізіп, 18 қарашаны – «Ұлттық көші-қон күні» мерекесі етіп белгілеуіңізді сұрадым.

Президент ескі құжатты парақтап, тақырыбын, кейбір беттерін дауыстап оқып, соңында Ерлан Тынымбайұлына берді. Ескеріледі деп сенем! 

Алтыншысы - Қытайдағы және Қытайдан көшіп келген қазақтар туралы.

Осы жерде мына үш түйінді ерекше атап өттім.

Оның біріншісі – Қытайдан көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастарымыздың ҚХР азаматтығынан шығу туралы; Екіншісі - «Отбасын біріктіру мақасатындағы шақырудың» Қытай жергілікті органдары жағынан қанағаттандырылмай жатқаны жайлы; Үшіншісі – және сол Қытайдан көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған қазақтардың Қытай визасын алуының қиындығы.

- Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жақында «Қытайда оқыту орталықтарында отырған этникалық қазақ жоқ. Бұл ақпарат расталды. Ол орталықтарда тек құқық бұзушылар ғана отыр... Бізге "бәрі жіберілді" деген ресми түрде ақпарат берілді» деп мәлімдеді ғой. Бұл туралы сөз болды ма?

-Ең бастысы, осы мәселелерге келгенде Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырза сақ және Қытай заңдарына сауаттырақ болғаны жөн. Қытай жағы берген мәліметтен гөрі, осындағы еңіреп жүрген жұрттың зары мен күпті көңіліне көбірек ден қоюы керек!

Мұны айтып отырған себебім, Мұхтар Тілеуберді мырза Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары болып тұрғанда, (жаңылмасам, 2018 жылғы 16 сәуірде) депутаттардың сұрағына жауап беріп жатып, «Олар тұрақты тіркеуден шықпағанына байланысты қамалып отыр. Себебі олар тұрақты тіркеуден шықпағандықтан қосымша әлеуметтік төлемдерді алып отырған. Сол себепті жергілікті билік бұған тыйым салып отыр. Осындай мәселелер туындап отыр...» дегені де бар.

«Қосымша әлеуметтік төлемдер» деп отырғаны – зейнетақы болса керек. Қытай заңы бойынша, Қытай мемлекетінің азаматтары қай елге қоныс аударса да зейнетақысы мен басқа да жәрдемақыларды алу құқығы бар.

Ал, Қытай Халық Республикасың қолданыстағы «Азаматтық туралы» заңының 9-бабында «Шетелге қоныстанған ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап, ҚХР азаматтығынан автоматты түрде шыққан болып есептеледі» деп, анық жазулы тұр.

Демек, Қытай Елшілігі Қазақстан азаматтығын алған қазақтарды соңғы кезде осы тәртіппен азаматтықтан шығармай, «Қос азаматтыққа» өздері итермелеп отыр. 25 жыл бойы атқарылып келген өз заңын өздері аяққа таптауда...

Бұл – қазақтарға қасақана жасалып отырған саяси қысым деуге болады!

Осы әңгіменің бәрін Қытайдың қатысты заңнамалары мен нормативтік құжаттарының қытайша көшірмесін көрсете отырып, егжей-тегжелі жеткізуге, президенттің назарын барынша аударуға барымды салдым.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайша Заңдарды қолына алып, қытайша оқып отырды және Сыртқы істер министріне тапсырма беретінін айтты.

Енді, соңғы – жетінші ұсыныстың көші-қонға қатысы жоқ.

Ол – Қазақстанның халық жазушысы, қазақтың аса көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтың келесі жылы аталып өтілетін – 85 жылдығына байланысты.

Жинақтап айтқанда, бір ай бойы көз ілмей дайындалған, асыға күткен қабылдау өте сəтті болды. 15-20 минутқа жоспарланған қабылдау, жоғарыда айттым, жарты сағаттан аса уақытқа созылды. Мемлекет Басшысына жеткізсем деген жеті ұсынысым толық, егжей-тегжелі айтылды. Ешқандай шектеу болған жоқ. Ең бастысы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының ықыласы мен пейіліне дəн риза болдым. «Осы мәселе туралы Сізден сұрайын деп отырмын, айтыңызшы...» деп, кейбір ұсыныстарым тұсында  өзіме сұрақ та қойды, президент! Сөйтіп, емін-еркін, көсіліп сөйлеуіме барынша мүмкіндік берді.

Тағы да елеп-ескеріп қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына, қабылдауды ұйымдастырған Ерлан Тынымбайұлы мен Берік Уəли інілеріме шын жүрегіммен рахмет айтам! Еліміз тыныш, азаматтарымыз аман, көшіміз байсалды болсын!

- Ауыт аға, егжей-тегжейлі әңгімеңіз үшін сізге де рахмет! 

Әңгімелескен Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

23 пікір