КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ БАСЫ ЕЛГЕ ЖЕТКІЗІЛДІ
Қалың қазаққа Кейкі батыр деген атпен таныс Нұрмағамбет Көкембайұлының бас сүйегі бүгін Ресей астанасынан Қазақстанға әкелінді. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" сайты хабарлады.
Осыған дейін белгілі саясаткер Берік Әбдіғали мырза "Фейсбук" желісіндегі жеке парақшасында батырдың басын алып келе жатқандығын жазған болатын.
Саясаткердің айтуынша Астана уақытымен ертең таңғы сағат 04:50-де 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісінің қаһарманы Кейкі батырдың (Нұрмағамбет Көкембайұлының) бас сүйегі арнайы бортпен Астанаға жеткізілді.
Сондай-ақ, жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылатыны да мәлім болды.
Айта кетейік, биылғы жылдың мамыр айында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы батыр бабамыздың бас сүйегі елге қайтарылатыны туралы хабарлаған болатын.
"Қазір біз бұл мәселені шеше аламыз. Ресейден келісім келді. Біздің ғалымдар да керек мәліметтерді жинап қойды. Тек оны әкелудің техникалық процедураларын шешу ғана қалды", - деген болатын министр мырза.
Кейін өзінің ресейлік әріптесімен Мәскеуде кездескен экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов те кунскамерада жатқан қазақтың соңғы ханы Кенесары мен Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтару мәселесін талқылайтынын мәлімдеген.
Кейін Кәрім мырзаның Ресей премьерімен кездесуінде тек Кейкі батырдың сүйегі туралы сөз қозғалғанын және келіссөздердің оң нәтиже бергенін айтқаны да есімізде.
Әйтсе де РФ басшылары Кейкінің басын қайтаруға сонау мамырда келісімдерін бергенін ескерсек, бұл мәселеге қатысты 25 жылда жақ ашпаған экс-премьердің пәрмені себеп болды деу қисынсыздау, рас. Дегенмен, "азаттық жолында мерт болған батырдың басы елге қайтарамын" деген уағда сөз жұрт ішінде беделі түсе бастаған Кәрім Қажымқанұлына ұпай жинап берді десек те жалған айтпаған болар ек.
Осыған дейін Қазақстан тарихшылары бабаларымыздың бас сүйектерін елге қайтару мәселесін қотара-қотара көтергенімен еш нәтиже болмаған еді.
Қос-қосынан одақтас болып отырған Ресейдің топырағында енді, Хан Кененің басы қалды. Әлемдік геосаясатта іргелесіп, түрлі жағдайларда Ресейге әм оның саяси бастамаларына демеуші болып келе жатқан Қазақстанның және оның негізін құрушы қазақ ұлтының тағы бір ұлы Кенесары ханның бас сүйегін қайтару мәселесі күн тәртібінде болуы талап!
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz