ЖЕЛТОҚСАНШЫ ДЕКЕЛБАЕВ САТҚЫН ЕМЕС
Қазақ халқының ұлы ақыны
М.Шахановқа!
«Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің
барлық ұйымдарына!
Барлық желтоқсаншыларға!
Бұқаралық ақпарат құралдарына!
Мен, желтоқсаншы Исабеков Сәбит Қалдыкөзұлы,1986 жылы 17-18 желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін Алматы облыстық сотының үкімімен 4 (төрт) жылға бас бостандығымнан айырылып, жазамның 3 жылға жуығын еңбекпен түзеу колониясында өтедім.
Алланың да, тарихтың да алдында әділеттіктің орнатылуына байланысты желтоқсаншы Декелбаев Ерлан Әбдірашитұлының абыройы мен ар-намысын таптатпау үшін төмендегі хақ сөздерімді ресми түрде халқымның алдында жария ету менің азаматтық міндетім деп санаймын!
Жақында www.ikitap.kz сайтында «Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» атты 13-ші кітабының 375-ші бетінде былай деп жазылғанын оқып, жағамды ұстап отырмын: «Исабеков С.К., тяжело раненый 18 декабря, был помещен в тюремную больницу КГБ. Против него было возбуждено уголовное дело (следователь Егоров). На основании единственного показания другого обвиняемого — Декелбаева Е.А. — Исабеков осужден впоследствии на 6 лет лишения свободы».
Бұл тарихи қате әрі ешқандай шындыққа жанаспайды! Біріншіден, мен 6 жылға емес, 4 жылға сотталдым. Екіншіден, желтоқсаншы Е.Ә.Декелбаев тергеу кезінде маған ешқандай көрсетім (показание) берген емес. Егер ол солай болатын болса, Ерлан Декелбаевтың аты-жөні сатқын ретінде менің сот үкімімде жазылып тұратын еді. Мені Алматы облыстық соты соттаса, Е.Декелбаевты Алматы қалалық сот соттаған. Оған қоса екеуміздің тергеушілеріміз екі түрлі. Менікі Егоров болса, Ерланның ісін Голдобин деген тергеуші жүргізген.
Мен Декелбаев Ерланмен сотталғаннан кейін ғана, 1987 жылдың наурыз айында, сол кездегі Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласының жанына орналасқан № 34 еңбекпен түзеу колониясында таныстым. Бізден басқа да сол кездері, алғашқы жазаларымызды 2-3 айдай 30 шақты желтоқсаншылар №34 зонада өтеген болатынбыз. Содан кейін, наурыз айының аяғы немесе сәуір айының басында болуы мүмкін, барлық желтоқсаншыларды бөліп-бөліп ҚазССР-і және Кеңестер Одағының басқа да лагерьлеріне этаппен таратқан болатын. Содан кейін мен Е.Декелбаевпен 1990 жылы «Жалын» журналының қасында орналасқан, Мұхтар Шаханов ағамыз басқарған «Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясында» кездестім. Ол кездері М.Шаханов ағамыздың бекітуімен Е.Декелбаев, марқұм Аманжол Нәлібаев ағамызбен бірге, осы комиссияның жұмысшы тобында қызмет атқарып жүрген еді.
1993-1994 жылдары Е.Декелбаев ресми түрде Мұхтар Шаханов ағамыздың Қазақстан Республикасы депутатының көмекшісі ретінде қызмет атқарып жүргенде, бір топ азаматтар Е.Декелбаевқа қарсы парақшалар тарата бастаған. Ол парақшада: «Желтоқсан оқиғасы кезінде Исабеков Сәбиттің сотталуына үлес қосқан, сатқын Декелбаев Ерлан сияқтылар Мұхтар Шахановтың алдында қызмет істеуге құқығы жоқ. Ондай сатқындар қатарымыздан аластатылып, жауапқа тартылуы керек!» — деген қосымша сөздерін жазған болатын. Маған Е.Декелбаев (мен ол кездері Алматыда тұратынмын): «Сәбит! Менің саған айтар «жақсы» жаңалығым бар! Маған жұмысқа келіп кетші!» — деп телефон шалды. Жетіп барсам, қолында бір парақ қағазы бар. Қағазда жоғарыда жазылған сөздерді оқып, таң қалдым. Ерлан екеуміздің төбемізден жай түскендей болды.
Сол жылдары бір топ желтоқсаншылар және басқа да ұлтшыл азаматтар болып, Сейфуллин мен Виноградов көшесінде орналасқан «Демократтар үйінде», «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің кабинетінде отырып, осы сұрақты ортаға салған болатынбыз. Жиналыста Ерлан екеуміз болған жағдайдың ақ-қарасын ажыратып, бұның жалған екенін, ешқандай шындыққа сәйкес келмейтіні және мүлдем олай болмағаны туралы айтқан едік. Ақиқаттың беті ашылған соң, желтоқсаншылар болып бұл сұраққа біржолата нүкте қойған болатынбыз.
Өкінішке орай, 1986 жылдан кейін арада 27 жыл өткен соң, яғни 2014 жылдың ақпан айында желтоқсаншы Декелбаев Ерланның жан-жарасы тағы да жараланды. Ерланның тарихи кітапқа «сатқын» ретінде кіріп кетуі маған да кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан жоғарыда жазылып кеткен мәселеге байланысты қорытынды ретінде мен, желтоқсаншы Исабеков Сәбит Қалдыкөзұлы, тарих алдында куәлік етемін:
1. Желтоқсаншы Декелбаев Ерлан Әбдірашитұлы мені сатқан емес.
2. www.ikitap.kz сайтында «Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» атты 13-ші кітабының 375-бетінде орналасқан қателік алынып, Е.Декелбаевтың тарих пен жұрт алдында адал есімі қайтарылуы керек деп санаймын.
3. Ерлан Декелбаевты, Мұхтар Шаханов ағамыздың ҚР депутатының оң қолы болып, сенімді көмекшісі ретінде қызметін атқарған, елімізге белгілі режиссер әрі сценарист Қалдыбай Әбенов ағамыздың «АЛЛАЖАР» фильмінде режиссердің көмекшісі болып, бар күшін салған, ары таза, ұлттық намысын қолдан жібермейтін, асқақ рухты, алаштың адал азаматы ретінде бағалаймын.
Abai.kz