Сәрсенбі, 3 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 198 0 пікір 3 Қыркүйек, 2025 сағат 13:39

Астанада қазақша атаулар неге кем?

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.

Қала әкіміне ұсыныс!

Астанада тұрып жатқанымызға бір-неше жыл болып қалды. Осы уақыттың ішінде елорда көшілернен ойыма түйгенімді сіздермен бөлісіп, айта кетейін.  

Қазақстан – тарихи тағдыры қилы, мәдениеті бай, тілдік мұрасы терең, тәуелсіз мемлекет. Егеменді ел ретінде өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау – барша қазақстандықтардың, әсіресе билік пен зиялы қауымның міндеті. Ұлттық болмыстың ең басты тіректерінің бірі – тіл. Ал тілдің қоғамдағы көрінісі мен қолданылу аясы көбіне ономастикалық кеңістіктен – яғни елді мекен, көше, нысан атауларынан, жарнама мен маңдайшалардан көрінеді.

Бүгінде еліміздің жүрегі – Астана қаласы. Бұл қала – тәуелсіз Қазақстанның бет-айнасы, елдің саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығы. Демек, оның келбеті, ономастикасы мен көрнекі ақпараттар жүйесі де ұлттық болмысымызға сай болуы тиіс. Алайда елордада қазақша атаулардың тым шамалы, мардымсыз екенін көзіміз жиі шалады. Бұл проблема кездейсоқ құбылыс па, әлде жүйелі жағдайға айналып бара жатқан терең дағдарыс па? Ал енді, осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Қазақ тілінің аясын кеңейту – бүкіл елдің ортақ міндеті

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық жазылған. Сонымен қатар, Тілдер туралы Заңда мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында еркін қолданылуы, дамытылуы және құрметтелуі тиіс екені нақты көрсетілген. Алайда заң жүзіндегі бұл міндеттемелер шынайы өмірде толыққанды жүзеге асып отыр ма? Әсіресе елордадағы көрініске қарасақ, бұған күмән туындайды.

Мысалы, Астана қаласындағы ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының, тұрғын үй кешендерінің, мейрамхана мен дүкендердің атауларының басым бөлігі шет тілінде. «Highvill», «Emerald Towers», «Talan Towers», «Abu Dhabi Plaza», «Mega Silk Way», «Rixos President Hotel» сынды атаулар қаланың басты символдарына айналып кеткен. Алайда олардың ешқайсысында қазақ тілінің ізі жоқ.Тіпті қарапайым мысал, Сығанақ көшесінің бойындағы «Мечта» сауда орталығын «Арман» деп те атауға болар еді ғой. Бұл – мемлекеттілікті танытатын белгілердің шет тіліне тәуелді болып отырғанын көрсетеді.

Ал қазақ тіліндегі атаулар тек шеткері аудандарда, шағын көше атауларында, кейбір мемлекеттік мекемелерде ғана кездеседі. Олардың өзі кейде қатесіз жазылмайды немесе фонетикалық тұрғыдан бұрмаланып көрсетіледі. Мұндай жағдайлар, Астана қаласының әкімдігінің тілге деген немқұрайлылық пен жауапсыздықтың көрінісі.

Ономастикалық саясаттағы жүйесіздік пен бюрократиялық кедергілер 

Қала көшелерін, ғимараттарды немесе басқа да нысандарды атау – бұл жай ғана атау беру емес, бұл – идеология. Қазақ халқының тарихында әр атаудың өз мән-мағынасы болған. Әр жер-су атауы белгілі оқиғаға, тарихи тұлғаға, жердің табиғи ерекшелігіне қатысты қойылған. Бұл үрдіс тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасуы тиіс еді. Алайда елордада ономастика саласында біраз олқылықтар бар екені анық байқалады.

Мысалы, Астанада әлі күнге дейін Кеңес одағы дәуірінен қалған немесе мағынасы бұлыңғыр көшелер бар. Жаңа салынған аудандар мен шағынаудандарға жиі шетелдік не жасанды атаулар беріледі. Тұрғын үй кешендері мен бизнес нысандардың иелері көбінесе коммерциялық табыс пен еуропалық стильге ұмтылып, қазақша атаулардан әдейі бас тартады. Себебі, олардың түсінігінде қазақ тіліндегі атаулар бизнеске пайда әкелмейді деген жаңсақ пікір қалыптасқан.

Сонымен қатар, ономастикалық комиссиялардың жұмысы да жиі сынға ұшырайды. Жаңа атауларды бекіту кезінде көп жағдайда ашықтық, қоғаммен кері байланыс жетіспейді. Кейде ұсынылған тарихи маңызы бар қазақша атаулар қабылданбай, орнына бейтарап не шетелдік сөздер ұсынылады. Бұл ономастикалық саясаттың нақты тұжырымдамасы мен қағидаты жоқтығын көрсетеді.

Тіл – елдің бет-айнасы, рухани егемендіктің негізі

Елдің астанасы – бүкіл мемлекеттің айнасы. Шетелден келген турист, дипломат немесе инвестор ең алдымен елорданың келбеті арқылы Қазақстан туралы алғашқы әсер қалыптастырады. Егер елдің астанасында қазақ тілінің беделі, көрнекі қолданысы төмен болса, осы елдің рухани тәуелсіздігін де күмән түсіреді.

Бүгінде Астанада қазақ тіліндегі маңдайшалар мен көрнекі ақпараттардың саны жылдан-жылға артқанымен, сапасы мен мазмұны жағынан әлі де көңіл көншітпейді. Кейбір жарнама баннерлеріндегі аудармалар түсініксіз немесе грамматикалық қателерге толы. Бұл – кәсіби лингвистердің емес, жай ғана автоматты аударма құралдарының қолданылуының салдары. Мұндай кемшіліктер тілдің мәртебесіне, сонымен қатар елдің халықаралық имиджіне де нұқсан келтіреді.

Қазақ тілінің тағдыры – елдің тағдыры. Мемлекеттік тілдің ауқымын кеңейту – тек білім саласының немесе ауылдағы әкімдіктің шаруасы емес, бұл – жалпыұлттық, мемлекеттік дәрежедегі мәселе. Оның ішінде елорданың ономастикалық келбеті мен көрнекі ақпараттар кеңістігі – ұлттық болмыстың тірегі болуы тиіс.

Астанадағы қазақша атаулардың кемдігі – жай ғана техникалық қателік емес, бұл – тереңде жатқан тілдік, мәдени және идеологиялық дағдарыстың бір көрінісі. Мұны түзетудің жолы – нақты саяси ерік, жүйелі мемлекеттік қолдау, қоғамның белсенділігі және ұлттық сана-сезімнің оянуы.

Енді, осы жағдайларға байланысты айтар ұсынысымыз:

Қазақша атаулардың көп болуын заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету керек. Әсіресе жаңа құрылыс нысандарына, бизнес орталықтарына, сауда орындарына тек қазақша немесе ұлттық мәні бар атаулар берілуі тиіс.

Қаланың барлық көрнекі ақпараттары, маңдайшалары, баннерлері арнайы лингвистикалық сараптамадан өтуі керек. Бұл үшін қала әкімдігі жанынан Тіл кеңесі құрылуы қажет.

Атауларды бекіту немесе өзгерту процесінде қарапайым халықтың, зиялы қауымның, жастардың пікірі ескеріліп, қоғамдық тыңдаулар өткізілуі тиіс.

Белгілі шағын аудандарға, көше желілеріне ұлттық тұлғалардың, тарихи жерлердің есімдері беріліп, нақты қазақи атаулар қалыптастырылуы қажет.

Ұлттың жаны – тілі. Тіл – рухани егемендіктің іргетасы. Егер елордада қазақ тіліне басымдық көрсетілмесе, бұл елдің рухани тұтастығына қауіп төндіреді. Сондықтан Астанада қазақша атаулардың кем болуы – қазіргі қоғамның айнасы десек, бұл айнада ұлттың келбеті толық көрінуі тиіс. Болашаққа ұлттық реңкпен қарау үшін қазірден бастап нақты істер қажет.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір