Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8130 1 пікір 25 Желтоқсан, 2015 сағат 11:10

АЛДЫМЕН «АШЫҚ ЕСІК» КЕРЕК

Кеше (24.12.2015) «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Отырыстың күн тәртібінде «Шетелдегі қазақ диаспорасының мәдениеті мен тілінің дамуына Қазақстан тарапынан қолдау көрсету мәселелері: шетелдегі қазақ диаспорасының бүгінгі жағдайына шолу жасау, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының жұмысын жандандыру, шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен Қазақстандағы уәкілетті органдардың өзара қарым-қатынасын нығайту» мәселелері қаралды.

Отырысқа «Мирас» республикалық кеңесінің толық құрамы, мемлекеттік атқарушы органдардың өкілдері, «Нұр Отан» партясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәлиұлы және сарапшы ретінде ақын Ауыт Мұқибек қатысты.

Жиналысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халқаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің және Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев басқарып ашты.

Төменде ақын Ауыт Мұқибектің осы отырыста сөйлеген сөзінің жазбаша нұсқасын беріп отырмыз.

 «Абай.кз» ақпараттық порталы

 Ауыт Мұқибек, ақын. «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

АЛДЫМЕН «АШЫҚ ЕСІК» КЕРЕК

Жасыратыны жоқ, шетелден көшіп келген қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп, 2013 жылы 10 желтоқсанда қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасы алыстан келген және келуге ниетті болып отырған ағайынның Атажұртқа деген көңіліне ауыр қаяу түсірді. Азаматтық мәселесін былай қойғанда, тұрақты тіркеуге тұруда талап етілетін қисынсыз анықтамалар олар үшін көлденең қиындықты көбейтіп жіберді. Қысқасы, туысқандар айдың-күннің аманында екіге бөлініп, кеңестік кезеңнің күйін кеше жаздады.

Осы барыста қиналған қауым да, оның мәселесін көтеріп жүрген біз де, көбнесе, тәуелсіз БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр болдық. Ол ақпарат құралдары, әрине, мәселені шешуге барын салғаны, ағайынның жанайқайын билікке жеткізу үшін барынша ащы айтқаны рас. Қуанарлығы сол, мәселе оң шешімін тапты.

Құдайға шүкір, міне, Елбасымыздың көрегендігінің арқасында қателіктер түзетіліп, жаңа Заңға қол қойылып, Көш өз арнасына түсудің алдында түр. Ел қуанып, ақжолтай жаңалықты жарнамалап-ақ жатыр. Дегемен, жоғарыдағы жағдайдан көңілде қалған көлеңке түбегейлі сейілді деп айтуға әлі ерте. Жұрт жүрегінде, суыну демей-ақ қояйын, тартыну бар.

Мұндай жағдайда, ең алдымен не істеу керек?!

Елбасымыз екі журналистке берген бейресми сұхбатында «Ол саясат өзгермейді. Бізге қайтып келем деген ағайындарға – қазақтарға есік ашық. Мен көбірек келгенін қалаймын ол адамдардың!» деді. Демек, бәрі айқын, түсінікті болды...

Сондықтан, бізге енді іркілуге, бүгежектеуге, салғыртсуға, немқұрайды болуға болмайды. Батыл қадамдар, тың бастамалар жасайтын кез келді! 

Жалпы, бүгінгі сөз болып отырған «шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен Қазақстандағы уәкілетті органдардың өзара қарым-қатынасын нығайту» секілді барлық шаралардың көздеген мақсаты,  жетпек нәтижесі немесе түпкілікті астары біреу болу керек! Ол – шеттегі қазақтарды елге оралту. Оларды Қазақстанға қызықтыру – жүрегін, санасын жаулау!    

Менше, алғашқы адымда алыстағы ағайынның жоғарыдағы келеңсіз жағдайларға (Қатал заң мен жалған жалаларға) байланысты жүрек түкпірінде қалған сол күдік пен күмәнді жоятын, көңіліне нұр құятын, сенімін бекемдейтін шараларға апару керек деп ойлаймын. Ол шараның аты «АШЫҚ ЕСІК» деп аталсын!

Мәртебелі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кеше ғана екі журналистке берген сұхбатында Көші-қон саясатының өзгермейтінін қадап тұрып айтты. Сонымен бірге, Ұлт Көшбасшысы «Әсіресе, олармен келген жастар тез арада мынау қоғамның ішіне еніп, білімін, мамандығын алып, адам боп өсіп жатыр. Қазақстандық болып кетті. Үлкен кісілер. Әрине, оларға қиындау. Ондай жағдайлар болады ғой! Егер естеріңізде болса, 1961 жылы жүз мыңнан артық қазақ Қытайдан келген болатын. Кәзір олардың бәрі қазақстандық болып кетті ғой! Олардың балары, немерелері...» деді. «Жастардың көбірек оралуы» туралы бұл сөзді Мемлекет басшысы бірінші рет айтып тұрған жоқ! Үнемі қайталаумен келеді.

Енді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қарашадағы №1188 «Кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде адамдардың жекелеген санаттары үшін қабылдау квотасын белгілеу туралы» Қаулысындағы Кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беретін білім ұйымдарына оқуға түсу кезінде бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан «Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға берілетін 2 пайыз квотаны 20 пайызға көбейтетін мезгіл жетті.

Алдағы жерде «Нұр Отан» партиясы және оның «Мирас» қоғамдық кеңесі осы «АШЫҚ ЕСІК» акциясына баса назар аударса, тиянақты жоба жасап, Үкіметке заңнамалық күші бар құжат қабылдатуға ықпал етсе екен деймін.

Мысалы, Шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында, соңғы санақ мәліметі бойынша, 1 542 600 этникалық қазақ тұрады. Оның 60 мыңы кәсіптік орта және жоғары оқу орындарының студенттері. Сол алпыс мыңның 15 мыңы Қытайдың ішкі өлкелерінде әр түрлі мамандықта оқиды екен. Бір қуанарлығы, осы он бес мың студенттің өз беттерімен құрған «Қытай Қазақ студенттер бірлестігі» деген ұйымы бар. Өз ішінен сайланған төрағасы, 22 өлке мен Орталыққа тіке қарайтын үш үлкен қалада бөлімшесі жұмыс істейді. Әр жылы Құрылтайлар ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шаралар өткізіп келеді. Биыл «Қазақ хандығының 550 жылдығын, Хакім Абайдың 170 жылдығын шама-шарқынша атап өткенін мен жақсы білем. Наурыз мерекесін де жыл құрғатпай тойлап отырады. «Тоғыз құмалақтан» спорттық жарыстар өткізіп тұрады...

Олар Қытайдағы Қазақстан елшілігімен тығыз байланыста. Елімізден сапарлай барған Үкімет басшыларына тілмәш болып жүргендері де бар. Мысалы, жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа Мәрмәр Қанатқызы деген қарындасымыз аудармашы болды.

Демек, осындай қазақ студенттер Маңғолия мен Өзбекстанда, Ресей мен Батыс елдерінде де көп... Олардың да осы тектес студенттік ұйымдары бар болуы әбден мүмкін!

Демек, Қазақстан тарапы ең алдымен осы жастармен жұмыс істегені жөн.

Ол үшін, осы жастардан жазға қарай Қазақстанға арнайы делегация ұйымдастыру керек. Делегатция құрамы жай студенттер емес, ғылымда ашқан жаңалығы бар, озат оқитын, өз ортасында биік беделі бар қыз-жігіттерден жасақталсын. Келген бетте, Оларды «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қабылдап, Партияның бас штабы орналасқан мекемені аралатуы, өз кеңсесіне кіргізіп, фотоға тусуге мүмкіндік беруі, Бас партия жөнінде түсінік жасауы, мағлұмат беруі тиіс.

Сосын бұл топ Парламенттің қос палатасында қонақта болсын. Қос Төрағаның да кәбинеттерін көрсін, таныссын. Бір-екі депутат қабылдап, кеңес өткізсін. Қ.Тоқаевтың өз елдерінде шыққан кітаптарын ала келіп, авторлық қолтаңба жаздырып алсын.

Одан арғы жерде, Үкімет үйін аралап, Премьер-министрдің креслосына отырып көрсін.

Ары қарай, бұл сапар Ақордада жалғассын. Елбасымыздың кәбинетін, кітапханасын, жиналыс залдарын тамашаласын.

Сосын Назарбаев университетіне барып, өз құрбыларымен кездессін, таныссын, пікірлессін!..

Студент жастар өздері тапқан, патенттеген ғылми жобаларын, мүмкіндік бар, бірге ала келетін болсын тағы.

Айырым уақыт бөліп, қаржы саласында оқып жатқан жастармен Бақыт Сұлтанов, медицина мамандығын оқып жатқандарымен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары болып Елжан Біртанов, болашақ педагоктармен Аслан Сәрінжіпов, экономистермен Ерболат Досаев, энергетиктермен  Владимир Школник жеке-жеке кездесіп, әңгімелессін.

Сапар соңына таман Астананың, Қазақстанның көрікті жерлерін араласын, кетерде Астана қаласының әкімі қонақасы беріп, шығарып салсын. Аспа-төк дастарханның керегі жоқ, пейілмен берген бір шынысүтті шай жеткілікті.

Екінші кезекте, шаруа қожалық басшылары мен дихандардан, кәсіпорын иелерінен, қолөнер шеберлерінен, жеке кәсіпкерлерден ұйымдасқан топты шақыру керек.

Олар да жоғарыдағы студент саяхатшылардың ізімен сапарын жалғастырғаны оң. Бұларды Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешов, «Атамекен одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов,  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев және Ахметжан Есімовтар бір-бірлеп қабылдасын, кеңессін. Ең есте болатын бір нәрсе, екінші топқа қала сыртындағы ауылдарды, шаруа қожалықтарын, базарларды, Астананың Индустриалық паркін... көрсету керек.

Сонымен бірге, ұлттық өнімдерінің көрмесін өткізуге жағдай жасалсын...Мұндай барыс-келіс әзір де жоқ емес. Келіп-кетіп жатқандар там-тұмдап бар. Бірақ оларды кім қабылдайтынынын немесе олар кімдермен көбірек кездесетінін айтайын ба?! Мұхтар Шаханов! Мұхаңның әлем ақыны екенінде дауым жоқ! Бірақ, шеттен келушілерге Қазақстан туралы не айтатынын өздеріңіз жақсы білесіздер! Мырзатай Жолдасбековке жолықса, «Тарихи отанымыз Қазақстан екен деп осында үдере көшіп келуді доғарыңдар!» деуі әбден мүмкін!

Менің бұл ұсынысым, бәлкім тым «қарабайыр» немесе тосындау сезілетін шығар. Сол үшін бір-екеуін толығырақ түсіндіре кетейін.

Мысалы, өзіміздің Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданымен шекаралас ҚХР-дың  ШҰАР аймағында Шәуешек деген қала тұр Сол өңірде атақты бай Башпайдың арқармен будандасқан алты мүйізді қойлары жайылып жүр. Оған Қытай үкіметі «Башпай қойы» деген ерекше статус беріп, жалпыластыру үшін арнайы жобамен мемлекет жағынан қамқорлық жасап отыр. Әрқайсысының салмағы 200-250 келе тартады. Етті, жүнді. Әрі қазақ даласының табиғатымен біте қайнап бірге туған төл. Қытайда ең бағалы қойлар. Кәдімгі қазақтар бағады. Бренд есептеледі!

Маңғолияда үш миллион халық бар. Адамдардың негізгі кәсібі малшаруашылығы болып келеді. Орта есеппен әрбір адамға 12 бас мал келеді. Соның бір үлесі қазақтарға тән. Мен 37 мың бас сиыры бар қандасымызды білем.

Ал, сол Башпай қойын бағатын шопан мен маңғолиялық сиыршы, жылқышы келсе, неге оны А.Мамытбеков қабылдамасқа, тәжірибесін сұрап көрмеске?!

Бұл – бір.

Кәзір Қытай медицинасы әлемнің алдыңғы қатарында. Қазақстандағы жүрек, бүйректің күрделі оталарын сол жақтан келген қандас дәрігерлердің жасап жатқаны бар. Манағы 15 мың студенттің ішінде осы мамандық бойынша білім алып жүргендері жетерлік. Осы топтың ішінде сол кардиологтар келсе, оны неге Елжан Біртанов қабылдап, сөйлеспеске!

Шеттегі қазақ кәсіпкерлері ақшасын Гонко́нгтың банктеріне қояды. Елімізде қаржы орталығы ашылғалы жатыр. Сол кәсіпкерлердің ақшасын елімізге құйдыру үшін А.Мырзахметов, Бақыт Сұлтанов немесе  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев олармен неге дидарласпасқа?! Тағысын, тағылар... Бәрі-бәрі қабылдасын, сөйлессін, сырлассын, ой бөліссін! Елге шақырсын. Келіп, кәсіпорын ашқан не қаржы құйған жағдайда, еліміз жағынан көрсетілетін жеңілдіктер мен берілетін кепілдіктерді айтсын...

Қысқасы, әлемдегі бар қазақтың барар жері – Қазақстан. Сондықтан, осы бастан олардың «құлағын бұрай» беру керек қой!

Қазақ айтады ғой, «Мың естігеннен, бір көрген артық» деп. 25 жылда Н.Назарбаевтың қандай мемлекет құрғанын, Қазақстанның, шын мәнінде қай деңгейге көтерілгенін, қандай кадырлар қосынын тәрбиелеп өсіргенін олар да өз көздерімен бір көрсін! Отанымызды әлемге одан ары таныта түсу үшін, ең алдымен мемлкет құраушы ұлт – қазақтың өзі терең танығаны жөн елімізді!

Демек, жоғары деңгейде жақсы ұйымдастыра білсек, осы екі шара-ақ шетелде жүрген қандастарымыздың Ұлы Дала еліне деген көзқарасын түбегейлі өзгертетініне менің сенімім кәміл.

Ол үшін, бұл сапарларды отандық БАҚ кең көлемде таратсын. Келуші ағайындардың өздері де WhatsApp, уйшат арқылы күнбе-күн біздің сол БАҚ-тан бір кем хабар тартпасы тағы анық...

Сосын, елімізге ешқайда кетпейтін нағыз ұлттық инвесторлар тартылады, қаржы да құйылады, мамандар да ағылды.

Баласы келсе, артынан аңыратып ата-анасы да жетеді.

Ұлт Көшбасшысы айтқандай, кездесулердің бәрінде біздің лауазымды тұлғалар «олар келгенде, көкірегінен итермей», тек қана жылы қабақ, шынайы пейіл танытса болғаны!

24.12.2015

Астана

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383