ІІМ-НІҢ "ABAI.KZ" ПОРТАЛЫНА ЖАУАБЫ
«Жер дауына» қатысты орын алып жатқан түрлі оқиғаларға ҚР ІІМ тарапынан толық түсініктеме берілмегендіктен, Аbai.kz ақпараттық порталы ҚР Ішкі істер министрі, генерал Қалмұхамбет Қасымов мырзаның атына арнайы сауал жолдаған болатын. ҚР БАҚ туралы Заңынынң және ҚР кодекстерінің негізінде министрлік біздің сұрақтарымызға 3 тәулік ішінде жауап қайтаруы керек-тін.
Бүгін порталымызда министр Қалмұхамбет Қасымовқа қарата айтылған, «Митингішілер де террористер ме, министр мырза?» атты мақала жарияланды. Аталған мақала жариялана сала бір апта бұрын жолданған сауалымызға орай министрдің өзінен емес, Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры А. Сдубаевтан төмендегідей жауап келді.
Әуелі ҚР ІІМ министрі, генерал-полковник Қалмұхамбет Қасымовқа жолдаған сауалдарымызға тоқталайық:
- 2016 жылы 20-мамырда «Алматы қаласындағы адамдар көп жиналатын «Республика» және «Алматы» алаңдарыннан жарылғыш заттар, темір-терсектер мен суық қарулар табылды. Соған қатысты күдікті адамдар қолға түсті» деп хабарлады Алматы қалалық ІІД. Алайда, ұсталған күдіктілер туралы әлі күнге толық мәліметтер жария етілмей келеді. Неге? Ұсталғандар кімдер? Сот алды тергеу амалдары қалай жүргізіліп жатыр? Күдіктілер қалай анықталды?
- 21 күні алаңға бейбіт шеруге шыққан бірнеше адам әкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік жазаға тартылды. Кейбіреулері 15 тәулікке қамалды. Белгіленген мерзім бойынша, 15 тәулік кеше 31-мамыр күні таңғы сағат 09:00-де аяқталып, қамалған азаматтар босатылуы керек еді. Алайда, бұл азаматтар кешкі сағат 21:00-ге дейін босатылмаған. Сонда оларды қосымша 12 сағат қамауда ұстағанда құзырлы органдар қандай Заң немесе ережелерге сүйенді?
- 21 күні Алматыдағы орталық алаңға жиналған азаматтарды жаппай тұтқындау барысында сол жерде кәсіби құқығы бойынша жұмыс істеп жүрген журналистер де қамауға алынды. БАҚ туралы Заңның негізінде журналист ақпарат алуға және таратуға мүмкіндігі бар еді. Алайда 21-мамыр күні журналистердің құқығы бұзылды. Бұған жауап беретін кім?
- ҚР Мәжілісінің депутаты Геннадий Щиповских мырза сізге мемлекеттік тілде сұрақ қойғанда сіз неге қазақ тілінде жауап беруден бас тарттыңыз? Бұған не себеп?
Министрліктің жауабынан не түйдік? Нендей тетіктер қалыс қалды?
Бірінші сұрақ бойынша берілген жауапта БАҚ-та жарияланғандай нақты мағлұматтар берілген жоқ. Ұсталғандардың кім екендіктері беймәлім күйінде қалды. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана олардың бет-жүздерін ашып көрсететінін ұқтық. Алайда, министрлік күдіктілердің қалай анықталғандығын айтпады.
Әрі қарай. 21 күні алаңға бейбіт шеруге шығып, 15 тәулікке қамалған азаматтардың Заңмен белгіленген 15 тәулігіне қосымша 12 сағатқа ұсталғандығын жаздық. Әйткенменде, белсенділердің неліктен белгіленген мерзімнен артық ұсталғандығына министрлік түсініктеме бере алмады.
Ал үшінші сұрақ бойынша (журналистердің қамалғандығын) ІІМ мүлде теріске шығарды. Бар болғаны: «Журналистерді қамауға алу фактісі тіркелген жоқ» деді.
Қалмұхамбет Қасымовтың қазақ тілінде жауап беруден бас тартқандығы БАҚ-та жазылды. Мәжіліс депутаты Геннадий Щиповскихтің талабы ескерілмей, министр мырзаның мемлекеттік тілге тіксінгені жалған емес еді. ІІМ министрінің бұлай істеуіне не себеп болғанын сұраған едік. Өкінішке орай бұл сұрағымызға да жауап ала алмадық.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz