Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020
Абай мұрасы 513 3 пікір 13 Қаңтар, 2020 сағат 10:09

Абай тағылымы - ұлтты жаңа сапаға көтереді

Абай шығармашылығы отаршылдық жағдайындағы қазақтың ұлт-азаттық мұраты мен философиялық ақыл-ойының, өз дәуірінің көкейкесті мәселелеріне деген ширыққан сезімінің жиынтығы. Ол кезде қазақ бодан еді. Отаршылдықтың темір құрсауы Қазақ даласын барған сайын  қысып, көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бәрін бебеу қақтырды. Бақсақ, Абай сол кездің өзінде тағылымы мол қарасөздері арқылы туған халқының, тұтас қазақ қоғамының кінәратын, ұнамсыз жақтарын айтудай-ақ айтқан екен. Алайда, арада бір ғасырдан астам уақыт өтіп, қазақ өз алдына тәуелсіз ел болса да, сол Абай айтқан кінәраттар қазақтың бойынан әлі арыла қоймағаны ойландырады.

Ендеше, Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында біз Абай тағылымын негізге ала отырып, өз болмысымызға қайталай бір зер салғанымыз жөн секілді. Тәуелсіздігіміздің 29 жылыдығына аяқ басқан сәтімізде, біздің қол жеткен табыстарымыз да жетерлік, әрине. Бүгінде біз тәуелсіз мемлекетті құруын құрсақ та, сол тәуелсіздікке лайық ұлт болып қалыптаса алдық па, қазақ халқының төл болмысы қаншалықты өзгерді, өзгерсе қай бағытқа қалай өзгерді, неге қол жеткіздік, неден айырылдық? деген сұрақтар жиі мазалайды. Дәл осы мәселелер, биылғы Абай тойы ауқымында қоғамда кеңінен талқылануы керек деп ойлаймын. Өйткені, Абай сол кездегі қазақ халқының ұлттық болмысының, менталитетінің, әдет-ғұрпының, ой өрісінің заманның өзгерісіне қаншалықты сәйкес келетіндігіне барынша назар аударған болатын. Олай болса, бұл той кілең асыр-сауықтан, құр дүрмектен, мақтанып мал шашпақтан тұрмауы керек. Біздің Абайға деген құрметіміз тігілген киіз үйлер мен сойылған малдың, бәйгеге берілген автокөліктің санымен, шетелден келген қонақтардың дәрежесімен өлшенбеуі керек. Орынсыз ысырапшылыққа, науқаншылыққа жол берілмейтіндігін Президент те өзінің Қазақстан халқына арналған жаңа жылдық құттықтауында атап өтті. Демек, бұл той қазақ халқын биік интеллектуалдық деңгейге көтеретін, біртұтас ұлттық идеологияға біріктіретін, болашағына сенім ұялататын той болса екен дейміз. Олай болса, бұл той әуелі еліміздің астанасында өткені дұрыс. Бұл ‒ бір. Екіншіден, Абай тағылымы елімізде кеңінен насихатталуы, талқылануы тиіс. Оған қоғамның әр мүшесі атсалысса құба-құп.

Президент Қ.Тоқаевтің  қаңтардың 9-ы күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның мерейтойына орай, ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналып отырғанын атап көрсетеді. Президент мақаласының маған айырықша әсер еткен тұсы – Абай мұрасы арқылы ұлтты жаңа сапалық деңгейге көтеру идеясы.

Президент өз мақаласында Абай тағылымын мысалға ала отырып, елімізде ғылым мен білім беру істерін дамытудың, педагогтардың мәртебесін көтерудің маңызына айырықша тоқталады.

Шынымен де, бүгінде еліміздің ғылыми-интеллектуалдық әлеуетін көтеру маңдайалды орында тұрған мәселе. Сол үшін елімізде «болашақ» бағдарламасы іске қосылды. Ғылымды дамыту үшін мемлекеттік гранттар, жобалар жариялануда. Дегенмен ғылыми-педагогикалық саланы ұйымдастыруда кемшіліктер де жоқ емес. Әсіресе, отандық ғылыми-педагогикалық потенциялға көңіл бөлетін кез жетті. Мұндайда Абайдың мына сөзі ойға оралады: «Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? ... Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік (1-сөз)». Иә, ғылым, ол нақ айналысқан, соңына түскен адам үшін нағыз «күйік», яғни азабы мол кәсіп. Оның үстіне, гуманитарлық ғылымның ұлттық сипаты болады. Ол қазір ескеріліп отырған жоқ. Осы саладағы интеллектуалдық ақыл-ойдың бәрі шетелдік басылымдар арқылы басқа елдердің ғылымына қызмет етіп жатыр. Ғылыми-педагогикалық кадрлардың жүгі ауыр, ғылыммен алаңсыз айналысатын шарт-жағдайы жоқ. Олардың жазған оқулықтары мен монографияларын ғылыми айналымға қосу, оқу процессінде пайдалану қиынның қиыны. Сондықтан, Абайдың «білгеніңді кімге үйретерсің» дегеніндей жағдай. Ғылыми қауымдастықтар, институттар мен Ғылым академиясы толыққанды жұмыс жасамайды. Яғни, «мұңдасып, шер тарқатар», ғылыми үдерісті талқыға салар, оны ұйымдастырар мүмкіндік жоқ. Ғылыми-зерттеу жұмыстары әкімшілік тұрғыдан реттеледі. Ғылымды ұйымдастыру Ғылым академиясының құзырына берілмейді, яғни «ғылым сөзін сөйлер адам жоқ».

Абай өз кезінде бүкіл ғылым-білім орыста деп білді. «Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?»-дейді (2-сөз). Бұл арада Абайдың айтып отырған «орысы» бүгінгі тұтас өркениетті, дамыған әлем. Олардың «құлы», «күңі» кім? Бүгінгі сөзбен айтқанда олар дамыған елдердегі қарапайым жұмысшы. Ал, біздің жұмысшылардың, көше тазалаушыларымыз бен еден жуушыларымыздың деңгейін олармен салыстыруға келе ме? Келмейді, әрине. Олардың жұмыс шарт-жағдайынан бастап, алатын жалақысы, қоғамдық қамсыздандырылуы, мәртебесі мүлде бөлек. Бізде көше тазалаушыға, еден жуушыға деген құрмет қандай? Бастықтарды қойып, қарапайым мекеме қызметкерлерінің өзі оларға дұрыстап амандаспайды. Демек, Абайдың біз олардың құлы, күңі құрлы да жоқпыз деп отырғанын мен осылай түсінемін. Яғни, бізде қарапайым еңбек адамына деген құрмет пен әділетті көзқарас, қамқорлық қалыптаспайынша біз зайырлы, азамттық ел бола алмаймыз.

Тағы бір мысал: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?»-дейді Абай (3-сөз). XV ғасырдың орта шенінен XVIII ғасырдың ортасына дейінгі Қазақтың ерлік дәуірінде ұлттың бірлігі, елдік дәстүрі мен сана-сезімі мығым болды. Ерлікті ту етті, елді туғаны жоқ тура билер мен қайырымды хандар басқарды. Жас ұрпақ айтқанында тұра алатын, қан майданда елі үшін, жері үшін жекпе-жекке шыға алатын батырларға қарап бой түзеді. Бірақ, Ресей отаршылдығы қазақты бір-біре қарсы қойып, суайттыққа, сатқындыққа, мансапқорлыққа, өз-өзінен жерушілікке, абырой-атақ қууға тәрбиеледі. Сөйтіп, халқымыз бұрынғы бар болмысынан айырыла бастады. Бұл арада Абай сұрақ қою арқылы жауабын табуды оқырманның өзіне қалдырып отыр. Ал, біз ХХІ ғасырдың бірінші ширегінде тәуелсіз ел құра отырып осы жаман індеттен арылдық па? Бұл бүгінгі таңда жоғарғы билік дәлізінен төмендегі қарапайым халыққа дейін жіті ойланатын мәселе. Осындайда ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ащы айғайы келеді құлаққа. Бізге бала бақша сатысынан бастап жас ұрпаққа арналған бауырмалдық тәрбиені қолға алуға тиіспіз. Ол ең әуелі ата-ананы, бірге туған бауырларын, әпке-қарындастарын, одан соң бала бақша мен мектепті, ең соңында тұтас Отанды қадірлеу, аялау және сүйю сезімін қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (18-сөз)-дейді Абай. Бұл арадағы «ақыл»  ұлттық дәстүр мен тәрбие болса, «ғылым» дегені қазіргі заманның озық технологиясы, инновациясы, ал «ар» мен «мінез» адамға иман арқылы дарыған ізгі қасиеттер.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»,-дейді. Сосын жүрек болып сөйлейді: «Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады» (17-сөз). Иә, бұл сөздердің астарында иман жатыр. Бізге өз жүрек нұрымыз – қазақы иманымыз керек. Қазақтың қазіргі таңда құрметтеп, үлгі тұтарлық тұлғасы бар ма дегенге тоқталып, былай дейді: «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті» (22-сөз). Орыс отаршылдығы қазақты өз болмысынан айырды, кеңестік идеология одан бетер аздырды. Сол Кеңес одағы құлағанда Абай айтқан осы типтегі адамдар қайта пайда болды. Өтпелі дәуірдің залым-сұрқиясы Абай дәуіріндегіден де асып кетті. Енді батпандап кірген ауыру мысқалдап шыққанша қанша  уақыт өтері белгісіз. Бұған мемлекеттің тегеуіріні қажет.

Осындайда, Айбай айтқандай «Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» (24-сөз)-деген ой келеді. Бұрынғының ұрысы – қазіргінің коррупционерлері. Халықтың ақ-алал табысына, мемлекет мүлкіне қол сұғатын парақорлар. Өкінішке орай, олардың дәурені жүріп тұр. Олар біздің мемлекетіміздің аяғына түскен тұсау, өзегіне түскен жегі құрт. Олармен ымырасыз күрескенде ғана, өнерді, малды «түзу жолмен іздеп», «өрістерлік күн» тумақ.

«Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. ...Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді». Абай айтқан сол екі мінез қайсы десеңіз, оның бірі әділ басшы, енді бірі ар-намыс екен. Басшысы жақсы болса ел азбайды, жүрт тозбайды. «Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?». Ал екінші мінездің негізі береке-бірлік. «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» дегендей, мұның бәрі арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді»,- дейді (39-сөз).

Абай тағы да: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек... Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды (25-сөз)... Балаң бала болсын десең - оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме? (25-сөз),-дейді. Қайталап айтамын, бүгінгі сөзбен айтсақ, бұл тұтас өркениетті әлем. Мұнда да ол озық елдерге қарап бой түзеуді, олардың ғылымын, тілін үйренуді, бірақ онда бар дүниенің бәрін көзсіздікпен қабылдай бермеуді, «зарарынан» аулақ болуды, «пайдасына ортақ болуды» қайталай дәріптейді.

Бізді Президенттің білім беру ісіне, ғылымға деген жаңа көзқарастары қуантады.  Жүрегінде жылты, бойында талабы  бар жастар үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.  Сондықтан, олар өзеріне жүктелген аға ұрпақтың үмітін жақсы сезінеді.  Ұлттың келешегі де, елдің ертеңі де солар. Мұндайда бір ғасырдан астам уақыт бұрын, қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрған кезде айтылған Абай тағылымы, оның уайымы, арман-мұраты бізге ой салуға тиіс. Өз кезінде «мыңмен жалғыз алысқан», өзі «жұмбақ» Абайдың жүрегіне терең бойлаған сайын, оның айтқан ғақылияларының бүгінгі күнде де терең маңызға ие екеніне көз жеткіземіз. Сонымен бірге, Абай айтқандай, біз қазақ заманға сай жамандығымыздан айығып, жақсы жақтарымызды толық сәулелендіре алдық па?-деген де ой келеді. Абай тағылымын әліптесек, біз қазірдің өзінде-ақ барлық кінәраттан ада, заманауи ұлт болуға тиістіміз. Демек, біз ұлы ақынның мерейтойын «той» ретінде ғана қарамай, ұлттың рухани оянуы мен бірігуіне, жаңарған, бәсекеге қабілетті Қазақстан құруға қызмет ететін  маңызды шара ретінде қарастыруымыз керек. Сонда ғана ол бұдан бұрынғы 150 жылдықтан өзгеше тарихи миссиясымен есте қалмақ.

Тұрсынхан Зәкен, 

Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасының профессоры.

Abai.kz

3 пікір