Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5503 0 пікір 20 Наурыз, 2012 сағат 12:15

Мұрат ӘУЕЗОВ: МЕН ҮШІН КИРИЛЛИЦА ОТАРШЫЛ ИМПЕРИЯНЫҢ ҚАРУЫ ҒАНА

Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы:

- Мұрат аға, сіз өткен аптада латын әліпбиіне қатысты көзқарасыңызды кезекті рет білдірдіңіз. «Латынға көшуді қолдан қиындата беруді қою керек, ағылшын, француз, неміс тілін меңгерген интернет заманында латын әліпбиіне көшу түк те қиындық тудырмайды», - дедіңіз. Осы тақырыпты оқтын-оқтын қозғағанда қандай артықшылығын көресіз?

- ХХ ғасырдың бас кезінде біздің әкелеріміз бен шешелеріміз латын қарпін еркін пайдаланған. Кішкентай күнімде-ақ Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші» поэмаларын осы қаріппен қиналмай-ақ оқығаным есімде. Әкем Мұрат Әуезов те, шешем Фатима Ғабитова да және олардың қатарластарының барлығы да латынды төл әліпбиі ретінде танып, шығармаларын осы қаріп негізінде өмірге әкелді. Бұған дейін төте жазумен сауат ашып, араб әліпбиін қолданып жүрген бұрынғы зиялыларымыз латын жазуына көшкенде, еш қиынсынбай меңгеріп кеткенін неге ұмыта қаламыз? Демек рухани-мәдени мұраларымыздың орасан бір бөлігінің латын қарпімен жазылғанын естен шығармауымыз керек. Ең өкініштісі, ұлт арыстарының баршасымен қайта табысып жатқанда, олардың жазған біраз дүниесі және сол кезеңдегі маңызды құжаттардың бірсыпырасы кириллицаға транскрипцияланбаған күйі қалды. Сондықтан сауатты боламын деген адам үшін латынға көшудің түк те қиындығы жоқ. Қорқыныштың бәрі қолдан жасалып отыр.

- Сіз кириллицаны неге мансұқтайсыз? Латынның ең  ұтымды жерін атап-атап бересіз бе?

- Кириллица - отаршыл саясаттың құралы болған. Біз әдетте ауызекі тілде сөйлескенде көрші қарақалпақ ағайындарды, ноғайларды, татарларды өте жақсы түсінеміз. Кезінде осы туысқан халықтың бәрін кириллицаға көшіргенде отаршыл империяның араға жік салу пиғылымен қасақана қолданған саяси құралы болғанын қиналмай түсінуге болады. Кириллицаға ауысқанда түркілерге онсыз да түсінікті ортақ дыбыс басқаша өңге түскен. Түркітектес халықтар латынға қайта келу арқылы бір-біріне жақындығын қайтадан тауып, бір жұдырықтай жұмылып, тарихи-саяси сахнада бізбен санасатын үлкен күшке айнала аламыз. Қытай елінде жатқан төте жазуды пайдаланатын  қазақ пен ұйғырды да Қытай үкіметі латын әліпбиімен таныстырған. Сондықтан оларға да қиындық тумайды деп ойлаймын. «Түркі тілдес халықтарға ортақ латын графикасы» деген мәселе төңірегінде Әбдуәли Қайдар бастаған тілші ғалымдар көп жұмыс істеді. Саяси шешім табылса, еш қиындықсыз түйіні тарқатылғалы тұр. Түбі бір дыбыстарды бір әріппен белгілеу арқылы түркі халықтарын түсіністікке бастайтын жол ашылғалы тұрғанын неге түсінбейтіндерін мен түсінбеймін. Содан кейінгі артықшылығы, бүгінгі заманның тілі компьютер, интернет болса, осының бәрі латын әліпбиіне негізделген. Латын әрпінің әмбебаптық қасиеті бар. Сондықтан біз мұнымен санасуымыз керек. Ал латын әліпбиіне көшуден кириллицаны, орыс халқын, жалпы Ресейді жоққа шығару деген жаңсақ түсінік тумауы тиіс. Бар болғаны тарихи әділеттілікке қол жеткіземіз.

- Латын әліпбиіне көшкен күні онсыз да сорлап отырған қазақ тілі тіл ретінде жойылады деген де пікір бар ғой. Дәл осы мәселеден біреулер өз мүддесін көздемей ме?

- Бұл мүлде жалған, сорақы пайым. Дәл осы пікірді айтқандар жалпы қазақ халқының болашағы туралы терең ойламайтын азаматтар деп білемін. Бұл - түбірінен қате пікір. Өйткені біз қайткен күнде де түркітектес халықтармен ынтымаққа ұмтылуымыз керек. Ортақ әріп арқылы бір-бірімізді жақсы түсінетінімізді біліп отырғандардың кері пиғылынан туған пікір бұл. Шет елде өмір сүретін қазақтардың көпшілігі кириллицаны білмейді, ал латынға көшсек, бұл да оларға үлкен демеу болар еді. Ал латынмен бірге кириллицаны да қатар алып жүрсек, ақпарат алудың кең мүмкіндігі туады, бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Латынды меңгеру - бір аптаның жұмысы. Бір аптаның ішінде түрік халқы қолданып отырған немесе Әбдуәли Қайдаров ағамыздың жасап, жүйелеп берген әдісімен меңгеріп алуға әбден болады. Орта мектепте оқитын және орта мектепті бітіргендер арасында латын әрпін танымайтыны жоқ.

- Іргеде отырған өзбектер латын әліпбиіне көшкеннен кейін өкініп қалды ғой...

- Кез келген жаңа бастаманың айналасында міндетті түрде «өкіндім» деген пікірлер айтыла береді. Кездейсоқ адамдар әр түрлі пікір айтуы мүмкін. Өкінішке қарай, өзбек халқымен біз қазір көп араласа алмай жатырмыз. Бірақ бұл мәселе жөнінде біз ең алдымен олардың зиялы қауымының пікірін білуіміз керек. Ал әзірбайжан халқында ешқандай өкініш жоқ. Керісінше, латынға көшу арқылы олар табысқа, олжаға кенелді. Мен, мысалы, кириллицадан кетуді баяғыдан бері аңсап келемін. Әрине, мен Пушкин, Лермонтов, Толстой, Чеховтарды жақсы көремін, аса қатты құрметтеймін, бірақ мен үшін кириллица отаршыл империяның қаруы ғана. Ал одан саналы түрде бас тартқанымыз ұлттық тәуелсіздігіміз туралы кеңірек ойланатымызды білдірмек. Орыс әліпбиінен айрылғысы келмейтіндердің көпшілігі кеңестік отарлауға құл болғандар. Оларды құлдық сана жібермей жүр. Қалай болғанда да, кириллица бізді Ресейге байлап, босатпай отыр.

- Латын әліпбиіне көшудің жайы, ұмытпасам, 90-жылдардың бел ортасынан бері қозғалып келеді. Он бес жылдан бері шешімін таптырмай отырған ең үлкен кедергі не?

- Бұл мәселенің басы жақсы басталып еді. Бірақ жалғасын таба алмай қалды. Бізде жақсы бастамалар көтеріледі. Әдемі ұрандар айтылады. Бірақ оны іске асыруға келгенде шабан болып шығамыз. Бұл мәселеде де жүйелік кемшіліктер бар. Ол қоғамдық жүйеге тікелей қатысты. Сондықтан да алда жоспарланып отырған зиялылар форумында осы мәселені қозғағалы отырмыз.

- Рахмет.

Әңгімелескен - Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052