Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Арылу 6544 33 пікір 26 Наурыз, 2021 сағат 13:26

Президент мақаласы елдің көкейіндегіні дөп басты!

Иә, сөзіміздің басын биылғы 2021 жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетінде жрияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы «...2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді.Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз» - деген ұлағатты сөздерімен бастағалы отырмын.

Себебі, біздер Жетісудың шұрайлы бір бөлігі Жаркент өңірінің жұртшылығы Кеңестік дәуірдегі әміршіл-әкімшіл жүйенің пәрменімен таңылған «Панфилов» атауын алып, өзінің байырғы тарихи атауы Орбұлақ ауданы болып аталса деген ниеттеміз. Қолға алынып бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да насихатталып келе жатқанына ондаған жылдардан асса да, әлі күнге бір шешімі табылмаған осы бір мәселені қайта жаңғыртып отырған жәйымыз бар. Егерде өңір халқының осынау тілегі қабыл болып, ауданымызға «Орбұлақ» атауы берілсе, келмеске кеткен Кеңестік тоталитарлық жүйенің отарлық таңбасынан арылып,  Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында еліміз үшін баға жетпес зор қуаныштың бірі емес, бірегейі  болар еді..?!

Ал, енді біздің Алматы облысындағы бір іргелі ауданымыздың есімін иеленген «генерал Панфилов» жайындағы деректерге келсек. Бұл есім біздің ауданға 1942 жылы Ұлы Отан соғысының қызып тұрған кезінде берілген болатын. Енді, генералдың өмірбаянын тарқатып көрелік - Панфилов Иван Васильевич 1893 жылы 1 қаңтарда Саратов губернисының Петровск қаласында өмірге келген. Анасының ерте қайтыс болуына байланысты сол қаладағы 4 кластық училищені де аяқтай алмай, еңбекке ерте араласуына тура келеді. Содан 1915 жылы Иван Васильевич Ресейдің императорлық әскери қызметіне шақырылады, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін әскер қатарынан босап, 1918 жылы туған қаласы Петровскіге қайтіп оралады. Көп ұзамай кеңестік Қызыл Армияға қызметке қабылданып әскери өмірі қайта басталады.

Бірден, іске қызу араласқан И. Панфилов Чехословак корпусы бүлігін басуға, Уфа операциясы мен Царицын түбіндегі ұрыстардың бел ортасында жүріп, одан Кеңес-Поляк соғысына қатысып көзге түскеннен кейін, 1920 жылы Коммунистік партия қатарына қабылданады. Келер жылы, яғни 1921 жылы әскери қызметтегі ерен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Бұдан кейінгі жылдары да әскери қызметтегі еңбегі жемісті болып, 1939 жылы Бригада командирі болып тағайындалса, 1940 жылы  4-ші маусымда И.В.Панфиловқа генерал-майор шені беріледі.

Сөйтіп, 1941жылы 14 шілдеде Ұлы Отан соғысындағы Кеңес одағының жүрегі болған Мәскеу үшін шайқастағы орасан ерліктерімен Кеңес Одағын дүр сілкінткен 316-шы дивизияны жасақтауға бұйрық алады. Негізгі құрамы Алматы мен Фрунзенің (Бишкек) яғни, жергілікті қазақтар мен қырғыз азаматтары болды. Тарихтағы Панфиловшы 28 батырдың да даңқының шыққан кезі осы уақыт еді. Мәскеу облысының Гусенево селосында жаудың минометінің оғынан қаза тапқан И.В. Панфиловқа 1942 жылы, 12 сәуірде кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Міне, енді осыдан бастап батыр атамыздың атын ұлықтау, есте қалдыру шаралары бастау алады. Сөйтіп, Кеңес одағы көлемінде 40-тан аса көшелерге есімі беріліп, 5 жерге ескерткіш (Мәскеу обл. Гусенево селосы, Алматы, Бишкек, Астана және Волоколамскіде) орнатылады. Және Қырғызстанда бір аудан, Қазақстанда 1 аудан,  5 мектепке, оның 3-і Қазақстанда, сондай-ақ, Қостанай обл. бір ауылға И.В. Панфиловтың есімі берілген екен.

Бірақ, бір өкініштісі сол кездегі осы дивизияда батальон командирі болған  көзсіз ерлігімен Кеңес Одағын мойындатқан, Куба, Израиль мемлекеттері қастерлеп, үлгі тұтатын  Б. Момышұлының, соғыстың алғашқы күнінен бастап 1946 жылға Украинада ерен ерлігімен аты аңызға айналған партизан Қ. Қайсенов, ұшқыш Т. Бигелдинов пен Рейхстагқа алғаш ту тіккен Р. Қошқарбаев, Г. Булатов т.б. көптеген жерлестеріміздің жанқиярлық ерліктері осындай дәрежеде дәріптелді ма? Жоқ!...

Мінекей, ағайын бұдан біз кейбір көкелеріміз аузының суы құрып мақтайтын Кеңес үкіметінің Патшалық Ресейдің отршылдық саясатын жалғастырушы бірден-бір ізбасары болғанын байқаймыз. Бір жағынан ол кезде Коммунистік партияның бар билікті қолында ұстап қарсы келгеннің бәрінің көзін жойып отырған кезең болды. Енді міне, ол қаншеңгел Қызыл империя келмеске кетті, дегенмен  оның елесі болған «құлдық психология» біздің санамызда әлі де салтанат құрып тұр-ау.  Сол себепті де Тәуелсіздіктен кейін 30 жыл өтсе де әлі ауданымыздың атын, тарихы  терең, батырлық пен Отансүйгіштіктің баға жетпес белгісі, ұрпаққа ұран болған «Орбұлақ» деп атай алмай отырмыз.

Ал, Орбұлақ қазақ халқы тарихындағы орасан зор тарихи ерлік. Бұл шайқастың тарихи маңызы Қазақ-Жоңғар соғысындағы Бұланты мен Аңырақайдағы  ұлы жеңістермен тең дәрежеде екендігі жылдан-жылға дәлелденіп келеді. Тарихшы И.Э.Фишерден бастау алатын осынау алапат соғыс жайында орыстың – А.И.Левшин, И.Я.Златкин, В.А.Моисеев, қазақ ғалымдары – С. Асфендияров, М. Тынышбаев, С. Сейфуллин мен қатар олардың ізін жалғастырушы – Қ.Исабаев, Б.Нұржекеұлы, Ж.Қорғасбектегі сынды алаштың ардақты жазушылары қалам тербеген.Қазақтың жаужүрек 600 сайыпқыранының көзсіз ерлікке барып, Батыр хонтайшының 50000 әскеріне қасқайып қарсы тұруы, басқа бірде-бір ұлт тарихында кездеспейтін жанқиярлық ерлік! Және өзінен 83 есе көп 10 000 жаудың жер жастандыруын сөзбен бейнелеп айту немесе жазу да мүмкін емес...

Егер, Салқам Жәңгір бастаған қазақ әскерінің бас қолбасшысы Қостоқты, шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, дулат Жақсығұл, Сырымбет, найман Көксерек, суан Елтінді, Ұзынмұрт Ұзақ, қоңырат Алатау, Қомпай, Бөде, Кіші жүзден Жиембет, Жалаңтөс, қаңлы Сарбұқа және қырғыздан Көтен, Табай т.б. жүздеген ерелеріміздің, тура келген ажалға қаймықпай қарсы тұрған хас батырларымыздың ерен ерлігі болмаса, біздің атамекен жау қолында қалар еді ғой. Сіздерге мың тағзым асыл текті, асқақ арманды, туған жер мен елдің қамын жеп, келешек ұрпақ үшін жанын да, қанын да аямаған ардақты бабаларым! Сонау, б.з.б дәуірде Ғұн мемлекетінің негізін қалаған  Мөде Тәңірқұттың «Жер, мемлекеттің негізі!» деген қағидасын мыңдаған жылдар өтсе де біздерге жеткізуші, ұлан – байтақ қазақ жері мен бабалар аманатының қорғаушылары болған – хандарымыз бен батыр, билерімізге мәңгілік қарыздармыз, ағайын!

Қазіргі таңда осынау бабалар аманатының игі істерінің жалғастырушысы болып жүрген ер – азаматтарымыз да біршама шаруаның басын қайырды. Тарих шаңына көміліп қалған аталмыш теңдессіз тарихты жарыққа шығарып, дәріптеуде қажымай қалам тартып келе жатқан – Б.Нұржекеұлы, Ә.Меңдеке,Ө. Озғанбаев, М.Калиев,Ә.Әрін, О.Асқар, Ж. Қорғасбектегі, «Орбұлақ» газетінің Бас редакторы Е.Манапұлы, «Жаркент айнасы» газетінің директоры Д. Бейсенбекұлы  мен көптеген ақын – жазушыларымыз және марқұм аудан әкімі болған Ә.Ыбраймолдаев, т. б. елжанды азаматтарымыздың еңбектері ерекше атап өтерлік. Нәтижесінде, Орбұлақ шайқасының 350 және 375 жылдық мерейтойлары Республика көлемінде аталып өтіп, ғылыми конференциялар өткізіліп, жинақ кітаптар шығарылды, сондай-ақ, Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында Орбұлақ шайқасы бейнеленген «Ұлы Жебе» атты үлкен ескерткіш ашылды. Бірақ, өкінішке орай біршама жылдан бері көтеріліп келе жатқан бастаманың бірі ауданға батыр бабаларымыздың ерлігіне құрмет көрсетіп, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде үлкен ықпалы болатын, өнегелі істің бірі ауданымызға «Орбұлақ» есімінің берілуі әлі де кенжелеп қалуда...

Сол үшін де, Хакім Абай айтқандай «Толық адам» болу үшін әркім өз бойындағы кемшіліктермен, пендешілікпен күресуі керек – дегеніндей, басқаша айтқанда бір күндік қысқа өмір жайлы түсініктен арылып, келешек, ұрпақтың да қамын ойлағанымыз абзал. Яғни, құлдық сана-сезімнен арылып, ұрпағымыздың өзін құлдық санадан арылтып толықанды азамат сезіндіріп өсіру үшін туған жердің, елдің тарихи атауларына аса мән беріп өскелең жастарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз қажет-ақ. Бұндай игі қадамдар болашақ ұрпақтың-ішкі дүниесі мен рухани қазынасының артуына, ұлттық мақтанышқа бөленуіне зор ықпал етері сөзсіз. Әрине,мемлекеттік тұрғыдағы  мұндай іс-шаралар адамға психологиялық және рухани бостандықты сыйлайды. Әр қазақ өз жері, өз елінде ата-баба тарихымен мақтанып, еркін және бақытты өмір сүруі керек. Себебі, біздің ұлттық тарихымыз жас ұрпақ кие санап үлгі аларлықтай қасиетті тарих! Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылдың 22 ақпанындағы нөмірінде Шығысымыздағы «Өскемен қаласында  35 көше мен 2 саябақ жаңа атауға ие болды» деген жаңалықты оқып, ондағы – әл-Фараби, Шәкәрім, С. Нұрмағамбетов, Ә. Қашаубаев т.с.с. қазақ ұлылырының есімін көріп қуаныштан көңілім көкке бір елі жетпей қалды. Ол ол ма, сол орысы қалың дейтін Шығыс Қазақстан облысының басшылығы Зырян ауданының атауын Алтай деп өзгертіп, көпшіліктің ыстық ықласына бөленді. Өңір жұртшылығы да бұл атауды қуана қабылдаы. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі де Зеленов ауданын Бәйтерек ауданы деп өзгертіп, мәселені оңынан шешті. Жуырда ғана Қарағанды облысының Октябрь ауданы Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімін алып республика жұртшылығын шексіз қуанышқа бөледі. Ендігі батыл қадам жасау кезегі Алматы облысының әкімдігіне келген сыңайлы...

Және де жыл басындағы мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласының «Ұлағат пен ұстаным» бөліміндегі мына сөздермен қорытқанды жөн көріп отырмын, «...Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің мақсат – мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» - делінген.  Демек, еліміздің болашақ патриоттарын қалыптастыруға ықпалы зор болатын осынау біздің өңірде де  сонау «Орбұлақтың 350 жылдығынан» басталған игі бастама өз мәресіне жетіп ел-жұртқа үлкен бақыт сыйлар  деген ойдамыз.Сол үшін де туған жеріміздің төл атауы қайта жаңғырып, бабалар рухының құрметіне ауданымыз «Орбұлақ» аталар деген үміттің оты, «Елім!» деген әр азаматтың, әрбір қазақ патриотының  кеудесінде лаулап тұр. Тек, Тәңірім тілекті берсін, сол бір бақыт сыйлар қуаныштың шат-шадыман мерекесінде амандықпен жолыққанша, ағайын...

Қали Ибрайымжанов,

тарихшы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жауынгерлік Даңқ» музейінің меңгерушісі

Abai.kz

33 пікір