Қоқыс қалдығын тастайтын жерге де тазалық керек!

Қаламызда «Таза Қазақстан» акциясы әлі де жалғасып жатыр. Бұл арқылы Алматы экологиялық жауапкершілігі жоғары қала екенін көрсетіп келеді. Кезекті іс-шара барысында шаһардағы тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер мен алаңқайлар арнайы тазалаудан өткізілді. Бұл – тек санитарлық шара ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды қадам.
24 сәуір күні Қаламыздың Әуезов ауданындағы үш мекенжайда орналасқан контейнерлер мен қоқыс алаңқайларына тазалық жұмыстары жүргізілді. Айталық, 3-ықшамаудан, №14-үй, №65-үй және 1-ықшамаудандағы № 77 үйлердің аулаларына орналасқан күнделікті тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге дезинфекция жасалды. Шара барысында тек контейнерлер ғана емес, олар орналасқан алаңқайлар да өңделіп, дератизация жұмыстары жүргізілді. Бұл енді бір жағынан ауру таратушы кеміргіштермен күрестің де тиімді әдісі ретінде қолға алынған.
Контейнерлер жақын орналасқан үйлердің тұрғындары да тазалық шарасын қолдайтынын жеткізді.
– Қалдықтар жиналатын орын тазартылып, арнайы сұйықтықтармен өңделіп жатыр. Ауасы мен айналасы тазарып, көңіліміз де орнығып жатқандай. Балаларымыз емін-еркін ойнай алатын болды. Осындай игі жұмыстар көбейсе екен деймін. Қаланың тазалығы – әрбір тұрғынның жауапкершілігі, сондықтан баршамыз игі іске атсалысуымыз керек, – дейді 3-ықшамаудан тұрғыны Гүлнар Мырзаханқызы.
Тақырыпқа орай: Маханбет Сансызбаев, Алматы қаласының Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының қалдықтарды басқару бөлімінің бас маманы:
– Жүргізіліп жатқан шара тек сыртқы тазалық емес, тұрғындардың денсаулығын қорғау. Контейнерлер мен алаңқайларды дезинфекциялау – түрлі аурулардың алдын алудың бірден-бір жолы. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізіліп отырады, - дейді.
Abai.kz