Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 18391 0 пікір 4 Қаңтар, 2013 сағат 09:42

Әлімхан Жүнісбек. Әліпби мәселесі

Астана қаласында «Аманат» зияткерлік клубының кезекті отырысы өтіп, онда жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөнінде мәселе қаралғаны хабарланған еді. Белгілі ғалым, фонолог филология ғылымдарының докторы, профессор

Әлімхан Жүнісбектің жасаған баяндамасын жариялап отырмыз.

"Abai.kz"

 

 

Қазақ жазуына (баса айтуға тура келеді, бір әліпби ауыстыру ғана емес) қажет реформа жайлы өз басым аз жазып, аз айтып жүрген жоқпын.
Дегенмен, осы мәселенің басы-қасында жүрген маман болғандықтан, жазу реформасына  тағы да бір оралуға тура келіп отыр.

Алдымен айтатыным, қадірлі ағайын, қазақ жазуының тағдырын шын сөз еткіміз келсе, ең алдымен қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыс құрамының басын ашып алайықшы... Өйткені көбіміз (тіптен - бәріміз) дәл осы мәселеге келгенде шорқақпыз. Оған себеп жылдар бойғы «орыстандыру» саясаты болды. Ең жанға бататыны, орыс тілінің «игі ықпалы» деген сылтаумен, өткен ғасырдың 50-ші жылдары төл сөздеріміздің жазылу емілесіне қосылған и, у тәрізді таңбалар (дыбыс емес) болды. Оқулық пен оқу-құралы біткен осы күнге дейін түгел сол жапсырмадан арыла алмай келеді.

Астана қаласында «Аманат» зияткерлік клубының кезекті отырысы өтіп, онда жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөнінде мәселе қаралғаны хабарланған еді. Белгілі ғалым, фонолог филология ғылымдарының докторы, профессор

Әлімхан Жүнісбектің жасаған баяндамасын жариялап отырмыз.

"Abai.kz"

 

 

Қазақ жазуына (баса айтуға тура келеді, бір әліпби ауыстыру ғана емес) қажет реформа жайлы өз басым аз жазып, аз айтып жүрген жоқпын.
Дегенмен, осы мәселенің басы-қасында жүрген маман болғандықтан, жазу реформасына  тағы да бір оралуға тура келіп отыр.

Алдымен айтатыным, қадірлі ағайын, қазақ жазуының тағдырын шын сөз еткіміз келсе, ең алдымен қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыс құрамының басын ашып алайықшы... Өйткені көбіміз (тіптен - бәріміз) дәл осы мәселеге келгенде шорқақпыз. Оған себеп жылдар бойғы «орыстандыру» саясаты болды. Ең жанға бататыны, орыс тілінің «игі ықпалы» деген сылтаумен, өткен ғасырдың 50-ші жылдары төл сөздеріміздің жазылу емілесіне қосылған и, у тәрізді таңбалар (дыбыс емес) болды. Оқулық пен оқу-құралы біткен осы күнге дейін түгел сол жапсырмадан арыла алмай келеді.

Мектептен (тіптен - балабақшадан) бастап «қазақ тілінде 42 дыбыс (???) бар» деген тоқпақпен өскен ұрпақтан не сұрайсыз. Өзгені былай қойғанда, қазақ тілінің мұғалім-оқытушыларының өзі осыған ұйып қалған.

Әттең, орыстың у дауысты таңбасы бәрімізді естен тандырып, дауыссызымызды дауысты етіп елестетіп тұр ғой.  Біз бастан кешіп отырған орыстақы орфографияның «көз елес» азабы бір бұл емес. Кірме таңбаны (әріпті) қазақтың дыбысы деп өзеурегендерді, олардың ішінде фонетист-мамандар да бар, әлі көп кездестіретін боламыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді де әлі көп еститін боламыз. Құлаққа сіңген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды.

Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деп жүргенім сондықтан. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені - дыбыс, әліпби және еміле-ереже - бірдей қамтиды: дыбыс - өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже - дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе
бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен еміле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады.

Қазақтың төл дыбыстарын түгендеп, соған лайықтап таңба санын ықшамдау А.Байтұрсынұлынан басталған болатын. Сол кезде таңба  санын қорғаштап Ахаңның «жағасынан алғандар» болған. Оларға Ахаң «таңбаларды қысқартып, артығын борышыма берейін деп отырған жоқпын» деген екен. Менің де 42 таңбаны байлығымыз деп масаттанып отырған ағайындарымызға айтарым: артық таңбаларды еншілеп кетейін деп отырған ойым жоқ.

Сонымен, қазақ тілінің төл дыбыстары: а, ә, б, ғ(-г), д, е, ж, з, й, қ(-к), л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у(w), ұ, ү, ш, ы, і. Бас-аяғы 26(-28) дыбыс. Осы дыбыстардың сыртында қазақ тілінің дыбыстарын іздеп әуре болмау керек, өзге дыбыс жоқ. Осы жердегі бәрімізді шатастырып жүрген у таңбасының дыбыс мәні, тілімізде өте жиі кездесетін, «ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді [w] дауыссыз дыбысы» болып табылады: ау [aw], ауа [awa], әу [äw], әуе [äwe], су [suw], суы [suwu],
у [uw], уық [uwuq], уіл [üwül], күлу [külüw], аю [ayuw], үю [üyüw] т.с.с. Мұндай дауыссыз дыбыс орыс тілінде жоқ, ал ағылшын тілінде бар, көріп отырсыздар, қазақ тілінде де бар.

Мен латын графикасын тек осы төл дыбыстар үшін ғана құрастырған едім. Ондағы ойым, алдымен қазақ сөзінің үндесім әуезіне лайық әліпби үлгісін дайындап алу болатын. Ондай әліпби, егер қазақ тілінің қамын шын ойласақ, бөгде тілдің дыбыс-таңбасынан арылған  таза, қоспасыз болу керек. Ал өзге орыс тілінен енген кірме дыбыстар мен таңбалар жайын, басқа амалдың жоқтығынан, өз алдына шешу керек деп, екінші кезектегі мәселе ретінде ескертіп отыратынмын. Және оның үлгісін алыстан іздемей-ақ, орыстардың өздері көрсетіп отырғанын да еске салып қоятынмын.

Сонда бүгінгі қазақ әліпбиі дербес-дербес екі бөліктен тұрады. Төл әліпби өз таңба құрамы және еміле-ережесімен, ал кірме сөздердің жазылуы өз таңба құрамы және еміле-ережесімен тізбектеледі. Өйткені олардың үйлесім тауып, бір шаңырақтың астында басы бірігуі ғылыми тұрғыдан да, қолданба (практикалық) тұрғыдан да мүмкін емес.  Кестеде тек ұлттық әліпби тізімі тұрады, кестенің сыртында кірме дыбыстардың жазылым еміле-ережесі мен үлгісі беріледі. Бұл - амал жоқтан болып жатқан іс.

Қазақтың төл сөздерінің жазылымына қатысты орнықты әліпби мен еміле-ережеміз өткен ғасырдың ортасына дейін болды. Сол кезде қазақ сөзінің айтылым әуезі, морфем құрамы, буын үлгісі мен тасымал ретіне еш нұқсан келіп көрген емес болатын. Былық сол ғасырдың елуінші жылдарының ортасында қазақтың төл сөздерінің құрамында и, у, я, ю, щ таңбаларын жазу керек деген «зорлықтан» басталды. Жасыратыны жоқ, кірме таңбалардың орынсыз екенін айтып шырылдаған жанашыр топты алпауыт орыс тілінің «игі ықпалын» қолдаған саясатшыл топ жеңіп шықты. Қазақ сөзінің үндесім айтылымы бейәуезденіп, морфем құрамы сетінеп, буын құрылымы жарықшақтанып, тасымал реті бұзылып сала берді.

Қазақ жазуындағы кірме таңбаларға қатысты жаңсақтықтардың бәрін термелеп жатудың бұл жерде реті жоқ. Сондықтан оқулықтарда дауыстылардың қатарында жүрген и, у таңбаларына ғана тоқталамыз (я, ю, щ, х, һ таңбаларының жайы осыған ұқсас).

Сонымен, орфографиялық талданым.

Морфем талданым:

-оқы етістігінің көсемше түрі оқи болса, сонда көсемшенің көрсеткіші дауысты и дыбысы болғаны ма? Онда көсемшенің бір «көрсеткіші дауыссыз й» деген ереже қайда қалады?

-оқы етістігінің тұйық рай түрі оқу болса, сонда тұйық райдың көрсеткіші дауысты у дыбысы болғаны ма? Онда тұйық райдың «көрсеткіші дауыссыз у» деген ереже қайда қалады?

Ең сорақысы, осы жердегі «дауысты ы дауысты у-мен алмасады» деп түсіндіретін ереженің барын қайтерсің! Ал оқы етістігі дауысты ұ-ға (жарайды, тіптен көз елес ы дауыстысы бола қойсын) аяқталып тұрғаны, оған келіп дауыссыз у тіркесіп, тұйық рай оқұу жасалатыны қаперімізге кірмей-ақ қойды.

Қазақтың ұу дыбыс тіркесінің естілімі орыстың у дауыстысының, қазақтың ый(-ій) дыбыс тіркесінің естілімі орыстың ы(-и) дауыстысының естілімімен жалған ұқсас екеніне сеніп қалғанбыз.

Буын талданым:

-миы сөзінің буын құрамы ми-ы болып, алғашқы буын дауысты и дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Онда қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне сөз соңында «дауысты буын тұрған деген не?» деп, аң-таң боламыз.

-суы сөзінің буын құрамы су-ы болып, алғашқы буын дауысты у дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Ендеше қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені тағы еске сала кетеміз. Оның үстіне «сөз соңында дауысты буын неге тұр?» деп, тағы аң-таң боламыз.

Тасымал талданым:

-жиын сөзі жи-ын болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Онда «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын тұрған деген не?» деп, әрі-сәрі боламыз.

-суық сөзі су-ық болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Ендеше «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені тағы қайталаймыз. Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын неге тұр?» деп, әрі-сәрінің үстіне дел-сал боламыз.

Көріп отырғанымыздай, аттаған сайын сұрақ белгісі алдымыздан шығып отыр. Бұл - бүгінгі қазақ жазуының күманды тұстары көп деген сөз.

Енді дәлелдемеге көшейін.

Қазақ сөзінің құрамындағы кірме и, у, я, ю, щ, һ, х таңбаларының дыбыс мәні жайлы фонетика-фонологиялық тұрғыдан бұған дейін көп жазылған, сондықтан оған тоқталып жатпаймын. Тек қана, дыбыс құрамын көрсетіп өтейін.

и -[ый, ій], у - [ұу, үу],
я - [йа, йә], ю - [йұу, йүу],
щ - [шш], һ - [қ], х - [қ]

 

Кірме әріптердің дыбыс құрамына қарағанда олар екі-үш дербес дыбыстардың тіркесімін (кейде дербес дыбыстың өзін) белгілейтін таңбалар екенін көреміз. Осы кірме әріптердің дыбыс мәнінің дәлелдемесін, бәріне тоқталып жатпай, и мен у таңбаларына ғана қатысты жеке-жеке талдап берейін.

Морфем дәлел. Тіркесімнің екінші сыңарының морфологиялық қызметін өзге морфем бірліктерімен салыстырып барып аңғаруға болады:

 

оқы - л [oqu - l]
оқы - п [oqu - p]
оқы - с [oqu - s]
оқы - й [oqu - y]    
оқы - у [oqu - w]

 

Осында оқыл дегендегі дауыссыз л[l] - ырықсыз етіс көрсеткіші, оқып дегендегі дауыссыз п[p] - көсемше көрсеткіші, оқыс дегендегі дауыссыз с[s] - ортақ етіс көрсеткіші ретіндегі морфологиялық қызмет оқи [oquy] дегендегі дауыссыз й[y] - көсемше көрсеткішіне, оқу [oquw] дегендегі дауыссыз у[w] - тұйық рай көрсеткішіне де тән екенін көреміз. Тілдік (морфологиялық) қызмет осындағы [l], [p], [s], [y], [w] дауыссыздарына бірыңғай тән. Ендеше и, у таңбаларын дауысты деп шатаспауымыз керек.

Буын дәлел. Тіркесімнің екінші сыңары, қазақ тілінің өзге дауыссыз дыбыстары тәрізді, буынның құрамды бөлігі болып табылады:

 

қыр - қы+р [qɪ-r] тіc - ті+c [ti-s] ұл - ұ+л [u-l]
қи  -  қы+й [qɪ-y] ти -  ті+й [ti-y] у - ұ+у [u-w]

 

Осындағы [r], [s], [l], [y], [w] дауыссыздары буынның соңғы сыңары ретінде бірдей жұмсалып отыр.

Тасымал дәлел. Тіркесімнің екінші сыңары қазақ тілінің өзге дауыссыз дыбыстары тәрізді тасымал жігін көрсетеді:

 

тыным - ты-ным                         шіре - ші-ре
тиым  -  ты-йым                        шие - ші-йе

құсы - құ-сы                       елігі - е-лі-гі
қуы  - құ-уы                      елуі - е-лі-уі

 

Осындағы [n], [r], [y],  [s], [g], [w] дыбыстары дауыссыз болғандықтан сөз ішіндегі буынның бас шебінде тұр. Сөйтіп сөз соңындағы бейтәртіп дауысты буын мен тұйық буыннан құтыламыз.

Олай болса, дауысты и, у, я (ю) деп жүргеніміз екі (үш) дыбыстың тіркесімін белгілейтін таңба (!) екен.

Жазу реформасының реті бірнеше сатыдан тұру керек. Соның ең бастысы - алдымен, кешіріңіздер, «сауат ашып» алу. Арамызда «Астапыралла, неғылған сауат ашу, мектеп түгілі  қалтамда қос институттың дипломы бар» деп қалатындар табылып қалатыны сөзсіз. Дегенмен, сабыр-сабыр. Сөз жоқ, ми [mi] емес, мый [mɪy] екенін, су [su] емес, сұу [suw] екенін, ащы емес ашшы т.с.с. екенін көбіміз біле бермейміз (ұмытып қалдық немесе ұмыттырып жіберді). Бұлар - ең қрапайым мысалдар. Мұндай мысалдардың тілімізде ұшы-қиыры жоқ. «Сауатсыз» болып қалғанымызға да біз кіналы емеспіз, бізді солай сауатсыз етті. Немесе қазақтың еркін кең тыныспен айтылатын сәнді ашшы, тұшшы, кешше сөздеріндегі қос дыбыстың орнына төркіні бөлек тұншығыңқы щ дыбысын қойып айта алатын қазақ табылар ма екен. Бар болғаны үш сөздің ерсі жазылымына бола басы артық еміле-ереже алып, бас қатырып отырғанымызды қозғамай-ақ қойдық.

Ендеше, алдымен сабыр сақтап, сауат ашып алуымыз керек. Сонан соң барып жазу реформасын, оның ішінде әліпби ауыстыру да бар, бастау керек.

Сонымен ұлттық әліпби жоба:

 

№№

кирилше

латынша

аталуы

№№

кирилше

латынша

аталуы

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ(-Г г)

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ(-К к)

Л л

М м

Н н

A a

Ә ә//Ä ä

B b

Ğ ğ(-G g)

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q(-K k)

L l

M m

N n

а

ә

бы

ғы(-гі)

ды

е

жы

зы

ый

қы(-кі)

ыл

мы

ны

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

Ң ң

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

Ņ ŋ//Ň ň

O o

Ö ö

P p

R r

S s

T t

W w

U u

Ü ü

Ş ş//Š š

І ɪ

İ і

ың

о

ө

пы

ыр

сы

ты

ұу

ұ

ү

шы

ы

і

 

Бұл жерде жақында Түркі кеңесі қабылдаған ортақ әліпби үлгісіне байланысты Ä ä таңбасын Ә ә деп, Ň ň таңбасын Ņ ŋ деп, Š š таңбасын Ş ş деп алуға тура келді. Қанша дегенмен түркі бірлігіне, алшақтай бермей, мойын ұсынумыз керек қой.

Әліпби «Жоба» деп аталады, ендеше ол біткен жұмыс болып саналмайды. «Жоба» деген түзетілуі мүмкін, жетілдірілуі мүмкін, тіптен, қабылданбай да қалады. Сондықтан «Жобаға» тек ұсыныс деп қана қарау керек. «Жоба» қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал жігін бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. «Жоба» мазмұнынан ешқандай тіл бұзар жаңсақ еміле-ереже туындамайды.

«Жобаға» ақыл қосатын тұстары да жоқ емес. Мүмкін қос нүкте мен қанатшаның орнына бір ғана көлденең сызықша жүргізе салған әдістемелік тұрғыдан (қол жаттығу) ұтымды болар ма еді. Еміле-ереже құрастыру үстінде де ақылдасып шешетін жайттар бар.

Әлеми жазудың тәжірибесіне қарасақ, ешбір мемлекет, ешбір халық кірме дыбыс үшін арнайы таңба ойлап таппайды немесе сол кірме дыбыстың төркін таңбасын алмайды. Таңбаны сол өзінің төл әліпбиінің ішінен құрастырады. Кірме дыбысқа сол дыбыстың төркін таңбасын қоса алу деген бұрынғы Кеңес түркі республикаларында (оның қақ төрінде өзіміз бармыз) ғана болды. Мысалы, орыс тілінен ц, ч т.б. дыбыстарын қабылдап, ц, ч т.б. таңбаларын қоса алып отырдық.

Қазіргі европалық елдер де орыс сөздерін жазып-сызуға мәжбүр болып отыр, бірақ олар ц дыбысын tc деп, ч дыбысын ch деп латын әліпби үлгісімен жазу амалын тауып отыр. Бұл амал теория-практикалық тұрғыдан әбден сыннан өткен. Орыстардың өзі жатсынбай қабылдап отыр.

Кірме дыбыстардың жазылымы өз алдына шешілу керек дей беретінім сондықтан. Орыс айтылымындағы халықаралақ сөздердің жазылымын алға тартып, айбат шегіп отырған ағайындарымыздың тынышталуына болады.

Жазу реформасын тәуекел деп бастау ғана қалды. Өйткені реформаның оңайы болмайды: саяси реформа, әкімшілік реформа, қаражат реформасы т.б. Алайда, бұл реформалар жоғары билікте орындалады да төменгі көпшілік оның дайын нәтижесін ғана алады. Сөйтіп бұқара көпшілік реформа ауырлығын сезбейді. Ал жазу реформасының қиыншылығын сауат ашуды бастаған баладан бастап, демалыстағы зейнеткерге дейін әрқайсысы өз жеке басынан өткереді. Жазу реформасының өзге реформалардан ерекшелігі де, міне, осында. Сондықтан да жазу реформасына тәуекел деп кірісудің алдында сабырлы сақтық керек болады.

Латын графикасына көшудің мерзімі жайлы да ортақ пікір жоқ, біреулер ұшқырлық танытып жатса, енді біреулер шабан басып, он-он бес жыл деп жобалайды. Жазу реформасының (тек әліпби ауыстыру емес) мерзімі алдын-ала дайындыққа байланысты болады: мақсаты мен мазмұны айқын болу керек. Мақсаты - қазақ әліпбиін ұлттық үлгіге түсіру, мазмұны - қазақ сөзінің
айтылым-жазылым үйлесімін орнықтыру.

Ол үшін (дайындық реті):

-бірінші, «сауат ашып алу» керек, көпшілік үшін қазақ мәтінінің «әліпби дыбыс жазбасын (транскрипциясын)» дайындау. Қазақ сөзі ми емес мый, су емес сұу, у емес ұу, и емес ій, ки емес кій, ит емес ійт, ою емес ойұу, сүю емес сүйүу, ащы емес ашшы, хат-хабар емес қат-қабар, жиһаз емес жиқаз, құлын емес құлұн, жүрек емес жүрөк екеніне көз жеткізіп, көңілге қондыру қиынның-қиыны болады (х, һ таңбаларын жасанды дыбыстап жатамыз, бірақ ол тіл заңдылығына жатпайды);

-екінші, «әліпби дыбыс жазбасына» лайық морфем, буын, тасымал емле-ережелерін қайта дайындау (өзгерістер енгізу);

-үшінші, қазақ тілінің төл дыбыстарына (кірме дыбыстар да қалып қоймасын) берілген балама латын таңбаларына көз үйретіп, қол жаттықтыру;

-төртінші, содан кейін барып, латын графикасы негізіндегі қазақ жазуына ырғалып-жырғалмай, жүрексініп-тартынбай, уақыт оздырмай жаппай көшу.

Жазу реформасын игеру үшін көпшілік бұқараға бір жылдың ар жақ бер жағы жетіп жатыр. Ал мектеп және өзге оқу орындары үшін жазба құралдарының дайындығына кететін уақытты есепке алуға тура келеді. Дегенмен, бұрынғыдай қорғасын сапырып, тарсыл-гүрсіл боп жатқан баспаханалар жоқ, компьютердің кілтімен кирилшеден латыншаға қас қағымда аударып алуға болады ғой. Ағылшын тілін жаппай оқып жатқан балаларға қазақ латыншасына жаттығу қиындық туғызбайды. Ендеше жылдан жылға созып, бес-он жылдап созбидаға салудың еш реті жоқ. Егер оқулықтар мен оқу-құралдарының латыншаға көшірілуі қол байлау болмаса, қазақ латыншасының көз жаттамы мен қол дағдысын қатар игеріп алу, арысы екі-үш жылдың шамасы, берісін тым жақындатпай-ақ қояын, уақыт көрсетер.

Ең маңызды мәселелердің тағы бірі... Әліпби ауыстыру әңгімесі көтерілгелі бері жүзге тарта жобадан хабардармын. Әліпбиін заңдастырып, куәлік қағазын (патентін) жалаулатып, әліпбиіне өз атын беріп жүргендерді де көрдім. Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей-ақ жоба ұсынып жатқандар бар, таңба мен дыбысты шатастырып алып жоба ұсынып жатқандар тағы бар, 42 кирилді 26 түймешеге қалай сидырам деп әлек болып жатқандар да жоқ емес. Әлеми жазу дәстүрі мен ұстанымынан бейхабарлық көпшілігіне тән. Соның нәтижесінде таңба құрамында бір ізділік пен жүйе жоқ, сөздің оқылым-жазылымында әдістемелік қайшылық көп.

Соған қарамай, әркімнің өз әліпбиі - озық, өз уәжі - басым, пендәуи тірлікке төрелік жүрмейді. Ендеше, менің де өз уәжім жоқ емес: қазақта «шымшық (бөдене, тауық деп те айтады) сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Олай болса, қорытынды сөзді тілтаным мамандары, оның ішінде фонетистер, айту керек деп ойлаймын.

«Мұның бәрін не үшін айтып отырсың» дерсіз... Ертең әліпби бәйгесі басталды дейік. Қазақы дәстүрде бәйгеге ат қоспа дейтін тиым жоқ. Әркімнің өз әліпбиі әдемі, сондықтан әліпби науқанына жоба авторларының түгел қатысатынына күман жоқ. Солай болғаны да дұрыс шығар. Бірақ жазу реформасы тек әліпби бәсекесіне айналып кетпеу керек.

Бәйгенің аты бәйге... Ат қосар межесі, шауып өтер жолы, барып жетер қарауылы анық-айқын болмаса, ауыл балаларының апыр-топыр шаң қапқан жаяу жарысына айналып кетуі мүмкін. Сондықтан байыпты ұсыныстарды қолдайтын, аптықпа асығыстыққа сабыр айтатын, алып-қашпа тентектікке тиым салатын, турасын айтқанда, шылбыр мен тізгінді қоса ұстаған билік керек. Нақты айтқанда, латын әліпбиінің болашағына сеніп, тұнып-тұтасып тұрған араб қоғамына жалтақтамай, жаңа жазуға жүрдек өтіп алған Ататүріктің «қара тақтасының» тәжірибесі керек... Қазір, әрине, қара тақта деген жоқ, бірақ оның орнына «интерактив (қоликемді) тақта» келді ғой.

Жарайды, қазіргі ұрпақ латын таңбасына көшерміз-көшпеспіз, бұйырғаны болар. Жоғарыда айттық, біз өтпегенмен келесі ұрпақ өтеді. Ал, бірақ сол келесі ұрпақтың еншісіне қазақ тілінің төл дыбыс құрамын айқын түгендеп, әліпби үлгісін соған лайық ықшамдап, еміле-ережесін реттеп беріп, «өзіңдікі мынау, өзгенікі анау» деп жөн-жобасын сілтеп кету тілтаным мамандарының борышы болу керек қой. Жаңа ұрпақ бүгінгі біз сықылды «дүбара» жазудың шытырман торында адасып-шатасып жүрмес еді, сонда бұл да бір біткен іс болмай ма? Сол үшін кінәлі бола қоймаспыз.

Күдік те жоқ емес: бүгінгі жазу тәрбиесімен өскен бір ұрпақ ауысса, үндесім әуезді қазақ тілінің жайы не болмақ екен.

Сөз соңында, біреулер қазақ тілі «дамып, кірме таңба/дыбыстармен байып жатыр» деп қоқан-лоққы көрсетеді, біреулер жазудағы «таңба үнемін» алға тартып, тапқырлық көрсетеді,  біреулер қаражат шығынымен қорқытады, біреулер орыс үлгідегі атау/терминдер байлығын қимайды, іздей берсе бітпес іске себеп көп. Алайда, қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқы мен тасымал жігін бұзатын әріп байлығының, таңба үнемінің, қаражат сараңдығының, орыс тілінің айтылым үлгісіндегі сыңар жақ атау/терминдерді қимаушылықтың не қажеті бар?

Бұл сұраққа менің жауабым, әңгіме түрінде болса да, айтылды. Ал көпшілік оқырман не дерін өзі білсін.

Төменде латын жобасына өрнек ретінде «Абай жолынан» шағын үзінді беріп отырмыз.

 

Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋǧɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ.

Qorɪqtan kün şɪǧa atqa mineyik  dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barǧan aǧayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turǧɪzɪp edi.

Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrǧan. Key-keyde özine tanɪs Köküyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪǧɪp, astɪndaǧɪ jaraw qula bestisin aǧɪzɪp-aǧɪzɪp ta aladɪ...

-Mɪna balanɪŋ awɪlǧa asɪǧuwɪn-ay!

 

A  a

J  j

N  n

T  t

Ә ә

Z  z

Ņ ŋ

W w

B  b

Y y

O  o

U u

Ğ ğ

Q q

Ö ö

Ü ü

G  g

K  k

P  p

Ş ş

D  d

L  l

R  r

Ι  ɪ

E  e

M  m

S s

İ i

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052